Теңбіл допты қашан түзу тебеміз?

0
5482

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында кәсіби спорт клубтарына қазына қоржынынан қыруар қаржыны жұмсаудың қажеті жоқ екенін айтты. Ол бюджеттің миллиардтаған теңгесі тиімсіз жұмсалып жатқанын да тілге тиек етті. Есесіне өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетінің артуына жете назар аудару қажеттігі алға тартылды. Президенттің бұлай деп шешім қабылдауына себеп те жоқ емес. Күні бүгінге дейін мемлекеттің ортақ қазанынан жем жеп келген футбол, хоккей, велоспорт сынды кәсіпқой спорт түрлері қандай жетістіктерге жетті? Өзгесін айтпағанда осы жылдары қазақ футболының бағы қаншалықты жанды? Теңбіл доп төңірегінде әлеуметтің арасында әрқилы әңгімелердің өрбуіне басты себеп не?

Осыдан 18 жыл бұрын Қазақстан футболы ФИФА-дан УЕФА-ға ауысты. Түсінікті тілмен тәпсірлегенде, азиялық футбол ұйымынан еуропалық ұйымның мүшелігіне өтті. Бұл кезінде тәуелсіздік жылдарында яки қазақ футболы тарихында қол жеткен қомақты табыстардың бірі ретінде бағаланды. Жиырма жылға жуық уақыт аралығында аталған спорт түрінің көсегесі қаншалықты көгере қойды? Көпшіліктің көкейіндегі бұл сауалға жауапты осы жылдар аралығындағы нәтижелермен бағамдасақ болатындай.

Футболдан отандық құрама Еуропадағы аутсайдер ұжымдардың бірі. Бұған себеп те жоқ емес. Қазақстан бірде-бір әлемдік және құрлықтық чемпионаттардың финалдық турнирлеріне қатыспады. Жаһандық додаларда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізе алмады. Ресми деректер де мұны айғақтайды. Жуырда Халықаралық футбол федерациясы құрама командалардың жаңартылған рейтингін жариялады. Бұл тізімде Қазақстан 118-орынға табан тіреп, алдыңғы көрсеткішін сақтап қалды. Десе де, спорт сарапшылары аталған рейтингтің нәтижесімен келіспейтін сыңайлы. Мамандар отандық футболдың деңгейі 94-орындағы Вьетнам, 96-орындағы Қырғызстан немесе 103-орындағы Палестина сынды мемлекеттерден төмен екендігіне күмәнді.

2002 жылы Қазақстанның УЕФА құрамына енуін көпшілік екіұдай қабылдады. Футболдың «жілігін шағып, майын ішкендер» қазақстандық ойыншылардың жоғары нәтижелерге жуырда қол жеткізе алмайтынын айқын аңғарса, оптимистік көзқарастағы жандар отандық құраманың алғашқы аяқ алысын көңіл көншітерлік деп бағалады. Мамандар УЕФА-ға кірген қазақстандық футболдың кәрі құрлықтағыдай ілкімді дамуын күткенін де жоққа шығаруға болмайды. Атап айтқанда, олардың қатарында көпшілік футболдың қаржыландыру механизмі, менеджмент, маркетинг, ойыншыларды дайындау және жасақтау жүйесі, клубтардың жұмысын үйлестіру сияқты шаралар бар.

Еуропалық футбол деген не? Бұл өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған, қыруар пайда табатын біртұтас жүйе. Ол мемлекеттің қаржысына тәуелді емес. Телекөрсетілімге құқық беру, жарнама, билеттер мен абонементтерді сату сияқты табыстар арқылы-ақ еуропалық футболдың керегесі кеңейіп отыр. Сәйкесінше Англия, Испания, Германия сынды Еуроодақ елдеріндегі аяқ доп шеберлерінің табысының қомақты болуына ешкім дау тудырмайды. Алатын айлығын ешкім санамайды. Қалтасындағы қаржысына ешкім үңілмейді. Нәтиже жақсы, көрсеткіш жоғары.

Ал, қазақстандық футболдың бұл тараптағы ахуалы қандай? Осы жылдар аралығында бұл сала еуропалық үлгіге жақындай алды ма? Өкінішке қарай, жоқ. Бүгінде қазақстандық клубтар мемлекеттен бөлінген қаржыға тәуелділіктен арыла алмай келеді. Нақты деректер де бұл сөзімізді жоққа шығармайды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенер болсақ, соңғы екі жылда жергілікті бюджеттерден 250 миллиардтан астам теңге спортқа бөлінген. Оның ішінде футболға берілген қазына қаржысының көлемі қомақты. Мәселен, 2019 жылы спорт клубтарына бөлінген 121 миллиардтың 34 миллиарды, биылғы 131 миллиардтың 37 миллиардын облыстардағы футбол командалары қанжығасына байлаған.

Осы орайдағы бір дерек. 1998 жылы қызылордалық «Қайсар» азиялық клубтар арасында үздік атануды мақсат тұтты. Меже жаман емес. Ол үшін Қазақстан Республикасы Кубогында немесе ел чемпионатында топ жару қажет болатын. Осы мақсатта ұлттық құрамадағы ойыншыларды командаға тарту қолға алынды. Сол жылы «Қайсардың» жылдық бюджеті бір миллион АҚШ долларына жуықтады. Бұл сома сол жылдары рекордтық көрсеткіш болатын. Ал, өткен жылы командаға бөлінген қаржы көлемі 8 миллион АҚШ долларын құрады.

УЕФА құрамына кірген уақыттан бері отандық клубтарды ұстауға жұмсалатын қаржы жыл сайын артпаса кеміген жоқ. Еліміздің өзге облыстарындағы ахуал да осы деңгейде. Ал, бюджет арқылы қаржыландыру тоқтаған павлодарлық «Ертіс» клубының ғұмыры ұзаққа созылмады. Жыл басында қазына қаражатынан қағылған команда ақыр аяғында тарап тынды. Бұның өзі біраз мәселені айғақтап тұрғандай. Бүгінде алматылық «Қайрат» қана жекенің иелігінде. Маркетинг жағынан оңтайлы жұмыс істейтін де, бюджеттен көп ақша алмайтын да осы клуб. Хош.

Мемлекет қоржынынан қай клуб қанша ақша алып отырғаны жайындағы ақпаратты жақында «Goalkz.kz» сайты жариялады. Бұл орайдағы тізімді Шымкенттің «Ордабасысы» бастап тұр. Қаржы көлемі 6 миллиард 250 миллион теңге. Екінші орынды 4 миллиард теңгемен қызылордалық «Қайсар» иемденсе, үшінші орында бюджеті 3 миллиард 250 миллион теңгені құраған Қостанайдың «Тобыл» командасы. Бөлінген қаржының басым бөлігі футболшылардың жалақысы мен легионерлердің жағдайын жасауға жұмсалады. Атап айтқанда, футболдан премьер-лигада баптары мен бақтарын сынайтын команда сапындағы ойыншыларға жалақы төлеуге жыл сайын 33,5 миллиард теңге жұмсалған көрінеді.

«Transfermarkt» порталының 2019 жылғы ақпаратына сүйенер болсақ, қазақстандық біріншіліктегі үздік футболшылар қатарындағы Марин Томасовтың трансферлік құны 3,5 миллион евроны құраған. Сонымен қатар, бұл тізімде 3,2 миллион евромен Адеринсола Эсеола, 2,5 миллион евромен Дмитрий Шомко, 2,5 миллион евромен Роман Муртазаев, 2,2 миллион евромен Дорин Ротариу тұр. Осы орайда айта кетейік, трансферлік құн мен футболшының жалақысы екі түрлі ұғым. Алайда, еңбекақы трансферлік құнға тікелей байланысты. Теңбіл допты түзу тебетін футболшының трансферлік құны жоғары болып, сәйкесінше жалақысы да көп болады.

Қазынадан қап-қап қаржы бөлінсе де, көпшіліктің көңілінен шығатындай ойын өрнегін көрсете алмаған қазақ футболына түбегейлі реформа қажет екендігі айқын аңғарылады. УЕФА-ның яки еуропалық футболдың оңтайлы жағын, тиімді тәсілдерін жете меңгерген абзал.

Сарапшылар қазына қаржысынан қағылса клубтар жабылып қалуы мүмкін екендігін алға тартады. Сәйкесінше, ел біріншілігіндегі командалар саны кемімек. Аяқ допты кәсіп еткен футболшылар мен елдегі легионерлер азаймақ. Бұл ұлттық құраманың ойын сапасына да әсерін тигізеді деп пайымдайды мамандар. Есесіне, балалар мен жасөспірімдер футболының көсегесі көгеріп, жастарды тәрбиелейтін футбол мектептері дамымақ.

Бұл – уақыт еншісіндегі іс.

Жандар АСАН, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here