Кемел келешек кепілі

0
3568

Еліміздің алдында әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу мақсат-мұраты тұр. Әрине, небәрі отыздағы мемлекетіміздің алар асуы, шығар биігі алда. Бұл орайда дәл қазіргідей өркендеген замандағы озық технологияларды, жетілдірілген ақпараттарды меңгерген білімді әрі жаңашыл жастарға артар үміт зор. Бүгінгі жастардың қолынан көп іс келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелестік қабілетін арттыра алады. Білім мен технологиясы жоғары әрі еңбегі өнімді ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс» деп жазды өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында. Сондықтан білімді жастар – Тәуелсіз мемлекетіміздің кемел келешегі, сенімді тірегі, кепілді ертеңі. Бір қуаныштысы, елімізде түрлі халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып жүрген жастарымыз аз емес. Солардың бірі – Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің биылғы түлегі Нұрасыл Әбдіразақ. Жәутіков атындағы халықаралық олимпиада жеңімпазымен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Нұрасыл, Назарбаев Зияткерлік мектебінде қай сыныптан бастап оқып жатырсың?

– Осы мектепте білім алу арманым еді. Арманыма қанат бітірген ата-анам мені 6-сыныпты бітірген соң бұл мектепке алып келген болатын. 2016 жылғы іріктеу тестін сәтті тапсырып, 7-сыныпқа қабылдандым. Мектептің биылғы түлегімін.

– Жәутіков атындағы халықаралық олимпиадаға қашан және қанша рет қатыстың?

– Менің олимпиадалық жолым Назарбаев Зияткерлік мектебінде басталды. Осы мектепте математикаға қызыға бастадым. Осындағы өзге пәндермен қатар математикалық бағыт мен үшін оңай болды. 8-сыныпта Нұрсұлтан Қажымұратов деген білікті ұстаз келіп, мектептік резервтік іріктеу олимпиадаларын ұйымдастырған болатын. Осы олимпиададан үздік шықтым. Бүгінгі таңда достарыммен бірге көптеген есептер шығарып дайындалып жүрміз. Біздің зияткерлік мектебіміз білімді шыңдау үшін жан-жақты көмектесіп, жарыстарда оза шабуымызға көп мүмкіндік береді. Осы олимпиадада жеңімпаз болып жарқырап көрінуім 4 жылдан бері математикадан дайындап келе жатқан білікті ұстазым Нұрсұлтан Серғалиұлының еңбегі деп білемін әрі оған алғысым шексіз. Әрине, 11-сыныпта Жәутіков атындағы халықаралық олимпиада жүлдегері болып алтын медальмен марапатталуым, Республикалық жарыстардың иегері атануым ұстазымның арқасы.  

– Одан басқа да қандай олимпиадаларға қатыстың, жүлделі орындар бар ма?

– Жәутіков олимпиадасынан бөлек мектепаралық пәндер бойынша Республикалық жарыстарға қатысып келемін. Математика бойынша Республикалық жарысқа үш рет қатыстым, алғашқы екі жылында қола медаль иеленсем, осы жылы алтынды қанжығаладым.

– Назарбаев Зияткерлік мектебінде сабақ беретін ұстаздардан кімді үлгі тұтасың?

– Маған білім беріп, бағыт-бағдар көрсеткен барлық ұстаздарды үлгі тұтамын. Әр қайсының орны бөлек. Жан-жақты білімнің нәрін төккен апайларымды жақсы көремін, болашақта үміттерін ақтағым келеді. Сол ұстаздарымның ішінде мені олимпиадаға дайындаған, математика пәніне бағыттап, арманыма қанат бітіріп демеген ұстазым Нұрсұлтан Серғалиұлын ерекше үлгі тұтамын. Нұрсұлтан ағайды тек ұстазым ғана емес, үлгі тұтатын тұлға деп білемін. Ұстазым ең беделді халықаралық математикалық олимпиада жеңімпазы, екі күміс, бір алтын медаль алған.

– Болашақта қай саланың маманы болуды армандайсың?

– Менің математикаға қатты қызығатыным рас. Дегенмен, болашақта өзімді математика пәнінің мұғалімі ретінде елестете алмаймын. Қазіргі арманым – экономика саласының маманы болу. Биыл осы мамандық бойынша жоғары оқу орнына түсіп, еліміздің өркендеуіне үлес қосқым келеді.

– Математика саласын таңдаған оқушылар үшін «Жәутіков» олимпиадасы қаншалықты маңызды?

– Халықаралық Жәутіков олимпиадасы – әлемдегі ең беделді олимпиадалардың бірі деп айта аламын. Айта кетейін, осы олимпиадаға жиырмаға жуық мемлекет қатысады. Бұл олимпиада математика пәні бойынша ең мықты майталмандардың басын қосатын бәйге, тек қана үздіктер сыналатын дода. Біз осы Жәутіков олимпиадасында 2019 жылы шетелдік студенттермен бақ сынадық. Нәтижесінде қола жүлдегер атандым. Кейіннен қайта қатысып, 11-сыныпта алтын медальмен марапатталдым. Онлайн форматқа қарамастан жарыс керемет өтті.

– Нұрасыл, алдағы білім жолында тек қана жеңіс тілейміз!

Сұхбаттасқан: Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here