Қанқұйлы қылмыскерге айналған полицей

0
3807

Өткен ғасырдың 70-жылдары АҚШ-тың Калифорния штатына қарасты Сакраменто және Контра-Коста округтерінде бір-біріне ұқсас қылмыстар жиілей бастады. Қаніпезердің көздеген құрбандары негізінен жалғызбасты әйелдер болған. Тұрғындардың зәре-құтын алған қылмыскер нәзікжандыларды аяусыз зорлап, соңынан үйдегі ұсақ-түйек бұйымдарды үптеп кетіп отырған. 40 жыл бойы құпиясы ашылмаған қылмыстың жай-жапсары қандай? Жарты ғасырға жуық АҚШ құзырлы органдарының құрығына ілінбей жүрген әккі қылмыскер кім?

Ол жемтігін түнде аулайды

Жемтігін түнде аңдыған зорлықшы үшін кезекті құрбанының үйде жалғыз болғаны аса қауіп төндіре қоймаған. Тіпті, ер азамат болған күннің өзінде физикалық тұрғыдан дайындығының мықтылығының арқасында оны ауыр соққылармен есеңгірете ұрып, байлап-матап, соңынан әйелді зорлауға көшкен.

Уақыт өткен сайын бір-біріне ұқсас қылмыстар саны күрт көбейе бастады. Адам өлімімен аяқталып отырған айуандық орын алған аумақ көлемі де кеңейе түсті. Десе де, жергілікті полиция жауыздың ізіне түсе алмады. Басты себеп – қылмыстың мұқият ұйымдастырылуы еді. Құрбандарының саны жиырмадан асқанда қанішерге «Шығыс аудандағы зорлықшы» және  «Түнде жортқан әккі аңшы» сияқты атаулар беріліп, тергеу ісіне АҚШ-тың білікті мамандары тартылады.

Қанқұйлы қылмыстар хроникасы

1978 жылғы 2 ақпан. Қас қарайған уақыт. Сакраментоның Ранчо Кордова ауданы. Ерлі-зайыпты Брайан мен Кэти Маджорелер әдеттегідей итін серуендету үшін тысқа шығады. Алайда, бұл олардың соңғы сағаттары екенін, аз ғана уақыттан соң айрандай ұйып отырған отбасының ортасына түсетінін сол кезде жас жұбайлар білген де, сезген де жоқ. Қас пен көздің арасында оларға бейтаныс адам шабуыл жасайды. Брайан мен Кэти қашуға әрекет жасағанымен, тапаншадан атылған бірнеше оқ олардың бұл әрекетіне мүмкіндік бермеді. Тергеушілерге айдың-күннің аманында орын алған бұл қылмыс «Шығыс аудандағы зорлықшының» қолымен істелгенін және мұның барлығын да бір адам жасағанын дәлелдеу үшін ондаған жылдар қажет болды. Оған себептер де жоқ емес-тін.

1979 жылғы 30 желтоқсанда Голете ауданының Avendida Pequena көшесіндегі өз үйінде 44 жастағы Роберт Офферманн мен 35 жастағы Дебра Александра Мэннинг өлі күйінде табылды. Жаңа жыл қарсаңындағы қарбаласта қылмыскер ерлі-зайыптының үйіне баса-көктеп кіріп, екеуін байлап тастайды. Жауыз отағасының көзінше әйелді аяусыз зорлай бастағанда Роберт тұзақтан босап, онымен айқаса кетеді. Алайда, тапаншадан атылған қорғасындар жұбайларды жер жастандырды.

1980 жылдың 3 наурыз күні Вентурдағы өз шаңырағында 43 жастағы Лайман Смит пен 33 жастағы Чарлин Смиттің жансыз денелері табылды. Қылмыскер ерлі-зайыптылардың қол-аяғын байлап, Чарлинді зорлаған. Соңынан екеуін де өлтірген. Бұл жолы қаніпезер әдеттегідей қару қолданбаған. Құрбандықтарын пешке арналған отын кеспектерімен жан тәсілім еткенше ұрған. Қанішер қолданған «алмаз» байлау тәсілі «Шығыс аудандағы зорлықшыға» ұқсайтынын тергеушілер тобы анық аңғарды. Дегенмен, әккі қылмыскердің ізіне түсуге әлі де болсын нақты деректер тапшы еді.

27 жастағы Патрис Бриско Харрингтон мен 24 жасар Кит Эли Харрингтон есімді жұбайлар үшін 1980 жылғы 19 тамыз соңғы күн еді. Жергілікті медициналық оқу орнында білім алатын жастар үш ай бұрын ғана шаңырақ көтерген болатын. Харрингтондардың үйіне түн ауа бой тасалай кірген қылмыскер бұл жолы да әдісінен жаңылмады: алдымен екеуін байлап, әйелді зорлап, соңынан екеуін де азаптап өлтіреді.

Тығырыққа тірелген тергеу

Ирвинда тұратын 28 жастағы Мануэла Витун 1981 жылғы 6 ақпанда өз үйінде мерт болды. Оның күйеуі қастандық жасалған кезде ауруханада болатын. Қаніпезер Мануэланы зорлап, артынан о дүниелік еткен соң бірнеше әшекей мен ұсақ-түйек бұйымды өзімен бірге алып кетеді. Ұрлық негізгі мақсатты жасыру тұрғысында жасалғандығын аңғару қиын емес еді. Бұны тергеушілер де пайымдайды.

1981 жылғы 27 шілде күні Голете тұрғындары 35 жастағы Чери Доминго мен 27 жастағы Грегори Санчес белгісіз біреулердің қолынан қаза тапты. Тергеу мәліметтері көрсеткендей, жұбайлар түн жарымында үйлеріне баса-көктеп кірген адаммен алыса кетеді. Десе де, ол отағасын өлтіріп, шкафтың ішіне тығады. Соңынан әйелді зорлап, айызы қанған соң Грегориді сарайдан табылған шоқпармен жан тәсілім етеді.

Қылмыскердің келесі құрбандығы 18 жасар Джанель Лайза Крус болды. 1986 жылдың 4 мамырында бойжеткеннің айуандықпен өлтірілген өлі денесі өз үйінен табылады. Өзге отбасы мүшелері Мексикаға демалысқа кеткен сәтті пайдаланған қылмыскер түн ортасында үйде жалғыз қалған Джанельді зорлап, оны бұранда бекітетін кілтпен ұрғылап өлтіреді.

Штат тұрғындарын алаңдатқан жаға ұстатарлық қылмысты тергеу ісі, әккі қылмыскердің ізіне түсу қиындықтарға тап болды. 1970-1980 жылдар аралығында орын алған қылмыстардың сараптамасы осы уақыт аралығында істелген қаніпезерліктің барлығын бір адамның жасағанына мүмкіндік бермеді. Қисын да әртүрлі, оқиғаның өрбуі де бір-біріне ұқсамайды.

Жүргізілген тергеу ісі бойынша алғашқы күдіктілер де пайда болды. Алайда, қылмыс әлемінде «Алтын штаттағы қанішер» атауымен танымал болған адам «Шығыс аудандағы зорлықшыға» қатысы болмай шықты. Тергеу ісін қылмыстың күрт тоқтауы да тығырыққа тірегенін жоққа шығара алмаймыз. 1986 жылдан бастап америкалықтардың үрейін ұшырған қылмыс біржола тоқтады.

Кәнігі тергеушілер бұл тосын жайтты қылмыскердің қайтыс болуы немесе оның жүйке аурулары клиникасына түсу себебімен байланыстырды.  Сонымен қатар, құзырлы орган қызметкерлері қанішердің өзге іс бойынша бас бостандығынан айырылуы мүмкін екендігін де жоққа шығармады.

Қылмыскер генеалогиялық тегінен анықталды

Қырық жыл бойы жұмбағы шешілмеген қылмыстың түйіні һәм күрмеуі 2001 жылы ғана тарқатылғандай болды. Жүргізілген ДНҚ сараптамасының нәтижесі «Алтын штаттағы қанішер» мен «Шығыс аудандағы зорлықшының» бір адам екенін айғақтады. Десе де, мұқият жүргізілген тергеу ісі мен мәліметтер базасындағы егжей-тегжейлі тексеру нақты жауызды анықтауға мүмкіндік бермеді. Бұл – оның бұрын ешқандай қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын дәлелдейді. Не істемек керек?

Жиырмаға жуық жанның өмірін қиған жауыздың ізіне түсу үшін тағы да ондаған жылдар қажет болды. Ақырында, тергеушілерге GEDmatch сайтының дерекқорын пайдалануға тура келген. Бұл порталда кез келген азамат жеке ДНҚ дерегін жүктеп, өз отбасының генеалогиялық шығу тегін анықтай алады. Қылмыскердің ДНҚ-сын сайтқа жүктегенде Калифорния штатында тұрған азамат анықталады. Тергеушілер сан жылдар бойы жұмбағы шешілмеген істің ұшығына жеткендей болды.

Штат полициясы Джозеф Деанджело есімді зейнеткерді сырттай қатаң бақылауға көшеді. Нәтижесінде мамандар қарттың ДНҚ үлгісін қолға түсіреді. Сараптама нәтижесі АҚШ азаматтарының үрейін ұшырған қылмыстарды жасаған қанішерді нақты анықтауға мүмкіндік берді. Басты күдікті ретіндегі 73 жастағы Джозеф Деанджело 2018 жылғы 25 сәуірде тұтқындалып, қамауға алынады. Шериф Скотт Джонстың айтуынша, Деанджелоны тұтқындау кезінде ол қатты таңырқаған. Сенбегендей сыңай танытқан.

Өлімнен кейінгі жаза

Джозеф Деанджело 1945 жылғы 8 қарашада Калифорнияда дүниеге келген. 1964 жылы жергілікті жердегі мектепті бітірген соң АҚШ әскери-теңіз күштері сапында Вьетнамдағы соғысқа кетеді. Екі жылға жуық әскери қимылдарға қатысып, 1967 жылы туған жерге оралады. Үлгілі қызметі үшін бірнеше марапатқа да ие болады. Деанджело 1973 жылы Сакраментодағы университетті қылмыстық сот төрелігі ғылымдары бойынша бакалавриатты үздік бағамен аяқтайды. Еңбек жолын жергілікті полиция қызметкері ретінде бастап, онда алты жылға жуық еңбек етеді.

Міне, осы құқық қорғау органы сапында қызмет атқара жүріп, ол ерлі-зайыптыларды өлтіруге дәндеген сыңайлы. Полиция формасы оған басты күмән туғызбайтын яки күдік келтірмейтін құралға айналады. Кейіннен анықталғандай ол өзі жасаған қылмыстық істердің тергеуін жүргізуге де қатысқан. Тергеу ісінің жүргізілу әдісі мен сараптама жұмысының қыр-сырын жете меңгеруінің арқасында озбырлық әрекетін одан әрмен жалғастыра берген. Әшкере болмайтынына сенімді болған сыңайлы. 1979 жылы Деанджело полиция сапынан абыройсыз қуылады. Себеп – дүкенге ұрлыққа түсіп, тұтылады. Құқық қорғау органдарының есігі біржола жабылғанын түсінген ол кейіннен Сакраментода механик болып еңбек етеді.

Джозеф Деанджело үйленген, үш қызы бар. Белгілі болғандай, оның отбасылық өмірінде сәтсіздіктер мен тұрмыстық жанжалдар жиі орын алған.  Әйелімен жиі сөзге келетіні болмаса, ол қанқұйлы қылмыс жасайды деген  ой ешкімнің өңі түгілі, түсіне де кірмеген сияқты.

Қатардағы америкалық азамат ретінде бейнетінің зейнетін көріп, өмір сүре берер ме еді, кім білсін? Егер де кәнігі із кесушілердің табанды тергеуі мен індете отырып сараптаған жұмысының нәтижесі шықпағанда. Бұрынғы полицейге 13 адам өлтіру мен 50-ден астам зорлық-зомбылық жасау айыптары тағылды. Мамандар бұл сандардың одан да жоғары болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Ондаған адамның қанын мойнына жүктеген Деанджело өлім жазасына кесілуі мүмкін еді, десе де оған ауыр жаза қолданылмайтын болды. Құрама Штаттар прокуратурасы Джозеф Деанджелоны өмір бойы бас бостандығынан айыруды ұсынады. Алайда, бір шартпен. Яғни, ол өз кінәсін толығымен мойындауы тиіс және барлық жасаған қылмыстары жайында егжей-тегжейлі айтуы керек.

«Оның шындықты айтуы неғайбыл». Дейді. Құзырлы орган өкілдері. Түрме қызметкерлерінің айтуынша, жалғыз адамдық абақтыда Деанджело үнемі әлдекіммен күбірлесіп сөйлесіп, күн ұзаққа бір нүктеге қарап отырады. Сондай-ақ, оның өзге де оғаш қылықтары бар екенін алға тартады. Бұл оның шынайы ісі немесе жасанды қылығы екендігі бір өзіне ғана аян. Мүмкін жер жастанған жандардың рухы тыныштық бермей жүр ме екен?!

Өлімнен кейінгі жаза.

Жандар АСАН, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here