Бұл қазақ Пір Мүсірәліні ұмытты ма?

0
5067

Бисмиллаһи Рахмани Рахим!

Біздің елде қазір жұмыс істеп тұрған Үкімет қызметінің негізін қалап, соны 40 жыл тапжылмай басқарып, елдің ішкі, сыртқы рухани болмысын қалыптастырған, Әз Тәуке ханның атымен жеткен «Жеті жарғының» негізін жазған, өз заманында «Жеті адамға жан берген Мүсірәлі әулие» атанған қазақтың (үш жүздің) Бас пірі, ауызы уәлі, қуаты жоғары көріпкел-пірадар, рухани ұстаз  Әзиз Мүсірәлі Жәдікұлының өмірден озғанына биыл 300 жыл. Ол – Қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі және бірегейі. Пірлік лауазым хан жарлығымен бекігенімен, елдегі атқарушы билік қызметіне отырған бұл тақуаның тұлғалық ерекшелігі бөлек. «Тұлғалық ерекшелігі» деп бұлай бөле-жара айтуым, қазақ таққа тағайындалған ханын ел сенімін ақтамаса, мерзімінен бұрын хандығынан шеттетіп, орнына басқа хан қойған. Ал, сайланған пірді өзі өмірден өткенше ешкім лауазымынан босата алмайды. Өйткені, пір – Алланың қалауымен, қолдауымен болатын діни тұлға.

Сопы Әзиздің бұл аталған лауазымдары қазақтың діні бүтін кезде  айтылған. Қазір аталған лауазым мен оның қасиетін ілім иелері болмаса, еліміздегі дін басшылары да терең түсіндіріп бере алмас. Әрине, бұл жайт – біздің бүгінгі күні діннен қаншалықты қол үзіп кеткендігіміздің көрінісі. Сондықтан Мүсірәлі туралы бұл мақаламда Құранды басшылыққа ала отырып, дін құдіреті жайлы да аз-кем қоса кеткім келіп отыр. Бұлай айтып отырғаным, «Мұхаммед» сүресінің 7-ші аятында: «Ей, мүміндер! Сендер Аллаға жәрдем берсеңдер, сендерге Алла жар болып, қадамдарыңды нықтайды», – делінген. Қандай керемет! Алла сенен мұқтаж емес, саған беретініне де. Бірақ, Алла адамға бақ сыйлап, өзіне көмекші етіпті. Кім Алланың Құранда айтқанын орындап жәрдем беретін болса, одан өткен бақытты жан болмас. Дін – адам үшін. Жәрдемді Алла адамға айтып тұр. Сондықтан бұл мақаланың жазылу стилі де, айтып жеткізер дүниесі де ерекшелеу болмақ.

Қазақ о бастан аруаққа рух қондыра білген. Еврей халқының миы қалай қатты жұмыс істесе, оларда ми қызметінің ерекше дарығандығы, арабтарда сауда жұмысы өріс алған болса, бұл елге осы қасиет ерекше дарығаны, басқа халықтарда да осындай ерекшеліктер болса, сол ерекшеліктері оларға ерекше дарығандығы. Осы сияқты біздің қазақ халқына аруаққа рухты қондыра білу қасиеті ерекше дарыған. Бұл – қазақтың ұлттық ерекшелігі. Бұл – ілім…

Рух деген не? Бұл жөнінде Алла тағала Құранда да тарқатып айтпаған. Рухы ілім алып келетін рухтар бар. Бұлар болмысы ерекше қанатты рухтар. Олар адамнан бұрын көкке тән. Ілім иесі Ғызырдың өзі бөлек, одан басқа Ғызыр рухтары болады. Кітап рухтары болады. Жазатын рухтар мен сөйлейтін рухтар болады. Олардың дыбыс жеткізуі мен адам бойында қызмет етуі де ерекше. Рухтың түрі көп. «Рух – ниеттің сыртынан қапталып тұрады» дейді ілім. Оның кішісі де, уақытшасы да, ұзағы да бар. Ол – Алладан, оны Алла ғана жұмсайды. Адам қызмет етуге сұрай алады. Адам сұрауға және Алламен сөйлесуге бейімделген.

Йассауий әулие рухпен рухты қондыра білгеннен кейін ғана жердің астына кетті. Ол Алланың разылығы мен дін үшін кетті. Дін өзіне ғана емес, өзгеге керек екендігін білгесін, Алланың екі дүниеде біздің жанымызда жүргенін дәлелдеу үшін кетті. Ол жарты өмірін жер астында Алламен тілдесуге арнады. Арнады дегенмен де, Алла оған оны арнатты.

Осындай рухты ілімді күні кешеге дейін біздің әулие бабаларымыз  ұстанып келді. Қазір бұл ілім бізден арылып кетіп жатыр. Себебі, ілім жолын ұстанатындар некен-саяқ. Аталарымыздың Аллаһтың алдында берген уәдесі бұзылды. Біздің ел діннен бас тартып, басқа елдерге табынып кетті. Өз дәстүріміз бен бойдағы қасиетімізден шығатын, дінді паш ететін сөздің дуалық қуаты да жойылуда. Құранда ескерткен Аллаһтың әр ұлттың тілдік даму қасиетімен бірге, дауыстан да ерекше қасиет беріп келгендігін мансұқ еттік, оған мән бермейтін болдық, ұмыттық…

Адамның бары да, жоғы да – Құран. Құран – жанның ішіндегі жан. Алла тағала адамды жаратып, «Бол!» дегенде бір-ақ тал адам болды. Содан Тәңірдің бір ғана «Бол!» деген сөзінен бүкіл әлем тіршілікке енді. Он сегіз мың ғалам жанданып, адамның игілігіне көшті. Адам Ата мен Хауа Ана екеуі жерге қуыларда, Құрандағы «Артыңнан жіберемін» деген сөздің мәні неде? Адамның артынан кім келді? Тәңірімнің өзі келді. «Үйретемін, түсіндіремін, көрсетемін, жаза алмасаң жазу үйретемін» деді. Сөйтті де Құранды берді. Дінді сый қылып берген Алла Тағалам сол Құранда: «Мен сені жаратқанда саған өзімнен дем бердім. Ондай болса сен ешкім емессің. Топырақ пен судан құралған – Менсің», – деді.

Терең ілімге кірген жан Құранмен осылай дем алады, онымен сөйлеседі, рухын қабыл алады. Тірі Құрандағы әр сүренің, әр аяттың, әр қаріптің жұмбақ жасырын қасиетке ие екенін біледі. Діннің киелі рухтардан құралғанын, ол рухтар мәңгі өлмейтінін, ақыретке дейін Алланың әмірімен тіріге қызмет ететінін сезеді. Олар кімдер? Олар – пайғамбарлар, сахабалар, қауаштар, әулиелер, ілім иелері… Олар өлмейді, себебі Аллаһ олардың ақыретке дейін айналатын қанатты рух екенін Құранда жеткізген. Өзінің бар екенін дәлелдеу үшін оларды ақылдыларға келтіреді.

Пір Мүсірәлі де осындай жаратылыспен жаратылған Алланың қалауындағы жандардың бірі. Осындай әңгімеден соң, Пір Мүсірәлінің тұлғалық лауазымына жеке-жеке түсінік берелік. Алдымен әулие мен ілім туралы. 

Әулие деген кім? Әулиеде Аллаһтың сыйы ерекше биік деңгей бар. Олар – көзбен көрген ғылыми дәлелдің соңын іліми ерекше дәлелде көре білетіндер. Біз қара деп көргенді олар ақ деп, біз ақ деп көргенді олар қара деп жеткізе білгендер. Осы жерде бізге аңыз ретінде жеткен, пайғамбардың аманатымен Йассауийге Араб жерінен 718 кітабымен келген Арыстанбаб сахаба түсірген ілім кітабынан мына үзіндіні келтіргім келіп отыр: «Ілім жеті түрде келеді. Бірінші, ол сол ілімді алып туылған болып туыласың. Ол Аллаһтың әмірімен. Екінші, сен өзің іздену арқылы сұрайтын ілім, Алладан жалбарынып сұрағанда беретін ілім. Үшінші, Аллаһ өзі таңдаулыларына адам арқылы, періште арқылы, жан-жануарлар арқылы, түстер арқылы жіберетін ілім. Төртінші, толтыру ілімі, сен сөйлеп айтқан сайын орнына келтіріліп отыратын ілім. Бесінші, тікелей Аллаһтың өзі беріп үлгертуі. Сен Аллаһтан сұрайсың, Аллаһ тіке саған айтып жеткізеді. Аллаһ қашанда үлгереді ілімін беріп адамға, үлгеріп жатады, үлгертеді, үлгертіп аяғына апарады. Алтыншы, ілім ол өтеді, рухтар қонған кезде не рухтандырған кезде, сен басқа ілімдіні рухтандырған кезде ол саған қапталады. Жетінші, өзің рухқа айналып барып, ғайыптан кітап оқып келесің. Мұны «Таң білімінің тармақтары» дейді» («Шәсім немесе жылан терісіне жазылған діни жылнама» кітабы, 9-бет. «Үш қиян» баспасы, 2015 ж.).

Осыдан түйін қорыталық. Әулие – Алланың досы, Аллаға жақын тұрушы, мейірімі түскен қамқорлығындағы адам. «Жүніс» сүресінің 62-63 аятында: «Әлбетте, Аллаһтың әулиелеріне қауіп-қатер жоқ және олар қайғы-қасірет шекпейді. Себебі, олар шын жүректен иман келтірген және олар тақуа болған адамдар», – делінген. Демек, әулиелік – тақуа мен ілім иесіне немесе діндар  ғалымға бұйырар енші. Бұл пікірді Әлмерек абыз былай толықтырған: «Мәнісі жоқ сұрақ болмайды, қисынын келтірмей берген сұрақ болса да, бәрібір ол шыққан дүние. Соны көреді әулиелер. Ол – көріпкелдік емес, ол сол адамның рухын ұғу. Сенің деңгейіңді көріп тұрып сөйлейді әулиелер. Мұны қазіргі білімдарлар өздері ойлап тапқан «ғылыми ашылған дүние» деп ойлайды. Оның бәрі Құранда тұрғанын айта алмайды». 

Зәңгі баба: «Әулие – Алладан таңдалған адам. Әулиенің де әулиесі болғанымен, өзгешелік жоқ оларда, әулиелер бір-бірінен артып түспейді. Аты, заты, түрі ғана болмаса. Бірі сұлу әдемі батырдан болса, бірі өнерлі жаннан, бірі көріпкел, бірі ақыннан болады, бәрі бір айналып келгенде бір Құраннан, Алла жасағаннан. Әулиелік адамға сіңіп қалған кәдімгі нұр. Ол отырған жерге де сіңіп тұрады, олар  жаннаттық адамдар. Үлкен әулиелер қашанда рухтанған әулиелерден, тірісі өліден дәріс алған. Бұл дәлел тақуаларға ғана…» («Қазығұрт» баспасынан жарық керген «Бір бүтін Құран – менің тағдырым» кітабынан). 

Пір жайлы. Ғызыр атаның аянынан: «…Құдіретті Аллам беріп жатыр жауабын, пірдің кім екендігін, оның пайдасының зор екендігін. Жер дүниеге адам баласын Аллам көктен жіберді емес пе?! Сол кезде жыннан болып еді алғашқы дұшпан оған. Қолына қару алып отырған Адам Ата төрт қыблаға түгел қараған.

– Иә, Тәңірім, – дейді ол. – Мен білмедім өз ішімнен ала-құла туатындығын. Жақсының да, жаманның да болатындығын. Көкте жақсыны көрдім – жаманға мен сүрінген. Осылардың көретіні солай ма екен. Бер осылардың арасынан бір жақсысын, – деді маған Аллаһтан сұраған ол.

– Олай болса жақсыны пір тұтар сенің ұрпағың, – дедім. Пірлік қасиет сол кезде дарыған. Алла Тағала пір беремін десе, сенің ала-құла болып бара жатқан ұрпағыңа жақындауы болар, дінін сүйреп келіп үйреткен. Дінді үйретер нағыз ұстаздар. Пір деп соны айтады. Ол ғайыптан келген қасиетке ие болған, Алланың аманатын орындаған жан.

Пірдің атқаратын қызметінің орны бөлек. Адам Ата сұрап алған. Пірді Құдай сайлаған, Алланың әмірімен келеді олар. Пірдің айналасын асыл періштелер қоршаған. Бөлек-салақ жетпейді, оның тіліне Құдай оған әмір салған. Пірдің бойында қонып тұрады Ғызыр, оң қолынан тартқан. Арғы жағында бақ тұрады сыбырлаған. Пірдің қасиеті құдайға жақын болса, қолынан бақ тарқайды Алладан тілеп алған.

Пірдің сұрары бар, Алладан жылап тілері бар, береді оған Құдай сұрағанын. Береді пірге, себебі ол сонадан келе жатқан Алланың әмірімен.  Дос болсын, пірге жақын болсын, діннен безіп бара жатқандар, Құдайдың жолынан танбасын, өшпесін, тозбасын, пір оған ақыл болсын, жеткізсін, – деген. Себебі, Адам Ата мен Хауа Ана бұл дүниеге жеткенде, ол кезде Алла имамды берген жоқ. Ол кезде Алла пірді берген болатын.

Пірдің мақсаты бір – Аллаға жақындату. Сені жолдан тайдырмау. Алланың сөзін орындату. Тәңірге құлшылық еттіру, Құдайға жақындату. Алла тағала пірді сол үшін берген. «Пірге сен қол бермей қалсаң, дозақтан боласың» деген сөз дұрыс емес. Себебі, пірді Алла жіберген «Ғызыр мен Бақты жеткіз» деп. Ондай болса пірден артық Ғызырға ғана қол беруге бар емес пе пәндамның жағдайы. «Бердім Ғызыр арқылы» дейді, ары қарай Алла өзі ілімін жалғастырған. «Пірден басқа кім бар Аллаға жақындатар?» деп сұрасаң, Алла Тағала Адам Ата мен Хауа Анаға берген жауабында: «Беремін артынан, оқымыстылар туады сенен, беремін соңынан кітап», – деген. Кешегі күні аятты оқыдың емес пе, Алла айтты ғой пайғамбарына: «Бердім алғашқы үш Кітапты сағанға дейінге, саған соңғы кітап – Құран», – деп.

Демек, Кітап пірден кейін келген. Пірлік қасиет тек Аллаһтан. Оған Алла «андай бол, мындай бол» деп үйретпеген. Себебі, оның бойына Алла ерекше әсер берген. Ол әсерді сол қалыпта ұстауы тиіс. Пірлік қасиет келіп-кетіп тұратын дүние. Егерде пірлік қасиетті алған адам «Мен» деп айтып қалса, Ғызыр мен Бақтан бұрын ол кетіп қалады. Қайтып ол келмейді. Пір тұтқан жандар пір болғандар бар. Солардың қазір сөзін тыңда… 

Пір ана: «Пір – екі дүниені көріп тұрады. Аруақ – ескертетін болса, пір  түзете алады. Өліні тірілтетін пірлік қасиет болса, пір тіріге де, өліге де бара алады. Пірден пір туылмайды. Пір жоғарыдан таңдалады. Пірдің лебі айдап кетеді. Миыңды жауып апарып тастайды сынағына. Пір көктен алып сала алады. Көктің өзгерісін жеткізе алады. Көзіңе де көрсете алады. Апарып қайта салып жаныңды шырылдатып, қолыңа ұстатып бере де салады. Пір аруақтан жылдам, олардан бұрын өмір сүрген, олардан кейін де өмір сүрген. Пір бола біл».

Абылай хан «…Пір бола біл» деп айтып кетті жаңа Пір-Анаң, сол рас, пір – туылмайды, пір – рух боп қонады, қондырып алып пір тұтсаң, Құранға бірақ кіргізесің. Менің айтарым, іздегенім сол болғанмен, таппаған соң елге пірді қабыл алмағанмын. Дін ұстанып өтсең, дінді ұстанатын жеріңді қорға, дінді ұстанатын ұрпақ туатын еліңді қорға. Ол кездің қаруы күшті еді, әрине діні көмек берген. Бұның түпкі мағынасы – дін ұстану.

Мен өзім де сондай бір дүние болған шығармын, тумай жатып өлтірілуге бұйыртылған. Мүмкін сол рух жіберген болар отқа байлап түсіріп көктен мені. (Өз кезінде Сабалақ атанған Абылай көктен өртенген бесікке бөленіп түскен. Ол тылсым құбылысты Төле би сезініп, сәбиді ер жеткенше жылқылы ауылда көзден жырақ ұстаған, – Б.А.). Мүмкін содан да болар, ес бергені Құдайдың маған. Әлі де жүрер ме едім балаша, «атымды айтып қоймасын» деп біреудің үйінің жанына жанып бесікпен түскен. Осының анығын сұрағанымда, жеткізген көріпкел Ескелді би ол да менің ағам, туысым, бауырым, жанашырым болған. Себебі, мен – халық болып келсем, ол – халық болып тұрған. Одан шыққан ақыл, ол оны маған мүмкін ашық айта алмайтын болған. Алла тағалам сосын Төле бидің қызынан туған оны маған ақыл етіп қосқан шығар. Үлкейе келе менен де асып түсті-ау ақылы оның, «Кедергісі бар саған» деп айтатын ол қашанда бір әңгімені маған. «Ешқашан хан десе де халқыңнан аспа» дейтін.

Ол да кетті бұл өмірден, мен де кеттім жеті жыл төңіректеп сол кезде айналада жүріп алған. Кейін қайтып оралдым оған, әрине жалған дүниеде арамыз ашылған жоқ өле-өлгенше. Айтып отыратын саптанған, мықты адам демеймін мен оны, оны маған Алла таңдап қосқан. Оны жамандауға ауызым бармайды. «Маған Алла айтып жатыр, түзу жолды» дейтін маған. «Пірді тұтын – пір егер Құдайдан ғана болса» деп айтқан.

Пірдің жөні бөлек – пір Алладан жаратылған. Екі түрлі пір болады, бірі көктен түскен, бірі рухтарды жиған. Көктен түскенді өзгерте алмайды ешкім, пір болып туады, пір болып өледі. Ал, рухтың басын қосқан пір, ол сол рухтың әңгімесі жеткенше айтады. Кетсе кетіп қалады.

Мемлекет басшысы да, қойшысы да, қорғаншысы да, кемпірі де, баласы да, қызы да, ұлы да Құранды ұстануы керек. Сонда ғана біздің ел алдымен өзін пір тұтады. Атажұртта жатқан 4 мың сахаба аруағы, тіршілігінде бәрі пірді тұтынған. Олардың бізге жеткізгені – ұстанған пірлері пайғамбарың Мұхаммед болған. Біздің пір Құран ғана қазір».

Әңгімені Мүсірәлінің өз аянымен түйінделік: «Пірдің келуі де, кетуі де Алланың әмірі. Пірдің қызметі – екі таластың ортасын Аллаһтың сабырлығына келтіре білу. Тек қана сабасына келтіру емес, дінді қабыл еттірту. Сол жолды көрсетіп, анық-қанығына жеткізу. Дінсіз өмір жоқ екендігін мойындату. Діні жоқ үй, діннен айырылған ел – бақытсыз».

«Жеті адамға жан берген пір Мүсірәлі»  атануы.  Құран,  Алла тағаланың адамға «Бол» деп жан бергенін, Иса пайғамбардың өлген адамды тірілткенін айтады. Бұндай құдірет басқаға берілмеген. Бірақ, Құранда: «Дін – шипа», – делінеді. Ал, ілім не дейді? Аллаға шынайы сенген бала мінезді адамдардың өлген соң жеті сағатқа дейін миы, денесі тірі жатады. Солардың ми қабыршағына тікелей баратын дұғаны оқи білген адам оған жан бере алады. Мүсірәлі құдай болып адамды тірілткен жоқ, ол әлі де жаны шықпаған жанға «Жандандыру дұғасын» оқыған соң, ол адам қайтадан демге келген. Бұл Құранда жазылған діннің шипалық қасиеті. Мүсірәлі – ұйықтап қалған немесе өлген адамның жеті сағатқа дейін созылатын тіршілігінде, ми қабыршағы тірлігіне жететін дұғаны жетік игерген әулие…

Керейт қожа атағына байланысты. Мүсірәлінің пір болып сайлануы  Мәртөбеде көпшілік алдында ашық сынақ жағдайында өткен. Сайлауға дейін де Мүсірәлі өз қасиетімен ел назары ғана емес, көрші елдердің де назарына іліккен болатын. Сол діни қасиетті көрсетер шақ болды. Сынаққа елдегі дін қожасы атанып, өздерін ғана қожа атап жүргендермен қатар, Лхас пен Көкілташтан діни білім алған ерекше қабілет-қасиеттері бар қазақ рулары мен алты алаш ағайындардан шыққан діндарларға да рұқсат берілген. Осы сайыс-сайлауда бала кезінде діни оқу орнында өзімен бірге оқыған Әйтеке би Мүсірәлінің жанынан табылған.

Пірлік сайыс қорытындысын жариялаған Әз Тәуке:

– Менің жарлығыммен ендігі жерде қазақтың дініне керейт руынан шыққан Мүсірәлі сопы қожалық етеді, – деп жариялаған.

Сол кезде Мәртөбенің үстін:

– Аллаһу акпар, Аллаһу акпар! Дінге қожа – керейт! Аллаһу акпар, Аллаһу акпар! Енді қазақ дініне Керейт Мүсірәлі қожалық етеді! Керейт қожа! Аллаһу акпар, Аллаһу акпар! – деген көпшілік дауысы көкті жаңғыртқан. Осылайша, Керейт руына қожа атын әз Тәуке хан өз ауызымен қосып берген.  «Қасым салған қасқа жол» мен «Есім салған ескі жолдың» жарасымды жалғасы қазір Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» деп хан атынан айтылып жүрген Заңның негізін Мүсірәлі дайындаған. Жеті салада, жеті бағыт бағдарда, жеті бап бойынша сараланған жарлық әмір. Бұл ретте:

«Жеті жарғыны» жазуда
Іс тындырдым бірталай.
Айтқанымды құп алды,
Деген жоқ ешкім бұл қалай?!
Немесе:
Мұқияттап хаттадым
Әз Тәукеге қызмет қып.
Жаздым «Жеті жарғыны»,
Салыстырып талдадым.
Бергі менен арғыны, – деп жырлайтын Қожаберген мен үш жүздің бас билері және сол кезде Сасық, Мұхаммед, Қоқым, Әнет баба, Едіге, Соқыр Абыздардың да сіңірген еңбектері зор болғанымен, Жарғыны бір жүйеге келтіріп, мемлекет басшысы ретінде дайындаған Пір Мүсірәлі болған. Ол қазақ елі тарихында алғашқы Үкімет басы және дін басы пір болған.

«Жеті жарғы» – имани жолмен елді басқару заңы. Мұны 1977 жылы жазушы Жанат Ахмади тапқан шағатай тіліндегі хадимше араб қарпімен жазылған «Жеті жарғының»: «Халықтың ханы, сұлтаны, пір әзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін», – деген бірінші бабы ойланғандарды ұғындырса керек. Қазақ хандығында, әсіресе әз Тәуке ханның тұсында елде Пір институты нақтылы жұмыс жасаған. «Жеті жарғы» осы институт дайындаған Далалық заң. Осы Дала заңымен қалыптасқан ел билеу жүйесі бойынша тірлік еткен қазақ жерінде 1824 жылы Хан билігі, 1868 жылы Сұлтан билігі жойылды.

Мүсірәлі Жәдікұлының лауазымы туралы осындай түсіндірілімнен соң  әулие жайлы әңгіме де басқаша өрбімек. Пір туралы Кеңес үкіметі кезінде шыққан «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы» І-томының 644-бетінде «Пір, діндар, азан шақырып қойған аты Мүсірәлі. Руы керейт болғанымен, дінге шын берілген сопылығы мен тақуалығына орай Әжіқожа, ал оның ұрпақтары Керейтқожа аталып кеткен. 1680 жылы Күлтөбеде Тәуке ханды хан сайлағаннан кейін артынша пір таңдалды. Бүкіл қазаққа пір болу үшін үш арыстың пірлеріне жеті сұрақ беріліп, үш шарт қойылады. Осыдан сүрінбей өткен Әжіқожаны (Мүсірәліні) билер бүкіл қазақтың пірі деп жариялайды да, оны ақ кигізге отырғызып, хан сарайына көтеріп апарады» деп жазылыпты. Энциклопедиядағы бұл дерек өткен ғасырдың отызыншы жылдарында жарық көрген «Әдебиет майданы» журналынан, пір болып сайланғандығы туралы деректер ХІХ ғасырдағы көрнекті түрколог-ғалымдар Ә.А.Диваев пен В.В.Радлов еңбектерінен алынғандығын ескерткен.

Профессор Жауғашты Ахметовтың жазуынша, Мүсірәлінің туған жері – Тамды ауданының Кербұлақ елді мекеніндегі «Мүсірәлі құдығы». Әулие кіндігінен өрбіген төрт-бес ұрпақтың мүрделері осы елді мекеннен үш шақырым қашықтықта орналасқан «Бассай» қорымында. 2000 жылы Мүсірәлінің ұрпағы Дәуітқожаның 100 жылдығына орай сонда үлкен ас берілген. Жауғаштының әкесі Ахметов Байназар жасы Дәуітқожадан үш жас үлкен болса да, онымен қатар сыйласып өскенін 1900 жылы өмірден өткен әкесі Бердісүгірден естігенін Жауғаштыға жеткізіпті.

2006 жылы «Алаш» тарихи-зерттеу орталығынан жарық көрген «Керейт» жинағындағы «Мүсірәлі пір туралы» мақалада Дәуітқожа айтты деген деректерге сүйеніп Мүсірәліден Сүгірәлі, одан Ер Уәлі, одан Ұлан, одан Жолан, одан Бердісүгір, одан Дәуітті таратыпты. Бұл Мүсірәлінің қалмақ тоқалынан туған Қосымға дейінгі ұрпақ шежіресі болуы мүмкін. Негізі Мүсірәлінің үш әйелі болған. Бұл кітапта бәйбішеден туылған төрт ұлынан тараған ұрпақтарының шежіресі көрсетілмепті. Жалпы, Мүсірәлінің ұрпақтары арқылы жеткен дерек – әкесі Жәдік, анасы Ақшолпан. Мүсірәлі сопы әжінің үлкен бәйбішесінен Сүгірәлі, Мұхаммет, Дербісәлі, ортаншы әйелінен Сауранбай, Дос, кенже қалмақ тоқалынан Қосым сопы тарайды. Бұлардан Сауранбай әулие Йаcсауий кесенесіне жерленген. Бұл кесенеге алты алаштың кез келген адамы жерленбеген.

Таяуда қолыма «Жетіру Керейт шежіресі» кітабы түсті. Шежіреде Мүсірәлінің Сауранбай және Дос атты ұлдары болғандығын, Достан Иманқұл, Аманқұл, Еспенбет, Сауранбайдан Исмайыл, одан Машан, одан Көркембай, Беркімбай, Еркімбай, Ырысбай және Дұрысбай тарайтындығын жазыпты. Соңғы тоқалынан туған Қосым балалары негізінен Қызылорданың арғы жағы Қазалы мен Қармақшының маңына шоғырланғанын айтыпты. Бұл жайлы:

«…Керейттен қожа шықты Қосым атты,
Кісі екен әруағы мол, кәрі қатты.
Қарадан қалай қожа шығады деп
Есіткен елдің бәрі таңырқапты.
Жан берген жеті өлікке Мүсірәлі,
Көрсеткен көп ішінде кәраматты.
Үш жүздің кеңесінде Күлтөбеде
Шешімін Тәуке ханның ел ұнатты.
Кіші жүз Әйтеке би қасына алып,
Пір болып Қаракесек дәмін татты.
Керейттен шыққан пірдің күмәні жоқ
Нандырған нәмі қазақ уалиятты» деген Сыр ақыны Шоңбайдың жыры бар.

Мүсірәлінің пір болып сайлануын жазушы Әбіш Кекілбаев былай жеткізеді: «Бұл кез келгеннің емес, айырықша қасиетке ие болып жаралған әруақты адамдардың – абыздардың ғана қолынан келеді деп есептелді. Ондай қасиеттерімен көзге түскен адамдардан халық билік иелерінен бетер айбынып, аса зор құрмет тұтты. Биге құлақ асса, сардарға бағынса, пірге табынды… Хан ауысса да, пір ауыспады. Сондықтан кейде билікті әулет саяси үстемдікпен қоса рухани үстемдікті де өз қолына алып алуға тырысты. Бұл, әсіресе, шығысқа тән еді. Мәселен, Тәуке, оның балалары Жәңгір, Болаттардың Лхастағы «киелі үйге» жіберіліп, бірнеше жыл тәрбиеленуі тек көрші елдердің геосаяси ықпалынан ғана емес, тақ маңындағылардың әлгіндей ішкі есебінен де өрбіп жатса керек. Тәуке хан сайланғанда пір де сайланып, үш ұлыстың пірлері жұрт алдында әруақ салыстырысып, Керейт Сұпы Әжінің (Мүсірәлі) жеңіп шығатыны да соны аңғартқандай. Тәукеден Абылайға дейінгі барлық ханға пір болған Сұпы Әжі (Мүсірәлі) дүние салғаннан кейін жалпықазақтық пір сайланған емес» дей келіп: «Ескі дала үрдісінде қауымға билік жүргізетін хандар мен әскерге билік жүргізетін сардарлар ғана сайланып қойылған, ал батырлар мен пірлер аттарына лайық қасиеттерімен қапысыз танылып, жұртты тегіс мойындатқан. Жоғарыдағы Тәуке заманында үш ұлыстың үш пірінің жұрт алдында әруақ салыстыруына келсек, ол да түптеп келгенде, сайлау емес, өз қасиетінің басымдығын жария мойындатудың жолы болып табылды. Мұны кие, әруақ туралы ғылым – агиология (таңғажайып сайыс) деп атайды. Бұл – тек дінге дейінгі нанымдар заманында ғана емес, әлемдік діндер үстемдік құрған тұстарда да орын алған үрдіс» («Үш пайғамбар». Ә. Кекілбаев. 1992 ж.).

Қаламгердің пірдің рөліне осылай маңыз беруі сол кездегі қазақ  даласындағы хандық жағдаймен бірге дін жайының да мәз болмағандығын байқатады. Дін – Құдай жолы. Бұл – өзінің имандылығы, сенім қуаты арқылы ерді де, елді де соңына ерте білетін жол. Ел ішін алауыздық пен берекесіздіктен сақтайды. Оның нақты дәлелі арысы – Хазар, берісі – Алтын Орда мемлекетін гүлдендірген де, күйреткен де осы дін екенін қазақ зиялылары бүгінде ұғынды.

Тарихи шындық – исламды мемлекеттік дін деп жариялаған Өзбек хандығы алғашында барынша өркендегенімен, соңында билік идеологиясы нақышпандия тарихаты өкілдері қолына өткенде омақаса күйреді. Нақышпандия тарихатын қазақ руларына ендіру – қазақты өз ата дәстүрінен парсылық дәстүрді қабылдатуға мәжібүрлетті. Сол кездегі қазақ дәстүр салтына берік ру басылары бұл тәртіпке көндікпеді. Аяғы қазақ пен өзбек қақ жарылды. Қазақтың «Өзбек өз ағам», «Қазақ пен ноғай айырылды, қазақ сартқа қайырылды»» деп емеурін танытатыны содан. Дегенмен, осы бөлініс өз кезінде қазақ үшін үлкен қасірет болды. Сол кезде:

«Төрелерге сенім жоқ, ел ермесін,
Қазағым хан тұқымын дос көрмесін.
Хан, сұлтан, төре, қожа өңкей құзғын,
Оларға енді тізгін жұрт бермесін…» – деп, төреден де, қожадан да алшақтауға шақырған Қожаберген сияқты от ауыз, орақ тілді жыраулардың жырлары қазақ даласында желдей есті.

1680 жылғы өткен бұл хан сайлауы мен пір сайлауының қатар белгіленуі осы ызғырыққа қарсы қолданылған тосқауыл болатын. Дін жетекшісі пір – әділдікті биден де мықты ұстанатын, ислам жолынан ауытқымайтын жан. Діннің қуатын Алланың разылығымен ел игілігіне пайдалана  білетін жан. Хан – халықты, пір – дінді басқарады.

Мүсірәлінің пір болып сайлануы көрші жоңғарлардың зәресін алды. Жан-жағындағы мемлекеттердің хандарына илікпеген Ғалдан Церен ханға бермеген сүйікті кіші қызы Мариямды пір Мүсірәліге тоқал етіп берді. Бұл рәсім екі ел арасындағы қырғи-қабақты 40 жылға тоқтатты. Мен Мүсірәлінің  көріпкел пірадарлығы, дін құдіретін көрсетер лауазымы туралы тоқталмадым. Бірақ, осы дерек түсінген жанның айызын қандырар. Сондықтан да, осы пір сайлауының  әділ өтуіне  қазақ ру басылары, әсіресе Әйтеке би зор белсенділік танытқан.

Екінші дерек, Қарақалпақстан зерттеушісі Ж.Мұратбаев: «…Тәукенің иманын үйіріп, оң жаққа жатқызған, жаназа намазын оқып, өз қолымен Қожа Ахмет әулиенің кесенесіне жерлеген Мүсірәлі қожа да 79 жаста еді. Тәукенің жетісін берген күннен бастап үлкен ханның тағына таласқан төре сұлтандар Хан кеңесін, Дін әзіретін таратып, жеке билік орнатуға кіріседі. Текетіреске түскен төрелердің енді ешкімнің кеңесін тыңдамайтынын сезген жасы егде Мүсірәлі қожа «Бір күн өмірім болса да, Баба Түкті Шашты Әзиз әулиенің басына барып, шырақшы болып, Алладан халқымды қанды аласапыранның қырғынынан құтқаруын тілеп, дұға оқиын, таң да машқар күні күнәмді жеңілдетуін сұрайын» деген ойдың жетегінде Созақ жеріндегі «Жылы бұлақтың» басында Баба Түкті Шашты Әзиз зиратына 1719 жылы біржола көшіп барады. Қожа Ахмет әулиенің жолымен тәуілігіне бір жұтым су мен бір тістем нан жеп, Алладан халықтың амандығын, босағасының бүтіндігін тілеп, дұға оқып, әулиеге шырақшы болған Мүсірәлі қожа 1721 жылы күзде 82 жасында Алланың аманатын тапсырып, мәңгі дүниеге жол тартады. Айтып кеткен өсиеті бойынша, халық оның денесін Баба Түкті Шашты Әзиз әулиенің оң жағына, сәл төменірек жерлейді. Ислам дінінің тәртібімен басына саз балшықтан төрт құлақ белгі салады», – деп жазыпты («Тәуке ханның бас хазіреті»).

Қарақалпақтық бауырымыздың осы мақаласына орай анықтауды қажет ететін мынадай жайтты айта кеткім келіп отыр. Біздің тарихшылар Әйтеке бидің 1644 жылы туғаны, 1700 жылы өмірден озғаны, сүйегі Нұратадағы Сейтқұл бабасының қасына жерленгені туралы шындыққа жанаспайтын пікір айтып жүр. Ілімші Мәшһүр Йіүсіптің қолжазбасында (13 томдығының 6- томында) мынандай бір дерек бар: «1722 жылы (ескіше 1721 жылы) әулие әз Әйтеке би сырқаттанып жатып қалды дегенді естіген Айдаболдан Төлебай, Орманшыдан Қарабай, Күліктен Шобалай және жиені Қаржас Мырзағұл төртеуі батасын алуға барып сырқатты күзетіседі. Қайтарларында қазақы дәстүрмен би төртеуіне ризалығын білдіріп, өз қолымен қасиетті төрт дүниесін таратып береді».

Сондағы Шобалайға берген сәлдесінің қасиетімен Мәшһүр Йіүсіпке әулиелік әрі молдалық қасиет қонғаны айтылады. Екінші, Керейт Мүсірәлі (Сопы Әжі) 1639 жылы дүниеге келген. Бұл дерек бойынша, Мүсірәлі Әйтекеден үлкен болып шығады. Демек, Әйтекенің туылған жылы да қисынға келмейді. Бұл қисынды жазушы М.Есләмғалиұлының «Жұлдыз» журналындағы:

…Өз жаныңда жүргенде,
«Жеті адамға жан берген
Мүсірәлі тәуіп» атым болатын,
Бүкіл қазақ пір тұтқан
Ханмен қарайлас датым болатын.
Оқысам дұға-хатымым
Сырқат жанға шипа болып қонатын.
Төтелеп келген дертіңе
Сол қуатым да ара түспеді
Жазмыш өз дегенін істеді.
Жаратушым неткен күшті еді!
Данасын сақтай алмаған
Дарасының үмітін ақтай алмаған
Мен сияқты бейбақты нетерсің…
Иә…
Тіршілікте қыйыспас досың болған,
Мен де өзіңдей әлі-ақ өтермін
Сен Нұратада қалсаң
Мен де өз пірім
Баба Түкті Шашты Әзиздің
Жанына жетермін.
Сол жерден
Алла бұйыртса табылармын.
Бірақ мына пәни жалғанда
Өзіңді сағынармын…
Сағынармын… Қош…
Қаралы туды көтердім,
Жоқтаумен сені дұғама қосып өтермін, – деген жоқтауы да нақтылай түседі.
Бұл деректер:
Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті,
Келгенде елу алты жасқа ажал жетті.
«Бағыну бір көсемге дұрыс қой» деп,
Боларын осы апаттың болжап кетті, – деген Қожабергеннің өлеңіне де күмән тудырады. Тудырса тудырар, бірақ шындық айтылуы керек қой.  Жалпы, қайда жүрсе де, қалың қолымен жүретін Әйтекенің, Мәртөбедегі үш жүздің басы қосылған хан мен пір сайлау жиынына да жасағымен келгендігі, Әйтекеге ішкі қызғанышын сездірген хан маңындағы төрелер оған у бергендігі, сол уланудан соң Әйтеке елдегі билер мен хан жиындарынан ұзақ жылдар қол үзгендігі зерттелмей жатыр. Бұл жайлы дерек қолжазба жақын арада шығып қала ма деген үміт те жоқ емес. Әйтеке би Әмір Темірдің мүрдесіне жалғыз шығып кетіп бара жатқан жолда жүрек талмасынан қайтқан. Жаназасы шығарылғандығы жайлы да еш жерде әзірге әңгіме айтылмауда.

Сейітқұл баба рухынан жеткен аян: «…Байбек ұлы Әйтеке менің ұрпағым. Ақша ханның Байбек баласының баласы. Ұлы жүздің биі Қарлығаш би, Орта жүздің биі Қазбек би, Қазбектің жатқан жері Йассауийде. Оны жатқан жерінен шығарып тастады. Әр бабаны өз ретімен айтып кетейін. Ұлы жүз – ата баласы, Орта жүз – аға баласы, Кіші жүз – іні баласы. Бәрі бір айналып келгенде, бір атаның баласы. Адамның баласы.

Төле бидің жолы үлкен болғанымен, жасы Әйтекеден кіші. Жатқан жері қазіргі Ташкент. Жаугершілік кезінде елді жау шапқанда атқаратын әр жұмыстың алдында осы үш бидің ақылдасқан шешімі ескерілген. Әбілқайыр ханның тұсында үшеуі де болды. Үш би шешендігімен бірінен бірі асып түскен. Үшеуі сол кездің заңы болған «Жеті жарғыны» шығаруға қатысқан. Төле бидей төре жоқ, төрелігін айтқан, қаз дауысты Қазбек би екі жақты мәмілеге келтірген, от ауызды, орақ тілді Әйтеке би шешімін айтқан. Үшеуі бір бірінен асып кетпеген. Үшеуі бір бауырдай, ағалы-інідей бір сөзге тоқтап, ортақ шешім шығарған. Әйтеке би 73 жасында қайтқан. Оның жатқан жері Самарқандтан 100 шақырым. «Сейітқұл бабаның қасында жатыр» деген сөз – жалған аңыз. Оның жаназасын шығарған адам жоқ. 1648 жылы туылған, дүниеге «Қыз бибі» деген ауылда келген. Еркін өскен. Атасынан әскери айла-тәсілдерді ерте үйренген. Діни білім алған, 18 жасында Кіші жүздің ру тайпаларының басын қосып, сол кезде-ақ би атанған. Жасынан жылқы малын жақсы көріп, ат баптаған.

Қазір ол жатқан жерде ескі қорым бар, кірпіштен төрт құлақ көтерілген, ескі кірпіш пен күмбез көтерілген. Бірақ, ол Әйтеке емес, Әйтекенің басында ағаш тақтай бар. Ол да болар-болмас көрінеді. Тақтай. Ағаш белгі. Ол Әмір Темірді пір тұтқан. Соған зиярат еткен, аян берген, жауға қарсы қолбасшы болған. Әр рудан, әр жүзден би сайлап жатқан кезде Әйтекеге Әмір Темір аян берген: «Сенің орның қорғаушылық емес, сенің орның төрелік» деп. Содан Әйтеке ханның кеңесшісі болған. Хан сарайындағылар «Бұл бізден асып кетеді, ханның орнына хан болады» деп іштарлық танытып, шайына у қосып берген. «Хан сарайында ит қорлықпен өлгенше, елге жетіп, пірім Әмір Темірдің қасына жетіп өлейін» деп хан сарайынан ренішпен жалғыз жол жүріп кеткен. Сол жолда келе жатқанда сырқаты күшейіп, ақыры жүрегі тоқтаған. Кейінгі ұрпақтары «Ел жұртқа күлкі болмасын» деп, «бабасы Сейітқұлдың аяғына қойылды» деген сөз жіберген, сүйегін таппаған. Әйтеке бидің басы деп алған бас сүйектері Сейітқұлдың Майлыбас есімді кеңесшісінің сүйегі. Бұл үлкен қорымда жатқандардың көбісі баба нөкерлері. Нәсіп етсе, Алладан  ұрықсат болса, жол ашылса, бабаның басын іздеп табу, оны көтеру ұрпаққа аманат болған. Біз күткен арман, тілеген дұға қабыл болып, енді шын бабаларыңның сүйегін табуға Алла нәсіп етсін!

Бұл бір үлкен шешіре, оны халық ауызынан еститіндей адам қалған жоқ. Шежіре Абуллахап ибн Фарабидің қол жазбаларында, еңбектерінде анық жазылған. Нұратада бір зындан бар, сонда теріге оралған үш кітап бар парсы тілінде жазылған, ескі жұқа кітап. Жау шапқанда жаудан жасырынар үңгір бар қалқаланған. Кітап сонда кейінгі ұрпаққа өсиет ретінде тығып қалдырылған. Қоймадағы кітаптың қасында Құран кітаптары бар, сол жерде отырып шам жарығымен Фараби жазған. Алла нәсіп етсе, басымызға келгенде аянменен жол көрсетіледі. Шындықтың беті ашылатын уақыт келді. Ол жерде Төле мен Қазыбекке қатысты да деректер бар. Өзің естіген аян дауыс 73 деген періште дауысы. Сасық бидің ауылындағы өткен тойға Әйтеке барған. Сонда Әйтеке бар.

Хан сарайынан «Ат құйрығын кестім» деп кеткеннен кейін он жыл көлемінде алыстан хабар алып отырғанымен, ол ешкіммен кездеспеген. Қалмақтар ұлы жүзді қырғанда ол Төле бидің жер құшақтап зарлаған ащы дауысын естіген. Қазіргі айтылып жүргендер, ол бергілердің қосып жазған деректері Жоңғарлар соғысы кезіндегі. Әйтеке Күлтөбеде жиылыста болған, сол кезде оның сөзіне құлақ аспады, бір тоқтамға келе алмай, билер ханға жалпақтап Тәукені хан сайлады. Содан кейін Әйтеке бұлардан қол үзді. Жиында Әз Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қабылданған. Сол кезде пірлік те сайланған. Әйтеке сайысқа қосып, үш жүздің пірі атанған Мүсірәліге кіші жүздің өзінде бақталастық болған. Хан сарайында өткен мәжілісте Әйтекенің айтқан сөзін елемей, пікірін тыңдамай, бақталастары ханға ол айтқан сөзді басқаша жеткізіп, ханды оған қарсы қойған. Үш жүзді бірігуге, ынтымаққа  шақырған Әйтекенің сөзі дұрыс жетпеген. Бақталастық сол кезде басталған. Осылайша, басы бірікпеген қазақтарды дұшпандары жоңғарлар оңай жеңді. Бұл соғысқа Әйтеке өз көмегін бермеген. Қазақ қырылып қалды.

«Сенікі, менікі» деп бөлетін түк те жоқ, барлығымыз бір әке, бір анадан жаралғанбыз. Бәріміз мұсылман қазақпыз. Бар нәрсе ата тегімізге байланысты. Өмірлерің ұзақ болсын десеңдер, ата тектеріңді ұмытпаңдар. Жоқтаушы да, іздеуші де сендер. Бізде тылсым дәні мықты болған. Нәзік бір тылсым дүние біздің жан дүниемізге құйып, соны сездіріп үлгеріп қалатын. Біз хабарды сол тылсыммен анық алатынбыз».

Әбіш Кекілбаев та «…Туған жылы белгісіз. Өлген жылы белгісіз. Жатқан жері белгісіз. Белгілісі: Алаш ішінде Алшыннан, Алшын ішінде Әлімнен, Әлім ішінде Төртқарадан, Төртқараның Қарашы, Қараштың Сейітқұлы» («Егеменді Қазақстан», 23.11.1991) деп жазумен шектелді.

Өлген тірілмейді, өшкен жанбайды. Өлген соң жаназасы тіріге аманат, аманатты орындау тіріге парыз…

Иә, әулие адамдар өзі өлместен бұрын жататын жерлерін алдын ала көріп біледі. Аттарынан ат үркетін әулиелер ақыретке дейін Алланың аманатын орындайтын рухты достары болған соң, олар Жаратушыдан дұшпан елдерге айбат болар өз елдерінің шекараларында, не діннің шапағат нұры төгіліп өріс алар жерлерді біліп, сүйектерінің сондай жерде қалуын сұрап ала білгендер. Бүгінде мүрделері біздің елде қалған, кезінде пайғамбардың жанында қолдаушы болған 4 мың сахабаның қазақ жерінде жатуы осындай сұраныстан болғанын ілімгерлер ғана біледі. Бәлкім, Пір Мүсірәлінің Баба Түкті Шашты Әзиздің жанынан жай табуы келешек бұл жер үлкен рухани орталық болатын жер екенін білген шығар…

Мен соңғы жиырма жылдың көлемінде Мүсірәлі туралы айтумен, жазумен келемін. 2012 жылы 21 наурызда «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Пір» атты мақаламнан бұрын, 2000 жылы «Қазақ елі» газетінде «Бас мешітке Мүсірәлінің, Астанадағы мешітке Ғылманидың есімдері берілсе…» деген тақырыппен мақала жазып, пірге ел назарын аударғанмын.  Сол жылы осы мақалаға орай «Түркістан», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» және «Егемен Қазақстан» газеттері беттерінде «Жақсының өзі өлсе де, аты өлмейді», «Алғашқы дінбасы», «Пір тұтып, қол тапсырған талай адам…», «Сыннан сүрінбей өткен шәкірт», «Киелі пір иесі», «Тәуке ханды тәнті еткен Мүсірәлі», «Пір болғанды қор қылмайық», «Жеті өлікке жан бітірген», «Бас мешітке Мүсірәлінің есімі берілсе… », «Орынды ұсыныс орындалса…» атты тақырыптармен бірсыпыра қуаттаған мақалалар да жарық көрді. Осы мақалалардың басын біріктіріп, Құрманғали Ашанов деген кәсіпкер азамат сол кездегі Ұлттық Ғылым Академиясы жанындағы Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, академик Манаш Қозыбаевтың «Пірге құрмет – елге құрмет» деген тақырыптағы алғы сөзімен «Мүсірәлі абыз»  атты кітапша да шығарып берді. Бірақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы қалың бұқара қуаттаған бұл мәселеге әлі күнге назар аударған емес. Бұл ұжымда Пір Мүсірәліні дін ғұламасы ретінде тұлға тұтар дін жанашыры болмады. Қазақ тарихында сайланған жалғыз пір осы Мүсірәлі ғана. Пір – дін ғұламасы,  дін абызы. Қазіргі елдегі  дерт – дінімізде сауатты ілім иелері, дін қайраткерлері мен зиялылары жетілмей жатыр. Ол кездегі молдалар мол білім иесі болса, қазіргі молдалар жаназамен жан бағып жүргендер ғана болып отыр. Әйтпесе, Алматыдағы Орталық мешітке пірдің аты сұранып-ақ тұрған жоқ па?!

Мүсірәлі жайлы мен келтірген бұл деректер бүгінге дейінгі жарық көрген Қазақ энциклопедиясының бәрінде бар. Бірақ, осыдан хабардар болса да, не Үкімет, не Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Мүсірәлі пірді елеусіз қалдырады.

Рас, қазір Қызылорда қаласында салынған бір мешітке пірдің есімі берілді. Оның да басы-қасында болдым. Қайбір жылы Қызылорда қаласында бой көтерген Тұран жолбарысы Жалаңтөс Баһадүрдің биіктігі 11,5 метрлік келісті ескерткішінің ашылу рәсіміне қатыстым. Ескерткішке сол кезде «Мәдени мұра» бағдарламасынан 59 млн теңге бөлінгені де есімде. Сол рәсімдегі дастархан басында, Жалаңтас баһадүрдің ұрпағы, Әйтеке бимен қатар ғұмыр кешкен, қазақ тарихында өзіндік орны бар, Пір Мүсірәлінің есімі ел назарынан тыс қалып қойғанын ұрпақтарына жеткізіп әңгіме қозғадым. Сол әңгіменің соңы – облыстағы аяулы азаматтың бірі, Мүсірәлінің тікелей ұрпағы, өткен жылы өмірден озған Сәмид Далдабаевтың жетекшілігімен арнайы қор құрылып, сол дүмпумен осы мешіт салынды. Мешіт құрылысының басталу, ашылу салтанатына да қатынастым. Қазіргі ойым, Пірдің өмірден өткеніне 300 жыл толуына орай осы қордың жұмысын республикалық қайырымдылық қоры етіп қайта құрса, бұған Үкімет қолдау көрсетсе, үлкен шаруалар атқаруға болатын сияқты…

Мақала жазылар алдында әулие Баба Түкті Шашты Әзизге зиярат жасап қайтуға тура келді. Бұрыннан білетінім, 1929 жылға дейін әулиенің сүйегінің жанына алдымен Түкті Қиял, содан соң бірінші шырақшысы Маңғыт Мұнай сопы, соңынан Мүсірәлі пірдің қойылғандығы еді. Түкті Қиял туралы дерек 1332 жылы Сырдағы қоңырат еліне жау шапқанда жұртта қалып қойған бесіктегі баланы көл жиегінде жатқан жерінен тауып алған Баба Түкті Шашты Әзиз: «Алланың маған қиялдан берген баласы ғой», – деп сәбидің атын Түкті Қиял қойып өсірген. Түкті Қиял 1350 жылы маңғыттың қажырлы бай адамының қызына үйленіп, одан 1354 жылы Едіге батыр туылады. Қалған екі адамның жайы түсінікті ғой. Ал, 1929-1945 жылдар аралығында Баба Түкті Шашты Әзиз әулие кесенесі төрт рет бұзылып, төрт рет қайта жөнделген. Соңғы 2008 жылы болған күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілген кезде Мүсірәлі пірдің сүйегі аяқ асты болып, бұрынғы бар белгіден ештеңе қалмай қалыпты. 

Осыны байқаған пірдің ұрпақтары кесенеден біршама тысқары мидай ашық жерге тас белгі қойыпты. Тасқа былай деп жазылыпты:

«Құдайдың құлы
Жәдікұлы Мүсірәлі Сопы Әзиз баба
Мұхаммедтің үмбеті,
Шадиярдың досы
Алты Алаштың пірі
ХVІІ ғасыр 1639 ж. – ХVІІІ ғасыр 1721 ж.».
Одан әрі:
«Әмірімен Алланың,
Жеті жасар баланы
Әйтеке би тапқанын
Жария етіп алады.
Сайыстырып пірлерді,
Ең мықтысын табады.
Жеті өлікке жан беріп,
Мүсірәлі сопы әзіз
Таңдандырып ел-жұртты
Үш жүзге пір болады…
Белгі қоюшы ұрпақтары: Әнуар, Бақытбек, Серікбол, Кенжебек».

Зерттеп сұрастырсам, тасты қоюға бас-көз болған есті азамат Кенжебек те марқұм болып кетіпті. Жазудағы дерек қателіктері болғанымен, белгі қоюшылардың тірлігіне ішім жылыды. Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесінен жарты шақырым қашықтыққа қойғандары да мақұл болған. Бұл жерде су жеткілікті. Енді осы тас қойылған жерге Шашты Әзиз жанында жатқан сүйегін жеткізсе, екі баба арасындағы аралық жерді гүлзарлап көмкеріп қоюға болады. Бұл Баба Түкті Шашты Әзизге зияратқа келгендерге қазақтың тұңғыш пірі Мүсірәліге де өз дұғаларын бағыштауға мүмкіндік берер еді. 

Тағы бір ой, Қызылордадағы мешіті ашылар кезде, Мүсірәлінің ұрпақтары Үкімет келісімін алып, облыс орталығына қойылар ескерткішке байқау жариялап жібергендерін айтқан болатын. Бірақ, бастама аяғы құрдымға кеткен тәрізді. Осы бастаманы қайта тірілту керек. Менің айтпағым, Пір Мүсірәлі Кіші жүздің ғана емес, берісі қазақтың, арысы Алты алаштың абыройы. Аяқсыз қалған осы ескерткіш түптің түбі тұрғызылар болса, оны пірдің сүйегі жатқан осы кесене маңына қоюға да болады. Бұл пірге ескерткіш қою базбіреулер айтып жүргендей, тасқа табыну емес, тарихтан тарихқа жетер таспен жазылған шежіре болмақ. Әр ескерткіш – тарих, ал тарихты жасайтын осындай кесек тұлғалар. Әлемдегі тарихи ескерткіштердің барлығы өткен тарихтың хабаршысы болып тұр. Ислам діні де адамзат баласына өз тарихын ұмытпауды үйретеді. Пірімізге кесене салынып, алдына ескерткіші қойылып жатса, елге абырой болумен бірге, ел тарихын шегелеу, елдің жаңа тарихын жазып жатқан тарихшыларға сенімді дерек болар еді.  

Иә, осы мақаламен еліміздің алғашқы Үкімет басы болған Пір Мүсірәлінің өз кезінде қандай қызмет атқарғанын, қандай тұлға болғандығын там-тұмдап жеткізген болдым. Бүгінде елімізде мәуесі қырқылғанымен, тамыры үзілмеген дінге Мүсірәлі пірдің өз кезінде қалай жанашырлық жасағаны өзі алғаш негізін құрған Үкіметке ой салар. Менің Үкіметке айтарым, мақаланың өн бойында айтылған осы ұсыныстарды таразылай отырып, оны іске асыруға бас-көз болумен қатар, өмірден өткеніне 300 жыл толуына байланысты республика, облыс көлемінде жүзеге асатын ауқымды шараларды белгілеп, мешіттерге, жоғары оқу орындарына, елді мекендерге, мектептерге, көшелерге Мүсірәлінің есімін беру шаралары мұқиятталса.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» дейінгі Қытай, Орта Азия мен Қазақ елінің арасындағы қатынасқа байланысты сол елдердің мұрағаттарында  жазба құжаттар сақталғанын біліп отырмыз. Сол құжаттарға қол жетсе, көп нәрсеге көзіміз ашылар еді. Бұл құжаттар Пір сайлауы алдындағы бізге көмескі болып келген еліміздің тарихын жеткізер еді.

Кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Жалаңтөс баһадүрдің ескерткішін орнатуға 59 млн қаржы бөлген Үкімет Пір Мүсірәліге де сол жобамен қаржы қарастырып, жатқан жеріне ескерткіш белгісін қойып жатса, Жаңатас қаласы мен Созақтың ортасында тұрған Баба Түкті Шашты Әзизге тұрғызылған кесенемен астасып, үлкен рухани кешенге айналар еді. Ал, қазақтың алғашқы Үкімет басы жайлы Үкіметтің өзі ойламағанда кім ойлайды?!

Пір Мүсірәліні халқы, оны басқарып отырған қазіргі Үкіметі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұмытқанымен, атажұрт рухы ұмытпайды… 

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ, ілімгер-жазушы

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here