Шәмші Қалдаяқов – 90: Ән әлемінің падишасы

0
1709

Шіркін, студенттік жылдарға ештеңе де жетпейді екен. Ол уақытта көзбен көріп, көңілге түйгендерің де ұмытылмайды. Шындығына келсек, сол қимас шақтарда жадымызда сақталған дүниелер мән-маңызымен де ерекшеленеді. Өйткені, сонау мектеп қабырғасынан қол жетпес арманға айналған мақсаттарымыз орындалып, биіктерге ұмтыламыз. Оның үстіне, Қазақ мемлекеттік университеті еліміздің маңдай алды оқу орнының бірі-тін. Осында білім ала жүріп, ұлтымызға тірек болған талай ұлы тұлғалармен жүздесіп, олардың кітаптардан табылмайтын ой-толғамдарын санамызға сіңірдік.

ҚАЙТАЛАНБАС СОЛ КҮНДЕР

Өзіміз оқыған жоғары оқу орнының жанында «Жеті муза» деп аталатын клуб болды. Оны есімі елімізге кеңінен танымал тарихшы әрі сергек те сезімтал азамат Бақтажар Мекішев ағамыз басқарды. Бұл кісінің арқасында талай бетке тұтар көрнекті әрі майталман зиялы қауым өкілдерімен таныстық. Үстіміздегі жылы 90 жылдық мерейтойы аталып өткелі отырған қазақ вальсінің королі, Қазақстанның Халық әртісі, қайталанбас композитор Шәмші Қалдаяқовпен сол клубта жүздесіп, тәлімді де ұлағатты сөздерін ұйып тыңдадық.

Шәкең – шағын ғана бойлы, бірақ ширақ та қағілез жан болып шықты. Даусы да әндері секілді құлаққа өте жағымды. Мақтаннан аулақ, қарапайым ғана өнер қайраткері бәрімізді бірден баурап алды.

Әрине, осы кездесуден ерекше әсер алдық. Ол өзінің өткен өмірі, композиторлыққа келгенге дейінгі іс-әрекеттері, алған білімі, атқарған қызметі, шығармаларының шығу тарихы, балалық балғын шақтары, ата тегі жөнінде біраз мағлұматтар берген-ді.

Оған дейін де біз ұлы сазгердің әндеріне қанық едік. Себебі, оның әндерінсіз бірде-бір кеш, той-томалақ, басқосу дегендеріңіз өтпейтін. Меніңше, барша бауырларымыз да оның шығармашылығына аса құрметпен қарады.

Қолына қалам ұстаған журналист ретінде осы көрнекті тұлға жайлы жазбас бұрын қаншама мәліметтерге сүйеніп, олардың бәрін жүрек сүзгісінен өткізгенімді жасырмаймын.

Оқырман ол туралы хабардар болғанмен, кейбір жайларға тоқталғанды өзімнің азаматтық парызым деп санадым. Мұндай қайталанбас мәдениет майталмандарының ғұмырын қанша жазып, өскелең ұрпаққа қанша насихаттасақ та артық болмайды.

Қасиетті де артында өшпес мұра қалдырған Шәмші Қалдаяқовтың арғы ата-бабалары Қостанаймен көршілес жатқан Ақтөбе облысының Қарғалы ауданындағы Жайық деп аталатын өзенмен шектесетін жерде тіршілік еткен. Кейбір дереккөздерге жүгінетін болсақ, олар дәулетке тек адал еңбектерімен жеткен.

Кезінде солақай саясаттың кесірінен мұндай бауырларымызға да оңай соқпағаны белгілі. Сол тарихтан белгілі жылдары Шәкеңнің ағайын-бауырлары да, басқа амал болмағандықтан, қазіргі қазақтың қаймағы бұзылмаған киелі оңтүстік өңіріне қоныс аударған.

Жергілікті қандастарымыз да оларды құшақ жая қарсы алып, жылы қабақ танытты. Содан олар осында тұрақтап қалып, ұрпақтары үлкен қауымға айналды. Осындағы бауырларымызбен құда-құдандалы болып кетті.

ОНЫҢ ШЫН ЕСІМІ – ЖӘМШИД

Қазақтың заманауи эстрадасының негізін қалаушылардың бірі – Шәмші Қалдаяқұлын білмейтіндер жоқтың қасы. Ал, шырайлы Шымкент қаласынан едәуір жерде жатқан, күллі түркі әлемінің рухани астанасы атанған Түркістан шаһарына жолы түскен қаракөз бауырларымыз оған жақын орналасқан Отырар ауданына ат басын бұрмай кетпейді. Өйткені, аталған ауданда Шәмші ағамыз 1930 жылы 15 тамызда дүниеге келді. Сол себептен де ол кіндік қаны тамған Шәуілдір селосын соңғы демі біткенше қадір тұтты. Қасиетті топырақты төл шығармаларына арқау етті.

Шәкең дүниеге келгенде қарапайым, яғни он саусағынан өнер тамған ұста, зергер Қалдаяқ атамыз балаша қуанып, шаңырағы үлкен шаттыққа бөленген. Сол кезде ол кісі ұлының даусын әншілерге ұқсайтынын бірден байқапты. Ал, есімін Жәмшид деп қойды.

Қалдаяқ атамыздың шаңырағында Тұмаркүл, Раушан, Райхан, Қадыр және басқа да бауырлары болған. Олардың әрқайсысының отбасында алар орны бөлек еді. Әншілік кейіпкерімізге нағашы жағынан жұққан сияқты. Өйткені, шешесі Сақыпжамал апамыздың өзі әншілігімен айналасындағы жұртшылықтың ықыласына ие болыпты.

Жалпы, Қалдаяқ атамыз өзі кедей болғанымен, перзенттерін тіршілігіндегі байлыққа балаған, өнерді пір тұтқан. Оның шын аты – Әнапия екен. Сүйікті жеңгелері аяғындағы қалына байланысты Қалдаяқ деп атап кетіпті. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ол кісі болашақта қазақ халқының маңдайына біткен жұлдызына айналар сүйікті ұлын кәдімгі домбыраның сазымен жұбатып, кімді болсын тебірентпей қоймайтын киелі қобыздың үнімен күлдіріпті деген де сөз бар.

Кейіпкеріміз барша зиялы қауыммен еліміздегі ағайындарды шығармашылығымен тәнті еткен ұлы сазгер болғанымен, әу баста басқа мамандықты таңдаған екен. Мұны біреу білсе, біреу білмес. Сондықтан оған да қысқаша тоқтала кеткеніміз жөн болар.

Қазіргі Түркістан облысына қарасты, көршілес Өзбекстанмен іргелес жатқан Сарыағаш ауданында Қапланбек зооветеринарлық техникумы болған. Бұл күндері ол колледж деп аталады. Шәмші Қалдаяқұлы жас кезінде әлгі орта арнаулы білім ордасына студент болып қабылданып, зоотехник мамандығын алып шығады.

Тепсе темір үзетін бозбала жолдама бойынша ата-бабаларының ізі қалған Ақтөбе облысына аттанады. Содан осы өңірдегі Мұғалжар ауданындағы «Темір» кеңшарында зоотехник болып қызмет атқарады. Әрине, жергілікті бауырларымызбен тонның ішкі бауындай араласып, Кеңес әскеріне шақырылғанша аянбай тер төкті.

Күнделікті қызметін абыроймен атқарумен қатар, орайы келген сәттерде ішекті музыкалық аспабын өзімен бірге ала жүріп, мал шаруашылығымен айналысатын ағайындардың еңсесін көтеріп, оларды жасампаздық іске жетеледі. Туған-туысқандарымен де танысып, өзінің бауырмалдық қасиеттерін көрсеткен. Алайда, оны өнерге деген іңкәрлік өзіне тарта берді. Соны жүзеге асыру мақсатында Ташкент шаһарындағы музыка өнеріне баулитын училищеге түсті.

 ӨНЕРЛІНІҢ ӨРІСІ КЕҢ

Артына өшпес рухани мұрасын қалдырған көрнекті тұлға Өзбекстанның астанасында білім алып жүрген кезінде мәдениет саласының қаншама майталмандарымен танысып, өз мамандығының қыр-сырын терең меңгеруге ерекше талпыныс жасайды.

Студенттік жылдары ұлтымыздың бұлбұлы, Қазақстанның Халық әртісі, күллі халқымыз ардақ тұтқан Жамал Омаровамен кездесіп, оның арты үлкен сыйластыққа ұласады.

Жамал апамыз да жігіттің бойындағы өнерге деген құштарлықты көргендіктен, одан қолдан келген көмегін аямады. Оның тікелей ықпалымен Алматы қаласындағы қаншама өнер тарландарын дайындаған Құрманғазы атындағы консерваторияның студенті атанады.

Осы арада ұлтымыздың музыка саласының ірі білгірі, әлгі аталған жоғары оқу орнының сол кездегі ректоры Ахмет Жұбановтың да жас таланттарға деген ерекше қамқор болғандығын, «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, олардың қанатын кеңінен жайып, өздерін жан-жақты көрсетулеріне даңғыл жол ашқандығын да тілге тиек еткеніміз абзал.

Қазақ мәдениетінің көрнекті өкілі Шәкеңнің сазгерлікке деген қабілет-қарымын сезгендіктен де шығар, оны консерваторияның композиторлық факультетінде тиянақты білім алуына қолдан келген жағдайдың бәрін де жасайды.

Жалпы, ол сазгерлікпен өткен ғасырдың орта кезінен шұғылданған көрінеді. Ұлтымыздың мақтанышын бұлақтың мөлдір суындай таза, кез келген кісінің құлағының құрышын қандырар, қиялын қияндарға шарықтатар 300-ге жуық сыршыл да лирикалық әндері еліміздің музыка мәдениетіне қосылған үлкен қазына, рухани байлық десек, еш артық айтпаған болармыз.

Оның өткен өмірінде шығармаларын халыққа кеңінен танытуда сол кездегі замандастары, яғни ән өнеріндегі есімдері алтын әріппен жазылған, жоғарыда аты-жөні аталған Жамал Омаровамен қатар, өзіміз кезінде жүздесіп, тілдесу бақытына ие болған Халық қаһарманы Роза Бағланова, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова және басқа да қаншама ағаларымыз бен апаларымыз оның әндерін үлкен сахналарда аса шеберлікпен орындап, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді.

Шәмші Қалдаяқов – бақытты әрі шығармашылығы жүректерде мәңгілік сақталған, ән әлемінде қайталанбас тұлға. Қайтыс болғанынан бері арада қаншама жылдар өтсе де, бояуы қанық, әуендері кез келген кісіні бірден баурайтын туындылары өміршеңдігін көрсетіп келеді.

Қазіргі таңдағы мәдениет саласының қайраткерлері, әншілер, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева, халық әртістері Мақпал Жүнісова, Нұржамал Үсенбаева секілді қазақтың аяулы қыздарымен қатар, өнер саласының биік шыңына көтерілген, өзіндік ерекше даусы бар Нұрлан Өнербаев, оның ізін басып келе жатқан Сәкен Қалымов сияқты інілеріміз де Шәкеңді еске алуға арналған түрлі шығармашылық кештерде халықтың тарапынан ілтипатқа бөленіп жатқаны белгілі.

Дарынды сазгер туралы қаншама кітаптар да жазылды. Кезінде «Шәмші» деп аталатын журнал да жарық көріп, оқырмандарға жол тартты. Оның баспалардан шығуына ұлтымыздың жүрегі елім, халқым деп соғатын намысты азаматтары үлесін қосты. Осы арада сазгер әрі журналист Қалдыбек Құрманәлінің де сіңірген еңбегін ерекше атап өткеніміз жөн.

«МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ» ӘНІ – РУХЫҢДЫ АСҚАҚТАТАДЫ

Шәмші Қалдаяқовтың тіршілікте жолы үнемі тақтайдай тегіс болды десек, әрине, қателескен болар едік. Талай қиындықтарды бастан кешті. Сол кедергілерге қарамастан еш мойымады. Өзінің табандылығы, қайтпас қайсарлығы, таңдаған композиторлық кәсібіне деген шексіз шынайылығының арқасында бәрін де жеңе біліп, өнер мен мәдениеттің биік шыңына көтерілді.

Кейбір деректерге назар аударатын болсақ, ағамыз сонау бір жылдары Жамбыл облысында дүңгендер тұратын ауылда да ғұмыр кешті. Алайда, 60 жылдығы жарық дүние есігін ашқан Отырар ауданындағы Шәуілдірде атап өтілді. Жерлестері оған үлкен қолдау көрсетті.

Өзінің балалық шағының ізі қалған Түркістан өңірі мен бұл күндері еліміздегі үлкен үш қаланың біріне айналған, биыл ТМД елдерінің мәдени астанасы атанған Шымкент шаһарының жұртшылығы да оны асыға күтіп отыратын. Соған әбден лайықты да еді.

Ән әуезі оның мәтінімен шебер үйлескенде ғана жүректерге жетеді. Соны білетін ол қазақтың ақиық ақындарымен тығыз шығармашылық байланыста болды. Мәселен, ана тақырыбына жазылған, бұл күндері рухани қазынамызға айналған «Ана туралы жыр» шығармасының мәтінін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, сөйлесе сөзге шешен, талай поэзиялық туындылардың авторы, арқалы ақын Ғафу Қайырбеков жазды.

Біздіңше, бұл күндері осынау кез келген жүректі толғандырмай қомайтын туындыны орындамайтын әнші, тыңдамайтын қазақ жоқ шығар-ау. Сондай-ақ, оның шығармашылық өмірінде халқымыздың маңдайына біткен дара тұлғалар Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырза Әлі, Төлеген Айбергенов сияқты көптеген қаламгерлер туынды иесін ерекше сыйлады. Шәкең де олармен ізгі қарым-қатынаста болды.

Ол, негізінде, атақ-мансапқа, лауазымға қызықпады. Өзінің жазған шығармаларынан ләззат алып, олардың туған халқының жүрегінен жол тапқанына ерекше қуанды. Әндерінің санына емес, сапасына көп көңіл бөлді. Сондықтан болса керек, дүниеге келген әрбір ән бауырларының жан сарайларын байытып, мәңгілік өшпес құндылық ретінде мұра болып қалды.

Ұлы композитордың шабытпен жазған дүниелерінің қай-қайсысының тарихы бар және мән-мағынасы тереңде жатыр. Мәселен, оның «Ана туралы жыры» 1961 жылы шықты. Кішкентайынан алақанына салып, аялап өсірген шешесі қайтыс болғанда дер кезінде келе алмады. Сонда қатты тебіреніске түскен композитор анасы Сақыпжамал апамыздың құрметіне әннен мәңгілік ескерткіш қоюға белін бекем буады. Үлкен толғаныстан кейін өмірге тамаша туынды келді. Бұл шығарма, шын мәнінде, күллі қазақ жұртының көңілінен шықты. Композитордың беделін бұрынғыдан да асқақтата түсті.

Оның бұдан басқа да жазған әндері жетерлік. Солардың ішінде «Қарагөз», «Қайықта», «Қуаныш вальсі», «Әнім сен едің», «Арыс жағасында», «Мойынқұмда», «Отырардағы той», «Сыр сұлуы», «Ақерке – Ақ Жайық», «Бақыт құшағында», «Ақмаңдайлым» және басқалары ұлттық мәдениетіміздің байлығы болып саналады.

Шәмші ағамыздың өмірінде «Менің Қазақстаным» Әнұранының алатын орны ерекше дер едік. Өздеріңіз білесіздер, сонау Никита Хрущев Кеңес Одағын басқарып тұрған кезде солтүстіктегі бес облысты – Ресейге, Оңтүстік Қазақстан облысындағы үш ауданды – Өзбекстанға, Маңғыстауды – Түркіменстанға беру жөнінде әңгіме болғаны жасырын емес. Бұл мәселе бойында ұлттық намысы, өз еліне деген сүйіспеншілігі бар азаматтарды қатты толғандырды. Содан қазақтың талантты композиторы Шәмші ағамыз да еліміздің жерін бөлшектеуге байланысты өзінің ішкі қарсылығын білдіру мақсатында «Менің Қазақстаным» әнін жарыққа шығарды.

Сөзін ұлы сазгер секілді артында өлмес әдеби мұра қалдырған аса көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденов жазды. Сол кезде Шәкең – 26, Жұмекең небәрі 21 жаста екен. Отанын сүйген ұлдардың бірлесе дүниеге әкелген осы туындылары қандастарымызға асқақ рух берді.

Талай бауырларымыздың намысын қайрап, шын мәнінде қанат бітірген бұл шығарманы Қазақстанның Ххалық әртісі, әу бастан композиторға қолдау көрсетіп келе жатқан аяулы апамыз Жамал Омарова орындап, ол кейін қалың жұртшылыққа жетті. Қазіргі таңда аталмыш туынды орта мектептерде жиі орындалады. Аса маңызды басқосулар да онымен басталады.

Кешегі 1986 жылғы желтоқсанда Алматыдағы болған оқиға кезінде де жастарымыз осы әнді орындап, өздерінің нағыз патриоттық, отансүйгіштік қасиеттерін көрсетіп, туған жері үшін күресе алатындығын айқын танытты.

Сонау бір жылдары Шәмші ағамыз өз сөзінде «Түбі менің осы әнім елімнің әнұраны болады» деген көрінеді. Сол айтқаны айдай келді. Өйткені, 2006 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей ұсынысымен «Менің Қазақстаным» әні мемлекетіміздің Әнұраны болып Парламентте қабылданғаны көпшілікке аян болса керек. 

Шәкең қайсы әндеріне болсын туған топырағын арқау еткен. Махаббат тақырыбына да жазған шығармалары баршылық. Мысалы, сүйген жары Жәмила апамызға, Сағынышқа, Изольдаға, Шарипаға арнаған туындылары да зиялы қауымға жақсы таныс.

Туған халқының нағыз патриоты, ән әлемінің падишасы Шәмші Қалдаяқов егер тірі болғанда үстіміздегі жылы 15 тамызда 90 жасқа толар еді. Алайда, ұзаққа созылған ауыр сырқат оны арамыздан 1992 жылы 29 ақпанда алып кетті. Қазақ халқы ұзақ қайғырды. Оның денесі Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді.

Шәмші Қалдаяқовтың отбасы жайлы тоқталатын болсақ, Жәмила апамыз екеуі қос ұлдарына тағылымды тәрбие берді. Әбілқасым мен Мұхтар да кезінде Күләш Байсейітова атындағы арнайы мектепті тәмамдады. Бірі – пианиноны, екіншісі – скрипканы терең меңгерген. Сөйтіп, олар әкелерінің жолын қуып, үмітін ақтады.

Тіршілігінде қарапайым ғана ғұмыр кешіп, ешқашан да дүниеге қызықпаған тұлға кезінде Қазақстанның комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Дүниеден өтерден біраз уақыт бұрын ғана Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Халық әртісі» атағына ие болды.

Шығармашылығын, азаматтығын, өнерге деген шексіз адалдығын жоғары бағалаған халқымыз қаншама құрмет көрсетті. Оның атындағы Халықаралық фестиваль жалғасын тауып, талай жас дарындарды көпшілікке танытты. Өзінің жастық шағы өткен шырайлы Шымкент қаласындағы облыстық филармонияның алды мен саябақта оған зәулім ескерткіш орнатылды.

Осы шаһар мен Алматыда, Нұр-Сұлтанда оның есімінде көше бар. Өзі туып өскен Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылындағы музыка мектебіне де Шәмші Қалдаяқовтың есімі берілген. Сондай-ақ, 1991 жылы аса даңқты композитордың мағыналы ғұмырына арналған «Жылдарым менің, жырларым менің» деп аталатын деректі телефильм түсірілгені де жұртшылыққа мәлім. 2002 жылы «Шәмшіғұмыр» деп аталатын естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көріп, жұртшылық тарапынан лайықты бағасын алды.

Сонымен қатар, оның «Әндер», «Бақыт құшағында», «Сағынышым менің», «Менің Қазақстаным», «Шәмші әлемі» деп аталатын әндер жинағы да оның шығармашылығын жоғары қоятын талғампаз жұртшылықтың үйлеріндегі кітап сөрелерінен берік орын алған.

Міне, кішкентайынан ешкімге ұқсамайтын дара бала өсе келе өнер жолын таңдады. Ән әлемінде өзінің жарқын ізін қалдырды. Өзінің ұлылық, қарапайымдылық қасиеттерімен баршаға үлгі бола білді.

Оразалы Жақсанов, Қазақстанның Құрметті журналисі

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here