Енді мемлекеттік тілді үйрену оңай әрі тегін

0
1031

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ana tili» газетіне берген сұхбатында: «Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс», – деді.

Тіл саясатында қабылданған соңғы бағдарлама 2025 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесін 95%-ға арттыруды көздейді. Басым бағыттардың бірі де сол мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру. Осы мақсатта жұмыс жасап жатқан жекелеген мекемелер де бар. Солардың екеуі – Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры.

Алғашқысы күні кеше Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Тіл cаясаты комитетімен бірлесіп «Қашықтан оқып, тіл үйрен!» акциясын бастағанын хабарлады.

Қашықтан оқытудың мақсаты – карантин кезінде ересек азаматтарға мемлекеттік және өзге тілдерді онлайн режимде инновациялық әдістермен тегін оқыту, электронды оқу құралдарымен қамтамасыз ете отырып, тіл үйренуге арналған ІТ бағдарламалар мен платформалар арқылы өздігінен оқуға шақыру.

Акцияның алғашқы аптасында Қызылорда, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша 3 517 тыңдаушы оқытылуда, соның ішінде мемлекеттік тіл – көш басында. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 2 312 тіл үйренуші таңдаса, бұл көрсеткіш Қызылорда облысы бойынша – 268, Жамбыл облысы бойынша – 251 адамды құрап отыр.  Кезек – Қарағанды, Ақтөбе облыстарында.

Әрбір жергілікті жердің байланыс мүмкіндігі ескеріліп, ынта білдірушінің ыңғайына қарай таңдау еркі қарастырылған. ZOOM, WhatsApp, Skype, Google Classroom, Тelegram, Instagram платформалары арқылы тікелей онлайн сабаққа қатысып, онлайн сабақ жазбасын алу мүмкіндігі де қарастырылған. Тілді өз еркімен үйренгісі келетін азаматтарға арналған Tilqural.kz сайты жұмыс жасайды. Электронды оқу құралдарын, қажетті ақпаратты электронды поштамен алуға болады.

Азат Шауеев өзі басқарып отырған Мемлекеттік тілді дамыту қоры соңғы 12 жылда 200-ден астам тіл жобаларын жүзеге асырғанын айтады. Соның арқасында мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары жыл сайын артып келе жатқандығын да тілге тиек етті.

Иә, қазақ тілін білмейтіндердің арасында жастар да аз емес. Осыны басшылыққа алған Мемлекеттік тілді дамыту қоры жастарды қазақ тілін үйретуде онлайн жобаларға басымдық береді. Мәселен, Soyle.kz – қазақ тілін тегін үйрететін Қазақстандағы алғашқы сайт. Сайтқа Қазақстанда немесе өзге елде тұратын кез келген адам тіркеліп, мемлекеттік тілді тегін онлайн курс арқылы үйрене алады. Бүгінде онлайн курсқа жазылғандардың саны 129 мыңнан асыпты.

Сонымен қатар, Мемлекеттік тілді дамыту қорының Bala.soyle.kz, Soyletube, Resmihat.kz сияқты жобалары да бар.

Онлайн курс арқылы мемлекеттік тілді меңгеруге мүмкіндігі жоқтар тіл мамандарымен қамтамасыз етілген аймақтардағы курстарға да қатыса алады. Мысалы, тіл саясатын жүзеге асыруға былтыр Қызылорда облысында 42 млн теңге бөлінген. Бұл қаражатқа тіл курстары ашылып, жүздеген қызылордалықтар тілді тегін үйренген.

Қорыта айтқанда, мұндай бастамалардың барлығы да Қазақстандағы тіл саясатына жаңа серпін беретіні сөзсіз. Ендігі жерде тіл үйренушілердің көп болғаны керек.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here