Қанай Боранбаев – 125: Жетісудан шыққан заңгер

0
3071
Солдан оңға қарай: Жұбаныш Бәрібаев, Қанай Боранбаев, Исмаил Тайыров, Жүсіп Абдрахманов, Мағазы Масанчи

Мұратқа қазақ аты жете ме деп,
Іздедің бір шыбындай жаннан безіп.
Бұл ісің Жетісуда болды зайыр.
Алдыңнан бір шығады қылған қайыр.
Нұрила ақын.

Тағдыр тәлкегіне түсіп, Голощекин мен Ежовтың құрығынан құтыла алмаған, төңкерісшіл деген айып тағылып, үш рет – 1923, 1933 және 1935 жылдары сотталған, ақыры 1938 жылы сонау Магаданда айдауда жүріп атылып кеткен мемлекет қайраткері, заңгер Қанай Боранбаевтың қым-қиғаш өмірі отызыншы жылдардың зобалаңын басынан өткерген қазақтың талай-талай маңдай алды ұлдарына жаппай тән еді. Олар қарапайым халықтың қайнаған ортасынан шығып, еуропаша білім алды. 1917 жылғы қос төңкерістен соңғы Қазақ мемлекетінің негізін қалауға атсалысты. Қоғамымызды дамытуға бар білім-тәжірибесін жұмсап, тынымсыз еңбек етті.  Өкінішке қарай, 1930 жылдардың басынан жаппай өріс алған Сталиндік қызыл террор тұсында жазықсыз құрбан болып, ұзақ жылдар есімі атаусыз, еңбектері елеусіз қалды.

Қанай Боранбаев (1896-1938)

1925 жылдың жазы. Ел астанасын Орынбордан Қызылордаға көшіруге байланысты үлкен көштің тұрақтап, жаңа ордаға жайлана бастаған кезі болатын. Бәрі де жақсы ұйымдастырылған-ды. Түркістаннан Қазақстанды басқаруға келген Сұлтанбек Қожанов (Обкомның 2-ші хатшысы), Жалау Мыңбаев (Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы) және т.б. бар, бүкіл қазақ зиялылары жиналып, Ақмешітте Кеңестердің жалпы қазақтық V съезін өткізді: кемсіту үшін ұлтымызға таңылған «қырғыз» сөзі жойылып, өзіміздің «қазақ» деген тарихи атау қалпына келтірілді; Ақмешіт қаласын Қызылорда деп өзгерту бірауыздан келісілді; Жетісу мен Сырдария губерниялары, Қарақалпақ автономиялы облысы Қазақстанға қаратылды; үкіметтің құрамы қайта жаңғыртылып, басшылыққа С.Сәдуақасов, А.Серғазиев, С.Есқараев, С.Қаратілеуов секілді ұлтжанды қазақ жастары келді.

Былай қарағанда ұлтымыздың болашағы үшін құлшына еңбек етуге даңғыл жол ашылғандай еді. Алайда, елді басқару ісіндегі бірлік пен  еркіндік ұзаққа бармады. Сол жылдың күзінен қазақ басшылары біртіндеп бас сауғалауға көшті. С.Қожанов, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов және т.б. Қазақстаннан шеттетіліп, Мәскеулік эмигранттар атанса, келесі басшылардың ұлтжанды толқыны республика ішінде қысымға түсіп, 30-шы жылдардың басында күш алған қуғын-сүргінге тап болды. Мұның бәрі қазақ қайраткерлерінің бірін «оң уклон», бірін «сол уклон» деп арадағы топшылдықты, бөлінушілікті қоздырып, кейін қазақ халқын аштықтың құрбандығына айналдырған Ф.И.Голощекиннің (Қазақстанға Өлкекомның хатшысы болып 1925 жылдың қыркүйегінде келген) зұлымдық әрекеті болатын.

Сол жылдары талай зиялылардың тағдыры небір ірі партия жиындарындағы үлкен айтыстардың арқауына айналды. Өлкелік партия комитетінің мүшелері Голощекин, Морозов, Минаевтардың аузынан түспей, есімі жиі аталатын, өткен өмірі мен қызметі қазбаланып, партия «көсемдердің» қаһарына іліккендердің бірі – Қанай Боранбаев еді. Олардың айтуына қарағанда, Жетісудың бай қожалықтарын салықтан заңсыз босатқаны үшін Қанай Боранбаев 2 жылға сотталған. Дегенмен, Орталық комитеттің тікелей араласуының арқасында ол тез босатылады. Осыған көңілі толмаған олар: «Что дальше? Боранбаев назначается Народным комиссаром юстиции КАССР» деп таң қалысады. Нәтижесінде, Әділет халық комиссары қызметінен түсіп, ендігі губерния прокуроры болып қызмет істеп жүрген Қанай Боранбаевтан 1925 жылдың 8 желтоқсанында Өлкелік партия комитетінің кеңесінде біржола құтылып тынды. Кеңесте сөз алған (КСРО-дағы Сталиндік террорды ұйымдастырушылардың бірі) аты-шулы Н.И.Ежов: «Боранбаевты Орал губерниясының прокуроры қызметінен алу қажет. Бұған Оралдықтар да қарсы емес. Оның үстіне ол өзі де өтініш жолдап, ауыр ахуалдың қалыптасқанын айтады. Меніңше, өтінішін қанағаттандырып, оны Жетісу губерниялық комитеттің қарамағына жіберген дұрыс. Әрі Боранбаевқа қазір демалу да артық болмас», – деп соңғы сөзін кекесінмен қайырыпты. Бұл ұсынысты алдын ала келісіп қойғандай-ақ Ф.И.Голощекин де бірден құптай жөнеледі. Сөйтіп, аталмыш кеңес Қ.Боранбаевты Жетісу губаткомының хатшысы Ж.Бәрібаевтың қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.

Бұл жерде Ежовтың мәлімдеуіндегі Боранбаевтың өтініші туралы әңгіме шындық болатын. Ол өзінің жеті жыл сот саласында, алғашқыда төтенше комитетінде, әскери трибунал, кейін прокуратурада жұмыс істей жүріп әбден шаршағанын, жүйке ауруына шалдыққанын ескертіп, қызметтен босатуды өтінген-ді. Оған Әділет халық комиссары Сәдуақас Мәмбеевтың «Ауысуға рұқсатымды беремін, бірақ өз дәрежесінде губерния прокуроры қызметін атқаруы тиіс» деп бұрыштама соғуы Қ.Боранбаевтың кәсіби білімі мен мол тәжірибесін ерекше бағалайтындығын аңғартса керек. Ендеше, жоғарыда айтылған қайшылықтардың сыры неде? Бар пәле Қанай Боранбаевтың атқарған қызметінің ұлтжандылық бағытында еді. Сол үшін де 1920 жылы «Рысқұловтың жолын ұстанған ұлтшыл» деген айыппен партиядан шығарылды. Бірақ, әділдік жеңіп, Боранбаев партияға қайта қабылданады. Оның үстіне қызметі өрлеп, Әділет халық комиссары және Республика прокуроры міндетін атқарады. Қ.Боранбаевтың бұл лауазымды қызметі Түркістан құрамынан Сырдария, Жетісу губерниялары, Қарақалпақ автономиялы облысының Қазақстанға қосылуы және астананың Орынбордан Қызылордаға көшуі сияқты түбірлі өзгерістермен тұспа-тұс келді. Осындай аса жауапты кезеңдерде өз ұлтына адал қызмет жасаған қайраткердің есімін кеңестік режим өшіруге барынша тырысқанымен, оның азаматтық бейнесі халқының тарихи жадында сақталып қалды.

Мұрағат құжаттарына сүйенсек, Қанай Боранбаев 1896 жылы Жетісу губерниясы Алматы уезіндегі Қастек болысының 2-ші ауылында (қазіргі Жамбыл ауданының Амангелді ауылы) аңшының отбасында дүниеге келіпті. Сол жылдары Алматыдан аңшылық, саят құруға әуес осы ауылға жиі қатынайтын шенеуніктер мен тілмаштардың назарын қағілез келген тумысынан зерек бала өзіне аудара беріпті. Қанай бала олардың ақыл айтып, қолдауымен Верныйдағы 8-сыныптық классикалық гимназияға оқуға түседі. Оны үздік бітірген соң Ресей империясының еуропалық бөлігіндегі іргелі оқу орындарының бірі Варшава университетінде оқыған. Бастапқыда Қанай Тифлистегі әскери училищеге түспек болған екен, оған жолы болмай, Қазан университеті арқылы жолдамамен Варшава университетінің заң факультетіне түседі. Бұл туралы Қанайдың жақын ағайындары айтады. Өкінішке қарай, Қанай бұл университеттің 3 курсын ғана тәмәмдап, Қазан төңкерісінен кейінгі аласапыран кезінде студенттердің саяси үйірмесіне қатысқаны үшін оқудан шығып қалады. Туған еліне қайтуға бекінген ол Польшадан тікелей Мәскеуге барады. Бұл сапарында төңкерістен кейінгі Ресейде орын алған ахуалды көзбен көреді. Тіпті, әйгілі революционер Ф.Э.Дзержинскийдің жеке қабылдауында болып, онымен таза поляк тілінде сөйлескен дейді. Сөйтіп, ол Жетісу жеріне 1918 жылы оралады да, сол жылдың мамыр айынан жергілікті большевиктермен қоян-қолтық араласып, кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысады. 1918 жылдың қарашасында Қанай Боранбаев РК(б)П мүшелігіне қабылданады.

Одан кейінгі атқарған қызметтері туралы өз қолымен былай деп жазыпты: «1918 жылы Ташкенттегі Жетісу Төтенше комиссарының құпия қызметшісі және көмекшісі болдым. Бір айдан соң Қытайдың Құлжа қаласына жіберілген комиссияның мүшелігіне бекітілдім. Төрт айдан соң қайта оралып, губерниялық атқару комитетінің төралқасы мүшелігіне сайландым. 1919 жылы Ташкентке кері шақырылып, Өлкелік партия комитетінің мүшелігіне ендім. Сөйтіп, комитет мүшесі және хатшысы ретінде 1920 жылға дейін қызмет етіп, соңынан Жетісу партия және мұсылмандар бюросына жұмысқа ауыстырылдым. Сол жылдың аяғында Түркістан майданы 3-ші дивизиясының әскери трибунал мүшесі болып тағайындалып, онда 1921 жылға дейін қызмет еттім. Жер реформасын жүргізу тұсында облыстық төтенше комитетінің мүшесі, тергеу бөлімінің меңгерушісі болдым. Оның соңғысын 1922 жылдың аяғына дейін атқардым. 1923 жылдың басында төтенше өкіл ретінде Қытайға барып, Чугучакта (1916 жылғы көтерілістің нәтижесінде Жетісу жерінен, – Б.Қ.) қашқан қазақтарды қайта көшіруді ұйымдастырдым. Сол жылдың аяқ шенінде Жетісу губерниясының прокуроры болып тағайындалдым. Бұл қызметті 1924 жылдың күзіне дейін, яғни ҚАКСР прокурорлығына ауыстырылғанға шейін атқардым. Атқарған қызметтерімнің айы мен күндерінен қателесуім мүмкін болғандықтан дәл көрсете алмадым» [1].

Анықтай кететін жәйт, Қанайдың «ҚАКСР прокурорлығына ауыстырылдым» дегені оның жаңа қызметке Әділет халық комиссары және Республика прокуроры қызметіне тағайындалғанын білдіреді. Оны растайтын құжат мынау:

«Выписка из протокола Бюро Киргубкома РКП(б) от 4 ноября 1924 года.
Слушали: Доклад комиссии о реализации постановления оргбюро КК от 23 апреля 1924 года.
Постановили: Вместе мобилизованного на низовую работу тов. Иралина назначить тов. Боранбаева отозвав его из Туркреспублики для работы в КАССР».

Осылайша, Қанай Боранбаев сол қараша айының 27-і күні Орынборға жетіп, Н.Ералиннен бар істі қабылдап алып, жаңа міндетіне кіріседі [2].

Қанай Боранбаевтың кандидатурасын таңдауда кәсіби білімі, заң саласындағы көп жылдық тәжірибесі және азаматтық қасиеттері шешуші рөл атқарды. Ол 1918, 1923 жылдары Қытайда болып, дүрбелең заманда қоныс аударған қазақтарды көшіріп әкелуді ұйымдастырды. Жетісуда орыстардың отарлап алған жерлерін қайтаруға байланысты жер реформасы кезінде жауапты қызметтер атқарды. Сол өңірдің көрнекті қайраткерлері Жұбаныш Бәрібаев, Ораз Жандосов, Абдолла Розыбакиев тәрізді есімі белгілі азаматтармен үзеңгілес болды. Нәтижесінде, оның қабілеті мен табыстарын жақсы білетін Сұлтанбек Қожанов Қанай Боранбаевты Қазақ АКСР-ның Әділет халық комиссары және Республика прокуроры қызметіне ұсынған еді.

Боранбаев жаңа қызметінде кәсіби заңгер ретінде уақыт талабына сай көптеген маңызды шаруаларды жүзеге асыруға барынша күш салды. Алайда, Әділет халық комиссары және Республика прокуроры болып істеген 6 айға жуық уақыт оған тым аздық етті, небір салиқалы бастамаларды аяғына дейін жеткізе алмады. Мәселен, ол өзі жақсы білетін Жетісу, Сырдария губернияларында прокуратура, сот-тергеу органдарының жұмыстарын жаңа жағдайға бейімдеуді қолға алған болатын. Осы аймақтарда Қазақ Автономиялы республикасының заңдарының 1924 жылдың қарашасынан  күшіне енуі туралы арнайы шешім қабылдап, сот-прокуратура қызметін қайта құруға кірісті. Бірақ, оның түпкілікті нәтижесін көре алмады. Сондай-ақ, 1925 жылдың басында бүкіл қазақтық сот қызметкерлерінің съезін өткізу белгіленіп, баяндамашылары көрсетілген күн тәртібі Халық Комиссарлар Кеңесінде бекітілгенімен, астананың көшірілуіне байланысты бұл іс те жүзеге аспай қалды. Астананы Қызылордаға көшіру үлкен дайындықты қажет етті. Үй-жайдың тапшылығына байланысты жаңа астанаға тек жауапты қызметкерлер ғана баратын болды. Сол үшін де комиссариаттың құрамы едәуір ықшамдалды. Сөйтіп, жаздың соңына қарай мекемелер Қызылордаға қоныстанып болған кезде, Орал губерниясының прокуроры болып тағайындалған Боранбаев Қазақстанның батысына қарай бет түзеді…

Боранбаев Әділет халық комиссары және Республика прокуроры болған аз уақыт ішінде құқық қорғау органдарына бағыт-бағдар беретін 60-қа жуық маңызды құжаттарға қол қойды. Боранбаевтың төрағалығымен 13 рет Әділет комиссариатының алқа мәжілісі өткізіліпті. Оған дейінгі комиссарлар Н.Нұрмақов, Н.Ералиннің басқарған кезеңімен салыстырғанда мұндай жиынның жиі өтуі Боранбаевтың мәселелерді ұжымдық жолмен шешілуіне ерекше назар аударғанын көрсетеді. Ол комиссариаттың ішкі жұмыс тәртібі туралы ережені бекітті. Әр қызметкердің міндеті туралы нұсқаулық әзірледі. Қызметкерлердің жұмысқа келіп-кетуін бақылауды арнайы кітапшаға тіркеп отыруды бөлім меңгерушілеріне жүктеді.

Қанай Боранбаев қазақтың оқыған іскер жігіттерін қызметке тартты. Оларды қамқорлығына алып, қажет болған кезде қорғай да білді. Мысалы, партиялық тазалау науқанында Алашордадағы бұрынғы қызметі үшін саяси күдіктілер қатарына ілінген Сейдазым Қадырбаевқа «комиссариаттағы іс білетін санаулы қазақтардың бірі» деп батыл түрде араша түседі. Оның мамандарды бағалап, оларды таңдай да тани білгендігін жаңа астана Қызылордаға баратындардың жасаған тізімінен де көруге болады. Олар: Мәскеудегі үш жылдық жоғары заң курсын бітіріп келген республика прокурорының орынбасары Мырзағұл Атаниязов, Қазан университетінің заң факультетінің түлектері – комиссариаттың алқа мүшесі Ахмет Бірімжанов және прокурор Сәлімгерей Нұралыханов, Петербург университетінің заң факультетінде оқыған, прокуратурада аса маңызды істер жөніндегі тергеуші Ғаббас Сейдалин, 1904 жылдан бері сот қызметінде мол тәжірибе жинақтаған комиссариаттың сот құрылысы және бақылау бөлімінің меңгерушісі Сейдәзім Қадырбаев, т.б. [3].

Жалпы атқарған қызметінде Қанай Боранбаев әмбебап заңгер ретінде көріне білді. Мәселен, 1924-1925 жылдары барлық губерниялардағы сот құрамын түгелдей қайта сайлау кезінде оның ұйымдастырушылық қабілеті айрықша танылды. Қанай Боранбаевтың төрағалығымен сайлау мәселесі екі рет алқа мәжілісінде жан-жақты талқыға түсті. Сайлауды өткізуге байланысты жергілікті құзырлы органдардың қызметіне бағыт-бағдар беретін бірнеше құжаттар (№5 құпия хат, №10, №39 қатынас хаттар, №735 жауап хат) жолданды. Онда төмендегідей мәселелерге айрықша көңіл бөліп, басшылыққа алу міндеттелді:

1) бұқара халықпен тығыз байланыста болатын әділқазылардың (судьялардың) мәдениеті жоғары болуы ең басты шарт;

2) сот-тергеу органдарының құрамына тексерістен өткен жұмысқа икемі бар қызметкерлерді іріктеу үшін тәжірибеден өткізетін практиканттар институтын қолдану, қажет болған жағдайда осы бағдарламадан өткен үздік практиканттарды запастағы әділқазы (судья) қызметіне пайдалану;

3) әйелдерді сот қызметіне кеңінен тартудың бар мүмкіншіліктерін пайдалану, халық кеңесшілерінің құрамына әйелдерді енгізу үшін практиканттар институтының тәжірибесін қолдану және т.б.

Сот қызметкерлерінің мәдениеті, этикасының жоғары болу талабы қазіргі күні көкейтесті мәселе, ендеше ол талаптың сонау 1920 жылдардың ортасында-ақ  қойыла бастағаны басшының біліктілігінің дәрежесі еді. Сот қызметкерлерін іріктеудің кешегі тәжірибесін бүгінгі күні қолданып, пайдаланып, керегін жаратып жатса, тарихи сабақтастық, дәстүр жалғастығы қалыптасады. Қазіргі әділет, прокуратура органдары өз қызметінде осы жайттерді ескеруі қажет сияқты.

Алдын-ала жүргізілген дайындықтан кейін 1924 жылдың соңы мен 1925 жылдың басында комиссариаттың басшылығымен губерниялық соттар құрамында кезекті сайлау өткізілді. Бір ғана Семей губерниялық сотының 82 қызметкерінің 63-і қайта сайланды. Халық кеңесшілерінің 224-і жаңадан сапқа қосылды. Барлық губернияларда сот құрамы қайта жаңғыртылды.

1925 жылдың 2 қаңтарында өткен комиссариаттың алқа жиналысында Қазақстанда күші бар РСФСР Қылмыстық кодексіне енгізілген қосымша ІХ бөліміне қатысты мәселе арнайы қаралды. Қатысушыларды жүргізілетін жұмыс бағытымен таныстырып шыққан Қанай Боранбаев атқарылатын шаруаларды былайша бөледі: С.Қадырбаевқа тұрмыстық қылмыстар жайында жан-жақты түсініктеме беретін мақала жазып, барлық қазақ газеттерінде жариялауды; комиссариаттың Сот құрылысы және қадағалау бөліміне жергілікті сот органдарына тұрмыстық қылмыс түрлеріне қатысты ашық процестер өткізудің тәртібі берілген нұсқау дайындауды; прокуратура бөліміне істердің жылжуын тұрақты қадағалау, қоғамдық айыптаушылардың құрамына әйелдерді қатыстыру және әйелдер бөлімімен бірігіп, тұрмыстық заңдарды кеңірек насихаттауды тапсырады. Ал, 13 қаңтарда Боранбаев қол қойып губерниялық прокуратура, соттарға жолдаған қатынас хатта Қылмыстық кодекске қосымша енгізілген ІХ бөлімінің 1924 жылдың 27 қарашасынан күшіне енуіне орай құн, барымта, қалың мал, көп әйел алу, қыздарды күштеп күйеуге беру, кәмелетке толмағандарды үйлендіру сияқты қылмыстық істерге қатысты ашық сот процестерін өткізу жүктелді.

Ежелден бергі қазақи дәстүрге айналып кеткен оқиғаларды ел арасында қылмыс деп қабылдау оңайға түспеді. Қанай Боранбаевтың атына қоғамда орын алған құбылыстарды баяндайтын хаттар үздіксіз түсіп жатты. Мысалы, «Орда уезі Жанқұм болысы Атқару комитеті төрағасының орынбасары Жанбаулин екінші әйел алып, қалыңмал төлеген…», «Бөкей губерниясында жаппай мал ұрлау өріс алған. Оларды жергілікті Кеңес төрағалары жасырып, қолқабыс тигізуде. Малға жалған құжаттар жасау Қаңбақты, Батырбек болыстарында байқалуда…», «Темір уезіндегі көшпелі Адай-табын қазақтары ескі дәстүрді тоқтатпай отыр. Күзгі жәрмеңке кезінде табындықтар Темір уезінің тұрғындарынан 1920-1921 жылдары өлтірілген «табын» үшін құн талап етті. Егер осы талаптары орындалмаған жағдайда барымта жасаймыз деп қорқытты. Содан ауыл ақсақалдары Сәрсен, Қабыл, Иса, Мақандардың ұйғаруымен кінәлі жақ құн төлеуге келісті…» және т.б. Комиссар осы мәліметтерден дұрыс қорытынды шығарып, құқық қорғау органдарына бас салып жазалауға емес, шыдамдылық танытуға шақырды. Мысалы, Қанай Боранбаев 1925 жылғы қаңтардың 7-і  Жоғарғы Соттың төрағасы Мұқашевпен бірлесіп мал ұрлығына, барымтаға қатысушы қарулы топтың іс-әрекетінде қарақшылық белгілері байқалса, яғни ұрлық үстінде оқ атса немесе жарақат салып, кісі өлтірсе Қылмыстық кодекстің 2-бөлімінің 184-бабы бойынша күнәсін ауырлататын жаза белгілеуге болатындығы туралы жергілікті сот органдарына қатынас хат жолдады [4].

1925 жылдың 15-19 сәуірінде Қанай Боранбаев Ақмешітте өткен Кеңестердің бүкіл қазақтық V съезіне қатысады. Съезд қарсаңында оның басшылығымен сот-тергеу, прокурорлық бақылау және халыққа құқықтық көмек беру, нотариалдық кеңселерінің жұмыстары жайлы анықтамалық ақпарат дайындалды. Ол Орынбордағы «Караван-Сарай» баспасынан «Отчет Правительства Киргизской АССР 5-му Всекиргизскому съезду Советов» деген атпен жарық көрді. Съезден соң Қанай Боранбаев 22 сәуірде Орынбор арқылы Мәскеуде өтетін РСФСР Кеңестері съезіне жол жүріп кетеді. Осы сапардан қайтып келісімен Әділет халық комиссары және Республика прокуроры міндетін Сәдуақас Мәмбеевке өткізеді де өзі осы комиссариаттың құрамында прокурор лауазымына ауысады. Сол жылдың күзінде Орал губерниясының прокуроры болып істейді. Алайда, партия «көсемдері» Голощекин, Ежовтармен арадағы жағдай шиелінісе берген соң, Қанай Боранбаев жұмыстан біржола кету үшін өтініш жазды.

Жетісуда Қанай Боранбаев губерниялық банк басқармасының бастығы және губкомда бірқатар қызметтер атқарады. Алайда, Голощекин мен оның жақтастарының қырына ілінген ол 1928 жылы партия қатарынан қуылады. Өміріне қауіп төнгенін сезіп Қырғызстанға кетіп бас сауғалайды. Мұнда да тыныш отырғызбаған соң, Ташкенттегі ауыл шаруашылығы институтына сырттай оқуға түседі, кейін Өзбекстанның Жер ісі халық комиссариатында зоотехник болған. 1932 жылы «Қызыл-Чарвадор» совхозында директор болып жүргенде қамауға алынады. Сол кезде қуғын-сүргін, жоқшылықтың салдарынан алдымен сүйікті ұлы Абылай, көп ұзамай күйіктен әйелі Ажар қайтыс болады [5]. Қайғы үстіне қайғы жамалып, мұның бәрі Қанайға өте ауыр тиеді.

Қанай Боранбаев 1933 жылы 3 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол жазасын өтеп үлгермей, 1935 жылы тағы 5 жылға сотталады. Магаданда жазасын өтеп жүргенде ол бостандыққа шыға алмайтынын білген соң, әділдіктің боларынан күдер үзіп аштық жариялайды. Жұмыстан бас тартады. Нәтижесінде, 1938 жылдың 5 қаңтарында Ішкі Істер халық комиссариаты (НКВД) Үштігінің мәжілісі Қанай Боранбаевқа ешбір дәлелдерсіз ату жазасын береді. Тура он күннен кейін Үштіктің шешімі орындалады.

Эпилог орнына

Қазақ Елі тәуелсіз болғалы Қанай Боранбаевтың есімі қайта жаңғыруда. Халқына аянбай қызмет етіп, ірі қызметтің тұтқасын ұстаған жоғарғы білімді азаматтың өмірі мен қызметі жайлы деректер жинап, жариялаған Қанай Боранбаевтың күйеу баласы көрнекті ақын Хамит Ерғалиев Қанекең туралы Мұхтар Әуезов те жылы пікір білдіргенін айтқан еді.

Халқымыздың ардақтысы Д.А.Қонаевтың туғанына 90 жыл толуына орай “Егемен Қазақстан” газеті өзінің 2002 жылғы 12 қаңтардағы нөміріндегі (№8 (22911)) Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хамит Ерғалиев марқұмның архивінен алынған естелікті жариялады. “Тұғыры биік тұлға. 81 жыл 8 ай 10 күн” деп аталатын бұл естелікте автор Қанай Боранбевқа байланысты мынадай қызық жәйтті келтірген: “Менің Гүлжан есімді қызым Қонаев қорының ашылу салтанатынан тұтас бір кинофильм жасап шығарған, оған дейін де осы қыз ол кісімен сұхбаттасқан сәттерін экран арқылы жұртшылыққа көрсеткен болатын. Димекең қайтыс болғанда да ақырғы сапарға шығарып салу жұмысын бастан-аяқ осы бала киноға түсірткен болатын. Көзінің тірісінде көрсеткен қызметіне риза болған бір сәтінде Димекең Гүлжанға былай депті:

– Сенің әкеңді жақсы білсем де, сенің шешеңнің әкесі кім екенін білмей жүріппін ғой. Оны мен Хамиттің жуырдағы мақаласынан ғана оқып-білдім, ішіме түйген едім. Қанай Боранбаев – Жетісу өлкесінің маңдайы жарқыраған марғасқаларының бірі еді ғой! Бәрінен бұрын Қанекең менің маңдайымнан неше мәрте сипаған, бір себептермен туған ағамдай болған кісі еді. Ол кісі есіме түссе, күні бүгінге дейін көзіме жас іркіледі. Өйткені, ол кісімен біздің үйдің арақатынасы алшақтап кеткенде де мені көрген жерден ұстап алып, адамның ет жүрегін елжірететін артықша бір адамгершілік танытушы еді, баласынбай бар ақылын, жақсы адам болудың не бір ұлағатты жолдарын жалықпай айтатын. Ол кісі – менің алғашқы меншігіме тиген мектебім ғой!

Бұл сөздердің төркінін Димекең айтпаса да біз білетінбіз: Қанай мен Димекең бауырымен дәм-тұзы жарасқан кездері болған. Міне бұл эпизодты астарсыз жалаңқабат күйде жазып отырған жоқпын. Бұған екі түрлі себеп бар. Біріншісі: отбасы тәнті болған мезгіл күрт өзгеріп кеткенде де сарқылмаған сағыныш, ынтызарлық ол ұлылықтан да бұл ұлылыққа ұласа келіп, кейінгілер үшін аманатқа айналуы өз алдына бір ғанибет. Екіншіден: баяғыда менің үстімнен Орталық комитетке түскен арызға жауабымда өз әкем жөнінде айта келіп, әйелімнің әкесі де “халық жауы” дегенді де жазған едім ғой. Сонда Қанай Боранбаевтың атын атасам ғой, мына кісінің іш құсасы іріленіп, жетіліп болмаған жетімдер мүддесін мүсіркеу өзінше бір қызық боп есте қалар еді деп те ойлайды екенсің…”

Алаш ардақтысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың Қанай Боранбаев туралы осындай ой айтуы Қанайдың кезінде қандай ірі тұлға болғанын дәлелдеп қана қоймай, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, мақтаныш тұтатындай адам екендігіне көзімізді жеткізе түседі.

Болат Қабдөшев, Ғ.Даукеев атындағы
Алматы энергетика және байланыс университетінің доценті

Досалы Салқынбек,
Қазақстан педагогика академиясының академигі

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. ҚРОММ, 1541-қ., 1-т., 2376-іс, 6-п.
  2. Бұл да сонда, 1-п.
  3. Бұл да сонда, 30-қ., 1-т., 467-іс, 52-п.
  4. Бұл да сонда, 1380-қ., 1-т., 35-іс, 3-п.
  5. Секебаев Әбілфайыз ақсақалдың айтқаны: «Қанекеңнің бірінші әйелі Нұрғиса бидің қызы екен. О.Жандосов, Ж.Бәрібаев та ғашық болады, алайда Нұрғиса Қанайға тиеді. Араларында бала болмаған. Қытайдан келе жатқанда О.Жандосов оны Парзана деген оқыған қызбен таныстырады, Қанай көрген соң ұнатып соны алады. Нұрғисаны апарып тастайды. Парзана 1 бала туады, есімін Абылай қояды. Көп ұзамай Парзана туберкулезден ауырып өмірден қайтады. Ауылында жерленген. Қанай тағы да әйелсіз қалады. Қайын жұрты Қанайға Парзананың сіңілісі Ажарды қосады. Ажар Ташкентте оқу орнында сабақ берген болу керек. Институт народного хозяйстваны бітірген».

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here