Грекияда екі ресейліктің әрқайсысы 253 жылға сотталды

0
2199

Грекияда Ресей Федерациясының азаматтары Константин Семенов пен Иван Возниковцев бір адамның ғұмыры жетпейтін жазаға кесілді. Атап айтқанда, өткен аптада қос азаматтың әрқайсысы 253 жылға сотталды. Бұл туралы Халықаралық адам құқығын қорғау комитетінің ресейлік бөлімшесінің вице-президенті Иван Мельников хабарлады.

Ресейлік құқыққорғаушының айтуынша, олар 7-ден 12 жылға дейінгі жазаны кемедегі әр мигрант үшін арқалады. Бұған шекараны заңсыз кесіп өткендері үшін тағы жаза қосылды. Ал, ресейліктер өз кінәларын мойындаған жоқ.

Әрине, қолмен істегенді мойнымен көтеру әркімнің қолынан келмейді. Сондықтан гректердің қолына түскен ресейліктерді түсінуге болады. Тіпті, ресейліктер мигранттарды заңсыз тасығандарын білмеген күннің өзінде заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды.

Мәселенің мәнісіне тоқталайық. Константин Семенов пен Иван Возниковцев «екі қолдарына бір күрек іздеп» Түркияға келген. Оларға 2 мың еуро айлыққа кемеде жұмыс ұсынған. Жататын жер, тамақ тегін. Өз елдерінде мұндай айлық түстеріне ғана кірген ресейліктер бірден келіскен. Теңізшілер тәжірибеден де өткен. Сөйтіп, жұмысқа алаңсыз кіріскен. Бірақ, кеменің жиі бұзылатыны жұмысқа кедергі келтірген. Сапарлардың бірінде кеме бұзылған. Жарты жолда қалған теңізшілер жұмыс берушілеріне хабарласқан. Кеменің иесі керекті заттарды қайық арқылы беріп жіберген. Қайықта ресейліктер күткен заттардан басқа адамдар да болған. Яғни, Еуропаға бағыт алған заңсыз мигранттар. Теңізшілер оларды Грекия арқылы Италияға апарудан бас тартқан. Дегенмен, олай жасамаған жағдайда, ресейліктерді өлтіріп, мәйіттерін теңізге лақтыратындарын айтып қорқытқан. Содан олар «күтпеген қонақтарды» кемеге амалсыз отырғызған. Болған жайды ресейліктер осылай түсіндірген. Ал, олардың сөздеріне заңсыз мигранттардың жолын кескен гректер құлақтарына да ілген жоқ.

Ресейдің туымен Түркиядан Италияға бағыт алған кемені 2019 жылдың 20 тамызында Грекияның жағалауды бақылау күзеті тоқтатады. Нәтижесінде кемені тізгіндеген ресейліктер Афинаның Коридаллос түрмесіне тоғытылды. Іс бір жылға жуық уақыт қаралды. Аталған іске нүкте өткен аптада қойылды.

Ресейліктердің әділетсіздіктің құрбандары болғандарына сену қиын. Өйткені, бұл бірінші жағдай емес. Грекия түрмесінде дәл осындай айыптаумен 20-ға жуық ресейлік соттың шешімін күтіп жатыр. Ал, жыл басында тағы екі ресейлік кемемен заңсыз мигранттарды тасығаны үшін әрқайсысы 395 жылға сотталған еді.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here