Балықшылар Жапон теңізінің тұтқындарына қалай айналды?

0
6575
Солтүстік Корея балықшылары қырық жылдық қайықпен бастарын бәйгеге тігіп, Жапон теңізінің Ресей мен Жапония бөлігінде балық аулайды

Тынық мұхитының шеткі теңізі саналатын Жапон теңізінің ауданы – 1 062 мың шаршы шақырым, орташа тереңдігі – 1 753 метр. «Шығыс теңізі» деген атпен де әйгілі бұл теңіздің жағалауында Ресей Федерациясы, Жапония, Корея Республикасы және Солтүстік Корея (КХДР) елдері орналасқан. Аталған алып теңіздің Ресей және Жапония жағалауы жағынан көп жылдар бойы қаңыраған қайық қалдықтары табылып келеді. Ал, «елес қайықтардың» ішінде балықшылардың өлі денелері де болады. Олар кімдер? Мұндай жағдайға тап болуына не себеп? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін белгілі һәм белгісіз жағдайларды топшылап, тақырыпты тарқатады.

Жапонияның жағалау күзеті балықтарды заңсыз аулаған солтүстіккореялық браконьерлерді құрықтау үстінде

ШЫҒЫС ТЕҢІЗІНДЕГІ ШЫРҒАЛАҢ

Ресей жағалауына дейін судың ағысын бойлай жылжыған сынған қайық бөлшектері мен өлі адам денесін жергілікті тұрғындар жиі байқайды. Бұндайда төлқұжат тұрмақ, сау тантығы қалмай, неше күннен бері теңіз ағысымен ағып, ақжем болған адам бейнесін ажырату мүмкін емес. Ұдайы қайталанатын бұл жайтқа таң болған тұрғындар ағаш бөліктерімен бірге  балық аулау құралдарын, КХДР басшысы Ким Чен Ынның суреті басылған ескі газет бөліктерін тауып алады. Мәйіттің дәл сол кездегі жағдайынан өлім себебін анықтау мүмкіндігі болмағанымен, бірге табылған осындай айғақтардан олардың Солтүстік Кореядан шыққан теңізшілер екенін аңғаруға әбден болады. Солтүстік Корея балықшыларының жаппай заңсыз балық аулаумен айналысатындығы бұрыннан белгілі. Әскери-теңіз флоты тыйым салынған тұсқа шығып, ауа райының жайсыздығынан жан тапсырар халге жетуі мүмкін деген болжам бар. Сондай-ақ, Ресейдің Владивосток қаласындағы В.И.Ильичев атындағы Тынық мұхиттық океанологиялық институты ғалымдарының зерттеуінше, тұрғындар сипаттағандай ағаштан жасалған қайықтар Солтүстік Кореяның балық аулау флотына тән.

Соңғы жылдары жиі ұшырасатын бұл көрініске Қиыр Шығыс халқының еті әбден үйреніскен.

Ағыспен келген экипаж мүшелерінің өлі денесін тұрғындар Владивосток маңындағы зиратқа жерлейді. Олардың қабірін өзгелерден бірден ажыратуға болады. Белгісіз балықшылар сандармен белгіленіп, қабіріне темірден жасалған қызыл жұлдыз қойылады. Жағалаудағы жерлеу орындарында «қызыл жұлдыз» саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Дегенмен, «жұмбақ жандардың» жанашыры жоқ. «Бұл мәселеге Ресей үкіметі де, Солтүстік Корея билігі де бас сұқпай отыр» дейді Ольга ауылындағы жерлеу үйінің басшысы Владимир Гороховский.

Дәл осындай жағдай Шығыс теңізінің Жапония жақ жағалауында да орын алуда. Жағаға шығып қалған өлі денелерді тұрғындар жапон салты бойынша жерлейді. Шекара қызметкерлері бұндай жағдайға жиі тап болады. Бастапқыда «Солтүстік Кореяның тыңшылары ма» деген күдік туындағанымен, мәселенің байыбына бара бұл теңіз дауылына төзбеген балықшылар екендігі белгілі болды.

Теңіздің Ресей жақ жағалауына жылына қанша қайық шығып қалатындығы белгісіз. Кейбірінде өлі денелер болса, кейбірі иесінен айырылған құр ағаш сынықтары түрінде кездеседі. Ал, Жапония билігі статистикалық мәліметті сараптап, сырттан келген «жау» санын жасырмай жариялап отырады. Токио таратқан ресми мәліметке сенсек, Шығыс теңізі аталатын алып теңіздің Жапон жағалауына соңғы бес жылда «жұмбақ қайықтардың» 500-ге жуығы  жеткен. Әсіресе, 2017 жылы мұндай жағдайдың Пхеньянға қарсы санкциялардың күшейтілуімен қатар көбеюі де жай сәйкестік емес секілді. Бұл көрсеткіш былтыр 158-ге жеткен.

Отбасын асырау үшін ескі қайықпен Жапон теңізінің өзге елге тиесілі бөлігінде заңсыз балық аулауға мәжбүр болған солтүстіккореялық балықшылардың қайықтары көбіне теңіз дауылына шыдас бермей, олардың өлі денелері мен қайықтары осылай Ресей және Жапония жағалауларынан табылып жатады

ҚАРАҚШЫЛАР ҚАЗАСЫНА КІНӘЛІ КІМ?

Жапон теңізінің климаты – қоңыржай муссондық, яғни мамырдан қазанға дейін, әсіресе оңтүстік-шығыс бөлігімен тайфун жиі өтеді. Осындай дауылды күз айларында жағаға шығып қалған қайықтардың саны күрт көбейеді. Апатты дауыл салдарынан қозғалтқышы істен шықса, жолаушының дәм-тұзы таусылуы әбден мүмкін. Жан сақтап жағаға жеткендер теңіз жағалауындағы жергілікті тұрғындардың көмегіне мұқтаж болады. Бұл жағдай Ресейдің Рейнеке аралында тұратын Геннадий Воробьевтің отбасы үшін үйреншікті нәрсе. Жағаға жақын үйлердің бірінде тұратын ол Lenta.ru порталына жылына кемінде төрт корей азаматын ауыр жағдайдан құтқарып қалатындығын айтқан. Қалғандары жағаға жеткенше шыдас бермейді.

Жағалау күзеті қызметкерлері кейде қылмыстық топтың үстінен түсіп, жүздеген заңсыз әрекеттің бетін ашса, кейде қарақшыларды қақпанға түсіру үшін оларды батып бара жатқан қайықтан құтқаруға тура келеді. Осындай жағдайларды қоса есептегенде 2019 жылдың қыркүйек айында қауіпсіздік күштері 26 адамды заңсыз іспен айналысқаны үшін айыптаған.

Тап осы жылы оқыс жағдай орын алды. Корей браконьерлері заңнан тыс теңізге шығып, қылмысқа барғанымен қоймай, жазалаушы топқа қарсы әрекет жасаған. 2019 жылы қолға түскен «теңіз қарақшылары» шекарашыларға берілгісі келмей, оларға қарсы оқ жаудыра бастаған. Ақырында теңізшілердің алтауы жарақаттанып, олардың барлығы Солтүстік Корея азаматтары екендігі анықталған. Бұл мәселе сотта қаралып, браконьерлік топ мүшелерін қатаң тәртіптегі колонияға 4 жылға жіберуге шешім шығарылған.

Халықаралық келісім бойынша Жапон теңізі Жапония, Ресей, Солтүстік және Оңтүстік Корея елдеріне тиесілі. Аталған елдерге теңіз өнімдерін өндіруді кәсіпке айналдыруға рұқсат. Дегенмен, шекарадан шығуға болмайды. Бірақ, Солтүстік Корея балықшылары қызыл сызықты кесіп өтіп, өзгеге тиесілі аумаққа шығуға құмар. Спутниктік деректерді зерттеумен айналысатын Global Fishing Watch (GFW) ұйымының 2020 жылдың шілде айында аяқтаған жұмысының нәтижесі жаға ұстатарлық жайды мәлімдеді. Коммерциялық емес ұйымның хабарлауы бойынша, 2018 жылы Ресейдің экономикалық аймағына 3 мыңнан астам Солтүстік Корея қайықтары заңсыз өткен. Бұл тарихтағы ең үлкен браконьерлік іс болуы мүмкін.

2020 жылы жүргізілген тергеу жұмыстары нәтижесінде жан-жануарларды қорғау туралы заң мен ережелерді ескермей, балықтарды қаскөйлікпен қырған Солтүстік Корея балықшыларының қасақана өліміне Қытайдың қатысы бар екендігі анықталып отыр. Қытай Халық Республикасының теңіз биоресурстарына арналған қатаң талаптары жағдайдың ушығуына себеп болса керек. Қытайлар корей теңізшілерінен пайда көрсе, өз кезегінде оқиға астарынан Ким Чен Ынның ядролық бомба жасау жоспары қылаң береді.

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын елдің балық шығаратын зауытында. Өкінішке қарай, Жапон теңізінің өз аумағында ауланған бұл балық өнімдері билік пен әскерилерге ғана қолжетімді, халықтың қалған бөлігі көрші елдерге тиесілі аумақта жандарын шүберекке тиіп, күндерін көруге мәжбүр

КІНӘЛІ СОЛТҮСТІК КОРЕЯ МА, ӘЛДЕ ҚЫТАЙ МА?

Корей теңізшілері өз аймағында балық шаруашылығымен айналыса алмайды. Себебі, оларға тиесілі теңіз бөлігіне көршілес «айдаһар елі» иелік етіп отыр. Солтүстік Корея өзінің атом бағдарламасы туралы ақпарат беруден бас тартқаннан кейін, 2017 жылы БҰҰ бұл елдің су айдындарын өзге мемлекеттерге пайдалануға тыйым салған. Бұған қарамастан Қытай айлақтарына жыл сайын Солтүстік Кореяға тиесілі бөліктен ауланған теңіз бағалыларын артқан жүздеген кемелер келіп жатады. «Бұл өнімдер ядролық сынақ нәтижесінде улы болуы мүмкін» деген қауіп Бейжіңді еш елеңдетер емес.

Қытайдың Солтүстік Кореяға тиесілі айдынға көз салуының басты себебі – балық шаруашылығы. Оның ішінде аса бағалысы – кальмар еті. Екі жылдың ішінде Қытай шаруалары 160 мың тоннадан астам өнім өндіріп, көл-көсір пайдаға кенелген. 2017 жылдан бастап екі жыл ішінде ҚХР кәріс кальмарынан 550 млн доллар табыс табуға мүдделі еді. Бірақ, «Шығыс шықпай, кіріс кірмес» дейді қазақ. Екі ел арасында заңсыз келісімдер орнап, Қытай кәсіпкерлері Солтүстік Корея территориясынан балық аулауға рұқсат алады. Әлбетте, келісім құнға тіреліп, КХДР екі жылдың ішінде 120 млн доллар табысқа кенелген.

Қытай мен Солтүстік Корея арасында тығыз саяси байланыс орнаған. Қос мемлекет арасындағы кей келісім заңды түрде болса, кейбірі заң аясынан тыс серіктестік тәжірибелер болатын. 2012 жылғы Fishnews порталының ақпаратына сүйенсек, Пхеньян Бейжіңге өздерінің су айдынын ғана емес, Ресейге тиесілі бөліктен балық аулауға алынған өз рұқсатнамаларын да жалға береді. Демек, жоғарыда айтылған браконьерлік топтың жартысы Қытай азаматтары да болып шығуы мүмкін.

КХДР басшысы Ким Чен Ын елдегі жағдайдың жақсы екенін айтып жар салғанымен, жабық есік саясатын ұстанатын бұл елде әлі күнге дейін азық-түлік тапшылығы болып тұратыны белгілі. Сол себептен де күн сайын жүздеген қайықпен балықшылар өзге аймақтардан азық табуға аттанады. Олардың кейбірі діттегеніне жетсе, көпшілігі «браконьерге айналып» қолға түседі. Тіпті, кейбірі Ресей немесе Жапония аймағындағы белгісіз қабірлердің иесіне айналады. Бұл өте аянышты жағдай. Дегенмен, корей теңізшілері туралы не нақты расталмаған, не теріске шығарылмаған бұл ақпараттардың бары анық.

Мыңдаған балықшы, мыңдаған қайық, мыңдаған тонна теңіз өнімі. Бұлардың бәрі қайда кетуі мүмкін? France 24 телеарнасының мәлімдеуінше, шекараның Қытай жақ қапталынан келген теңізшілерді әскери инспекция қарсы алады. Келген өнімнің барлығы әуелі әскери қызметкерлер мен олардың отбасына бөлінеді. Туристік ресурстармен таныстырушы қытай маманы журналистерге берген сұхбатында Солтүстік Корея «алдымен армия» саясатын ұстанатындығын айтқан. Яғни, мемлекет ауланған балықтарды алдымен әскери қызметтегілерге бөліп береді. Бұл өз кезегінде балықшылардың жағдайын ауырлата түседі.

Global Fishing Watch сайтының сілтеуінше, мұндай көлеңкелі сауданың түбі жақсылыққа апармайды. Бүгіннің өзінде табиғатқа айтарлықтай зардап келуде. Теңіз өнімдерінің бағалысы саналатын кальмарлар қоры екі есеге азайған. Ресейлік балықшылар да бұл ақпаратты растап, кәрістердің жиі «ұрлыққа түсуімен» теңіз өнімдерінің азайып, қармақтары құр қалып жүргенін айтады.

Балық шаруашылығына қатысты «дрейфтік тор» ұғымы бар. Ұзындығы 50-60 метрге дейін жететін бұл тордың көмегімен тек балық емес, теңіздегі тіршілік иесін түгел аулауға болады. Сондықтан бұл құралды Ресей және басқа да Еуропа елдерінде қолдануға тыйым салады. Жапон теңізінің Ресей жақ жағалауына шығып қалған қайықтарда бұл торлардың үнемі кездесуі – заңсыз істің заңға қайшы құрылғылармен қамтамасыз етілгендігінің айғағы.

Өткен ғасырдың ортасында осындай торларды жаппай қолданған Жапония кеңестік Қиыр Шығыстың экономикасын айтарлықтай құлдыратқан еді. Бұл оқиға «дрейфтік апат» делініп, қос ел тарихында сақталған.

Қытай да, Ресей де, батыстағы державалар да Global Fishing Watch (GFW) ұйымы анықтаған жайға қатысты ресми мәлімдеме жасамады. Ақпарат жан-жақты айқындалмайынша, үнсіздік жалғасатын секілді. Содан билік басындағылар мемлекетаралық мәселенің мән-жайына жетпей, жағалау тұрғындары КХДР жалауы ілінген қайық сынықтарын тауып, өлі денелерді жерлеуді жалғастыра бермек.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жағдай жылдан жылға жақсарудың орнына кері кетуде. Уақыт өткен сайын «ұрылар» саны артып, Ресей мен Жапония экономикасына айтарлықтай зардабын тигізуде. Бұл өз кезегінде табиғат ресурстарына да зиян келтіруде. Теңіз жануарларының жоғалу қаупі алдында тұрған түрлері күн санап кемуде. Бұл нағыз деградацияға апармаса қайтсін?! Бір теңіздің «тамашасын» тең бөлісе алмаған Жапон теңізі жағалауы елдерінің жағдайы не болары белгісіз. Өзгелер үшін табыс көзі болып отырған елдердің экономикалық ахуалы мәз емес. Заңсыз іспен шұғылданып, ережені елемегендердің шекесі жарқырамасы да анық. «Бермегенің жолынан» тапқан табыстың берекесіз екені де бесенеден белгілі. Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас» позициясын ұстануды жөн санайтын біздің халық бұл ретте «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп турасына тартады.

 Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here