Ұстаз. Аяулы ана. Асыл жар

0
6884

Ұстаздық ету – ұлы жол. Шыңы биік, мінер баспалдағы ауыр жол. Оқу мен тынымсыз еңбектің жолы. Қуаныш пен көз жастың жолы. «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» дейді қазақ. Мұндағы «мықты ұстаз» жаңағы айтылған ұлы жолдың шыңына жетемін деп талпыну. Алда тұрған небір кедергілер мен ауыр асуларды бағындыра алу және оған қарсы тұра білетін ерік-жігер, мықтылық, сабырлық пен төзімділік. Осы қасиеттерді өз бойына ұштастыра білген  ұстазды нағыз өз ісінің маманы дейді.

Қажымайтын қайсарлығы мен батыл мінезінің арқасында ұстаздар үнемі толассыз білім мен үлкен ізденістің үстінде жүреді. Тарыдай баланың сауатын ашып, әріп танытса, таудай балаға білім-ғылым үйретеді. Оқулық пен кітап беттеріндегі әрбір сөздің, әрбір сөйлемнің үлкен маңдай термен келген еңбек екенін түсіне отырып, оны баланың санасына құяды, ұғындырады. Білім берудің небір қырлары мен сырларын игере отырып, оны өз тәжірибесінде орынды, тиянақты, дұрыс әрі дәл пайдаланып, қолданады. Білімді беру аз, ал оны қайтарып алу – міне басты мақсат.

Ұстаз туралы сөз бастау қиынның қиы­ны. Ол ұстаз кеңінен танылып, ұстаз­дықтың ең жоғарғы сатысына көтерілген, жалпақ жұртқа сөзі өтетін қайраткер жан болса тіпті де. Негізінде қазақтағы «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын ұстаздыкі» деп айты­латын нақыл сөздегі төрдегі орын дәл осы ұстазға лайықты секілді.

Иә, Клара Ермұханова жай ұстаз емес, ұлағатты, кемел ұстаз. Оның есімі Атырау облысына ғана емес, бүкіл респуб­лика көлеміне белгілі, кеңінен таныс.

Атырау облысы Құрманғазы ауданы Жұмекен ауылының Еңбекші орта мектебінде үзбестен 41 жыл тәрбие саласында қызмет жасап келе жатқан теориялық білімі терең, ұйымдастырушылық қабілеті, ой-өрісі, әдістемелік шеберлігі өте жоғары, жаңаша негізде жұмыс жасап талап қоя білетін өз ісінің шебері, іскер басшысы Ермұханова Клара Олжабайқызы.

Мұғалім – мектеп жүрегі болса, оның беделі мектептің беделі. Ал, мектеп – мемлекеттің басты тірегі. Олай болса, қазіргі таңда мұғалім білікті әрі шебер, ұшқыр ойлы, қабілетті, өз пәнін жетік меңгерген болуы керек. Мұғалімдер қатарын толықтырып отыратын жас мамандар да талмай үнемі ізденіс үстінде болып, әр пәнді жоғары деңгейде, сапалы етіп өткізсе, шығар асуы алыс емес.

Тәуелсіз  еліміздің  бәсекеге  қабілетті, білімді, елін, ана тілін сүйетін, салауатты өмір салтын насихаттайтын саналы да жаңашыл жеке тұлғаны  тәрбиелеуді көкейкесті мәселе ретінде басшылыққа ала отырып, педагогикалық ұжым мүшелерімен, ата-аналар жұртшылығымен, қоғамдық ұйымдар және оқушылармен жоғары деңгейде тіл табысып, ынтымақтастықта бірлесіп жұмыс атқаруда.

«Нұр Отан» партиясының Құрманғазы аудандық филиалы «Жас Отан» Жастар қанатының мүшесі. Еңбекші селолық округі бойынша жасалатын идеологиялық жұмыстардың және аудандық деңгейдегі «Үздіксіз тәрбие беру тұжырымдамасы» бойынша жұмыс жасайтын тірек мектебінің жетекшісі.

Облыстық, республикалық деңгейде іс-тәжірибесін таратып, марапаттарға ие болды.

2011 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінен Алғыс хат алды.

2012 жылы Республикалық «Тәрбие жұмысының әдістері мен түрлерін жетілдіру» тақырыбындағы семинар-кеңеске қатысып, «Жеке тұлғаның шығармашылық қабілеттерін дамыту» тақырыбындағы жұмысын қорғап,  жинақ кітапшасына  енгізілді. Республикалық дәрежедегі сертификат алды

2013 жылы облыстық «Отбасы тәрбиесіндегі ұлттық тәрбиенің ұтымды жолдары» баяндамалар байқауына қатысып, Алғыс хатпен марапатталды.

2013 жылы облыстық Педагогикалық оқуда «Білім беру ұйымдарында патриоттық тәрбие берудің педагогикалық негіздері» тақырыбындағы жұмысы 1-орын иеленді. «Білім беру қызметкерлерінің кәсіби өсуі – білім берудің жаңа сапасын қамтамасыз етудің шарты» атты республикалық Бірінші педагогикалық оқулардың облыстық кезеңінің баяндамалар жинағына енді.

2014 жылы облыстық «Үздік ұйымдастырушы» байқауында І-дәрежелі дипломмен марапатталды.

2015 жылы «Сынып жетекшілер бірлестігінің жұмысын жаңа форматта ұйымдастыру» тақырыбында коучинг өткізудегі шеберлігі, «Қазақстанның Білім және ғылым әлемі» журналы атынан «Үздік сабақ жоспары»  номинациясымен, «Тұлғаны шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту үшін түрлі әдістерді қолдану» тақырыбындағы жұмысы «Жалпыадамзаттық құндылықтар: проблемалар, ізденістер, шешімдер» атты  облыстық  ғылыми-практикалық конференциялар жинақтарына енгізлді.

2016 жылы «Өрлеу» орталығы мен бірлескен «Білім-ғылым, технология» интернет порталының әкімшілігінің «Жылдың үздік мұғалімі» төсбелгісінің  иегері болса, облыстық «Үздік ата-аналар қоғамдық кеңесінде»   бас жүлдеге қол жеткізсе, Республикалық «Алтын кітап» жинағына жұмысы енгізілді.

Өткен жылы Құрманғазы ауданы әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталса, биыл тәрбие бағыты саласына негізделген «Бауыржантану» тақырыбы бойынша авторлық бағдарлама жасап, сыныптан тыс шараларды қолдану бойынша ұсынымдар жасақтады.

Клара Олжабайқызы Халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігінің «Бейбітшілік әлемі»  медалінің  иегері, «Жылдың үздік мұғалімі», «Үздік маман» төсбелгілерімен бағаланды.

Еңбекші жалпы орта мектебінің Педагогикалық кеңесінде Ермуханова Клара Олжабайқызының кандидатурасы талқыланып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин»  төсбелгісіне ұсынылды.

Ұстаз үшін берілген білімнің қаншалықты баланың санасына жетіп, көкейінде қалуы маңызды. Болашақта өзі еккен ағашының біртіндеп бүршік атып, жемісін беруі – әрбір ұстаздың қуанышы мен арманы. Ұлы жолдың бойымен келе жатқан ұлы ұстаздарымызды ұлықтау – тұтас елдің парызы.

Тарихымызға үңілсек, ұлы ғұламалардың өзі ғылым жолын ұстаздықтан бастаған. Үлкен еңбегі мен терең білімдігінің арқасында Клара Ермұханованың есімі ел аузында жүр.

Ардақты ұстаздың ұлы еңбегі тиісінше ұлылықпен бағалануы керек. Өзгенің баласын өз баласындай көріп, оның әрбір басқан қадамы мен жеткен жетістігіне шынайы қуана білген ардақты ұстаз – екінші аяулы ана, сүйікті әже және жар.

Әрине, «Дарынды шәкіртке – талантты ұстаз» демекші, ұстаздардың білім-білік деңгейін де ешқашан ұмыт қалдырмайды. Қарамағына тәжірибелі, жаңашыл ұстаз­дарды топтастыра білудің, еркін жұмыс істеп, жас мамандардың шығармашылық тұрғыда жетілуіне мүмкіндік туғызудың өзі білгірлік.

Бұл ұстаздың өмірі мен еңбек жолына назар аударсаңыз – ұстаздық қызметте де, басшылық міндетінде де өз сый-қадірін жоғалт­пағандығын, азаматтық қадір-қасие­тін сақтай білгендігін бағамдайсыз. Біз жаңашыл­дық пен оқу-тәрбие үрдісін асқан шеберлікпен жүйелі түрде жүргізе білетін, ұйымдастыру­шылық қабілеті уақыт сына­ғында танылған, жас мамандарға айырықша көңіл бөліп, шебер ұстаз болып қалыпта­суына ұйытқы бола білген қамқор басшы­ның, «Бар мейіріміміз – балаларға» дейтін аяулы ұстаздың үлгі-өнегесін қысқа ғана қайырып өттік. Ұлағатты ұстаздың аялы алақанынан шыққан мыңдаған оқу­шы­лары өміріне азық болар ұлттық тәрбие­ні бойларына сіңіріп, уақыт тала­бына сай маман атанып, мемлекетіміздің гүлденуі жолында үлестерін қосып келеді.

Барлық істе жауапкершілік пен адалдықты талап ететін Клара  Олжабайқызы Ермұханова сынды ұстаздан әрі қайраткер басшыдан үлгі-өнеге алған, мектебінен өткен кез келген жаннан ел үмітін ақтайтын азамат шығары анық.

Руслан ХАМЗА, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Ozat pedagog» төсбелгісінің иегері, Атырау қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here