Әлемде 69 ғарышкер әйел бар

0
10555
Әлемдегі тұңғыш ғарышкер әйел Валентина Терешкова Ресей Президенті Владимир Путинмен

Ғарыш – күрделі сала. Себебі, ғарышкер мамандығын игеру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Тепсе темір үзетін жігіттердің өзі тартыншақтап қалатын бұл салаға қызығушылық танытқан нәзік жандылар да бар. Дегенмен, ұзақ жылдар дайындықтан өтсе де, ғарыш кеңістігіне шыға алмай арманда кеткен әйелдер көп. Ал, 1963 жылы қазақ даласынан алғашқы әйелдің ғарышқа ұшқаны тарихтан белгілі. Ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін әлемдегі тұңғыш ғарышкер әйел Валентина Терешкова мен оның көлеңкесінде қалған әйелдерге тоқталады.

Салли Райд – АҚШ-тан шыққан тұңғыш ғарышкер әйел

ҒАРЫШҚА ӘЙЕЛДІ ҰШЫРУ БІРІНШІ КІМНІҢ ОЙЫНА КЕЛДІ?

The New York Times газетінің мәліметінше, қазір әлемде 69 ғарышкер әйел бар. Соның 54-і америкалық әйел. Орыстар бес, канадалықтар, жапондар, қытайлар екі, ағылшындар, француздар, итальяндар мен кәрістер бір-бір әйелден ғарышқа ұшырды. Өкінішке қарай, үш америкалық ғарышкер әйел Жерге оралмады. Ғарыш кеңістігінде опат болды. Ал, ғарышқа әйел ұшыру ойы қайдан шықты? Енді осы сұраққа жауап іздеп көрелік.

Юрий Гагариннің 1961 жылғы ғарышқа сапарынан кейін КСРО басшылары ғарышқа әйелді де ұшыруды қарастыра бастаған еді. Бір қызығы, әйелдің ғарышқа ұшуы туралы ойдың кімге тиесілі екені белгісіз. Бір болжам бойынша, бұл идея кеңестік ғалым Сергей Королевтікі. Ал, алғашқы ғарышкерлерді даярлауға жетекшілік еткен Николай Каманин күнделігінде осындай ойға келгенін жазады. Үшінші нұсқада Герман Титов өзі ұшып келгеннен кейін АҚШ-та болып, сол жақтан «Америкалықтар КСРО-ны осы бағытта айналып өту үшін әйелдер тобын құрады екен» деген жаңалықпен оралады.

1961 жылдың қазанында Сергей Королев ғарыш кадрларына жауап беретін ӘӘК қолбасшылығына ғарышкерлер отрядына қосымша қабылдау жүргізу туралы сұрау жібереді. Кеңестік ғарыш бағдарламасының басшысы оған бес әйелді енгізу қажеттігін атап өтеді. 1961 жылдың 30 желтоқсанында КОКП Орталық комитетінің президиумы қосымша ғарышкерлер қабылдауды бекітті.

Айта кетейік, ғарышқа аттанған 96-шы әйел – Джессика Уоткинс. 34 жастағы америкалық ғарышкердің ғарышқа сапары 2022 жылдың 27 сәуірінде басталды. Оның есімі ғарышқа ұшқан екінші қара нәсілді әйел ретінде де тарихта қалады.

Мэй Кэрол Джемисон – ғарышқа ұшқан тұңғыш қара нәсілді әйел

ҒАРЫШКЕР ӘЙЕЛДЕР ҚАЛАЙ ІРІКТЕЛДІ?

«Ғарышқа ұшатын әйел үміткерлерді қайдан табамыз» деген сұраққа ғарыш саласының мамандары бас қатырды. Мұнда ерлер мәселесі тез шешілді: комиссия мүшелері әскери ұшқыштар арасынан дайындығы мықты жігіттерді таңдап алды. 1960 жылдың басында КСРО-да реактивті авиацияның әйел ұшқыштарының саны көп болған жоқ. Сондықтан алғашқы іріктеу аэроклубтардың мүшелері болған қыздар арасында ДОСААФ желісі бойынша жүргізілді. 1962 жылдың басында парашютші, жасы 30-ға толмаған, бойы 170 см, салмағы 70 келіге дейін деген талаппен үміткерлер ізделді.

Ярославль аэроклубының желісі бойынша үміткерлер тізіміне комсомол, тоқымашы және парашютші Валентина Терешкова кірді. ДОСААФ арқылы алғаш рет іріктеп алынған 58 қыздардың тізімінде Терешкованың да есімі болды. Осы тізімнен 23-і алғашқы амбулаториялық тексеру үшін Мәскеуге шақырылды. Бұдан 18-і өтіп, олар 10 және 8 адамнан екі топқа бөлінді.

Іріктеу комиссиясы 1962 жылдың 3 наурызында бірінші ондықтардың жеке істерін талдады. Өте қатаң сараптау мен дайындық жұмыстарынан соң отырыс қорытындысы бойынша Жанна Еркина, Татьяна Кузнецова, Валентина Пономарева, Ирина Соловьева және Валентина Терешкова сынды үздіктер іріктелді.

Кеңес ғарышкерлерінің бірінші отрядына іріктелген 20 адамның 12-сі ұшқан. Бес қыздан тұратын бірінші әйелдер жасағынан жалғыз Валентина Терешкова ғана ғарышқа аттанды.

ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАЛАЙ ЖҮРДІ?

Жалпы, ғарышкер отряды әйелдер қауымын қуана қарсы алған жоқ. Оның бірінші себебі, ғарышкер отряды әйелдер тобын қабылдауға дайын болмады. Өйткені, сол кезде барлық ер адамдар саптық жарғыға, субординацияға үйренген әскери қызметшілер болды. Солардың арасына қыздар топ ете қалды.

Ғарышқа ұшуға таңдалған бес нәзік жанды жасаққа қабылданғаннан кейін «қатардағы жауынгер» атағын беру арқылы әскери қызметке шақырылды. Әскери қызметкер болған соң олар арнайы форма киюі тиіс еді. Алайда, дайын тұрған костюм болмағандықтан, болашақ әйел ғарышкерлер басында ер адамның киімдерімен жүруге мәжбүр болды. Кейіннен оларға форма тігілді.
Тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин қыздарды «ақ қайыңға» теңесе, Алексей Леонов «әйел батальоны» деп ат қойған. Барлық жаттығулар мен сынақтарды қыздар еркектермен қатар жасады. Үміткер нәзік жандар центрифуганы да, сурдокамераны да он тәулік бойы жалғыз ұстап тұрды.

Ұшуға және ғарыштағы қиындықтарға дайындалу үшін іріктеудегі қыздар 70 градус ыстық пен 30% ылғалды термокамерада сынаудан өткен. Іріктеуден өткен қыздардың қайсысы ғарышқа ұшатыны соңғы уақытқа дейін құпия сақталған.

ТЕРЕШКОВА ЖӘНЕ ҒАРЫШҚА ҰШУҒА ҮМІТКЕР ӘЙЕЛДЕР

1963 жылғы 16 маусымда Байқоңыр ғарыш айлағынан әлемдегі алғашқы ғарышкер әйел Валентина Терешкова басқарған «Восток-6» ғарыш кемесі Жер серігі орбитасына шығарылды. Ғарыш кемесінің ұшуы 2 тәулік 22 сағат 50 минутқа жалғасты. Аспанға саяхат жасау ғарышкердің денсаулығына өте үлкен зиян тигізетінін білсе де, 26 жастағы ержүрек парашютші, спортшы Терешкова тарихта қалды. Ол ғарышқа бір өзі ұшқан әлемдегі жалғыз әйел ретінде танылды. Тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин тұңғыш ғарышкер қызға «Чайка» деген лақап ат қойған екен.
Өзінің ғарышқа ұшатынын Терешкова туыстарынан жасырып жүрген. Оның ата-анасы қызы «парашютшілер» жарысына қатысып жатыр деп ойлаған. Қыздарының «қандай жарысқа» қатысып жатқанын олар кейін радиодан білген.

1960-1970 жылдары Терешкова жоғары деңгейде саяси мансабын құрып, Жоғары Кеңестің мүшесі болды. Сонымен қатар, Кеңес Одағының шетелдегі елшісі болып жұмыс істеді. Қазір 85 жастағы Валентина Владимировна Мемлекеттік Думаның депутаты.

Айтпақшы, 2020 жылдың нау-рызында депутат Терешкова Ресей Федерациясының Конституциясына Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путинге тағы екі рет президент-тік сайлауға түсуге мүмкіндік беретін түзетуді ұсынған болатын.

Ғарышқа ұшуға үміткер болған Ирина Соловьева ол кезде 24 жаста болған. Мамандығы – инженер. Серов қаласындағы мектепті бітіріп, Орал политехникалық институтының құрылыс факультетіне түседі. Бірде институтта парашют үйірмесіне қабылдау туралы хабарландыруды көріп, қызығушылық үшін баруға бел буған.

Тағы бір үміткер – 20 жастағы стенографшы Татьяна Кузнецова мектепті бітіргеннен кейін машинамен басу және стенография курстарына түскен. 1961 жылы Татьяна парашют спорты бойынша Мәскеудің абсолютті чемпионы атанды. 250-ден астам рет секірген Татьянаны іріктеу комиссиясы назарсыз қалдырмады.

Топтағы ең үлкен және ең тәжірибелі маман – Валентина Пономарева болды. 28 жастағы ол басқаларға қарағанда ұшқыш болатын. Мектепті Алтын медальмен бітірген Валентина «бейіндік» аэроклубы бар МАИ-да оқиды. По-2-ден бастап, кейін Як-18-ді игеріп, Тушинодағы авиапарадқа қатысады. Бірақ, бітіргеннен кейін ұшу мен жұмыс екеуін қатар алып жүру қиын болып, ол мамандығы бойынша қызмет етеді.

Әу баста Валентина Пономареваның ғарышкер болуына Юрий Гагарин қарсылық білдіреді. Тұңғыш ғарышкер комиссия мүшелеріне «Біз анамен тәуекел ете алмаймыз» дейді. Өйткені, сол кезде Пономарева тұрмысқа шыққан келіншек, ұлы бар ана болған. Бірақ, соңында оны бәрібір қабылдайды.

Сол кезде 21 жаста болған Жанна Еркинаның мамандығы – мұғалім. 1956 жылы мектепті бітіргеннен кейін педагогикалық институтқа түседі. Жоғарғы оқу орнын тәмамдап, ауылдық жерде мұғалім болып қызмет етеді. 1957 жылдан бастап Жанна Рязань аэроклубында айналысқан. Комиссиядан өту сәтінде ол 150-ден астам парашютпен секіргендігін айтады. Қыздың аспанмен әуестенуі әкесінен дарыса керек. Жаннаның әкесі – әскери ұшқыш, майдангер болған. Еркина шет тілдер факультетін аяқтап, неміс және француз тілдерін жақсы меңгерген.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Иә, «Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді». Бүгінгі кейіпкерлер соның дәлелі болса керек.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here