Гуманитарлық көмек: Қазақстан кімге берді, кімнен алды?

0
3901

Жақында ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 2020 жылдың 6 айында Қазақстан гуманитарлық көмекті қай елден алғаны және қай елге бергені жөнінде ресми мәліметті жариялады.

Комитеттің мәліметіне сенсек, жарты жылда Қазақстан өзге елдерден 250,9 мың долларға бағаланатын 0,41 тонна дәрі-дәрмекті гуманитарлық көмек ретінде алды. Алғашқы 6 айда өзге елдер бізді 2,9 млн долларға 239 тонна болатын киім-кешекпен киіндірді. Былтыр бұл көрсеткіш 84 тоннаны құраған болатын. Яғни, киім-кешек түрінде келген гуманитарлық көмектің көп болуын коронавирус пандемиясымен түсіндіруге болады. Айталық, коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге арналған арнайы киім шетелден көп келді. Бұл гуманитарлық көмектің басым бөлігі Катарға тиесілі. Арабтар біздерге 1,6 млн долларлық 35 мың дана коронавируспен күреске арналған киімдер жіберді.

Жалпы, Катар Қазақстанға жолданған басқа да гуманитарлық көмектің көлемі бойынша көш бастайды. Алты айда 1,72 млн долларға бағаланатын гуманитарлық көмек көрсетті. Екінші орында Қытай (838,5 мың доллар), үшінші орында Германия (732 мың доллар) тұр.

Киім-кешек, дәрі-дәрмек сияқты барлық заттарды қосқанда Қазақстан 6 айда шетелден 4 млн долларлық гуманитарлық көмек алды.

«Алмақтың да салмағы бар» деген қазақта түсінгенге түйінді, білгенге есті сөз бар. Құдайға шүкір, еліміз ешқандай елге алақан жайған емес. Мемлекет өз халқын асырай алады. Сондықтан көмекке зәру өзге елдерге де қол ұшын созуға мүмкіндігі бар. Мысалы, ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылында еліміз 2,5 млн долларға гуманитарлық көмек жіберді. Ол көмектің басым бөлігін Тәжікстанға көрсетті. Тәжіктер құны 1,5 млн долларға бағаланған 5 мың тонна ұн алды. Ал, Ауғанстанға 2 мың тонна азық-түлік жолдады. Оған ел бюджетінен 941,7 мың доллар бөлінді.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here