Сүт өнімдерін жаппай таңбалаудан кім ұтады, кім ұтылады?

0
3912

Бейсенбі, 24 желтоқсанда Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Кеңесі таңбалауға жататын сүт өнімдері түрлерінің тізімі мен мерзімін бекітті. Ал, Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения елдері мүше екенін ескерсек, енді 2022 жылдан бастап бұл бес елде таңбаланбаған тауарларды саудаға шығаруға қатаң түрде тыйым салынады.

ОТАНДЫҚ ӨНДІРУШІЛЕР СҮТ ӨНІМДЕРІН ТАҢБАЛАУҒА НЕГЕ ҚАРСЫ?

Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілі Ия Малкинаның түсіндіруінше, аталған құжат ЕАЭО елдерінде тауарларды міндетті түрде таңбалауды енгізу үш кезеңнен тұрады. Айталық, 2021 жылдың 1 маусымына дейін ірімшік, балмұздақ және құрамында какао бар басқа да мұз өнімдері, 2021 жылдың 1 қыркүйегіне дейін сақтау мерзімі 40 күннен асатын сүт өнімдері (сүт, кілегей, йогурт, айран, сүзбе, май) және 2021 жылдың 1 желтоқсанына дейін сақтау мерзімі 40 күнге дейін болатын сүт өнімдері жаппай таңбаланбақ. Кеңестің шешімімен таңбалауды қажет етпейтін өнімдер тізімі де анықталды. Бұл үш жасқа дейінгі балаларға арналған нәрестелердің тамағы. Сондай-ақ, өнімдердің қалдықтарын таңбалаудың қажеті жоқ. Ал, Одаққа мүше елдер өнімдерді таңбалауды енгізу мерзімін өздері анықтайды. Таңбаланбаған сүт өнімдерін сатуға шығарудың мерзімін енгізу туралы шешімдерді Ресей Федерациясы қабылдады. Яғни, бұл талапты жоғарыда көрсетілген мерзімде орындамаған жағдайда Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Армения елдері өздерінің сүт өнімдерін Ресейге экспорттай алмайды. Дегенмен, бұл талапты 2022 жылға дейін барлық ЕАЭО елдері орындауға міндетті.

Рас, 2021 жылдан бастап жаңа ереже күшіне енеді. Ол бойынша енді ЕАЭО мүшелері Ресейге тек таңбаланған сүт өнімдерін экспорттай алады. Сандық белгісі жоқ тауар жалған өнім болып есептеледі. Мұндай белгі арнайы құрылғы арқылы анықталады. ЕАЭО мүшесі ретінде Қазақстан да аталған заңды сақтауға тиіс.

Отандық өндірушілер сүтті таңбалауға аса қатты құлық танытып отырған жоқ. Беларусь, Қырғызстан мен Армения да сүт өнімдерін таңбалаудың жаңа қағидаларына жедел өтуге қарсылық білдірген. Себебі, бұл шаруаның шығыны шаш етектен болғалы тұр.

Қазақстан Сүт өндірушілер одағы ел ішінде сүт өнімдерін таңбалауды ерікті негізде жүргізуді ұсынды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұған қолдау танытты. Мәселені экспорттаушы кәсіпорындарға міндеттеу арқылы шешу көзделуде. Ұсынылған заң жобасын тұрақтандыру үшін Үкіметте бір жыл уақыт бар. Яғни, елімізде сүт өнімдерін таңбалау 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілуі керек.

Айта кетейік, Қазақстан 2020 жылдың 1 қазанынан бастап Ресей Федерациясына пилоттық режимде жөнелтілетін сүт өнімдерін таңбалай бастаған еді.

«Сүт өнімдерін таңбалауда тауардың экспортталатын бөлігіне басым мән беруіміз керек. Себебі, бұл жерде мәселе ЕАЭО елдері арасындағы нарықтық ұстанымымызды сақтауға қатысты. Ішкі нарықта, біздің ойымызша, таңбалауды міндеттеудің қажеті жоқ. Яғни, біз ішкі сауда айналымында таңбалауды енгізбестен, тек экспорттық өнімді таңбалауды ұсынамыз», – дейді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Әлемде өнімдердің міндетті таңбалануы акцизделетін (мысалы, спирттік өнімдер, бекіре, қызыл балық, зергерлік бұйымдар, т.б.) немесе «көлеңкелі сауда» тобындағы тауарларға қатысты енгізілген. Көбіне бұлар өзара байланысты, өйткені акциздеуден жалтару өндірушілердің тауарларын сыртқы нарықта ішкі бағадан төмен бағамен сатуына (демпинг) апарады. Алайда, қазақстандық сүт өнімдері бұл деңгейдегі тауарлар тізіміне енбейді.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, осы нарықтағы «көлеңкелі сауда» үлесі 6,5%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш жеңіл өнеркәсіп саласы үшін 63%, аяқ киім саудасында 49%, ішімдіктер үшін 25%, дәрі-дәрмек үшін 12%-ды көрсетеді. Сүт өнімдері тез бұзылатындықтан, ол бойынша контрафактілік жағдай сирек кездеседі. «Сүт өнімдерін таңбалау қажет емес» деушілердің негізгі ұсынатын себебі де осы.

Қазақстан Сүт өндірушілер одағының атқарушы директоры Владимир Кожевниковтің мәлімдеуінше, Ресейде 2021 жылдан бастап міндетті таңбалауды енгізу сүт бағасының 4,5-5,5% қымбаттауына әкеледі. Біздегі сүт өнеркәсібінде таңбалау жабдықтарын орнатуға шамамен 9,7 млрд теңге қажет. ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов сүт таңбалауға кететін шығындарды мемлекет бес жыл ішінде қалпына келтіре алатынын болжайды. Министрдің есебінше, 2025 жылға қарай сүт өнімдерін заңды түрде өндірушілердің кірісі 16,5 млрд теңгеге артады. Ал, ҚР Қаржы министрлігі сүт өндірісі «көлеңкелі экономикадан» түгелдей шыққанда ел қазынасын 2021-2025 жылдары қосымша 2 млрд теңгеге толтыратынын есептеп шығарыпты. Демек, сүт өнімдерін таңбалаудан мемлекет ұтады, артық шығынға байланысты өндірушілер бағаны көтеретіндіктен қарапайым тұтынушылар ұтылады.

ҚАБЫЛДАНҒАН ҚАУЛЫҒА ҚАНША ҚАРЖЫ КЕТЕДІ?

Осы жазда Еуразиялық экономикалық одақтың Іскерлік кеңесі де сүт өнімдерін міндетті таңбалауға қарсылығын білдірді.

Ресей, Қазақстан және Беларусь елдерінің сүт кәсіпорындары салалық қауымдастықтарының есебінше, сүт өнімдерін міндетті таңбалауды енгізу ресейлік сүт өндірушілері үшін кемінде 26 млрд рубль (148,3 млрд теңге) мөлшерінде біржолғы күрделі қаржыны қажет етеді. Ал, жылдық шығын шамамен 35 млрд рубльді (199,6 млрд теңге) құрайды.

Қазақстан Сүт өндірушілер одағының алдын ала есептеулері бойынша, елімізде сүт өнімдерін таңбалауды енгізудің жылдық шығыны, таңбалау кодтары мен жабдықтардың құнын қосқанда 4,3 млрд теңгені құрамақ.

Беларусьтің сүт өңдеу кәсіпорындарында таңбалау кодтарын қолдану үшін өндірістік желілерді техникалық қайта жарақтандыруға арналған алдын ала шығын көлемі шамамен 41,4 млн беларусь рублін құраса, бір жылда жаратылатын ақша 63 млн-нан 102,4 млн беларусь рубліне дейін көтеріледі. Өз кезегінде бұл сүт өнімдері бағасының 9%-ға дейін қымбаттауына әкеледі.

Келтірілетін шығын көлемінің шектен шығатынына қарамастан, қыркүйек айында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Одаққа мүше мемлекеттер дайын болғаннан кейін сүт өнімдерінің жекелеген түрлеріне таңбалау енгізу туралы келісімге келген болатын. Жоғарыда жазғанымыздай, 24 желтоқсанда Ресей Федерациясы таңбалауға жататын сүт өнімдері түрлерінің тізімі мен мерзімін бекітіп те үлгерді.

Иә, ерте ме, кеш пе сүт өнімдеріне түгел таңба қойылатыны анық еді. Себебі, ЕАЭО елдерінде сүт өнімдерін таңбалау қажеттігі туралы нақты шешім шығарылып қойылған. Сондықтан қазақстандық өнім өндірушілерге Ресей нарығындағы тұғырынан таймас үшін өз тауарларын таңбалаудан басқа амалдары жоқ.

Еуразиялық экономикалық комиссия статистикасына сүйенсек, 2020 жылдың сегіз айында Қазақстан Ресей Федерациясына 23,8 мың тонна сүт және кілегей экспорттаса, Ресейден Қазақстанға әкелінген ұқсас тауар көлемі 4,2 мың тоннаны құраған.

КОРОНАДАҒДАРЫС КЕСІРІ: ПАНДЕМИЯ ӘЛЕМДІК СҮТ ӨНДІРІСІНЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТТІ?

Алдымен әлемде сүтті ең көп өндіретін елдерге тоқталайық. Алғашқы үштікті сөзсіз халық саны көп елдер бастайды. Олар: АҚШ, Үндістан және Қытай. 2019 жылы 328,2 млн халқы бар АҚШ 91,3 млн тонна, 1,3 млрд халқы бар Үндістан 60,6 млн тонна, 1,4 млрд халқы бар Қытай 35,7 млн тонна сүт өндірген. Сонымен қатар, алғашқы ондықта Бразилия, Германия, Ресей, Франция, Жаңа Зеландия, Түркия және Ұлыбритания елдері де бар.

Өкінішке қарай, биылғы коронадағдарыс бүкіл әлемдік өнеркәсіп пен саудаға салқынын тигізбей қоймады. Соның ішінде біз сөз етіп отырған сүт өндірісі саласына да көзге көрінбейтін жаудың салмақ салғаны бар.

Өндіріс қарқынының төмендеуі – басты мәселенің бірі. 2019 жылы әлемдік сүт өндірісі 1,3%-ға ғана өскен. Оның себебі жыл бойы Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка елдеріндегі ауа райы қолайсыз болған. 2020 жылы бұл көрсеткіш 1,4%-ды, яғни 10,5 млн тоннаны құрауы мүмкін деп болжайды IFCN ұйымы. Пандемия салдарынан Еуропа, АҚШ сынды ірі елдердегі өндіріс көлемінің төмендеуі әлемдік нарыққа кері әсерін тигізеді. Керісінше 2019 жыл әлемдік сүт экспорттаушылары үшін сәтті болды. Сатылған өнімнің жалпы көлемі 3,2 млн тоннаны құрады, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 3,3%-ға артық. Соның нәтижесінде 2020 жылдың бірінші тоқсанында жаһандық сауда оң нәтиже көрсеткенімен, келесі жарты жылдықта пандемия салдарынан тұтынушылар сұранысы айтарлықтай төмендеген. Жалпы, 2020 жылы әлемдік нарықта сүт өнімдеріне деген сұраныс соңғы жылдар көлеміндегі ең төменгі көрсеткішті көрсеткен. Карантин кезінде көптеген тамақтану орындары жабылып не жұмысын уақытша тоқтатуы сүт өнімдеріне деген сұранысты одан әрі төмендеткен.

Сүт өнімдерін сөз еткенде бағаның төмендеуі айтарлықтай мәселе туғызып отыр. 2019 жылы 4% май мен 3,3% белоктан тұратын 100 келі сүттің орташа бағасы 37,3 АҚШ долларын құрады.

2019 жыл  сүт өнімі саласын кәсіп еткендер үшін салыстырмалы түрде тұрақты болды. Ал, биылғы жылғы әлемдік дағдарыс өндірістің қай түріне де зардабын тигізбей қоймады. Сол себептен осы саланың кейбір шағын ошақтары тіршілігін тоқтатуы мүмкін.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Сүт өнімдерін таңбалаудың енгізілуі ресейлік өндірушілер үшін бәсекелестікті арттыруда қолайлы болмақ. Ал, Қазақстанда міндеттемелер шағын кәсіптен бастап үлкен деңгейдегі өнеркәсіпке дейін ауыртпалық әкелуі мүмкін. Қазақстан Сүт өндірушілер одағының мәлім етуінше, сүт зауыттарының өндірістік желілерін қайта жабдықтау өнім бағасының өсуіне әкеледі. Сондай-ақ, сүт өндірушілер аталған жүйені іске қосу барысында тасымалдау кезіндегі кодтардың бүлінуінен тауар жоғалуы сияқты үлкен қиындықтарға тап болып, орынсыз мәселе туындатамыз деп қауіптенеді. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігіне, өндіріс жылдамдығына кері әсер етеді. «Қаулыны қабылдау жағдайды қиындатады» деп дабыл қағушылар таңбалау міндеттілігін ішкі сауда айналымында емес, тек экспорттық өнімдерге қолдануды ұсынады. Бұл ұсыныс көңілге қонымды. Өйткені, елімізде сүтті қайта өңдейтін жалпы 214 кәсіпорын болса, солардың 13-і ғана өз өнімдерін экспортқа шығарады. Ал, елдегі сүт өнімдерін өндіру көлемі 2019 жылы 1,4 млн тоннаны құрап, оның 10%-ы, яғни 158,8 мың тоннасы ғана шетелге сатылған.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, экономикалық шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here