Жас ғалымдар «Tracker COV|KZ» Android-қосымшасын әзірлеп шығарды

0
339

Бүгінде бүкіл әлем COVID-19 пандемиясымен күресуде, Қазақстанда қауіпті инфекцияның екінші толқынының алдын алу үшін арнайы шаралар қабылданып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары да ортақ іске өз үлестерін қосуда.

Дүниежүзілік пандемия тез диагноз қоюдың және уақытылы медициналық көмекке жүгінудің шұғыл қажеттілігін аңғартты. Бұл ғалымдар мен новаторлардың диагностиканың жаңа заманауи жүйелерін, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдану жүйесін құру жөніндегі қызметін жандандырды. Еліміздің жетекші жоғары оқу орнында жас ғалымдар мен IT-мамандары адамдарға коронавирус симптомдарын өз бетінше бақылауға және дер кезінде медициналық көмекке жүгінуге мүмкіндік беретін «Tracker COV|KZ» Android-қосымшасын жасап шығарды.

«Бүгінде бізді пандемияның екінші толқынына байланысты көңілге селкеу келтіретін болжамдар алаңдатуда. Біздің әзірлемеміздің мақсаты – қолданушыларды мобильді қосымшаның көмегімен денсаулығын бақылауға және коронавирустық инфекцияның алғашқы белгілері пайда болған кезде уақытылы медициналық көмекке жүгінуге үйрету. Бұл өте маңызды, өйткені уақыт факторы аурудың ағымына және емдеу тиімділігіне тікелей әсер етеді», – деп атап өтті ҚазҰУ-дың деректерді талдау және өңдеу орталығының инженері Сәуле Төреқұл.

Әзірлеушілер түсіндіргендей, құрылғы қосымшасы вирусты дәл диагностикалайтын әдістеме емес және медициналық қорытынды жасамайды, ол дертке тән белгілердің жиынтығына қарай көмекке жүгіну қажеттілігі туралы ұсыныс береді. Мобильді қосымша динамикалық сауалнама жүйесін қамтиды және оның қорытындысы бойынша коронавирус белгілерінің бары туралы егжей-тегжейлі есеп алуға болады. Сондай-ақ, бұл нәтижелерді медициналық мекемеге немесе дәрігерге жіберуге мүмкіндік береді. Және қосымшада Қазақстандағы COVID-19 жағдайы туралы өзекті статистиканы бақылауға болады. Қазір ол – қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді, сондай-ақ OIS үшін де ағылшын тіліндегі нұсқаларын жасау жоспарлануда. Android қосымшасын ұялы құрылғыға Play Market-тен жүктеп алуға мүмкіндік бар.

ҚазҰУ-дың деректерді талдау және өңдеу орталығында куәландырғандай, «Tracker COV|KZ» жетілдіру бойынша жұмыс жалғастырылады және пайдаланушылардың ұсыныстары ескеріле отырып, өзгерістер енгізу жоспарлануда.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here