Мемлекет берген мүмкіндік

0
262

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сенсек, Қазақстан халқының 3,7 пайызын мүмкіндігі шектеулі жандар құрайды. Яғни, елімізде 695 мың мүгедек бар. Соның 424 мыңы еңбекке қабілетті жаста болса, 112 мыңы ғана жұмыс жасайды. Осы мүмкіндігі шектеулі жандарға шексіз мүмкіндік сыйлауға мемлекет те барын салып келеді. Әрине, мемлекеттік жәрдемақылар өз алдына бөлек әңгіме. Ал, еңбек етуге шамасы келетін мүгедектерді жұмыспен қамтуда мемлекет қандай шараларды қолға алған? Енді осы сұраққа жауап іздейік.

«Балықшыға балық берме, қармақ бер» деген ұстанымға арқа сүйеген мемлекет алдымен мүмкіндігі шектеулі жандарды кәсіпкерлікке баулып келеді. Мәселен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіп бастап, өзінің бағытын тауып, табысты болғысы келетін мүгедектерге қолдау көрсетеді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау», «Жас кәсіпкер» сияқты жобаларынан кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп, өз кәсібін ашқан мүмкіндігі шектеулі жандардың қарасы көп. Ал, мүгедектерге кәсіпкерлік бағытында білім беру айтуға ғана оңай. Өйткені, олардың толыққанды білім алуларына алдымен жағдай жасалуы керек.

«Жас кәсіпкер» және «Бастау» жобаларының Алматы қаласы бойынша жетекшісі Қуанышбек Ерниязовтің айтуынша, білім беретін орындар мүгедектер үшін арнайы жабдықталған. Бизнес-тренерлер мен спикерлердің сабағын құлағы естімейтіндерге түсіндіруде «Үміт» саңырауларды және мүгедектерді қолдау орталығы қол ұшын созады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасында мүгедектер кәсіпкерлікті оқып қана қоймайды, өзінің бизнес жобасын сәтті қорғағандары мемлекеттік грант алады. Сөйтіп, өзінің кәсібін бастайды.

Мүгедектерді жұмысқа орналастыруда Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының септігі зор. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың қаңтар мен мамыр аралығында 6,5 мың мүгедектігі бар адам аталған мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген, соның ішінде 2 мыңы тұрақты жұмысқа, 4,5 мыңы уақытша жұмысқа орналасқан. Мемлекеттік бағдарлама аясында 29 адам несие алған, 24 адам жеке ісін ашқан, 106 адам грант иесі атанған.

2006 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына» Қазақстан 2015 жылы қосылғанын «Qazaq» газетінің өткен санында жаздық. Демек, аталған конвенцияның талабы бойынша еліміз мүмкіндігі шектеулі жандардың алаңсыз өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыруға міндетті. Мысалы, «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заң аясында жергілікті атқарушы органдар еңбек жағдайлары ауыр, зиянды, қауіпті жұмыс орындарын есепке алмағанда, мүгедектерге арналған жұмыс орындарына жұмыс орындарының санынан екі-төрт пайыз мөлшерінде квота белгілеу арқылы халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді. Заң нормаларын жүзеге асыру кезінде Мүгедектерге арналған жұмыс орындарын квоталау қағидалары бекітілді. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша квотамен 3 мың мүгедек жұмысқа орналастырылған.

Мемлекет берген мол мүмкіндікті пайдалана алғандардың бірі – Жанна Жабекова (суретте). Шығысқазақстандық кәсіпкер 2017 жылы мемлекеттің қолдауымен ойыншық тігетін фабрика ашты.

2010 жылы көлік апатының салдарынан арбаға танылған ару «мүгедекпін» деп салы суға кетпей, өмірді қайта бастайды.

2016 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің 16 гранты бөлінеді. Осы байқауда жеңіске жеткен Жанна Жабекова әкімнің 3 млн теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантын иеленеді. Өз кезегінде «Даму» қоры, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аймақтық Іскер әйелдер кеңесі үш тігін машинасы мен қажетті құрал-жабдықтарды сыйға тартады. Содан қайсар қыз өзінің кәсібін бастайды. Бүгінде Жанна Жабекова кәсібін өрге домалатқан табысты кәсіпкерлердің біріне айналды.

Иә, «Тәңірі жаққан шамшырақ – су құйсаң да өшпейді» дегендей, қаншалықты тағдыр тауқыметі басына түскенімен, Жаннадай мойымайтын жандар баршылық. Ал, Жанна сияқты мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, шексіз мүмкіндік иелерінің көбейгені керек.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here