Талғат Мұсабаев – 70: Тәуелсіздік тудырған тұлға

0
8613

Ғарыш тарихында биыл ерекше жыл. Өйткені, алдағы 12 сәуірде адамның ғарышты бағындырғанына тура 60 жыл толады. Ал, ғарышты игеру Қазақ даласынан басталғаны да зор мақтаныш. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген ағымдағы жылы қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 27 шілдеде 75 жасқа келсе, бүгін ғарышқа ұшқан екінші және ашық ғарышқа шыққан бірінші қазақ Талғат Мұсабаев 70 жасқа толып отыр.

Иә, ғарыш туралы сөз айтылғанда, кезінде КСРО құрамындағы республика халықтарының есіне алдымен Гагарин мен Терешкованың есімдері түседі. Юрий Гагарин ұшқан 1961 жылдың 12 сәуірі «Ғарышкерлер күні» болып күнтізбеге енсе, екінші кеңестік ғарышкер Валентина Терешкова 1963 жылдың 16 маусымында орбитаға көтеріліп, ғарышқа ұшқан тұңғыш әйел ретінде әлем тарихында қалды. Дегенмен, шын мәнінде Қазақ елі үшін ғарыш туралы кең ауқымды тақырыпты қаузау азаттықтан соң басталғаны жасырын емес. Жетпіс жыл бойына өз топырағының қазына-байлығы тек Кеңес одағына тиесілі болған қазақ жұртында ғарыш саласы ортақ тақырып болды. Ендеше, Қазақстанның дербестік тұсындағы ғарыш саласының өзіндік жолы бар. Яғни, дербестік ғарышты игеруге жол ашты.

Рас, Кеңес одағынан бөлініп, өз тәуелсіздігін алған Қазақстан етек-жеңін жиып, еңсесін тіктеу үшін кез келген саланы заманауи уақытқа бейімдеудің іс-жоспарын жасады. Соның ішінде отандық ғарыштық қызметті дамытудың ұзақ жылдарға арналған жобасы қаралды. Бұл саланы әлемдік деңгейдегі технологиялармен қамтамасыз ету үшін де, игеру үшін де жас мемлекетке біраз жылдар қажет еді.   

Ғарыш әлемінде Байқоңыр өңірі әлемге әйгілі. Себебі, «Байқоңыр» –әлемдегі ең ірі әрі танымал ғарыш орны. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, бұл аймақта ғарыш айлағын қалыптастыру жұмыстары өткен ғасырдың елуінші жылдарында қолға алынып, елу бесінші жылдары ғарыш айлағының маңызды нысандарымен бірге құрылысты қатар жүргізу жұмыстары жүзеге асырылған және КСРО Үкіметі сол жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағын бекіту туралы шешім қабылдаған. Осынау күрделі жұмыстарға қарап-ақ бұл айлақтың халықаралық маңызы зор болғандығын аңғару қиын емес.

Көлемді аумақты алып жатқан Қазақстан территориясына кіретін Байқоңырды кезінде Кеңес одағы тектен-текке таңдап алған жоқ. Бұл өңір ауыл-ауылдан қашық орналасқан, экватор жазықтығына да жақын, зымыран ұшырудың қауіпсіздігін сақтауға оңтайлы, ғарыштық нысандар үшін де қонуға қолайлы орын екендігі жан-жақты зерттеліп, ескерілген. Сонымен қатар, зерттеу көрсеткіші бойынша аймақтың жер бедері – тұзды топырақты, жылжымалы құмды төмпешіктерден тұратындығымен де ерекшеленген.

Міне, қазақ топырағындағы әлемдік маңызы зор нысан – «Байқоңыр» тәуелсіздік алған 1991 жылы өз меншігімізге өтті. Енді осы айлақты сақтап қалу мен қалпына келтіру мақсатында Ресеймен мемлекетаралық келісім жасай отырып: «Байқоңыр» ғарыш айлағы – бүгінгі күні біздің әлемдік экономикалық сайыстағы жалғыз басымдығымыз», – деп Тұңғыш Президентіміз орынды бағасын берді.

Сөйтіп, еліміздегі айтулы ғарыш орны 1994 жылы «Байқоңыр ғарыш  айлағын пайдаланудың басты принциптері мен шарттары туралы» атты  келісім бойынша елу жылға Ресейге жалға берілді. Ең бастысы Елбасымыз «Байқоңырды» жалға алушы Ресей елімен ортақ келісімге келісе отырып ғарышкерлерді, осы салада жұмыс істейтін мамандарды даярлауға баса назар аударды.

Байқоңыр – елімізді тәуелсіздікке дейін де, тәуелсіздіктен кейін де әлемге танытқан бірден бір өңір болып табылады. «Байқоңырдан» «Молния», «Экран», «Горизонт», «Радуга», «Метеор» және «Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс» сияқты ғарыш кемелері, Күннің, Айдың, Шолпан жұлдызының алғашқы жасанды серіктері және «Салют», «Мир» орбиталық стансалары ғарышқа ұшырылып, табиғаттың қаншама тылсым сырының ашылуына себеп болды. Әсіресе, ғарыш жаңалықтарының шаруашылық пен ғылымға зор пайдасы тиді. Ал, азаттық алған жылдары Қазақстан ғарыш саласын дамытуға арналған ауқымды жобаларын күн тәртібінен шығармады. Керісінше Үкімет ғарыш саласын дамытуды негізгі мақсат етіп белгілеп, мемлекет тарапынан жағдай жасауды барынша қолға алды. Осыған байланысты Үкіметтің қаулысымен «Қазғарыш» ұлттық компаниясы құрылды.

Аталмыш компанияның басты қызметі – ғарыш саласын дүниежүзілік бәсекеге ілесе алатын қабілетті салаға айналдыру болды. Ол үшін алдымен ғарыш техникасын заманауи тұрғыда меңгере отырып, ғарыш инфрақұрылымын әзірлеу, өндіру және пайдалану міндеттерімен қоса ақпараттық және ғылымға қажетті ғарыштық технологияларды қалыптастыру еді. Мемлекет тарапынан міндеттелген осынау тапсырмаларды жүзеге асыру барысында ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-технологиялық бюросы құрылды. Ұлттық геостационарлық байланыс спутнигін жасау және ұшыру жөнінде ұсыныстар дайындалды. Көп қызметті спутниктік байланысты пайдалану жөнінде серпінді жобалар орындалды, зымырантасығыштарға қатысты ұшу аппаратын бейнелеу орталығы құрылды.

Ұлттық ғарыш агенттігінің бастамасымен жүзеге асқан тағы бір ірі жобаның бірі – зымыран тасығыш ракеталарды ұшыру алаңының салынуы болатын. Осындай айтулы жобалардың нәтижесінде ғарыш саласын дамыту стратегиясы жасалып, бүгінде әлемнің дамыған көптеген елдерімен әріптестік байланысымыз орнады.

Міне, осынау саланы игеруде, дамытуда Елбасымыз қыруар еңбек етті, соның нәтижесінде өз «Байқоңыр» ғарыш айлағымыздан үш қазақ азаматы ғарышқа ұшты. Тоқтар Әубәкіров те, Талғат Мұсабаев та, Айдын Айымбетов те бүгінгі күннің батырлары.

Бүгін Қазақстанның ғарыш саласына, оның тарихына бекер тоқталып отырғанымыз жоқ. Өйткені, өмірінің қырық жылын ғарыш саласына арнаған Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев 7 қаңтарда 70 жасқа толды. Сондықтан осы күні қазақтан шыққан екінші ғарышкердің жердегі және ғарыштағы өміріне тоқталмай кету орынсыз болар еді.

Талғат Амангелдіұлы 1951 жылы 7 қаңтарда қазіргі Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданының Қарғалы кентінде дүниеге келген. Есімін ата-анасы ұшқыш Талғат Бигелдиновтің құрметіне орай қойған. Ал, адамның тағдыры атына сай қалыптасатынын Талғат Мұсабаевтың өмірі дәлелдей түседі.

1968 жылы Алматы қаласындағы № 58 мектепті аяқтағаннан кейін Талғат Амангелдіұлы Ленин комсомолы атындағы Рига азаматтық авиация инженерлері институтында «Авиациялық радиожабдықтарды техникалық пайдалану» мамандығы бойынша білім алды. 1974 жылы елге оралып, бірнеше ай инженер болды.

1975 жылдың қаңтар айында Талғат Мұсабаев Алматыдағы Қазақстан комсомолының аудандық комитетінің хатшысы болып таңдалды. 1976 жылдың 19 қаңтарынан бастап Қазақ азаматтық авиациясында саяси тәрбие қызметі бөлімінің нұсқаушысы болып жұмыс істеді. 1979 жылдың 25 мамырынан бастап саяси тәрбие қызметі бойынша Алматы біріккен әуе отрядының 240-шы жазғы отряды командирінің орынбасары қызметін атқарды. Сондай-ақ, осы уақытта жұлдыздарға жол ашқан оқуын оқып жүрді. 1984 жылы Алматы әуе клубындағы оқуын аяқтап, 1986 жылы қолына «Азаматтық авиацияның ұшқышы» куәлігін алды.

1986 жылдан бастап Талғат Амангелдіұлы қазақ ғарышкерінің айға сапары жобасының аясында Медицина-биология проблемалары институтында медициналық тексерістен өтіп жүрді. Бұдан кейін елге оралып, 1987 жылы екінші ұшқыш болып жұмыс істеді. Ал, 1989 жылдың 6 шілдесінде Боралдай біріккен әуе отрядында Ан-2 ұшағының командирі болды.

Талғат Мұсабаев 1988 жылы тағы да медициналық тексерістен өтіп, 1989 жылдың 27 ақпанында бас медициналық комиссияның шешімімен арнайы дайындыққа жіберілді. 1989 жылы мемлекеттер авиациясы құрамының Улянов орталығындағы инженерлік-техникалық және диспетчерлік жазғы дайындығын аяқтады. 1990 жылдың 11 мамырында РКФСР мемлекеттік ведомствоаралық комиссияның шешімімен ғарышкерлер отрядының құрамына алынды. 1990 жылдың 6 маусымынан бастап Талғат Мұсабаев Ту-134 ұшағының екінші ұшқыш-тағылымгері, 25 тамыздан бастап Алматыдағы біріккен әуе отрядының бірінші жазғы отрядының ТУ-134 ұшағының екінші ұшқышы атанды. 1990 жылдың қазан айында ғарышкерлерді даярлау орталығына жұмыс сапарымен барып, журналистер тобымен бірге жалпы ғарыштық дайындыққа кірісті. 1991 жылы ғарышкерлерді даярлау орталығына ғарышкер-зерттеуші кандидат ретінде штатқа қабылданды.

Міне, Талғат Амангелдіұлы жастық өмірінің жиырма жылын ғарыш кеңістігі туралы білімді игеруге арнады. Осыдан-ақ бұл саланың қаншалықты күрделі екенін аңғаруға болады.

Бұл күндері жетпіске келіп отырған аңыз адам жұлдыздар әлеміне алғаш рет 1994 жылдың 1 шілдесінен 4 қарашасына дейін саяхаттады. Ол Жерден «Союз ТМ-19» кемесінің борт инженері ретінде ұшты. Сапар кезінде Талғат Амангелдіұлы ашық ғарышқа екі рет шықты: 9 қыркүйек күні – 5 сағат 6 минут, 13 қыркүйек күні – 6 сағат 1 минут. Яғни, ашық ғарышқа шыққан бірінші қазақ ретінде оның есімі ел тарихына алтын әріптермен жазылып қалды.

Талғат Мұсабаев ғарышқа алғашқы сапары туралы былайша толғанады: «Ол 1994 жылдың 4 қарашасы болатын. Біз Арқалықтан алыс емес жерге, қаладан солтүстік-шығысқа қарай 77 шақырым қашықтықта қондық. Иллюминатор терезесінен алғаш көрген бейне – күзгі даламен жүріп келе жатқан Президент болды. Нұрсұлтан Әбішұлы бізді күтіп алуға асығып келе жатты. Арқалық даласының қараша айындағы пейзажы, капсула жанында тұрған Президент пен оның көздеріндегі ағалық жылуы менің өмірімдегі ең керемет сәттердің бірі ретінде есте қалыпты. Ғарышта ұшу барысында Нұрсұлтан Назарбаев біздің экипажбен байланысқа шығатын. Ол Республика сарайындағы мерекелік жиында болды. Біздің Президентпен болған сұхбатымыз барлық залға естіліп тұрды. Нұрсұлтан Әбішұлы сол кезде былай деген еді: «Мен сені шығарып салдым, мен сені күтіп аламын». Елбасы сол сөзінде тұрды».

«Жерге қону қиындық туғызды, себебі жел қатты болатын. Жерге алғаш рет өте қатты соғылдық, серпіліп барып, люкпен тағы соғылдық, серпілдік те, табанымен жерге дүңк етіп қондық. Рациямен бізге қауіпсіздік белдіктерін ағытуды тапсырды. Бірақ, біз орындықтардан ешқайсымыз тұра алмадық. Гравитациядан әбден айығып қалыппыз. Бір тонна салмақты көтеру керек сияқты болды. Ентігіп, күшеніп, әйтеуір орнымыздан тұрдық. Сыртқа өзіміз шықтық», – деп сағынышпен еске алады сол күндерін ғарышкер.

Талғат Амангелдіұлы 1994 жылы алдымен Ресей Федерациясының Батыры, артынан 1995 жылы Қазақстанның Халық қаһарманы атанды.

1996 жылдың наурызы мен 1997 жылдың қаңтары аралығында Талғат Мұсабаев ЭО-23 бағдарламасы бойынша екінші экипаждың командирі болып ұшуға дайындалды. Сөйтіп, 1998 жылы оның ғарышқа екінші сапары басталды. Ғарыш кеңістігінде 29 қаңтардан 25 тамызға дейін болды. Сапар барысында қазақ ғарышкері ашық ғарышқа бес рет шықты.

1997 жылдың 28 шілдесінде Талғат Амангелдіұлы мемлекеттік ведомствоаралық комиссияның шешімімен бірінші экипаждың командирі болып тағайындалды. 1999 жылдың 15 сәуірінен 2000 жылдың мамырына дейін бірінші ресейлік экспедиция экипажының командирі ретінде дайындықтан өтті. 2000 жылдың 2 маусымында ЭО-29 бағдарламасы бойынша екінші экипаждың командирі атанды. 2000 жылдың 12 маусымынан бастап Юрий Батуринмен бірге ЭО-29 бағдарламасы бойынша екінші экипаждың командирі ретінде ұшуға дайындалды. 2001 жылдың 11 қаңтарынан бастап резерв экипаждың құрамында болды. Осы жылы Юрий Батурин және Дмитрий Титомен бірге «Союз ТМ» кемесін алмастыруға дайындалды. 2001 жылы «Союз ТМ-32» кемесінің командирі ретінде ұшып, ғарыш әлемінде 28 сәуірден бастап 6 мамырға дейін болды.

Осылайша, Талғат Амангелдіұлы ғарышта үш рет болып, өмірінің бір жылға жуық уақытын (342 күн) сол жақта өткізді.

 Талғат Мұсабаев 2003-2017 жылдары Ресей Федерациясы Авиациялық әскери дайындық басқармасының бастығы, Жуковский атындағы Әскери-әуе академиясы бастығының орынбасары, «Бәйтерек» акционерлік қоғамының директоры, Қазақстан ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, Үкімет басшысының азаматтық авиация және ғарыш қызметі мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінің төрағасы, ҚР Президентінің кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарды. 2017 жылдан бастап ҚР Парламенті Сенатының депутаты.

Көзі тірісінде-ақ аңыз адамға айналған Талғат Мұсабаев көзге көп көріне бермейді. Мақтаншақтықты құп көрмейді. Бұл дұрыс та шығар. Дегенмен, батырлық дәріптелуі керек екенін ойлағанда, тіпті жетпістің желкенін кергенде нағыз бүгінгі күннің батыры жайлы тағы жазбай тұра алмайсыз. Ал, барша қазақ Талғат Мұсабаевты мақтамайды, онымен мақтанады. Оның үстіне азаттық алған отыз жыл тарих үшін қас-қағым сәт болғандықтан, қазақстандық ғарыш саласының енді ғана дамуға нық қадам басқандықтан әлі талай Тоқтар, Талғат пен Айдындардың ізбасарларын жазатынымызға кәміл сенеміз.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Рас, үш бірдей ғарышкерін ғарышқа ұшырған санаулы елдердің қатарына Қазақстан Республикасы да кіреді. Ал, қазақтардың ғарышты бағындыруы тарихи оқиға болғаны тағы аян. Өйткені, ғарышты бағындырған елдердің саны әлемде қырыққа да жетпейді. Бұл алдымен Тәуелсіздіктің арқасы. Неге десеңіз, осы отыз жылда Тәуелсіздік Талғат Мұсабаев сияқты тұлғаларды тудырды. Ал, Нұрсұлтан Назарбаевтың «ғарышқа қол созбай алдыңғы қатарлы дамуға қадам басуымыз бос әурешілік» деуі өз алдына бөлек әңгіме.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here