Атыраулық спортшылар бір ай бойы дәрігерлерге көмектесті

0
66

Бір айға жуық уақыт тынысы тарылған науқастарға оттегі баллондарын тасып, көмек көрсеткен Атырау облысының спортшылары өз жұмыстарын аяқтады, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Еріктілерден құралған жергілікті спортшылар облыстық ауруханаға шілде айының басынан бастап көмекке келген. Кейін аудандық ауруханалардағы ақ халатты абзал жандарға қол ұшын беріп, «лас аймақта» да жұмыстар атқарған. Облыстық олимпиада ревервін даярлау орталығының әдіскері Нұрлыбек Даралиевтің айтуынша, мұндағы мақсат – дәрігерлер жұмысын жеңілдетіп, науқастарға қолдау көрсету.

«Атырау облысының спортшылары – халықпен бірге. Індетті осындай бірлігіміздің нәтижесінде жеңеміз деп есептейміз. Қазіргі уақытта науқастар саны азайып, емделушілердің көбі оттегі баллондарынан шыққандықтан, біз өз жұмысымызды тәмамдадық. Бұл да бір жақсылықтың нышаны деп білеміз», – деді Нұрлыбек Даралиев.

Өз кезегінде, облыстық аурухананың басшылығы спортшылардың атқарған жұмыстарына алғыстарын білдірді.

Айта кетейік, бір апта бұрын аурухана жұмысына көмек көрсеткен спортшылардың барлығы коронавирусқа тест тапсырды. Нәтижесі теріс көрсеткіш көрсетті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here