Covid-19: Ұзаққа созылатын пандемия, АҚШ-тағы қаралы шілде және Германиядағы локдаунға қарсылық

0
2535

Сенбі, 1 тамыз күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері пандемия жарияланған алғашқы алты айдың қорытындысына арналған шұғыл комиссияның отырысын өткізді. Алты сағатқа созылған отырыста ұйым өкілдері әлемде пандемия әлі ұзаққа созылатынын хабарлады. Ал, коронавирустың әлем елдерін әбден әбігерге салғанын көз көріп, құлақ естиді.

АҚШ: ҚАРАЛЫ ШІЛДЕ

Соңғы айларда АҚШ коронавирус жұқтырғандар мен індеттің құрбаны болғандар саны бойынша алғашқы орынға мықтап орнықты. Ал, америкалықтар үшін шілде қаралы ай болды. Неге десеңіз, өлім саны артты, соңғы бір айда індет 25 мың адамның өмірін жалмады. Коронавирусты жұқтырғандар саны 66%-ға немесе 1,8 млн адамға артты. Ең көп коронавирус дерегі Флорида, Калифорния және Техас штаттарында тіркелді. Бас эпидемиолог Энтони Фаучи жұма күні Ресей мен Қытайдың коронавирусқа қарсы вакцинасына күмән келтіріп, олардың АҚШ-та қолданылуына қарсылық көрсетті.

Айтса айтқандай, 21 шілде күні Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі коронавирусқа шамасы жететін алғашқы ресейлік вакцинаның дайын болғандығын мәлімдеді. РФ Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Руслан Цаликовтың айтуынша, аталған вакцинаны әскери вирусологтар Н.Ф.Гамалея атындағы Ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесіп жасаған. Сынақтан сәтті өткен. Өзінің коронавирусқа қауқары барын көрсеткен.

ӘЛЕМДЕГІ КҮРДЕЛІ АХУАЛ

Өкінішке қарай, коронавирусқа қатысты деректер де көңіл көншітпейді. Ең көп індет жұқтырғандар саны бойынша алғашқы орындарда АҚШ (4,6 млн), Бразилия (2,7 млн) мен Үндістан (1,8 млн) тұр. Адам шығыны бойынша антирейтингті тағы да АҚШ (154 мың), Бразилия (94 мың) және Мексика (47 мың) бастайды.

ГЕРМАНИЯ: КАРАНТИНГЕ ҚАРСЫЛЫҚ

Өткен сенбіде Германия астанасы Берлинде карантин режиміне қарсы наразылық шеруі өтті. Шараға жергілікті билік тарапынан рұқсат берілмеген. Бірақ, осыған қарамастан мыңнан астам тұрғын қала орталығына жиналып, биліктен тыйымдарды алып тастауды талап етті. Олардың айтуынша, карантин адамдардың құқықтарын бұзады. Содан полицейлердің шерушілерді күштеп таратуына тура келді. Себебі, көшеге шыққандар тәртіпке бағынбаған, арақашықты сақтамаған, маска тақпаған.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here