Жаңа оқу жылына дайындық қалай? Министрдің баяндамасы

0
281

Бүгін, 4 тамызда өткен Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылына дайындық туралы айтты. Оқырмандарға министрдің баяндамасын ұсынып отырмыз.

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Құрметті Үкімет мүшелері!

Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды  жүргізілуде.

Елдегі санитарлық жағдайға байланысты 1 қыркүйектен бастап оқу жылы жалпы қашықтан оқыту форматында басталады.

Қабылданған шешімге сәйкес бұл жерде екі ерекшелік бар. Біріншіден, шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған мектептер эпидемиялық ахуал жақсы болған жағдайда оқуды дәстүрлі түрде бастайды.

Екіншіден, бастауыш сынып оқушылары үшін, ата-аналардың өтініші негізінде, қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптар ашылады.

Кезекші сыныптарға өтініштер қол жетімді байланыс құралдары арқылы электронды түрде қабылданады.

Сонымен, алдын ала болжам бойынша, интернет платформалар мен теледидарды пайдалана отырып, қашықтан оқыту форматында 2,6 миллион оқушы (79%), кезекші сыныптарда – 530 мың бала (17%), штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы (4%) білім алады деп күтілуде.

Білім берудің келесі деңгейлеріне тоқталсам.

Мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналардың қалауы бойынша балаларды кезекші топтарға қабылдау ұйымдастырылады. Сәйкесінше бұл топтардағы балалардың саны он бестен аспауы тиіс.

Қосымша білім беру ұйымдарында оқу бойынша.

Балалар ата-аналардың өтініші негізінде қашықтан немесе жеке тәртіппен оқуға, сонымен қатар бес баладан аспайтын шағын топтардағы үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алады.

Арнайы білім беру ұйымдарының жұмысы біз үшін ерекше маңызға ие. Осы ерекше бүлдіршіндер қазіргі жағдайда үлкен назарды қажет ететіні сөзсіз. Сондықтан  ата-аналарының таңдауы бойынша арнайы онлайн кеңес беру немесе  мамандардың жеке қабылдаулары ұйымдастырылады.

Денсаулығында күрделі проблемалары бар балаларды қабылдау алдын ала жазылу тәртібімен жеке жүргізіледі.

Жалпы осы ұйымдардың жұмыс тәртібі санитарлық қауіпсіздік нормаларына сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша жүзеге асырылады.

Колледждерге келетін болсақ, педагогикалық, IT, әлеуметтік, гуманитарлық бағыттардағы мамандықтар бойынша қашықтан оқыту, технологиялық, аграрлық, медицина, өнер бағыттары бойынша аралас оқыту ұсынылады. Сәйкесінше зертханалық жұмыстар мен өндірістік  тәжірбиені  штатты режимде жүргізуге мүмкіндік болады.

Бұған қоса алыс ауылдық жерлерде және шағын қалаларда орналасқан, бір топтағы студент саны 15-тен аспайтын 9 мыңнан аса студенті бар 102 колледж де штаттық режимде жұмыс істейді.

Жоғары оқу орындарында оқыту негізінен қашықтан жүргізіледі.

Бакалавриатта педагогикалық, IT, әлеуметтік және гуманитарлық бағыттар бойынша дәріс және семинар сабақтары қашықтан өткізіледі.

Техникалық, аграрлық және табиғи бағыттар, медицина және өнер мамандықтары бойынша дәрістер мен семинарлар (70%) онлайн форматта, ал зертханалық және практикалық сабақтар (30%) күшейтілген санитарлық шараларды қатаң сақтай отырып өткізіледі.

Магистратура мен докторантурадағы сабақтар аралас принциппен оқытылады.

Ал болашақ дәрігерлер оқитын интернатура мен резидентурада оқу дәстүрлі, штатты формата жүретін болады.

Осы берілген бағдардың шеңберінде әрбір ұйым өздері дербес шешім қабылдайтын болады.

Оқу жылын бастау үшін  қажетті нормативтік – методологиялық құжаттарды қабылдау өте маңызды. Тиісті құжаттар толығымен дайын.

Қашықтан оқыту технологияларын қолдану және оқыту форматтары бойынша егжей-тегжейлі және қадамдық нұсқаулықтар әзірленді.

Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп білім беру ұйымдарының қызметін жүргізудің санитарлық талаптары да әзірленді.

Қашықтан оқыту кезінде оқу процесінің принциптері мен технологиялары сәйкесінше өзгереді. Осыған байланысты 4-ші тоқсан тәжірибесін ескеріп, бағалау нормаларын, оқыту әдістемесін өзгерту және кері байланысты жүзеге асыру бойынша да бірқатар жұмыс жүргізілді.

Шілде айынан бастап облыстық білім басқармаларымен, аудандық, қалалық бөлімдермен және әдістемелік кабинеттермен қашықтан оқыту жүйесінің негізгі бағыттарын түсіндіру, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты әртүрлі форматқа көшу бойынша күнделікті вебинарлар өткізіліп келеді.

Жеке кесте бойынша барлық 7 мыңнан аса қазақстандық мектеп директорына, олардың 12 мыңдай орынбасарына және 2 мыңға жуық әдіскерге қашықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша түсіндіру семинарларын өткіздік. Бұл жұмыс әлі жалғастырылады.

Еліміздің барлық мұғалімдері үшін жеке графикпен біліктілікті арттыру курстарын бастадық. Олармен 100 пайыз мұғалімдер қамтылатын болады.

Ата-аналар мен оқушылар үшін әдістемелік қолдау көрсету маңызды. Сондықтан тамыз айында балаларға және ата-аналарға  «Үйде қалай оқу керек?», «Гигиена негіздері», «Кибермәдениет», «Интернет арқылы қалай оқу керек?», «Дене жаттығуларының маңызы» бірыңғай сынып сағаттары, ата-аналар жиналыстары өткізіледі.

Білім күнін 1 қыркүйекте онлайн режимінде өткізуді жоспарладық.

Техника бойынша. Жергілікті әкімдіктермен бірлесіп мектептерге техниканы сатып алу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Интернет-платформалар бойынша. 4-тоқсанда өз интернет-платформаларын ұсынған IT компаниялар жазғы уақытта айтылған ұсыныстар бойынша, оқу процесіне қажетті жаңа функционалдар жасап, қашықтықтан оқытуды сапаландыру бойынша бірқатар жұмыстар жасады.

Мазмұн материалдарын толықтырумен  қатар, сабақтарды жазу мүмкіндігі бар стримингтік бейне конференция модульдерін дайындады. Оқу процесін басқарудың автоматтандырылған жүйелері, аналитика, бағалау және т. б. әзірленді.

Бүгінгі күні әр мектеп IT компаниялардың интернет платформаларында педагогтардың сұраныстарына жауап беретін кез келген платформаны таңдауға құқылы. Біз оларды толық таныстырып аяқтадық. Осы қысқа мерзімде бірнеше жаңа платформалар да нарыққа шықты, бәсекелестік пен таңдау бар.

Көктемдегі тәжірбиеге сәйкес біз телесабақтарды да әзірлеудеміз. Телесабақтар өте қолжетімді құрал.  Барлығы 6 мыңнан астам телесабақ түсірілуде.

Теледидар сабақтары «әл-Фараби» мен «Ел-Арна» арналарында көрсетіледі. Кем дегенде әрқайсысында 9 сағаттан эфир берілді. Оған қоса барлық телесабақтар интернетте орналастырылып барлық оқушылар үшін тегін және қолжетімді болады.

Қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп осы арналармен қамтылу картасы дайындалды. Соның негізінде 604 елді мекенде  осы каналдарға қол жетпейтіні анықталды, бірақ оның 314-де ғана оқушылар бар. Бұл мәселе жергілікті телеарналарға ретрансляциялау, спутниктік антенналар орнату арқылы шешіледі.

Оқулықтармен қамтамасыз етуге қатысты жұмыс жүргізілуде.

11-сынып үшін 160 239 оқулық жиынтығы сатып алынды. Жөнелту кестесі жасалды және келісілді, жалпы жөнелту көрсеткіші- 50%, жеткізу 35% құрайды. Ал 1 мен 10 сыныптардың оқулықтары шілде айынан бастап балаларға таратыла бастады.

Оқулықтардың электрондық нұсқасы оқушылар мен мұғалімдерге QR-кодтар арқылы қолжетімді болады.

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Әріптестер!

Індетпен сырқаттану деңгейінің тұрақты төмендеуіне байланысты білім беру ұйымдары санитарлық талаптарды сақтай отырып, оқытудың аралас және штаттық форматына біртіндеп көшуді жүзеге асыратын болады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here