Бюджетке салмақ салған футбол клубтары

0
1253

Футболдың тарихы сонау 1872 жылдан басталады. 1904 жылы Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) құрылды. Алғашқы әлем чемпионаты 1930 жылы Уругвайда өтті. Бүгінде нөмірі бірінші спорт түрі саналады. Өйткені, әлем бойынша миллиондаған жанкүйері бар. Әрине, футбол десе әлемде қанша жанкүйердің ішкен асын жерге қоятынын нақты айту қиын. Мысал ретінде «Барселона» футбол клубының Instagram парақшасына 88 млн адамның тіркелгенін айтайық. Португал футболшысы Криштиану Роналдудың Instagram парақшасына 230 млн адам жазылған. FIFA таратқан мәліметке сенсек, 2018 жылы Ресейде өткен соңғы әлем чемпионатына 3,5 млрд адам қызығушылық танытқан. Соның ішінде біріншілікті 3,2 млрд адам кемінде бір минут, ал 309,7 млн адам үзбей көрген. Бір ай өткен біріншілікте 2,4 млн билет сатылған. Біріншілікті ұйымдастырған FIFA 5,3 млрд доллар пайда тапқан. Осыдан-ақ футбол жанкүйерлерінің өте көп екенін бағамдай беріңіз.

Футболды табыс көзіне айналдырғандардың алғашқы жиырмалығына кілең еуропалық клубтар кіреді. Көш басында «Реал Мадрид» тұр. 118 жылдық тарихы бар испандық клуб 2019 жылы 896 млн доллар пайда түсірген. Табысы мол клубтардың қатарында Англияның 9, Италияның 4, Испанияның 3, Германияның 3, Францияның 1 клубы бар. Осы алғашқы жиырмалықтың былтырғы табысы 9,7 млрд долларды құраған. Бұл 10 млн халқы бар Әзербайжанның бір жылдық бюджеті. Осылайша, бұл еуропалық футбол клубтары мемлекеттен көк тиын алмайды. Керісінше ел қазынасына қыруар салық төлейді. Туристер тартады. Мысалы, «Реал Мадрид» футболшыларының ойынын тамашалауға жылда Испания астанасы Мадридке әлемнің әр бұрышынан мыңдаған жанкүйер келеді.

Өкінішке қарай, қазақстандық футбол клубтарының ешқайсысы мемлекеттің қаржылай қолдауынсыз өз күндерін өздері көре алмайды. Қарызға белшесінен батқан павлодарлық «Ертіс» футбол клубының күні кеше банкротқа ұшырағаны осы сөзімізге дәлел.

Енді Премьер-лигадағы қазақстандық футбол клубтарының бюджетіне тоқталайық.

Әрине, Қазақстанның бюджеті ең көп футбол клубы – «Астана». 11 жылдық тарихы бар елордалық клубтың бюджеті 15 млрд теңгені құрайды. 13 млрд теңгені бас демеушісі «Самұрық-Қазынадан», 2 млрд теңгені Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінен алады. Қазақстанның алты дүркін чемпионы еурокубоктарға тұрақты қатысады. Содан бір маусымда 5 миллионнан 10 миллион еуроға дейін табыс табады. УЕФА рейтингінде 56-орында тұр.

Бюджетінің көптігінен екінші орынды алматылық «Қайрат» футбол клубы алады. Жылдық бюджеті – 8 млрд теңге. 66 жылдық тарихы бар футбол клубының қазіргі иесі – Қайрат Боранбаев. Яғни, Қазақстандағы жеке қожайыны бар жалғыз команда. Содан мемлекеттік бюджетке үлкен салмақ салмайды. Екі млн халқы бар Алматы қаласының әкімдігі «Қайратқа» жылына 900 млн теңге бөледі. Қалған 7,1 млрд теңге шығынды қалай жабатыны Қайрат Боранбаевтың жеке шаруасы.

Айта кетейік, «Қайрат» футбол клубының жанынан академия ашылған. Қазір онда 600-дей болашақ футболшылар тәлім алып жатыр. Ал, Қазақстанның екі дүркін чемпионы УЕФА рейтингінде 180-орынға жайғасқан. Атақты клуб Қазақстан чемпионатында соңғы жылдары «Астанадан» кейінгі екінші орынды иеленіп жүр.

Бюджет көлемі бойынша үшінші орында үшінші қаланың футбол клубы – «Ордабасы». Былтыр Қазақстан чемпионатында үшінші орын алған шымкенттік клубтың жылдық бюджеті 7 млрд теңгеге жетеді. 22 жылдық тарихы бар клубты қаржыландыру Шымкент қалалық әкімдігінің мойнында.

Негізі 1967 жылы қаланған «Тобыл» футбол клубының биылғы бюджеті – 4,5 млрд теңге. Соның 3,5 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген, қалған қаржы демеушілердің есебінен толықтырылады. Он мың орындық стадионын жалға беру арқылы аз болса да өз жыртығын жамауға септігін тигізеді. Өйткені, бірқатар стадиондар Қазақстан Премьер-лигасының ойындарын өткізуге жарамсыз деп танылды.

Былтыр Қазақстан кубогын жеңіп алған қызылордалық «Қайсар» футбол командасы Еуропа лигасына жолдама алды. Қызылорда облыстық әкімдігі өз клубының халықаралық дебютіне байланысты биыл қаржыландыруды 500 млн теңгеге арттырды, сөйтіп «Қайсардың» 2020 жылғы бюджеті 4 млрд теңгеге жетті.

Қарағандылық «Шахтердің» де жылдық бюджеті 4 млрд теңгеге тең. 62 жылдық тарихы бар футбол клубы биыл инвесторларды тарта білді. Соның арқасында бюджеті артты. Өйткені, жергілікті бюджеттен биылға 2,6 млрд теңге бөлінді. Дегенмен, клубтың шығыны шаш етектен. Мәселен, Қарағанды стадионында Қазақстан Премьер-лигасының ойындарын өткізуге рұқсат берілмеді. «Шахтер» енді өз стадионын жаңартуға, ойын өткізетін орынды жалға алуға артық шығындалады.

Бастауын 1965 жылдан алатын павлодарлық «Ертіс» футбол клубының мүшкіл жағдайын жоғарыда айттық. Биылғы бюджеті 3,8 млрд теңгеге жоспарланды. Бастапқыда соның 1,8 млрд теңгесін жергілікті әкімдік, қалған 2 млрд теңгені «Eurasian Resources Group» компаниясы бөлетін болған. Дегенмен, жыл басынан бері демеушілер «Ертіске» 200 млн теңге қаржы аударған. Жергілікті бюджеттен 183 млн теңге қарастырылған. Ал, осы 383 млн теңге клубқа жұғым құрлы болмаған. Неге десеңіз, клубтың 1,8 млрд теңге қарызы бар. Клубтың тек салық бойынша қарызы 1 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ, «Ертісті» бес жыл баптап, ел біріншілігінің жүлделі орындарына көтерген және еурокубоктарға шығарған бас бапкер болгариялық Димитар Димитровпен клуб басшылығы келісім-шартты біржақты бұзған. Сөйтіп, Димитров пен оның екі көмекшісін жұмыстан шығарған. Өз кезегінде болгар маманы келісім-шартты заңсыз бұзғаны үшін клубты сотқа берген. Биыл ақпанда сот отырсы өтіп, сот Димитровтың пайдасына шешілген. Сондықтан клуб болгар бапкері мен оның көмекшілеріне келісім-шартты заңсыз бұзғаны үшін өтемақы ретінде 1,2 млн еуро қарыз болып қалды. Клубтың алдағы тағдыры белгісіз.

«Жетісу» футбол командасының жылдық бюджеті – 3,3 млрд теңге. Барлық шығынды әкімдік жабады. Талдықорғандық клубта басқалар сияқты адамның түсіне де кіре бермейтін айлық жоқ. Бюджеті шағын болғанымен, Қазақстан Премьер-лигасында тәуір нәтиже көрсетеді.

Мұнайлы өлкенің «Каспий» футбол клубы Бірінші лигадан Премьер-лигада өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Биылғы бюджеті – 2 млрд теңге. Соның жартысы қарсыластарын қабылдайтын «Жас қанат» стадионын жаңартуға жұмсалады.

Қазақстандағы байырғы футбол клубтарының бірі саналатын «Оқжетпестің» бюджеті былтырғыдай 1,9 млрд теңге. Тіпті, соның біраз бөлігі өзімен аттас әйелдер футбол клубы мен футзал командасына кетеді. Өзінің стадионы жарамсыз саналғандықтан ойын өткізетін орынды жалға алуға қосымша шығындалады. Сөйтіп, «Оқжетпестің» бюджеті Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін клубтардың арасында ең азы болып шығады.

Биыл 60-қа толған «Тараз» футбол клубының жылдық бюджеті 1,9 млрд теңге. Соның өзі жергілікті бюджетке кәдімгідей салмақ салады. Клубтың қаржы тапшылығы бұрыннан бар. Маусымның ортасында ақша таппай, қарызға бататын кездері де көп болады. Сондықтан болар клубтың соңғы жылдардағы көрсеткіші көңіл көншітпейді. Соңғы жиырма жылдықтағы ең жоғары көрсеткіші – Премьер-лигадағы 4-орын. Тіпті, бір жылдары төменгі лигаға түсіп те қалды. Жоғары лигаға былтыр оралды. Әйтпесе, тоқсаныншы жылдары клубтың бағындырған белестері аз болмады. 1996 жылы Қазақстан чемпионы атанды. 1995, 1997 жылдары 2-орын алды.

Петропавл қаласының «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубы Премьер-лигада өлместің күнін көріп келеді. Неге десеңіз, жылдық бюджеті 920 млн теңге. Футбол клубы үшін өте аз қаржы. Премьер-лигадан түсіп қалған «Ақтөбенің» бюджетінен екі есе кем. Сол аз ақшадан аймақ стадионының жарамсыздығына байланысты ойын өткізуге алаңды жалға алуға тағы шығындалады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мақаламыздың басында атақты «Реал Мадрид» футбол клубына тоқталдық. Испандық клубтың 2019 жылғы бюджеті – 4,2 млрд доллар, табысы – 896 млн доллар. Яғни, клуб өзінің қыруар шығынын жапқан және иесінің қалтасы қалыңдаған. Бюджетінің көптігінен екінші орында тағы бір испандық клуб «Барселона» тұр. Бюджеті – 4 млрд доллар, табысы – 824 млн доллар. Үшінші орында – «Манчестер Юнайтед». 142 жылдық тарихы бар ағылшындық клубтың бюджеті – 3,8 млрд доллар, табысы – 795 млн доллар. Бұл көрсеткіш бойынша алғашқы ондыққа бір жылда қыруар пайдаға кенелген немістің «Бавария» (751 млн доллар), ағылшындардың «Манчестер Сити» (678 млн), «Челси» (597 млн), «Арсенал» (520 млн), «Ливерпуль» (613 млн), «Тоттенхэм Хотспур» (511 млн) және итальяндық «Ювентус» (480 млн) футбол клубтары енеді.

Сонда еуропалық клубтар футболдан осыншама қыруар қаржыны қалай табады? Бұл сұраққа жауап беру үшін 121 жылдық тарихы бар «Барселонаның» өткен жылғы табысын мысалға келтірейік.

Испандық клуб «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықтылар қатысатын Чемпиондар лигасын үш рет қатарынан жеңіп алды. Соңғы жеңісінен 100 млн доллар еншіледі. Өткен маусымда «Барселонаның» бас демеушісі жапондық «Rakuten» интернет-компаниясы болды. «Барселона» футболкаларына өзінің логотипін жапсырғаны үшін жапондық компания 246 млн долларға шығындалды. Атақты америкалық «Nike» компаниясы да клубпен 10 жылға келісім-шартқа отырды. Жыл сайын «Nike» жарнама үшін «Барселонаға» кемінде 174 млн доллар төлейді. Немістің бренді «Adidas» та испандық клубпен 12 жыл бойы ынтымақтаса жұмыс жасауға ниетті. Келісім-шарттың жалпы құны – 1,8 млрд доллар. Демек, жарнама – футбол клубтары үшін пайда табудың басты жолы. Мұны бір деп қойыңыз!

Екіншіден, мысалға келтіріп отырған осы «Барселонаның» ойынын тамашалауға мыңдаған жанкүйер келеді. Испандық клубқа тиесілі «Camp Nou» стадионының сыйымдылығы – 99,3 мың адам. Бұл Жезқазған қаласының тұрғындары санынан да артық көрсеткіш. Ал, билет құны 50 еуродан (23,5 мың теңге), VIP-аймақ 150 еуродан (70,6 мың теңге) басталады. Билеттің орташа құны – 250 еуро (117,7 мың теңге). Және «Барселона» ойнағанда стадионда ине шаншар орын болмайды. Мәселен, былтыр қазан айында «Барселона» мен «Реал Мадрид» футболшылары жасыл алаңда жолыққанда стадион лық толған. Билеттің бағасы 450 еуродан (211,9 мың теңге) басталған. Демек, еуропалық клубтар билет сатудан да қыруар табыс табады.

Үшіншіден, әлемдік телеарналар ойынды көрсету құқығын сатып алады. Айталық, Чемпиондар лигасының 2018-2019 жылдардағы маусымын көрсету құқығын «Turner Sports» пен «Univision» компаниялары сатып алды. Олар бір жылға 100 млн доллардан төледі. Көрсетілімдерден түскен бұл ақшаларға футбол клубтарының да үлесі бар.

Міне, өркениетті елдердегі футбол клубтарының бюджеті осындай жолдармен құралады. Біздегідей мемлекетке алақан жаймайды. Бюджеттен оларға бір тиын да бөлінбейді. Қайта олардың қызығын мемлекет көреді. Клубтар салық төлейді. Бюджетке қыруар қаржы аударады. Сондай-ақ, елдеріне көптеп туристер тартады. Мысалы, «Барселонаның» ойынын, оның атақты футболшыларын көру үшін жыл сайын Испанияға мыңдаған туристер барады.

Жоғарыда «Camp Nou» стадионының 99,3 мың көрерменге арналғанын жаздық. Еуропаның кез келген стадионы сондай көлемде. Және олар лық толады. Өйткені, кәрі құрлықта футболға сұраныс зор. Бізде 2009 жылы 182 млн долларға салынған «Астана Арена» стадионы бар. Сыйымдылығы – 30,2 мың адам. Стадион 2017 жылы мен 2019 жылы әнші Димаш Құдайберген жеке концертін бергенде ғана лық толыпты. Елдің бетке ұстар футбол командалары «Астана» мен «Қайрат» жолыққанда да жұрт көп жиналмайды. Ал, ондаған отандық футбол командалары жарнамадан, билет сатудан, көрсетілімнен пайда таппаса, «өз қотырларын өздері қасып» күндерін көре алмаса, онда оларды халықтың есебінен қаржыландыру қаншалықты орынды?! Міне, жұрт көкейінде жүрген сұрақ осы!

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here