Эмомали, Озода, Рустам Рахмондар: Тәжікстанның келесі президенті кім?

0
3181

Тамыз айының басында Тәжікстан парламентінің Жоғарғы палатасы (Маджлиси Оли) бұл елде президент сайлауы 2020 жылғы 11 қазанда өтетіні туралы шешім шығарды. Соңғы президент сайлауы 2013 жылдың 6 қарашасында өткен еді. Ал, бұл Тәжікстан тәуелсіздігін алғалы бері өтетін алтыншы президент сайлауы болмақ. Содан мұрагер тағайындауға күш салып жүрген 68 жастағы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон әрекетінің нәтижесі қалай болатыны көптің талқысына қайта түсті. 28 жылдан бері ел тізгінін ешкімге бермеген Эмомали Рахмонның сенгені тек 32 жастағы ұлы Рустам ғана емес, 42 жастағы қызы Озоданы орнына қойып кету ойында  бардай әсер қалдырады.  Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін екі ойлы болып жүрген Тәжікстан президенті мен саяси сарапшылардың келесі Мемлекет басшысының кім болатыны жөніндегі өзара тартыстарына тоқталады.

Тәжікстандықтар осы күзде болатын президент сайлауына әзірлік жүргізіп жатыр. 15 қыркүйекке дейін кандидаттар Орталық сайлау комиссиясынан тіркеуден өтулері керек. Әзірге Тәжікстанның аграрлық және социалистік партиялары ғана өз кандидаттарын ұсынғандықтан, негізгі пікірталастар ел тізгінін ұстар болашақ президенттің төңірегінде өрбуде. Бұқара халық пен саяси сарапшылардың күдігі бұл ретте бір жерден шығып жатыр. Қазіргі президент Эмомали Рахмонның ұлы Рустам Эмомалидің есімі президенттікке үміткер ретінде бірінші болып атала бастады. 2016 жылы президент Эмомали Рахмонның Конституцияға өзгеріс енгізуі, артынша ұлын Душанбенің мэрі етіп тағайындауы қалың жұртшылыққа мұрагердің кім екенін сездіргендей-ақ. Саяси сарапшылар да сайлау барысында болатын әлдебір тосын жағдайды күтудің қажеті шамалы екендігін ашық айтады.

Осыдан төрт жыл бұрын Эмомали Рахмонның пәрменімен Тәжікстан Конституциясының 65-бабына бір ауыздан түзету енгізіліп, «президенттікке үміткер болу үшін жас шамасы отыздан басталуы шарт» деп айды аспанға бір-ақ шығарды. 2016 жылға дейін Президенттікке 35 жастан асқандар ғана үміткер бола алатын. Енді үміткердің  жасы  30-дан асса болғаны. Бұл өзгеріс Президенттің 32 жастағы ұлы Рустам Эмомалидің оң жамбасына дөп келіп тұр. Сөйтіп, Рустамның алдындағы Конституциялық кедергілер жойылып, «айы оңынан, жұлдызы соңынан» туып тұрғандай болды.

Тәжік Президенті билікті ұлына берудің алғышарттарын әзірлегенімен, билікті оған түбегейлі тапсыру ниеті жоқ сияқты. Эмомали Рахмон тәжірибелі, білікті саясаткер ретінде өзінің қауіпсіздігін, уысындағы билігін сақтандыруды да ұмытпады. Ол үшін Конституцияның 65-бабының 4-тармағына мынандай өзгеріс енгізді: «Бір тұлға екі мерзімге президент болып сайлана алмайды. Бұл шектеу бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы, ұлт көшбасшысына қолданылмайды».

Осылайша, қолданыстағы заңда бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – Эмомали Рахмон екені тайға таңба басқандай анық жазылған. Әділін айтатын болсақ, Азамат соғысының (1992-1997) өрті лаулаған Тәжікстанға бейбітшілік сыйлаған, ұлтының басын біріктірген жалғыз Эмомали Рахмон емес. Бейбітшіліктің орнауына алдымен Ресей мен Иранның ықпалы зор болды. Бұл турасында былтыр Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров та мәлімдеді. Өйткені, Тәжікстанның ушыққан мәселесін реттеу үшін алғашқы келіссөздер 1994 жылы Мәскеуде басталып, кейіннен 1997 жылы бейбітшілік туралы келісімге Кремльде қол қойылған. Бейбітшіліктің негізі Мәскеуде қаланғанына қарамастан, Тәжікстан Конституциясы «Бейбітшілік пен бірліктің негізін қалаушы – ұлт көшбасшысы Эмомали Рахмон» деп жаһанға жар салады. Осылайша, республиканың Конституциясына енгізілген біршама өзгертулер президент пен оның әкім ұлын түрлі қатерлерден сақтайды.

Посткеңестік елдердегі көптеген саяси сарапшылар мен бақылаушылар Эмомали Рахмонның «тағын» ұлына беретіндігіне шүбә келтірмейді. Олардың мұндай қорытындыға келулеріне Конституцияға енгізілген өзгерістер ғана емес, Рустам Эмомалидің қысқа уақыттың ішінде қызмет сатысында тез көтерілуі болса керек. Айталық, Тәжік ұлттық университетінің 2-курс студенті Рустам Эмомали 19 жасында ТР Экономикалық даму және сауда министрлігінің Дүниежүзілік сауда ұйымымен байланыс бөлімінде бас маман болып еңбек жолын бастайды. Содан ай санап емес, күн санап өсетін ертегідегі Толағай сияқты президенттің ұлы қызмет баспалдақтарынан жылдам көтеріледі. 26 жасында Тәжікстанның Кеден қызметін, 28 жасында Мемлекеттік қаржылық бақылау және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігін басқарады. Ал, 2017 жылы 30 жасқа толмай жатып ел астанасы Душанбенің тізгінін қолына ұстады. Бұл аз десеңіз, президенттің ұлы екі қызметті қоса атқарады. Әкім әрі Тәжікстан парламенті Жоғарғы палатасының төрағасы. Соңғы қызметке 2020 жылдың 17 сәуірінде сайланды.

Иә, әкесі жақсы қандай-ды… Тәжірибесі жоқ ұлын үлкен қызметтерге тағайындағаны аздай, Эмомали Рахмон ұлына нағыз бәсекелес болатын саяси күштерді де қырына алып, саяси алаңды олардан тазартуға көшті. Тәжікстанның қайта өрлеу партиясын «террористік ұйым» деп танып, республика көлемінде партияның қызметіне тосқауыл қойды. Рустам Эмомалиге дейін тура 20 жыл Душанбе қаласының мэрі болған Махмадсаид Убайдуллоевтың үнін өшірді. Осылайша, ішкі саясаттағы кедергілердің алдын алған Эмомали Рахмон сыртқы күштердің де әсерін ұмыт қалдырмады. Үнемі Ресей президенті Владимир Путинді Душанбеде құдасындай күтеді. Иіліп төсек, жайылып жастық болады. Жалпы, тәжік халқының басым көпшілігі ел тағдыры Ресейдің қолында екеніне сенімді. Ол қисынды да. Біріншіден, ел бюджетінің жартысына жуығы еңбек мигранттарының Ресейден жіберген қаражатынан құралады. Ал, ел халқының 11,3 пайызы (1,1 млн) нәпақасын Ресейден тауып жүр. Екіншіден, Ресейдің әскери базасының арқасында Ауғанстанмен шектесетін Тәжікстан сыртқы күштерден төнетін қауіп-қатерлерден сақтандырылған.

Тәжікстанның ішкі саясатын тереңінен білмейтіндер «Эмомали Рахмон «тағын» ұлына береді немесе орнында қалады» деп ойлауы мүмкін. Айтылған екі нұсқадан бөлек үшінші нұсқасы және бар. Үшінші нұсқа тосын сый болуы да ғажап емес. Президенттің билік басында отырған қызы да бар.

Озода Рахмон бүгінде Тәжікстан президентінің аппаратын басқарады. Озода да Рустам сияқты қызмет сатысынан жылдам көтерілді. Дегенмен, тәжіктер Озоданы алдағы уақытта Президент ретінде көргісі келмейді. Бұл «Байтал шауып бәйге алмас, құнан шауып құр қалмас» дегенді білдірмейді. Ел халқының көпшілігі ресейшілдер болғандықтан, олар  «Озода Рахмон президент болған күнде АҚШ-қа арқа сүйейді» деген болжам айтады. Президент қызының АҚШ-тың екі университетінде (Georgetown University мен University of Maryland) жоғары білім алғанына, АҚШ-та Тәжікстан елшілігінде қызмет атқарғанына бола күдіктенеді.

Әкесінің арқасында Озода да інісі Рустам сияқты елдегі беделді саяси тұлғаға айналып шыға келді. Орталық Азиядағы ең ықпалды 10 әйелдің бірі саналады.

Сарапшылардың пікірінше, Рахмон Путиннің көңілін табуға тырысып, оның қолдауын ұлын Тәжікстанның бірінші тұлғасына айналдыру жолында пайдаланбақ. Екінші жағынан алып қарағанда, Озоданы батыстың халықаралық саяси аренасына шығаруға күш салып жатыр.

Президент екі перзентін де биліктің басында ұстағысы келетін сыңайлы. «Ұлын ұяға, қызын қияға қондыру» үшін жақыннан – Ресейден дорбалауға, алыстан – АҚШ-тан арбалауға әрекет етудің алдында тұр. Қазіргі уақытта Рустам мен Озода республиканың ықпалды ресурстарын иемденуге тырысады. Бұл әрекеттері саяси кландар мен кәсіпкерлердің арасында ғана емес, президент отбасы мүшелерінің де жанжалдасуына жағдай туғызады. Өйткені, Эмомали Рахмонның тоғыз перзенті, төрт күйеу баласы, ондаған туысқаны бар.

Рустам Эмомали туралы алып-қашпа әңгімелер де баршылық. Оның республикадағы беделді тұлға саналатын нағашы ағасы Хасан Асадуллозодаға оқ атқаны жұртшылықтың есінде. Тек бұл ғана емес, Рахмонның басқа да туыстарының, күйеу балаларының арасындағы жанжалдар сәт сайын көбейіп келеді. Кландар арасындағы тартыстарға байланысты көптеген кәсіпкерлер өз активтерін Тәжікстаннан шығара бастады.

 Қалай айтсақ та, Эмомали Рахмон билікті тақымына мықтап қысқан. Ішкі саясаттағы кез келген шиеленісті жоюға тырысып келеді. Алайда, қазірде айналасындағы жанжалдардан әбден шаршаған сияқты. Сол үшін де былтыр өзінің Халықтық демократиялық партиясының өткізген жиынында партия мүшелерінен президенттікке лайықты үміткер ұсынуды талап етті. Ал, «лайықты үміткер» өзі бола ма, қызы бола ма, ұлы бола ма, оны енді осы екі аптаның ішінде білетін боламыз.

«International Crisis Group» ұйымының бағалауынша, Озода Рахмон мемлекеттік қызметте інісіне қарағанда ауыз толтырып айтарлықтай сауатты, мемлекетті басқару қабілеті жоғары. Дегенмен, әйел заты болғандықтан оның мұсылман елін басқаруы мүмкін емес. Демек, әпкесіне қарағанда Рустамның ұпайы түгел. Яғни, алдағы жылдары да Эмомали Рахмонның елді «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап тұруға шамасы жетсе, биылғы жылы болмаса да, түбі Рустам Эмомалидің Тәжікстан президенті болуға мүмкіндігі зор.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Сайлау науқаны жақындаған сайын әлемдік сарапшылар мен бақылаушылардың Тәжікстан билігінің өкілдеріне назар аударулары заңдылық. 1,5 айдан кейін болатын президенттік сайлау күтпеген оқиғаларға толы болуы да мүмкін. Қай үміткер президент болса да, бір нәрсе анық – Эмомали Рахмонның өзі немесе оның кіндігінен тараған үміткердің бірі билік басына келеді.

Фараби Сәйкенов, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here