Жанар Жеңіс: «Біз шығарған антивирустық табиғи қоспаға сұраныс көп»

0
3849

Сонау ХІХ ғасырда Ұлы Абай «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген. Хәкімнің ұлағатқа айналған бұл тұжырымы уақыт өткен сайын көмескіленбей, керісінше мән-мағынасы артып келеді. Жаңалығы желмен жарысқан бүгінгідей заманда өркениетті елдер ғылымға аса көңіл бөледі. Өйткені, ғылым дамымай елдің бәсекеге қабілеттілігі артпайды, экономикалық өсімі болмайды. Сондықтан еліміз де соңғы жылдары күрделі салаға көп көңіл бөле бастады. Биыл «Болашақ» бағдарламасына 1 055 стипендия бөлінсе, соның 500-і ғалымдардың тағылымдамаларына арналғаны бұл сөзімізге дәлел бола алады. Оның үстіне отандық білім-ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген оқу орындары да бар. Соның бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Ғылым күніне орай университеттің жетекші ғалымдарымен онлайн кездескен Жансейіт Түймебаев өзі басқаратын іргелі білім ордасының базасында жыл сайын ғылымды дамытудың барлық басым бағыттары бойынша жалпы сомасы 6 млрд теңгеге 400-ден астам ғылыми-зерттеу жобаларының орындалатынын айтты. Ал, ғылымға көңіл мен қаржы бөлінгендіктен ғалымдар да өнімді еңбек етіп келеді. Мәселен, күні кеше әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Жанар Жеңіс жетекшілік ететін ғалымдар тобы адам бойында асқынған респираторлық-вирустық инфекция-лардың таралуына қарсы антивирустық мульти-табиғи қоспа әзірлеп шығарғанына куә болдық. Осыған байланысты ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Дәрілік өсімдіктер ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жанар Жеңісті ашық әңгімеге тартқан еді.

– Сіз жетекшілік ететін Дәрілік өсімдіктер ғылыми-зерттеу орталығы қашан құрылды? Осы орталықтың жобалары, жеткен жетістіктері туралы сұхбатымызды бастасақ…

– Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы 2019 жылы ақпан айында құрылды. Біз, ең алдымен, Америка, Аустралия, Жапон, Корея, Қытай ғылымдар академиясы, Өзбекстан ғылым академиясы, Малайзия, Түркия, Португалия сияқты елдердегі табиғи қосылыстар зерттеу орталықтарымен коллаборация жасалды. 2020 жылы наурыз айынан бастап әлемде, соның ішінде елімізде пандемия жарияланды. Covid-19 вирусының таралуына байланысты орталығымыз вирусқа қарсы препараттарды зерттеп, 7 ай көлемінде Covid-қа байланысты 10  ғылыми жоба дайындап ұсынды. Нәтижесінде, 3 мемлекеттік, 3 халықаралық грант иегерлері атандық. Жалпы грант қаржысы 200 млн теңгеден асады.

– Сөзіңіз аузыңызда, Өзіңіздің басқаруыңызбен ғалымдар тобы адам бойында асқынған респираторлық-вирустық инфекциялардың таралуына қарсы антивирустық мульти-табиғи қоспа әзірлеп, халықтың ыстық ықыласына бөлендіңіздер. Ал, бұл қоспаны шығарудағы мақсат қандай болды? Жасалу технологиясы қандай?

– Орталығымыз еліміздің табиғи өсімдіктер қайнарынан пайдалана отырып, алғаш рет Қазақстанда Covid-19 вирусына, тұмауға, өкпені қуаттайтын, қан сұйылтатын, жөтелді басып, қақырық шығаратын қасиетке ие, сондай-ақ әйелдердің денсаулығын сақтау және өт, бауыр үшін басты назар аударатын профилактикалық және емдік қасиеттері бар биологиялық белсенді табиғи формулалар жасап шығарды. Вирусқа қарсы формула екі негізгі қос механизм арқылы, соның ішінде коронавирусты тежеу және иммундық жүйені жоғарылату арқылы кепілдік береді. Әлем бойынша қалыптасқан бүгінгі күрделі жағдайда аталмыш жобаның аса өзекті әрі дер кезінде жүзеге асырылып отырғаны даусыз. Қазақ жерінде өсетін дәрілік өсімдіктерден тұратын қоспа құрамы жағынан таза әрі табиғи отандық өнім болып табылады. Оны даярлауда негізінен жалбыз, қалампыр, түймедақ және қызылмия өсімдіктері пайдаланылған. Табиғи қоспа тұмау және жедел респираторлық вирустық инфекция кезінде асқыну қаупін азайтып, сауығуды жеделдетеді. Ауруға қарсы ағзаның қорғаныс қабілетін күшейтеді. Өкпенің жұмысын жақсартып, жөтелді тоқтатады. Яғни, бұл жобамыздың маңыздылығын ескере отырып, оны университет басшылығына ұсынған едік. Басшылықтың қолдауымен шағын зауыт құру қолға алынды. Бұйыртса, екі-үш ай ішінде өндірісті толығымен іске қосу жоспарланып отыр. Ал, бұл өз кезегінде елімізге импортталатын дәрілік заттардың санын қысқартуға, табиғи, аз уытты отандық препараттар өндірісін дамытуға мүмкіндік береді.

– «Қоспаны қайдан сатып аламыз» деп сұраушылар бар. Ал, қоспаны жаппай қолданысқа енгізудің жолын қарастырып жатырсыздар ма? Тарату мәселесі қалай шешіледі?

– Иә, халыққа пайдасы тиер қоспамызға сұраныс көп. Біз дайындаған қоспа шәрбат ретінде жасалады. Негізінен салқын жерде сақтау арқылы қолданысқа енгіземіз. Бөлме температурасында сақтау үшін түйіршік дәрі ретінде жасап шығару керек болды. Қазір толыққанды қолданысқа енгізуді ойластырып жатырмыз. Жоғарыда айтқанымдай, екі-үш айдың көлемінде шағын зауытты іске қосу жоспарланып отыр.

– Өзіңіз қызмет атқаратын университет ғалымдарының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?

– Бүгінгі таңда елімізде ғылымға деген сұраныс жоғары. Соның ішінде ғалымдарға тиімді ұсыныстар жасалып жатыр, осы салаға бөлінген қаржының көлемі де артуда. Университет тарапынан да қолдаулар көрсетіледі. Біздің ғылыми зерттеуміз елімізге, халыққа пайдалы болуы қажет. Қандай жаңалық ашсақ та, өзектілігін жоғалтпауы керек.

Біз «Адамдарда АРВИ таралуын басатын мульти-табиғи қоспа» жобамызды 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми және қолданбалы ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру байқауына ұсындық. Нәтижесінде шетелден елімізді өте жоғары бағалап, 70 млн теңге гранттық қаржыны толық жеңіп алдық. Университет орталығында бірнеше жылдан бері емдік шөптердің қасиеттерін зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Үлкен нәтижелер көрсетіп келе жатқанымыз орталық ғалымдарының қажырлы еңбегі, университетіміздің қолдауы және мемлекетіміздің ғылымға бет алған тиімді саясатының арқасы. Ғалымдардың ғылым жолындағы еңбектерін бағалап, жалғасты қолдау білдірген басшылыққа алғыс айтамыз. 

– Жанар ханым, ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Сұхбаттасқан: Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here