Шайдолла Шолақов: «Біз Балуан Шолақтың кенже ұлының ұрпағымыз»

0
7504

Бір басында бірнеше өнері болған талант иесі Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлы (1864–1919) ерен қабілетімен жұрт көзіне ерте түсті. Әуелде қара күшімен, белдесіп күресудегі шеберлігімен танылды. Сосын ән шырқауға құмарлығын көрсетті. Одан салдық құрып, ел аралады. Қасына қилы өнер дарыған талантты жастарды жинады. Сөйтіп, әнші, күйші, балуандар тобымен ауылдан ауылға ауысып, сауық-сайран жасап жүруді дәстүрге айналдырды. Яғни, қазақтың сал-серілер дәстүрін жалғастырды. Оның күреске он төрт жасынан түсіп, небір алып қарсыластарын жығып жүргенін, шауып келе жатқан жүйрік ат үстінде шалқалап жататынын немесе аяғын көкке көтеріп төбесімен тұрған қалпы шабатынын, жүйткіген аттың біресе оң жағынан, біресе сол жағынан жерге түсіп, қайта мінетінін, ат бауырынан жеңіл айналып өтетінін жұрт тамсана әңгімелейтін. Оның цирк өнеріне тән спортшылық ептілікті шебер игергендігімен қоса, бойындағы күштің жойқындығын неше түрлі амал-тәсілмен көрсететіні, елу бір пұт кір тасын көтергені, орыстың әйгілі кәсіби балуаны Кореньді (өз айтуында – Каронды) жығуы мысал етілетін. Ол Көкшенің дүлдүлдері Біржан сал мен Ақан серіні ұстаз тұтты. Олардың әндерін нақышына келтіре орындады. Өзі де өлең, ән шығарып, әуелете шырқады. Оның даңқы Көкшетау өңірінен асып, Алты Алашқа тарады. Шартарапта барша жұрт оны құрметтеп қарсы алып, төбесіне көтерді. Өнеріне сүйсінді. Көргендерін, естіген-білгендерін аңыз етіп айтып,  ауыздан ауызға жеткізді. Сөйтіп, ол көзі тірісінде-ақ аңыз адамға айналды. Сол аңыз адамның немересі Шайдолла Құдайбергенұлы Шолақовтың ашық әңгімесін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Шайдолла Құдайбергенұлы, Сізді қазаққа аты мәшһүр Балуан Шолақтың немересі ретінде танимыз. Дегенмен, «Qazaq» газетінің оқырмандарына Өзіңіз жайлы аз-кем айтып өтсеңіз…

– Мен Ақмола облысының Бұланды ауданындағы Тастыөзек ауылында дүниеге келдім. Сол ауылдан шамамен бес шақырымдай жерде халыққа Балуан Шолақ атымен танылған атам Нұрмағамбет Баймырзаұлы жерленген. Ол жерде атамның ескерткіші де орнатылған. Қазіргі Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясының түлегімін. Алғашқы мамандығым – оқытушы. Жоғары партия мектебін де аяқтадым. Кейіннен заңгер мамандығын алып шықтым. Бастапқыда дене шынықтыру пәнінен сабақ бердім, мемлекеттік қызметте де жұмыс атқардым. Бұланды ауданының орталығы – Макинск қаласының әкімі болғанымды естіген боларсыз.

Қазір отбасыммен Нұр-Сұлтанда тұрамын. Биыл күзде 60 жасқа толдыыым. Ұлымның есімін атасының құрметіне Нұрмағамбет қойдым.

– Балуан Шолақтың басқа ұрпақтарымен қарым-қатынасыңыз қалай?

– Мен көп балалы отбасында дүниеге келгенмін. Әулетімізде 14 ағайынды едік, қазір алтауымыз қалдық. Үлкен ағам Хайролла – зейнеткер. Туған жерімізде тұрады. Үлкен әпкем Айбат – Кенесары ауылының тұрғыны. Әпкем өзінің ұлы Мұратпен бірге қамқорлыққа алған 12 баланы тәрбиелеп, игі іс жасап отыр. Қамидолла мен Есенбай ағаларым жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ал, қарындасым Асыл – есепші.

Біз Балуан Шолақтың кенже ұлы Құдайбергеннің ұрпағымыз. Әкемнің Исажар есімді ағасы және Бәтен есімді әпкесі болған. Шүкір, біз сол кісілердің ұрпақтарымен жақсы қарым-қатынастамыз.

Әкемнің ағасын «Ұлт-азаттық көтерілістерге қатысып, ел ішіне бүлік салды» деп сол кезеңдегі билік өкілдері қудалаған екен. Ол кісі сол тартыстан қаза тапқан. Оның ұрпақтары Көкшетауда тұрады. Ал, Бәтен апамыз да қайсарлығымен, ерге тән мінезімен  және  әншілігімен елге танылыпты.  Бұл  күнде  Бәтен  апаның  ұлы  Нәбидің  өзі  сексеннен  асты. Макинскте тұрады.

– Балуанның ұлы Сіздерді қалай тәрбиеледі? Жалпы, әкеңіз жайлы білгіміз келеді…

– Біздің бойымызға қазақ халқының ежелден қалыптасқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын әбден сіңіріп өсірді. Әкем бала тәрбиесінде өте қатал болды. Жаман әдеттерден аулақ өскеніміз сондықтан шығар. Әр жаз сайын әкем мені және қос бауырымды еңбекке баулитын. Жазда жұмыс көп болғандықтан ауыр жұмыстарға ысылып өстік. Біз қыстың жем-шөбін өзіміз дайындайтынбыз.

Бірде, шөп шауып, үйге келе жатқанымызда арбаның алдыңғы дөңгелегі алысқа домалап кетіп, жолда қалдық. Сонда әкем ауыр шөп артылған арбаны жалғыз өзі көтеріп тұрды, біз дөңгелегін салдық. 72 жаста болса да әкемнің бірнеше адам қиналып көтеретін жүкті оп-оңай көтергеніне таң қалғаным әлі есімде.

Бала кезімізде үйге келген қонақтардан атамыз жайлы аңызға айналып кеткен оқиғаларды жиі еститінбіз. Ертегі тыңдап отырғандай күй кешсек те, атамыздың сондай тұлға болғанына күмән келтірген емеспіз.

Балуан Шолақтың немересі болудың үлкен жауапкершілік екенін ер жеткенде ғана сезіне бастадым. Сондықтан, жүріс-тұрысыма ерекше мән беретін болдым. Балуан Шолақ атамның атына кір келтірмеуді ойладым. Біздер ұлы тұлғаның лайықты ұрпағы болуға тырыстық. Еңсемізді тік ұстап, адал болуды көкседік.  

– Аталарыңыздың әйгілі балуан болғандығын бала кезден білдіңіздер ме?

– Балалық шақта атамыздың қандай тұлға екенін толық түсінбесек те, Балуан Шолақ есімі халыққа өте жақын болғанын білетінбіз. Өйткені, ел арасындағы атамыз жайлы естеліктерге сан жетпейді.

Біздің отбасымызда атамның Карон (Иван Корень) есімді балуанды жеңгені жиі айтылатын оқиғаның бірі еді. Оқырманға түсінікті болуы үшін сол оқиғаға қысқаша тоқталсам артық болмас. 1899 жылы 35 жасында атамыз орыс балуаны Каронмен күресіп, оның қабырғасын сындырады және 51 пұт, яғни 816 келі кір тасты көтеріп, жиналған жұртшылықтың ауызын аштырып, таңдайын қақтырады.

Енді қараңыз, Гиннесс рекордтар кітабына енген әлемнің ең мықты адамы 420 келі көтерсе, ал біздің атамыз 816 келіні еңсеріпті. Атамыздың мұндай қара күшке ие болуы тегін адам еместігінің дәлелі. Көз көргендерден естуімізше, атамның арқасында «жылқының жалы» тәрізді құжырайған ерекше дүние болған екен. Яғни, жай адамдардың омыртқасы әлсіз болады ғой, ал атамның омыртқасында ауыр салмаққа былқ етпейтін қатты бұлшық ет болыпты.

– Ел ішінде Балуан Шолақтың Шу өңірінде дүниеге келгені жөнінде болжамдар да бар…

– Иә, көпшілік атамның Шу өңірінде дүниеге келгенін айтып жатады. Керей руынан шыққанын айтатындар да бар. Мұның бәрі қате пікір. Ұлы жүз ішіндегі Дулаттан тарайтын Сәмбет руынанбыз. Арғы аталарымыз Кенесары заманында Шу бойынан Тастыөзекке келіп мекендепті.

– Атаңыз жайлы аңызға бергісіз әңгімелердің ішінде бір байдың күшке көнбейтін қара өгізіне қатысты оқиға көпке таныс. Ол туралы не айтасыз?

– Бұл оқиғаны бала кезімізде жиі еститінбіз. Бірде атамның ауылына өзге ауылдан топ кісі келіп, атамнан көмек сұрапты. Олардың ауылында бір байдың үлкен қара өгізі адамдарға шабуыл жасап, кезіккенді сүзіп, әбден мазаларын қашырған екен. Атам мәселеге қаныққан соң әлгі ауылға барады. Атынан түсіп, киіз үйдің жанына таяғанда атпен бірдей қара өгіз атама шабуыл жасамақ болады. Атам сол өгіздің мүйізінен ұстап, ары-бері ырғап тұрып, құлақ шекесінен ұрыпты. Ешкімнің ырқына көнбеген қара өгіз сол жерде сұлқ түсіпті. Істі тындырған атам түк болмағандай байдың үйіне беттейді. Бай әйгілі балуанды зор құрметпен қарсы алып, бар қошеметін көрсетіпті. Соққының мықтылығы сондай, қара өгіздің бас сүйегі қақ ортасынан бөлініп түсіпті. Содан кейін әлгі бай келген-кеткеннің бәріне атамның ерлігін айтып, таң-тамаша болыпты.

– Балуан Шолақты әнші-сазгер ретінде танытатын «Ғалия» әні жайлы не айтар едіңіз?

– Кез келген шығармашылық адамы сұлулыққа бас иіп, шабыттанады ғой. «Ғалия» да соның жемісі. Атам базарда қымыз сатып тұрған қызды көреді. Бәлкім, өзі іздеген сұлулықтың бір бейнесін көрген болар. Сонда достары: «Ағасы, бұл қыздың қандай ерекшелігі бар?» – деп сұрағанда, атам: «Оның сөз жетпес сұлулығын көру үшін менің көзіммен қарауларың керек», – деген екен. Осылайша, сұлу қызға атам ән арнайды, сол әнмен Ғалия тарихта қалды.

– Сіз атаңыз жайлы аңыздардың бәріне сенесіз бе?

– Бұдан біраз уақыт бұрын болған кез келген оқиға түрлі өзгерістерге түсіп, бізге жетеді ғой. Мұндай өзгерістер болғанымен, оқиғаның желісі сақталатыны анық. Ауыздан ауызға тараған оқиғалардың шын екеніне сенеміз. Кітаптарда да сол оқиғалар бар.

Атам жайлы аңыздардың ішінде Татьяна есімі кездеседі. Естуіміз бойынша, атамның туыстарын еш кінәсі болмаса да тұтқындайды. Сол кезде әділетсіздікке шыдамаған атам қарымта ретінде генерал-губернатордың 16 жастағы қызын алып қашып, Бурабайдағы үңгірлердің бірінде бірнеше күн ұстайды. Осылайша, туыстарын түрмеден шығарып алған атам бұдан былай жазықсыз тұтқындалмайтынын растайтын куәлік талап етіпті. Кейіннен сол үңгірді «Балуан Шолақтың үңгірі» немесе «Ғашықтар үңгірі» деп атап кеткен екен. Жергілікті тұрғындар «Балаларымыз Балуан Шолақтай қайсар болсын» деген ырыммен сонда түнейтін көрінеді. Бірақ, үңгірді бағыттайтын арнайы жолбағдарлар жоқ. Тек жергілікті тұрғындар мен жолсеріктер ғана сол үңгірге апара алады. 

– Балуан Шолаққа қатысты оқиғалардың ішінара ойдан шығарылғандары да бар ма? Ғаламторда қате ақпараттар болуы мүмкін ғой…

– Иә, қазір ақпараттың заманы болған соң кейде атамыз жайлы жалған ақпараттар да кездеседі. Ғаламтордан өгіз көтеріп тұрған ер адамның суретін көзім шалды. Суреттің астына «Балуан Шолақ» деп жазып қойыпты. Ол суреттегі адамның атам емес екені анық. Өйткені, еш ұқсамайды. Сенсеңіз, атамның бірде-бір суреті жоқ. Суреттерін Ресейдің мұрағатынан ғана табуға болады. Ал, атама ұқсатып жасалған образдың бәрі болжаммен жасалған. Атамның шындыққа жақын бейнесі Шу ауданында орналасқан ескерткіш. Ол ескерткіш мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдінің Мадридтен (Испания) алып келген мүсіншеге (статуэтка) қарап жасалды.

Жалпы, бұл мүсіншенің де өз тарихы бар. ІІ-ші Николай атам тұрған облысқа келгенінде жергілікті тұрғындар ұлан-асыр той жасапты. Атам сонда сайысқа қатысып, жеңімпаз атаныпты. Сонда ІІ-ші Николай қолындағы сағатын атама сыйлапты. Ал, патшаның қасында жан-жақтан жиналған, өзге елдерден келген әнші, биші, суретші мен мүсіншілер де болған. Сол мүсіншілердің бірі атамның мүсінін жасайды. Кейіннен ол мүсінше жоғалып кеткен көрінеді. Өмірбек Байгелді Испанияға сапарында ұзақ сақталған заттарды сататын шағын дүкеннен сол мүсіншені тауып алады. Атамның сол мүсіні Өмірбек Байгелдіде сақтаулы тұр.

– Әйгілі балуанның есіміне шолақ сөзінің жалғануына қатысты да даулы пікірлер көп…

– Сөзіңіздің жаны бар. Балуан Шолақтың саусақтары қалай шолақ болғаны жайлы аңыз көп қой. Бірақ, шынға жақыны атам бала кезінде киіз үйде жалғыз қалғанында абайсызда ошаққа құлайды. Қолымен шоқ қармап, екі саусағының ұшы күйіп қалады. Осыған қатысты көптеген даулы пікірлер бар. Дегенмен, пікір көп болған сайын шындық айқындала түседі. Сондықтан ел арасындағы пікірлерге еш қарсылығым жоқ.

– Әулеттеріңізде атасына тартқан әншілер мен балуандар бар ма?

– Әулетімізде спорт шеберлері мен әнге әуес балалар бар. Бірақ, олар атасындай танымал емес. Қазақта «Жеті атадан біреу шығар» деген сөз бар ғой. Әулетімізден тағы бір Балуан Шолақтың шығатынына сеніміміз мол.

Ата-анамның айтуынша, үлкен ағам туғанда ол кісіде атамның рухы болыпты. Яғни, әруақты ұл саналыпты. Ағамның терісі қатты, мығым болғандықтан, жақсыға ырымдаған әке-шешем оны бала кезінен көп жерге апармай, «көз тиеді» деп барынша сақтанған екен. Ағамның денесінің қатты болғаны сондай, жай ғана ұрған кезде үстелді бар күшіңізбен соққандағы дыбыс шығады екен.

Бірде ата-анам ағамды алып қонаққа бармақ болады. Көлік жүргізушісі орыс екен. Сол кісіден баланы ұстай тұруын өтінгенде жүргізуші таң қалыпты. Ағам сәби кезінің өзінде ауыр болыпты. Сол оқиғадан соң ағам ауырып қалып, ата-анам «көз тиді» деп топшылаған көрінеді. Әрине, ағам Құдайдың қалауымен аман қалады. Бірақ, денесінде дақтар қалып, мүлде жеңілдеп, қарапайым балалар сынды күйге түсіпті. 

– Әнші-сазгер, ақын, балуан… Осылардың бәрі Сіздің атаңызға қатысты анықтамалар. Немересі ретінде атаңыздың портретін қалай бейнелер едіңіз?

– Мен үшін атам алдымен әділдік үшін күрескен жан. Қастандықтан арашалаушы қайсар тұлға. Ол өзінен кейінгі талантты жастарға қанат байлап, көрген-түйгенін, өнегесін үйреткен кеңпейіл адам. Тіршілігінде байлық жинамаған. Қолында тұрған дүниені қажетсінген жандарға үлестіріп берген қолы ашық, жомарт жан. Халық жанашыры. Елін шын сүйгендіктен халқы да атамды ерекше құрмет тұтқан.

– Балуан Шолақ мұрасын қайта қалпына келтіріп, олқылықтың  орнын  толтыру ойларыңызда болды ма?

– Әкем бізге: «Балуан Шолақ есімін жаңғыртамын деп әуре болмаңдар. Қолда бардың қадірін біліңдер. Оның есімінің өзі – тарих. Аталарыңды халқы-ақ көкке көтереді», – деп жиі айтатын. Шынымен солай болды ғой. Ескерткіштер, көшелер… бәрі-бәрі осы сөзіме дәлел. Алматыдағы спорт сарайына атамның есімі берілгенде қатты қуандық. Дегенмен, Балуан Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайының алдында атамның ескерткіші орнатылса жөн болар еді…

– Балуан Шолақтың барлық шығармалары бүгінге толықтай жетті ме?

– Туындыларының көпшілігі сақталды деуге болады. Мәселен, Серік Оспановтың «Балуан Шолақ» атты кітабына атамның бүкіл әнін енгіздік. Бұл кітапта бұрын еш жерде жарияланбаған тың туындылар да бар. Менің ағам-әпкем орындап жүрген әндер де көпшілікке мәлім емес. Ал, кейбір әндері елге тарағаны соншалықты халық әніне айналып кеткен. Бейбіт заманда атамның туындыларын қайта жаңғырту керек секілді.

Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» атты кітабында шындық анық көрініс табады. Атам жайлы Естай Мырзахметов, Жайық Бектұров, Тұрсынбек Кәкішев, Әшімбек Бектасов, Арғынбай Бекбосынов сынды қарымды қаламгерлер жазды.

Өзімде атамның бүкіл әні жазылған диск сақтаулы тұр. Қазір Балуан Шолақты алғаш зерттеген нағашы жағынан туысы Марат Нәбиевтің жетекшілігімен үш томдық кітап баспаға дайындалып жатыр.

– Шайдолла Құдайбергенұлы, ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Әңгімелескен: Әлия ІҢКӘРБЕК, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here