Абай әлемі және бүгінгі заман

0
746

Ұлы ақын, хакім Абай шығармалары өзі тірліктен өткен соң ғасырдан астам уақыт бойы халықпен бірге жасап, оның рухани азығына айналып келді. Әлі де мәңгілікке жол тарта бермек. Оның себебі не, оның себебі сол ақын шығармалары біріншіден шынайы талантпен суғарылған, екіншіден шынайы поэзия биіктігіне көтерілген, үшіншіден ақын не жазса да өзі өмір сүріп отырған қоғамның ақиқатын анық таныды, нақ суреттей берді. Бір сөзбен айтқанда ақын өзі тірлік кешкен заманның көркем көрінісін жасады. Абай туындылары өткен ғасырдағы халық өмірінің тұтас бір дәуірі саналады. Өйткені, хакім Абай өлеңді өзі айтқандай ермек үшін жазбады. Жазудағы мақсат айқын, бағдар дұрыс.

Замана шындығы ақын шығармаларының алтын арқауына айналды. Алланың адамзатты махаббатпен жаратқанын да жәй айтып қана қоймай, өзінің осы саладағы асыл ойларын өлеңдері, қара сөздері арқылы дәлелдеп шықты. Махаббат рубаяттары жаңа бағытқа бет алды. Шынайы махаббат жоқ жерде көңіл аспаны да жарқ етпейді екен. Адамның жан дүниесін, көңіл аспанын қара бұлт тұмшалап, пендешілік уайым молыға түскендей. Бұған ақынның «Көзімнің қарасы», «Жарқ етпес қара көңілім», тағы басқа дүниелері дәлел бола алады. 

 Негізі Абайды оқымаған қазақты шын мәнінде толық қанды қазақ деуге келмейді. Сол үшін ақын жырларын ес білген кезден бастап оқыған жөн. Абай дүние сөзін тегіс айтқан ақын ғой. Абайдың бүтін бір поэзиялық дүниесі емес, бір өлеңінің, тіпті сол өлеңнің бір тармағын түсінсең, сол жолда ақынның не демек болғанын тұшынсаң, соның өзі үлкен білімділікке жатады. Айта берсе сөз көп. Ақынның тұтас шығармашылығы емес, бір өлеңінің өзінен неше түрлі ғылыми диссертация жазуға болады.

Міне, дәл бүгінгі шақта Абай әлемі тіптен аспандай түсті.Ұлы ақынның 175 жылдығы әлемдік деңгейде тойланып жатыр. Шығармалары сандаған тілге аударылды. Қысқа метражды кино фильмдер түсіріліп жатыр. «Абай ТВ» телеарнасы да іске қосылды.

Бұл шағын мақалада ақын шығармаларын түгел адақтап, шиырлап шығу мүмкін емес. Әлгіде ғана айтып кетпедік пе, ойыңды іске асыру үшін ақын мұрағатын адақтау керек емес. Іздегенің ақынның бір, асып кетсе екі өлеңінен ғана табылады. Мысалға ақынның «Болыс болдым мінеки» деген өлеңін алып көрелікші. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші осыдан бір жарым ғасыр бұрын болыс болу үрдісі қалай іске асушы еді. Замана адамдары болыс болу үшін нендей іс болса да бәріне барған ғой. Беттің арын белбеуге түйіп қойып, болар іске жұдырықтай жұмыла кіріскен. Кім көрінгеннің босағасын аттап, әлдекімге алақан жайған. Аз күндік атқа міну үшін еш аянбаған. Бар малын, қолда бар дүниесін әлдекімнің оқпанына тыққан. Болыс болу үшін бар малын шығындаған. Түйе де қом, атта жал да бәске тігілген. Сөйтіп болыстыққа таласқан мырза ұлықтары сөз айтса, бас изеген шыбындап, былайғы біреу сөз айтса, бір қараған қырындап…

Ал, енді ойлап көріңізші, осыдан ғасырдан астам бұрын Абай айтқан сол замана шындығы бар ма қазір? Болыс болу, баққа таласу харекеті тоқтады ма? Жоқ, еш толас тапқан жоқ. Қайта бүгінгі таңда билікке таласу Абай заманынан асып түспесе, кем соғып тұрған жоқ. Қызмет, билік жолында мал шашу тіптен шарықтап барады. Басқасын былай қойғанда мансап, қызмет үшін талас ауылдық жердің өзінде өршіп тұр. Ауылдың әкімі болуы үшін де, ауыл мектебінің басшысы болуы үшін де талас керек. Ең жаманы осы қызметтердің де әрқилы кесімді бағасы бар. Қызметке отыру үшін, билікке қол жеткізу үшін әлгі айтқан кесімді төлемді төлеу керек. Бұл көзге көрінбейтін, еш жерде жазылмаған қағидалар. Қызметтің де, биліктің де құны белгілі, оны үміткердің өзі де біледі. Сөйтеді де әлгі үміткер бойына білім жинаудың орнына көп жағдайда ақша, мал жинайды. Өйткені, «құрғақ қасық ауыз жыртады», «мың сіз-бізден, бір шыж-быж артық». Міне, ақын айтқан болыс болу хикаясының бүгінгі келбеті осындай. Ал, ауылдан басталған билік бәсекесі сонау астанаға барып ұласады. Барлық билік, барлық кеңсе креслосының нарқы белгілі. Бұдан не шығады?! Бұдан шығатыны сол, ақын осыдан бір жарым ғасыр бұрын дәл бүгіннің шындығын жазып кеткендей сезіледі.

Ақын Абайда айтылмаған сөз қалмаған. Өз заманының ақын-жырауларынан тартып, әнші-өнерпаздарына дейін сын тезіне алған. Осы күні не көп, әнші көп, «жұлдыз» көп. «Жұлдыз» дертімен сырқаттанып жатқандар жетіп артылады. Анау да «жұлдыз», мынау да «жұлдыз», анау да әнші, мынау да әнші. Тегі жер басып жүргені жоқ, бәрі де шарықтап аспанда жүр.  Осындай әуейілер Абай заманында да болған. Ал, ақын сол өз заманындағы әуейшілдерге де өз сынын айтқан. «Құр айқай бақырған, құлаққа ән бе екен, өнерсіз шатылған, кісіге сән бе екен» деп әлгі әншісымақтарды сын тезіне алған. Абай заманында әншісымақтардың саны қанша болғанын кім білсін, дәл бүгінгі шақта аспандап тұр. Құр айғай бақырған, құлаққа ән болып жатыр. Сенбесеңіз радио, телеарналарын қосып көріңізші, шу етіп алдыңыздан шыға келеді. Шу көп, әйтсе де, құлаққа жетіп жатқаны шамалы. Еріксіз тыңдайсыз, тіпті кейде құлағыңызды басып, албаты кетіп қалғыңыз келеді. Сол шуға жалаңаш көріністерді қосып көріңіз… Бұл әншісымақтар кімдер сонда, оның жауабы да айқын. Оның да негізгі сөзін, түйінін ақынның өзі айтып отыр. Бұлар киелі өнерге жолшыбай қосылып алғандар, жолбикелер, ән атты қасиетті ұғымға қисынсыз шалынғандар. Өнерге қисынсыз шатылғандар  сән бе екен деп хакім Абай сауал тастайды. Сіз де бір сәтке ойлап көріңізші, өнерге әупіріммен қосылып, көкек әнін қайталаған  сән бе? Ал, әлдекімдер үшін осы үрдіс сән болып тұрған секілді…  

Енді ақынның ғибрат жырларының біріне тоқтала кетсек дейміз.

Ақынның «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген ұлағатта сөзінде үлкен мән жатыр.

Абайдың «Құдайдан қорық, пендеден ұял, балам бала болсын десең оқыт, оқыт және оқыт» деген ұлы қағидасы бар. Оны ақынның қасиетті қара сөздері арқылы күллі жұртшылық біледі. Шәкірт, оның бүгіні мен ертеңі, қала берді күллі болашағы, ғылым мен білім қирағаты негізінде дәл осылай айтқан ғұлама жер бетінде жоқ. Кезінде қызыл қоғамның қияли көсемі Ленин «Оқы, оқы және оқы» деп жәй ғана сипай қамшылап, қарапайым қағида айта салды. Сол сөз қаншама жыл өсер ұрпақ, келер дәурен алдында ұран болды десеңші. Күллі мектеп, білім беру мекемесінің маңдайында жарқырап тұрды. Негізі жаман сөз емес. Оқуға шақырып тұрған ұлағатты, қисынды сөзді қайтып жаман дейсің. Бұра тартып, бұза сөйлеуге, тіпті жаман деуге аузың бармайды. Ал, енді ұлы Абай мен қызыл қоғамның қияли көсемінің сөзін салыстырып көріңізші.

Абай оқы деген сөзді Алла тағаланың құзырынан бастап отыр. «Құдайдан қорық, пендеден ұял» дейді. Ал, оқы деген сөзді балаға емес, оның әкесіне айтып отыр. Баланы әке оқытады, жанұя тәрбиелейді. Оқу дегеніңіз инемен құдық қазғандай. Инемен қазып, су шығару дегеніңіз құдай басқа салмасын қияметтің қиыны. Ол үшін қыруар мал шашу керек, жүздеп, мыңдап теңге шашылады. Сол дүние, сол мал табудың бір саласы оқу мен білім аясында жатыр. Ғылым мен білімді меңгеріп, зияпатты жолмен де мал табуға болады.  Хакім Абай осыны меңзеп отыр.

Абайдың «Әсемпаз болма әр неге» деген өлеңі теледидардан жиі айтыла бастады. Айтқан сайын жаңа жазылған жырдай құлпырып, түрленіп тұр. Тіпті, осы өлеңді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі нақышына келтіре айтып шықты. Жаңалық деген де осы, жарасымжылық деген де осы.  Бұл меніңше теледидарда ғана айтылып, қағаз бетінде қалатын сөздер емес. Бұл ақынның алтынмен аптап, күміспен күптеп Орхон-Енисей жазулары секілді тасқа қашап жазатын киелі шумақтар. Кезінде парсылар ұлы Рудакидің өлеңдерін жол бойындағы, өзен, көл жағасындағы жар тастарға қашап жазған ғой. Біз де солай етсек артық болмас еді.

«АбайТВ»-ның ашылуы бүкілхалықтық қуаныш. Ендігі бір айтар тілегіміз, орта мектептердің бағдарламасына «Абайтану» сабағын кіргізсе нұр үстіне нұр болар еді. Абай ғибратының жөні де, жолы да бөлек қой. 

Қорыта келгенде, хакім Абай жырларын оқу, үйрену, оны өзіңе рухани серік ету, қоғамды Абай әлемімен әлдилеу ізгі ниетті Алаш жұртының қастерлі міндеті, азаматтық борышы болмақ.

Дәнеш Ахметұлы, жазушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here