Тіл саясаты: Кеше, бүгін, ертең

0
2004

Кез келген елдегі тіл саясаты туралы сөз қозғалғанда алдымен оның ұлттық құрамына назар аударуға тура келеді. Өйткені, моноэтникалық елдерде тіл мәселесі бола бермейді. Мысалы, Солтүстік Кореяда (КХДР) 0,9%, Оңтүстік Кореяда 1,2%, Жапонияда 1,5%, Данияда 1,9%, Арменияда 1,9%, Бангладеште 2%, Польшада 3,3%, Египетте (Мысыр) 3,4% ғана өзге ұлт өкілдері тұрады. Демек, олар тіл саясатымен бас қатырмайды.

Жоғарыда аталған моноэтникалық елдердің арасынан Қазақстанмен бірге 70 жыл бойы Кеңес Одағының құрамында болған, яғни өткен ғасырда орыс тілі салтанат құрған Арменияда ғана бастапқыда тіл мәселесі күрделі болған-ды. Бірақ, тәуелсіздік алғаннан кейін Ереван армян тілінің мәртебесін арттыра алды. Бүгінде армяндардың 70%-ы орыс тілін білгенімен, мемлекеттік деңгейде жаппай қолданылмайды. Елдің ұлттық құрамы, соның ішінде орыстардың бір пайызға да (0,39%) жетпейтін үлесі оларға орыс тілін ығыстыруға мүмкіндік берді. Ал, азаттық алған жылдары Қазақстанның тіл саясатын ұстанудан басқа жолы да қалмағанын түсіну қиын емес.

Әрине, бұған бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, Армения секілді Қазақстанда да Кеңес Одағы тұсында орыс тілі төрге шықты. Барлық салада үстемдік құрды. Орыс тілін білу міндеттелді. Қазақ тіліндегі мектептер аз болды. Сөйтіп, орыс тілін білу, сол тілде сөйлеу қажеттілікке айналды. Екіншіден, тәуелсіздігімізді жариялаған жылдары қазақтар ел халқының жартысына әрең жетті. 1989 жылғы мәліметке сенсек, Қазақстанда 6,5 млн қазақ, 6,2 млн орыс, 957 мың неміс, 896 мың украин, 332 мың өзбек, 327 мың татар, 185 мың ұйғыр, 182 мың беларусь, 103 мың кәріс ұлтының өкілдері тұрды (қалғаны өзге ұлттар). Осы басты екі фактор мемлекеттік тілге ғана басымдық беруге мүмкіндік бере алмады.

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Қазақстандағы тәуелсіздікке дейінгі және одан кейінгі тіл саясатына тоқталады.

Алдымен Қазақстанда Кеңес Одағы тұсында жүргізілген тіл саясатына қысқаша тоқталайық. Өйткені, қазіргі тіл саясатындағы күрделі мәселелердің алғашқы дәні сол өткен ғасырда себілген-ді. Қазір сол кездегі солақай саясаттың «жемісін» жеп жатырмыз. Ал, Мәскеудің ұлтқа жасаған қиянаты әліпбиді ауыстырудан басталды.

Бірнеше ғасыр бойы қазақ халқы араб графикасына негізделген (төте жазу) әліпби жүйесін пайдаланып келгені мәлім. 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға мәжбүрлі түрде ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Сөйтіп, қазақтарды орыстандырудың қадамы жасалды.

Тарихшылардың айтуынша, 1930-шы жылдардың ортасына дейін тіл саясатына қатысты ұран бұрынғыдай болғанымен, нақты саясат өзгеріп шыға келген. Өйткені, елімізде орыс тілінің үстемдігін арттыра түскен 1938 жылғы 13 наурызда қабылданған КСРО Халық Комиссарлар кеңесі мен БК(б)П Орталық Комитеті «Ұлттық республикалар мен облыстардың мектептерінде орыс тілін міндетті оқыту туралы» қаулысы еді.

Тарихи әділеттілік үшін айтайық, аталған қаулыда «ұлттық республикалар мен облыстар мектептердегі оқытудың негізгі тілі – ана тілі» екені тайға таңба басылғандай анық жазылған. Ал, БК(б)П Қазақ Өлкелік комитетінің 1933 жылғы 4 сәуірдегі қаулысымен Қазақ Орталық Атқару Комитетінде, Ағарту халық комиссариатында, Денсаулық сақтау халық комиссариатында, Әділет халық комиссариатында, Жұмысшы-шаруашылық милициясында іс қағаздарды қазақ тілінде жүргізуге рұқсат берілді. Қазақтар 40%-дан төмен тұратын аймақтарда іс қағаздар екі тілде қатар жүргізілді.

1934 жылы Қазақ Өлкелік комитетінің «Қазақ емес мектептерде қазақ тілін міндетті оқыту» қаулысы шықты. Дегенмен, аз уақыттан кейін бұл қаулылардың бәрі күшін жойды. 1955 жылғы 9 мамырдағы қаулымен қазақ мектептері жаппай жабылды.

Осылайша, қолдан жасалған ашаршылықтан, қуғын-сүргіндерден өз жерінде азшылыққа айналған қазақтарға ана тілін сақтап қалу қиынға соқты. Содан сексенінші жылдардың соңында қазақтардың 25%-ы (кейбір деректерде 40% делінеді) ана тілін білмейтін болып шықты.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан тіл саясатын мықтап қолға алды. Тіл саясатына қатысты мәселелер 1997 жылы 11 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заң аясында реттеледі. Ал, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын Тіл саясаты комитеті, өңірлерде Тілдерді дамыту басқармалары бар. Бұған тіл саясатына қатысты қабылданған бағдарламаларды қосыңыз.

Соңғыларына тоқталайық.

Қазақстан Республикасында Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы болды. Соның жалғасы саналатын 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама да қабылданды. Былтыр Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекiтiлді. Бұл бағдарламалардың барлығы да Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз етуді мақсат етеді. Өйткені, тіл саясаты дұрыс жүргізілмеген жағдайда бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бірлігіне сызат түседі. Мұны мемлекет жақсы түсінеді.

Бұл тақырыпқа жақында «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та тоқталды: «Осы отыз жыл ішінде қазақ тілін дамытуға қатысты ештеңе істелген жоқ деуге болмайды. Туған тіліміздің қолдану аясын кеңейту үшін көп жұмыс атқарылды. Оған дау жоқ. Мұны сырт көз сыншылар да айтып жүр. Бірақ, олардың кейбірі мұндай үрдіске аса қуана қоймайды. Өйткені, енді қазақ тілінің дамуын тежеп, ел ішінде кең өріс алуын тоқтату мүмкін емес екенін сезеді. Қазақ тілінің жағдайы туралы айтқанда, мемлекетіміздің негізін қалаған, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айырықша еңбегін атап өтуге тиіспіз. Ол елімізде мемлекет құраушы ұлттың саны едәуір аз болғанына қарамастан Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялады. Сондай аумалы-төкпелі кезеңнің өзінде Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей ықпал етуімен Парламент қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялады. Шындығында, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Тіл мәселесіне бейжай қарап, немқұрайдылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін. Бұған Украинаны мысалға келтірсек те жеткілікті деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді дамыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге ұмтылудың кері әсері болары анық. Өйткені, оның соңы ұлтаралық араздыққа дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар, бұл тұрғыда геосаяси жағдайды да назардан тыс қалдырмауымыз керек. Әсіресе, Ресеймен арадағы шекарамыздың әлемдегі ең ұзын шекара екенін де әсте естен шығармаған жөн. География – геосаясаттың маңызды факторының бірі. Бірақ, бұл мемлекеттік тілге қатысты жұмыстарды тоқтатып қою керек дегенді білдірмейді. Қайта оны ың-шыңсыз, айғайламай, қызбалыққа салынбай, бірақ табанды түрде жалғастыра беру қажет. Бұл орайда Өзбекстанның тәжірибесін мысалға келтіруге болады. Олар өздеріне тән жайлы мінезіне салып, ұрандатып-шулатпай-ақ, қажет кезінде орыс тіліне де жүгіне отырып, тіл мәселесін толық шешіп алды».

Иә, Президентпен келіспеске тағы болмайды. Дұрыс жүргізілмеген тіл саясатынан ұтылыс көп. Оған елдің ұлттық құрамы да кері әсер ететінін жоғарыда жаздық. Оның үстіне қазақтар аз қоныстанған Солтүстік Қазақстан (49,5%-ы – орыстар, 35%-ы – қазақтар), Қостанай (40,9%-ы – орыстар, 40,7%-ы – қазақтар) облыстарында мемлекеттік тіл мәселесі өзекті саналады. Яғни, тілдерге қатысты бұған дейін қабылданған бағдарламалардың заңды жалғасы саналатын Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы осы мақсатта қабылданды. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, өзге ұлт өкілдерінің тілін дамыту көзделеді. Бағдарлама аясындағы жүйелі жұмыстардың арқасында алға қойылған бұл міндеттер біртіндеп орындалып келеді. Осылайша, тіл саясатында оң өзгерістер байқалады.

Соңғы бағдарлама 2025 жылға қарай латын графикалы әліпбиді пайдаланатын жазбаша коммуникацияға қатысушылар үлесін 2022 жылы – 10%-ға, 2023 жылы – 20%-ға, 2024 жылы – 30%-ға, 2025 жылы – 50%-ға; мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесін 2021 жылы – 91%-ға, 2022 жылы – 92%-ға, 2023 жылы – 93%-ға, 2024 жылы – 94%-ға, 2025 жылы – 95%-ға; мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақтілді контенттің үлесін 2021 жылы – 75%-ға, 2022 жылы – 76%-ға, 2023 жылы – 77%-ға, 2024 жылы – 78%-ға, 2025 жылы – 79%-ға; үш тілді (қазақ, орыс және ағылшын) меңгерген халықтың үлесін 2021 жылы – 27%-ға, 2022 жылы – 28%-ға, 2023 жылы – 29%-ға, 2024 жылы – 30%-ға, 2025 жылы – 31%-ға дейін арттыруды көздейді.

Бұған дейінгі тіл саясатына қатысты қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың толыққанды жүзеге аспағаны да жасырын емес. Дегенмен, тіл саясатында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктердің бары рас. Мысалы, қазақ тіліндегі мектептің саны 1991 жылы 2 768 болса, қазір 3 789 мектеп таза мемлекеттік тілде білім береді. Қазақ балабақшаларының да саны еселеп артқаны қуантады. Олардың саны 1991 жылы 1 748 болса, 2015 жылы 5 709 қазақ балабақшасы тіркелген.

Қазақстандағы 2009 жылғы санақ 1,8 млн өзге ұлттың мемлекеттік тілді меңгергенін көрсетті. Ал, қазақ тілін үйренушілер қатарының артуына 2008 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Мемлекеттік тілді дамыту қоры да өзіндік үлесін қосып келеді. Қор құрылғалы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған 200-ден астам іс-шара мен қоғамдық жобаларды жүзеге асырды. Бұған елімізде тұңғыш рет қазақ тілін онлайн режимінде тегін үйрететін «Soyle.kz» интернет-порталы, «Tattialma.kz» танымдық балалар әдебиеті сайты, «Abaialemi.kz» тұңғыш энциклопедиялық онлайн порталы, «Qazaqstan 3D» веб-сайты мен мобильді қосымшасы, «Кім білгіш?» атты тұңғыш интеллектуалды мобильді ойыны, смартфондар мен планшеттерге арналған латын әріптерімен қазақша пернетақта «Qazaq Latyn Keyboard», іс қағаздарды, ресми құжаттарды мемлекеттік тілде сауатты әзірлеу және еркін жаза білуге үйрететін «Resmihat.kz» ақпараттық-анықтамалық порталы жатады.

Осылайша, азаттық алған 29 жылда Қазақстанда тұратын ұлттардың тіліне назар аударылып, мемлекеттік тілге басымдық беріліп келеді. Сөйтіп, жүзден астам ұлтқа құт мекен болған Қазақстанда «ары тартса арба да сынбайтындай, бері тартса өгіз де өлмейтіндей» тіл саясаты қалыптасты. Оған тіл саясатына қатысты Қазақстанда қабылданған заңдар мен бағдарламалар дәлел бола алады.

Рас, демократиялық жолмен дамуды мақсат еткен елдерде этникалық азшылықтың құқықтары қорғалады. Олардың өз тілінде сөйлеулеріне, білім алуларына шектеу қойылмайды. Мысалы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Динар Нүкетаеваның мәліметіне сенсек, елімізде аралас тілде оқытатын 2 043 мектеп, орыс тілінде оқытатын 1 181 мектеп, басқа тілде (өзбек, ұйғыр) оқытатын 23 мектеп бар.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Иә, Қазақстан Солтүстік Корея (99,1% кәрістер), Оңтүстік Корея (98,8% кәрістер), Жапония (98,5% жапондар), Армения (98,1% армяндар), Дания (98,1% датчандар), Бангладеш (98% бенгалдар), Польша (96,7% поляктар), Египет (99,6% арабтар) сияқты моноэтникалық мемлекет емес, 18,6 млн халқы бар елде, яғни бір шаңырақтың астында ондаған ұлт өкілдері өмір сүреді. Айталық, ұшса құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын кең байтақ жердің иесі – қазақтар 67,9%-ды (12,5 млн), орыстар 19,3%-ды (3,5 млн), өзбектер 3,2%-ды (590 мың), украиндар 1,5%-ды (271 мың), ұйғырлар 1,4%-ды (270 мың), татарлар 1,1%-ды (201 мың) құрайды. Бұған 178 мың неміс, 112 мың түрік, 110 мың әзербайжан, 108 мың кәріс, 72 мың дүнген, 54 мың беларусь, 48 мың тәжік, 46 мың күрд, 33 мың шешен, 30 мың поляк ұлтының өкілдерін қосыңыз. 200 мыңнан астам (қырғыз, молдован, еврей, т.б.) өзге ұлт өкілдері және бар. Демек, көпұлтты Қазақстанда тіл саясатына мемлекет тұрғысынан мән бермеу үлкен қателік болар еді.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here