Отбасындағы озбырлық: Безбүйрек әке, жәбір көрген әйел, бағы тайған бала

0
5417

Бүгінгі қоғамда көкейтесті мәселенің бірі һәм бірегейі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Бұлай деп пайымдауымызға себеп те жоқ емес. Ресми деректерге сүйенер болсақ, биыл тұрмыстық кикілжіңдердің саны 25 пайызға артқан. Зардап шеккендердің басым бөлігі әйелдер мен балалар. Бұл – құқық қорғау органдарына шағымданғандарының ғана көрсеткіші. Өкінішке қарай, бүгінде зардап шеккен 10 адамның екеуі ғана полицияға жүгінуге келіседі екен. ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың өзінде отбасыдағы «тиран отағасылардан» нәзікжандылар мен балаларды қорғауға және олардың қауіпсіздігіне байланысты 37 мыңға жуық арнайы нұсқама шығарылған. Жанұяның шырқын бұзғандарға қатысты 4 мың талап қойылған. Ал, 2019 жылы отбасына ойран салушыларға қарсы 58 мың қорғау нұсқамасы шығарылып, 6 мыңнан астам ерекше талап қойылған. 15 мың әйелге түрлі көмек көрсетіліп, 1,5 мың әйел дағдарыс орталығына орналастырылған. Сандар көңілді алаңдатады.

Жуырда Батыс Қазақстан облысында жұртшылықтың жағасын ұстатқан жантүршігерлік қылмыс орын алды. Серік Кафизов есімді азамат әйелі мен 6 және 8 жастағы қыздары тұратын үйге өрт қойып, оларды өлтірген. Марқұм Жадыра Жұмалиева қайғылы оқиғаға дейін күйеуінің үнемі ұрып-соғатынын айтып, полицияға арыз жазыпты. Нәтижесінде тиран еркек әйеліне зәбір көрсеткені үшін бес тәулікке қамалады. Оған қарсы қылмыстық іс те қозғалған. Алайда, тергеу әрекеті тараптардың өзара келісімге келуімен тоқтаған. Ал, бұдан сабақ алмаған отағасы отбасының ойранын шығарып, орны толмас өкінішті жайттың орын алуына себепкер болды. 30 шілдеде Батыс Қазақстан облысындағы ауданаралық арнаулы соты Серік Кафизовке үкім шығарды. Ол «Қатігездікпен кісі өлтіру» және «Қасақана біреудің мүлкін бүлдіру» баптары бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Одан бөлек, оған Жадыра Жұмалиеваның ата-анасына 48 миллион теңге көлемінде моральдық және материалдық өтемақы төлеу міндеттелді.

Кезекті қаралы хабар солтүстіктен келді. Қостанай облысының 65 жастағы тұрғыны Николай Андреев өзімен бірге тұратын азаматтық некедегі келіншектің немересін азаптап, соңынан 40 литрлік қазандағы суға батырып өлтірген. Сот қаніпезерге 20 жыл түрме жазасын тағайындады.

Түркістан облысының тұрғыны да өз күйеуінің жасаған озбырлығынан екінші топтағы мүгедек болып қалды. 51 жастағы азамат әйелінің қолын, басын және денесінің басқа да жерлерін балталап тастаған.

«Сөзге келмейді. Өлтіремін дегеннен басқаны айтпайды. Онымен отасқалы 16 жылға жуық уақыт өтті. Осы уақыт ішінде көретінім ұрып-соғу, тек зорлық-зомбылық», – дейді жәбірленуші.

46 жастағы келіншек ауыр соққылардан кейін бір көзінен айырылып, көру қабілеті нашарлаған. Сот Мұрат Матқұловқа 11 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Бағамдап отырғандарыңыздай, жыл өткен сайын отбасындағы қанішерлік пен қаніпезерлік оқиғалары көбеймесе азаятын түрі жоқ. Осыған орай өркениеттің өрісіне тұсау, адами құндылықтардың қалыптасуына бөгет болып отырған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу, онымен түбегейлі күрес жүргізу мақсатында мемлекет тарапынан нақты істер қолға алынды. Мәселен, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажеттігін айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай депутаттар тобы отбасындағы зорлық-зомбылыққа нақты қарсы тұруға, әйелдерге қатысты кемсітушіліктермен күресуге мүмкіндік беретін заң жобаларын әзірледі.

«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң жобасында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл субъектілерін кеңейту, құқық бұзушының түзету бағдарламасынан өтуін енгізу сынды мәселелер қарастырылған. Ал, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасылық және гендерлік саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» атты екінші заң жобасында отбасының экономикалық, тәрбиелік, тұрмыстық және басқа да функцияларын орындауда ата-ананың жауапкершілігі заңнамалық түрде бекітілген. Сарапшылардың айтуынша, қоғамдағы күрмеуі қиын мәселеге айналып отырған жайтты жоюда заңның қатаңдатылуы оң нәтижеге жетуге серпін береді. Сондай-ақ, олар қатыгездікке қарсы іс-қимылға тек арнайы ведомства ғана емес, азаматтық қоғам мен биліктің барлық тармақтары тізе қосып, өзара іс-қимыл жасауы тиістігін айтады.

Баланың бағын тайдырып, әйелдің сағын сындыратын олқылықты жайттар айрандай ұйып отырған бүтіндей бір отбасының тағдырын тас-талқан етіп, көп жандардың тағдырын тәлкекке салады. Құзырлы орган өкілдері тұрмыстық зорлық-зомбылық ішімдік, мүлікті бөлісе алмау, қызғаныш сынды себептерге байланысты өрбитіндігін алға тартады. Сонымен қатар, ері мен әйелі арасында жанжалға үшінші жақтың от тастап отыруынан да жағдайдың ушыға түсетіндігі анықталған. Соңында отбасындағы ауыр моральдік-психологиялық, физикалық, экономикалық және сексуалдық зұлымдықтардан зардап шегетін нәзікжандылар мен балалар екен.

БҰҰ Қазақстанда жыл сайын 500 әйел соққы мен зорлық-зомбылықтың құрбаны болатындығын анықтапты. Бұл тарапта арнайы зерттеу жұмысы да жүргізілген. Сараптама нәтижесі көрсеткендей, ауыр қылмыстардың 30-40 пайызы «отбасы, ошақ қасында» орын алады. Жақында аталған халықаралық ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерриш коронавирус індетінің таралуын тоқтату үшін көптеген елде енгізілген карантин шаралары кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіші күрт өсіп, еселеп артқанын мәлімдеді.

«Біз адамдардың үйде оқшаулануы аты жаман індетті жеңу үшін қажет екенін білеміз. Бірақ, мұның ықпалынан әйелдер жұбайының қатыгездігіне душар болуда. Соңғы кездері экономикалық және әлеуметтік қысымның күшеюіне байланысты отбасындағы зорлық-зомбылықтың әлем бойынша жылдам өскені байқалуда. Мәселен, кейбір елдерде құқық қорғау органдары мен қолдау көрсету қызметтеріне жүгінген нәзікжандылардың саны бірнеше есеге артқан», деді Антониу Гутерриш.

Жаһанда қалыптасқан жағдаят осындай. Осы орайда әлем елдерінде тұрмыстық зорлық пен озбырлыққа қарсы қандай шаралар жүргізілуде? Оспадарлыққа тағайындалатын жаза қандай?

АҚШ-та отбасында зорлық көрсеткен адам жәбірленуші полициядан өз арызын қайтарып алған жағдайдың өзінде жазаға тартылады. Құрама Штаттардың құқық қорғау қызметкерлері тұрмыстық әлімжеттік туралы хабарламаға жауапкершілікпен қарап, шағым түскен кезде бірден оқиға орнына келеді. Жәбір көрсетілгені туралы дерек анықталып, айғақ табылған жағдайда кінәлі 24 сағатқа түрмеге қамалады. Осы уақыт аралығында тергеу жүргізіліп, сот үкімі шығарылады. Шағым қайтарылып алынған күннің өзінде іс мұқият қарастырылады. Қажетті жұмыстар жүргізіліп, кінәлі азамат арнайы орын өкілдерінің бақылауына алынады.

Ресейде де тұрмыстық кикілжіңдер көптеп орын алады. Көршілес елде жылына 16 миллион адам зорлықтың құрбаны болады екен. 2019 жылғы тамызда ресейлік қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңды күшейту үшін арнайы петиция дайындап, оған 700 мыңнан астам адам қол қойған. Десе де, бүгінде Ресейде жанұядағы күш көрсету қылмыстық жауапкершілік болып саналмайды. Туысы немесе жақынына қол көтерген жағдайда айыпталушы әкімшілік жазаға тартылады. Егер де осы тақілеттес оқиға оның қатысуымен бірінші рет болған жағдайда.

Түркияда да тұрмыстық зорлық жасаған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Ресми мәліметтер бойынша, Анадолы елінде 2017 жылы отбасындағы озбырлықтан 238 әйел мен 4 қыз, ал 2018 жылы 440 нәзікжанды қайтыс болған. Түркиялық әйелдердің 40 пайызға жуығы өмірінде кемі бір рет ер адам тарапынан физикалық немесе сексуалды зәбір көреді.

Әйел – отбасының ұйытқысы, шаңырақтың шырақшысы. Бабадан балаға мирас болып келе жатқан осы ұғымға бүгінде сызат түскендей. «Анаға қарап – қыз өсер, әкеге қарап – ұл өсер» деген тағылымды тәмсілді көздің қарашығындай сақтауға кедергісін келтіріп отырған жайттардың бірі һәм бірегейі – отағасылардың залым әрекеті мен қаніпезер істері екендігін жоққа шығара алмаймыз. Аталы сөзді ескермейтін ерлердің әйелдеріне қол жұмсауына, бала-шағасының мазасын алуына, өрескел қатыгездікке баруына тосқауыл қою кезек күттірмейтін мәселе екендігі рас. Себебі, отбасы – қоғамның ұясы, мемлекеттің өзегі.

Жандар АСАН, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here