Екінші тоқсанда 300-ге дейін оқушысы бар мектептер дәстүрлі форматқа ауысады

0
341

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысы өтті. Коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындықты қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі А. Цой, Ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі А. Балаева, Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ. Өскенбаев, сондай-ақ Павлодар облысының әкімі Ә. Сқақов, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек баяндады.

Отырыста жергілікті атқарушы органдар өз жұмысында ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулыларын басшылыққа алатыны атап өтілді. Бұл ретте, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты өңірлердің бас санитарлық дәрігерлері қосымша шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдай алады.

ВАК бірқатар шешім қабылдады:

Мектептегі оқыту бойынша

– екінші тоқсаннан бастап оқушылар саны 300 балаға дейін болатын қала және ауыл мектептерінің жұмысы дәстүрлі форматқа көшірілсін; 

– ата-аналардың өтініші бойынша 1 сыныптан 5 сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейін кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етілсін. Бұл жағдайда санитарлық-дезинфекциялық режимді, маска режимін, шахмат ретімен отырғызу және әлеуметтік ара қашықтықты сақтау міндетті.

Театрлар мен мешіттердің жұмысы бойынша 2020 жылдың 2 қарашасынан бастап рұқсат етілсін:

– 30%-ға дейін толығумен, бірақ залда 100 адамнан асырмай, театрлардың жұмыс істеуіне (әлеуметтік ара қашықтықты, маска режимін, термометрияны, қатаң санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтаумен); 

– жұма намазын қоспағанда, мешіттерде ұжымдық намаз (бес намаз) өткізуге, бірақ залда 100 адамнан асырмай (2 м әлеуметтік ара қашықтықты, маска режимін, термометрияны, қатаң санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтаумен).

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here