Мәртебең қандай, мұғалім?

0
4907

Тәуелсіздікке қол жеткізген 30 жылға жуық уақыт ішінде елдегі білім жүйесін дамытып, әлемдік стандартқа сай ету мақсатында мемлекет тарапынан көптеген игі істер атқарылып келеді. Сондай шаралардың бірегейі – 2019 жылы 27 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бекітуімен қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заң. Бұл Заң ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша әзірленген.

Заң жобасы 19 баптан тұрады және 500 мыңнан аса аталған қызмет иелерін қамтамасыз етуге арналған. Онда ұстаздардың мерейі мен беделін көтеруге бағытталған ережелер көрсетілген. «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының мақсаты – ұстаздықтың ұлы жолына түскен тұлғалардың мәртебесін арттыру, жүктемесін азайту, оларды жөнді-жөнсіз тексерулерден, міндетті емес қызметтерден қорғау және ынталандыру сияқты өзге де мәселелерді заңды түрде орнықтыру.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, Заң қаржымен толықтай қамтамасыз етілген. Жалпы, 2024 жылға дейін бюджеттен осы талаптарды орындау үшін 5,3 трлн теңге  бөлінеді.

«ҰСТАЗ – ҰЛЫҚ ЕМЕС, ҰЛЫ ҚЫЗМЕТ»

Ұлы даламызда ұстаз атаулы сонау заманнан ұлық болған, ұлылықтың символы болып қала берері де анық. Елдің ел болып бет түзеуі білімді, саналы ұрпақ болса, сол ұрпақты тәрбиелеу, көзін ашып, ілім-біліммен сусындату – асқақ та абыройлы педагог мамандардың еншісінде. Ата-ананың берген тәлімін толықтырып, үлкен өмірге аяқ басқан шақта өмірдің ақ пен қарасын ұғындырып, болашаққа жасар қадамдардың негізін қалайтын да ұстаздар. Ұстазға қарап шәкірт бет түзейді, оң мен солын білмейтін бала санадан кемел азамат қалыптастырып, «өзінен озған» шәкірт тәрбиелеп шығарады. Мұғалімдік – мамандықтың төресі. Баланың болашағы, келешекте қай бағыттағы қандай адам болатындығында педагог аталатын ауыр жүгі бар қызмет иелерінің атқарар рөлі орасан. «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ең ұлы істің бірі» деген Константин Ушинский.

Ғылымды дамытуда орасан зор қызмет етіп, мол үлес қоскан ғұламалардың үлкен бір шоғыры орта ғасыр заманында Таяу және Орта Шығысты мекендеген елдерден шыққан. Әбу Насыр әл-Фараби, әл-Хорезми, Бируни, Әбу Әли ибн Сина, Ұлықбек, т.б. тұлғаларды ұстаздықтың ұлы шыңынан көреміз. Әбу Насыр әл-Фарабиді халық жоғары бағалап, Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» деп атаған. Шығыс елдерінде ұстаздар ежелден ең құрметті адамдар санатында болған. Оларға ерекше ілтипат көрсетілген. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» дейді Абай Құнанбайұлы бір сөзінде. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деп толықтырады ойымызды халық даналығы.

Қазақ даласында алғаш білім ордасын ашып, ұстаздық еткен, бала тәрбиесімен айналысқан ұлы педагог-ғалым, қазақтың жазба əдебиетінің, əдеби тілінің негізін қалаушылардың бірі Ыбырай Алтынсарин болды. «Кел, балалар, оқылық» деп күллі қазақ баласын оқу оқып, білім үйренуге шақырған ол өз кезегінде ұстаздарды «маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат…» деп бағалаған.

 «Ұстаздық еткен жалықпас» демекші, «адам жанының бағбаны», «мектептің жүрегі» болған ұстаздарымыз егемен еліміздің ұлағатты ұрпағын қалыптастыру жолында жан аямай еңбек етуде. «Ұлылықтың басында ұстаз тұрар» деген халық даналығы. Еліміздің қай салада болмасын жеткен жетістіктері – сөзімізге дәлел. Ал, керісінше олардың жағдайы үшін мемлекет тарапынан қандай шешімдер шығарылуда? Тарқатып айтайық.

ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІН ҚАЛАЙ АРТТЫРАМЫЗ?

«Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасында ұстаздарға көптеген жаңашылдық қарастырылған. Педагогтердің жағын жақтап, қызметін қолдау мақсатында олардың кәсіби қызметіне қатысты мынадай ережелер қабылданды:

Кәсіби қызметті қамтамасыз ету шарттары. Бұл ретте педагогке өзінің кәсіби қызметін жүзеге асыруы үшін қолайлы жағдайлар жасалады делінген аталған заңда. Кейде мектептерге бір уақытта бірнеше тексеріс жүргізіледі. Келген комиссияға жеке кабинеттер бөлініп, жұмыс барысын түсіндіру үшін қызметкерлер көп уақыт жұмсайды. Соның салдарынан жұмыс режимі де бұзылады. Парламент отырысында айтылған Бас прокуратураның ақпараты бойынша, соңғы 2 жылда бақылау-қадағалау органдары мектептерде 10 мыңға жуық тексеру жүргізсе, оның 8 мыңы немесе 80%-ы жоспардан тыс болып шыққан. Бұдан былай бұл қызмет иелерін оның кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ жұмысқа жұмылдыруға жол берілмейді. Сондай-ақ, жөн-жосықсыз тексерістер де азайтылатын болады.

Ендігі педагог мамандарынан Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты ұсыну, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеу талап етілмейді. Заңмен бекітілген бұл нормалар бұзылған жағдайда құқық бұзушылық субъектісіне байланысты 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салынады.

Педагогтің кәсіби қызметтегі құқықтары. Қолданысқа енген заң аясында бұл мамандық иелерінің құқықтары да көрсетілген. Бұған сай мұғалім педагогикалық қызметті ұйымдастыру тәсілдері мен нысандарын таңдауда еркіндікке ие. Өзінің кәсіби ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға мүдделі. Өзге лауазымды тұлғалардың оның кәсіби қызметіне араласуына жол берілмейді. Ендігі жерде олар ғылыми, зерттеу, шығармашылық, эксперименттік қызметті жүзеге асыруға, педагогикалық практикаға жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізуге, оқыту мен тәрбиелеудегі жетілдірілген авторлық бағдарламаларды даярлауға және қолдануға құқылы. Оқу құралдарын, материалдарды және білім беру бағдарламасына сәйкес оқыту мен тәрбиелеудің өзге де құралдарын таңдауға, оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді және оқу құралдарын әзірлеуге қатысуға да мүмкіндік қарастырылады.

Тағы бір мүмкіндік біліктілік санатына қатысты болды. Жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтерінен өзге мұғалімдер мерзімінен бұрын біліктілік санатын ала алады.

Заңда міндетті әскери қызметке шақыртылғандарға да шешім бар. Олар «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға құқылы.

Заң негізіндегі педагогтерге берілген бірден-бір үлкен мүмкіндік –Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша тағылымдамадан өтуге жағдай жасау.

ПЕДАГОГТЕРДІҢ МАТЕРИАЛДЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

Бұрындары ең төменгі жалақы мұғалімдерге тиесілі еді. Бұл көрсеткіш жыл санап артып келеді. Болашағымызды әзірлеумен айналысатын ұстаздар қауымына жеткілікті дәрежеде жағдай жасалып жатқандығы көз қуантады. 2020 жылы ұстаздар жалақысын 25 пайызға өсіру және төрт жыл ішінде екі есе арттыру көзделген.

Заң аясында мұғалімдерге қосымша ақы беру туралы шешім шығарылды. Тәлімгерлік үшін 17 мың теңге, педагогикалық шеберлігі үшін лауазымдық жалақыдан 30 бен 50 пайыз аралығында қосымша ақы, халықаралық конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздарын, түрлі олимпиадалар мен спорттық жарыстардың лауреаттарын дайындаған педагогтерге үш лауазымдық жалақыға дейін біржолғы сыйақы, магистр дәрежесі бар ұстаздарға 10 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК – 2 778 теңгеге тең)  мөлшерінде, сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін қосымша қаражат төленеді. Сондай-ақ, мектеп директорлары мен олардың орынбасарларына білік санаты негізіне қарай жалақысын арттыру көзделген. Ал, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы үшін педагогтерге 1 000 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді (бұл көрсеткіш қазір 2 778 000 теңгені құрайды).

Сондай-ақ, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі үшін, ғылым кандидаты және ғылым докторы ғылыми дәрежесі үшін қосымша ақы белгіленеді. Жергілікті атқарушы органдар педагогтерге әртүрлі ынталандырушы қосымша төлемдер, оның ішінде «Үздік педагог» атағын иеленушіге кемінде айлық есептік көрсеткіштің 300 еселенген мөлшерінде сыйақы белгілеуге құқы бар.

Жекеменшік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеуді олардың құрылтайшылары немесе соған уәкілеттік берілген адам айқындайды.

Айта кетейік, ұстаздардың жалақысы оның жұмыс өтіліне, біліктілік санаты, білім деңгейіне және оқу жүктемесіне қарай белгіленеді. Мысалы, 16 жыл жұмыс өтілі бар, І санатты, жоғары білімі және толық бір тарифтік ставкасы бар ұстаздың жалақысы 2019 жылы 132 мың теңгені құрады. Ағымдағы жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес мұндай ұстаздардың жалақысы 175 мың теңгені құрайтын болады делінген ресми ақпарат көздерінен алынған деректерде.

МІНДЕТ ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК

Педагогтік кәсіби қызметпен айналысуға заңды күшіне енген сот үкіміне сәйкес педагогтік қызметті жүзеге асыру құқығынан айырылған тұлғаларға тыйым салынады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әрекетке қабілетсіз, медициналық, психиатриялық қарсы айғақтары бар немесе наркологиялық есепте тұрған адамдарға Еңбек кодексінде көзделген шектеулер негізінде жол берілмейді. Егер заң бұзушылық орын алып, соттың заңды күшіне енген үкіміне сәйкес қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылған, медициналық рұқсаттары жоқ, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі туралы құжаттары жоқ және өзге де шектеулері бар адамдарды педагог қызметіне тартса, тиісті орындарға 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Заң негізінде педагогтерге артылар міндеттер мен жүктелер жауапкершіліктер де белгіленген. Ол бойынша педагог өз қызметі саласында тиісті кәсіби құзыреттерді меңгеруге; балаларды заңға, адамның құқықтары мен міндеттеріне, жоғары адамгершілікке, отансүйгіштікке, ата-анаға, үлкендерге құрмет көрсетуге; ұлттық құндылықтарға, елдің мемлекеттік құрылымы мен рәміздеріне, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелеуге міндетті. Және педагог білім алушыларды саяси, діни немесе өзге де нанымдарды қабылдауға не олардан бас тартуға мәжбүр ете алмайды. Әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни немесе тілдік тиесілік белгісі бойынша азаматтардың ерекшелігін, үстемдігін не толық еместігін, олардың дінге көзқарасын насихаттайтын, оның ішінде білім алушыларға халықтардың тарихы, мәдени дәстүрлері туралы жалған мәліметтерді хабарлау арқылы үгіт жүргізуіне тыйым салынады. Сондай-ақ, білім алушыларды Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңнамасына қайшы келетін әрекеттерге итермелеу үшін пайдалануға құқығы жоқ делінген.

Педагог міндеттерін бұзса және педагог атағына кір келтіретін теріс қылық жасаса, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тартылады. Себебі, заң баршаға ортақ.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деп Мұхтар Әуезов бекер айтпаған. Еліміздің дамуы мен болашақтағы бейнесі ғылым мен білім жүйесінің біртұтастығымен өлшенеді. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген. «Қапы қалмасқа» ұстаздар қауымының атқарар қызметі мен алар орны орасан. Оларға артылар жүк те ауыр. Түгел ұрпақты тәрбиелеуші тұлғалардың мерейі үстем болса, ел мерейі де биік болмақ. 

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here