Қазақ тілі мен әдебиетін біріктіріп оқытсақ…

1
2931

Кез келген адам өзінің өмір-тіршілігінде белгілі бір мақсат-нәтижеге қол жеткізсем деп іс-әрекет жасайды. Балаларымызды мектепке бергенде баламның көзі ашылып, көкірегі оянып, сауатты азамат болып шықсын деген алдымызға үкілі үміт қоямыз. Ұлы Абай да бәрімізге белгілі өлең шумағында: «Баламды медресеге біл деп бердім» демей ме. Ол заманда тек «біл деп берудің» өзі үлкен мақсат болған шығар. Ал бүгінгі күндерде бәсекелестікке зор басымдылық беріліп отырған мына аумалы-төкпелі заманда балаларымызды мектепке қандай түпкі мақсат-нәтижеге қол жеткізсін деп береміз? Бұл жерде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың «Тәңірньюске» берген сұхбатында «Жүргізілген реформалардың мақсаты – баланың қандай да бір елдің қайда орналасқанын немесе тағы басқа мәліметті білуге үйрету ғана емес. …Баланы талдауға, ойлауға, білімді қолдануға, сыни тұрғыдан ойлауға, ұжымда жұмыс істеуге үйрету маңызды» деген көңілге қонатын пікірін бергеніміз жөн. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін не қажет? Кітап па, жаңа техника мен технология керек пе? Олар тек қана материалдық база. Оны ісқе қосу үшін тіл мен тиісті оқыту әдістемесі қажет, ал біздің елдің балаларына мемлекеттік тіл қажет.

Атақты жазушымыз, тіл шанашыры Смағұл Елубай өзінің ауқымды, тіл мәселесін өткір көтерген осы жылдың 6 ақпанында «Ана тілі» газетінде жарияланған «Ұлы дала тілі» атты мақаласында «…бүгінгі лауазым иелері 100 пайыз орысша сайрайды. Орысшасы тіпті орысты жаңылдырады. Олардың қасында өз ойын қазақша жеткізетін шешендер жоқтың қасы» деп өкінеді. Яғни, балаларымызды мектепке бергендегі күтетін түпкі мақсат-ниетіміздің бірі осы жазушы ағамыз айтып отырған «өз ойын қазақша жеткізетін шешен болу» емес пе?

Баланың қазақша сөйлеп кетуіне қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқытудың рөлі зор екенін білеміз. Бүгінгі таңда ата-аналардың көбісі бұл бағытта еркін жұмыс істей алмай жатқаны белгілі – бірінің әдістемесі жетіспейді, екіншісінің – көбісінің тіл байлығы жетіспейді. Қазіргі ата-аналар совет кезінде оқыған азаматтардың балалары. Ол кездегі тіл жағдайы туралы Смағұл Елубай мақаласында өте нақты жазып өткен. Яғни, ата-аналардан қайран аз.

Ал мектеп сөйлей алатын, сауатты жаза алатын балаларды дайындауға, министр айтқан мақсатқа қалай жұмыс етіп жатыр? Мектеп төменгі сыныптан бітіргенше қазақ тілі мен қазақ әдебиетін үзбей оқытып жатыр. Бұл пәндер қазақ сыныптарында да, орыс сыныптарында да оқытылады. Онда неге сыдыртып ой-пікірін анық қазақша жеткізе алатын, сауатты жазатын балалар жоқ? Аузымды қу шөппен сүртуден аулақпын. Ондай жеткіншектер бар, бірақ өте аз.    

Бітірген қазақ жастарының – орыс сыныбынан болсын, қазақ сыныбынан болсын, ауыл баласы болсын – көбісі қазақ тілі грамматикасын толық игере алмаған, тыныс белгілерін қатесіз қойып жаза алмайды. Өздерінше дербес шығарма жазуға шорқақ. Осының нақты мысалы ретінде осыдан 2-3 жыл бұрын еліміздің Сот жүйесінде болған жанжал туралы естеріңізге салсам болады. Ол оқиғада мемлекетіміздің Жоғары соты төрағасы бір судьяның жазған соттық шешімінің мәтінінен жиырма-отыз қате шыққанын, сондай шешімдердің республикамыздың судьяларының жазған материалдарында толып жүргенін айтқан болатын. Соның нәтижесінде тексеріс жүргізетіндігін көтерген. Міне, осы жағдайдан-ақ қазақ тілін мектепті бітіргенше оқыту біз күткен нәтижені бермей отырғанын анық көруге болады.

Ал қазақ әдебиетіне келетін болсақ, жағдай тіпті нашар. Мектеп қазіргі кезде өзінің оқушыларына әдеби кітап оқыта алмай әлек болуда. Бұл осы заманның белгілі қиындығы. Нәтижесінде балалардың тіл байлығы дамымай, өте нашар қалыпта тұр. Қазақша әдеби тілмен төселіп, сыдырта сөйлей алмайды, сұхбат берсе болдырған аттай кібіртіктеп, жауап бергенше кетуге асығады, сасқалақтайды. Сөз қоры жеткіліксіз, жоқтың қасы. Сөйлейтіндей тәжірибесі жоқ. Қазақ тілінде сөйлей алмай, депутаттардың сұрақтарына жауап бере алмай терлеп-тепшіп жүрген министрлерімізді, олардың орынбасарларын біз күнде көріп отырмыз. Бірталай жылдар бойы Әлеуметтік саланың министрі бола тұрып, бір ретте ауылға барып көрмеген, ана тілін өз тілім деп мойындамаған сала басшысы апамызды да көрдік. Яғни, қазақ әдебиеті пәнінің сабақтары балаларды сөйлетіп үйретпеген, ал оқушылар сөйлеп үйренбеген. Олар қазақ тілі және қазақ әдебиеті сабақтарына қатыспаған шығар деген ойға қаласың. Осы пәндер бойынша нәтижесіз, пайдасыз өткен күндер мен сағаттар-ай деп те айтуға болады. Осындай қалыптасқан жағдайда қайдан мен қазақпын деп кеудесін керіп, мақтанышпен сөйлейтін патриот баланы табасыз. Патриоттық рухы бар балалар жоқ емес бар. Болашақта алатын мамандығына қарамастан өз ойын толық айтып жеткізетін, дәлелді сөйлейтін шешен тілді ұлдар мен қыздар үлкен өмір жолына көптеп шығуы керек. Осы жерде мектептерді гуманитарлық және жаратылыстану бағытында деп бөліп тастағаны да күмән туғызады. Сонда қалай ертең инженерлікке оқығысы келетін балаға болашақ өмірінде сөйлеудің, ой-пікірін нақты жеткізудің қажеті болмай ма? Басшы болса олар жұмысшыларымен қалай сөйлеседі, ол маңызды емес пе?

Мен мектепте қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен сабақтар нашар жүргізіледі, мұғалімдері нашар деп жаппай кінәлаудан аулақпын. Сабақтар өтіп жатыр. Бірақ, елімізге қажет түпкі мақсат-нәтиже мен оған қол жеткізу жолы-әдісі қарама-қайшылықта тұр. Бүгінгі оқыту әдістемесі және түрі мүлдем жарамсыз деп есептеймін. Әйтеуір сабақ өтсе, мұғалім өзі айтып, оқушылар 15-20 минут ішінде жауап берсе болғаны. Солай екенін оқушылардың өзі айтып отыр. Мұндай сабақтардың түпкі нәтижеге жұмыс істемей отырғаны айдан анық. Нәтижесінде шала сауатты ұрпағымыздың саны көбейіп бара жатқан сияқты.

Сондықтан мектепте қазақ тілін және қазақ әдебиетін жеке пәндер ретінде бөлек оқытуды 7-8 сыныптарға дейін жүргізсе жеткілікті. Сол сабақтарда осы пәндердің негізін оқытып шығу керек.

Ал 9-11 сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетті біріктіріп, «Тіл және әдебиет» деген пән ашып, бір сабақ ретінде өткізе бастаған жөн сияқты, бірақ сағат көлемі азаймау керек. Бір сабақты 80 минуттық етіп өткізсе, сабақтың тиімділігі артар еді.

Бұл пәнге аса тәжірибелі білікті – грамматика мен стилистиканы, шешендік әдістерді  жоғары деңгейде меңгерген, өзі  жаза және айта алатын, өзіне сенімді мұғалімдерді дайындау қажет. Сабақ бойы оқушылардың ынта-көңілін шашау шығармай алақанда ұстау кез келген ұстаздың қолынан келе бермейтінін ескерген жөн.

Бұл сабақтарда мұғалім қазақ жазушыларының тілі бай, оқиғасы тартымды, тәрбиелік мәні бар шығармаларын оқытып жан-жақты талдауды грамматикамен, пунктуациямен ұштастыра отырып өткізуі керек. Оқушыларға романның, повестің немесе әңгіменің желісін айтқыза отырып, тыныс белгілердің не үшін қойылғанын, олардың қандай жүк көтеріп тұрғанын, осымен жазушы қандай ойға басымдылық беріп отырғанын іс жүзінде көрсетіп, көздерін жеткізе білу қажет. Оқушы, аһа, осылай істеу үшін, айту үшін мынандай тыныс белгілерін пайдалану керек екен ғой деген ойға келетіндей ету керек.

Әртүрлі еркін тақырыптарға шығармалар жаздырып, грамматикаға, стилистикаға, оқиғаны немесе өмірде болып жатқан жайттерді бағалай алуға баулу керек. Ол үшін балалардың өздері жазған шығармаларын өздеріне тексертіп, қателерін тауып, шығарма туралы пікірлерін ортаға салып талқылауға үйретсе, онда олар көп нәрсені үйренер еді. Бұл жерде мұғалімнің сабақ үдерісін жүргізе білуі үлкен рөл атқарғалы тұр. Осы сияқты әдістермен мектептен дербес ойлай алатын, пікірін жеткізе алатын, сауатты жаза алатын, әдеби, ғылыми тілмен сөйлеуге талпына алатын оқушы-жастарды көптеп шығарсақ, сол біздің түпкі мақсат-нәтижеміз болар еді деп ойлаймын. Әрине, барлық баланы керемет көркем сөйлеуге үйрете алмаспыз, бірақ олардың көбісінің бойына сауатты жазып, сөйлеп үйренудің, өз ойын жинақтап айта және жеткізе білудің бәсекелестік өмірде қажет екендігін көңілдеріне қондырып, бойына сіңіре аламыз. Өз пікірі жоқ, ой-арманы мардымсыз, өзін-өзі алға жетелеп, дербес іс-әрекетімен заман талабына ілесе алмайтын адамға өмір сүру ауыр болатынын түсінгені абзал.

Осы «Тіл және әдебиет» пәніне арналған сағат көлемін 100 пайыз деп алсақ, оны төмендегідей етіп үлеске бөліп пайдаланса абзал болар еді:

  1. Еркін тақырыпқа шығармалар, эсселер жазу және оны талдау – 33 пайыз;
  2. Әдеби шығармалары, газет-журнал материалдары, мақал-мәтелдер туралы сөйлеу және оны талдау – 33 пайыз;
  3. Әртүрлі заманауи еркін тақырыптарға, оның ішінде ғылыми бағыттағы тақырыптарға сөйлеу және оны талқылау – 33 пайыз.

Құрметті оқырмандар, ата-аналар мен мектептегі басқа пәндер туралы айтып отырғам жоқ. Балаларымыздың болашақ өміріне аса қажетті, өмірден өз кетігін тауып кірпіш болып қалануына үлкен әсерін тигізетін ана тілі туралы айтып отырмын. Бұл тіл осы бүгінгі әдістемемен оқытыла берсе, біз толық қазақ деген нәтижеге жете алмай, баяғы жар тас сол жартас деңгейінен шыға алмаймыз. Ал  министр Асхат Аймағамбетов айтқан біздің түпкі мақсатымыз-нәтижеміз – ол қазақша еркін сөйлеп, өз ойын толық әрі анық жеткізе алатын, сөз астарын түсінетін, айтылғалы тұрған ой-пікірді болжай алатын сұңғыла қасиеті бар оқушыны мектепте дайындап үлкен өмірге жіберу. Тек саусақпен санарлық емес, оқушылардың басым көпшілігі осы қасиетті ептеп болса да бойына сіңіріп шығуы керек. Сұңғылалық қасиет, меніңше, әрбір адамның бойында болады. Тек соны қалай дамыта аламыз, көзін аршимыз, міне әңгіме сонда. Осы пәндерді оқыту әдістемесі осы бағытта, осы мақсат-нәтижеге қол жеткізуге бағытталуы керек.

Қазіргі тіл мен әдебиетті оқыту әдістемесі және түрі бойынша біздер – ата-аналар, ұстаздар және оқушылар – бір нүктеге ұрмай, білгенімізді істеп жүрміз. Мұндай қарама-қайшылық қоғамымызға саналы өз ана тілін меңгерген саналы ұрпақ бермесі айдан анық. Бір кездері аға буын жеткен деңгейіміз төмендеп бара жатқанын көріп отырған боларсыздар. «Қазақ үшін қамсыз болуға әлі ерте, – дейді ақын Байбота Қошым-Ноғай. – … себебі қазақ ұлты түрлі саяси қуғын-сүргінге ұшырады… үстем ұлттарға жұтылды… тілін ұмытты».

Сейтжапар Арпабеков, Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының Баспа орталығының директоры

1 пікір

  1. Екі пән екі түрлі біріктіруге болмайды , қазақтың тілі қысқартуға болмайды менің ойымша

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here