«Астанаға» бөлінген ақша желге ұшты ма?

0
1714

Әу баста «Астана» велоклубы Қазақстанның атын әлемге әйгілеу мақсатында құрылды. Дегенмен, 13 жылдық тарихы бар велоклуб өзінің түпкі мақсатына жете алмады. Әрине, қара аспанды төндіре беруге болмас. Жетістіктері де толайым. Еуропада үздіктер қатарынан көрінген кездері де аз болмады. Бірақ, айқай-шуы көп болғаны рас. Допинг дауы, жемқорлық, қылмыстық істер «Астананы» да айналып өтпеді. Соңғы дау велоклуб басшылығының істі болуларымен тынды.

«Атың шықпаса, жер өрте» дейтіндер бұл бітпес даулардан артықшылық та іздейтін болар. Дегенмен, Абай айтпақшы, жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат?! Түптеп келгенде, қыруар қаржы жұмсалатын «Астананың» бұл жағымсыз әрекеттері елге абырой  әпермес тірлік.

Басынан бастайық. Тағы да Бейімбет Майлиннің «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деген әңгімесі еріксіз еске түседі. Ал, «Астанадағы» даудың басы допингтен басталып, қаражатты жымқырумен жалғасты. 2007 жылы құрылған велоклуб қаражатын жымқырумен айналысқан басшылардың өздері болып шықты.

Қараша айының соңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Астана» кәсіби спорт клубы мен «Astana Pro Team» велокомандасының үш басшысына қатысты велоспортты дамытуға бөлінген 520 млн теңгені ұрлау фактісі бойынша қылмыстық істі аяқтап, сотқа жіберді. Тағы бір айыпталушы халықаралық іздеуде, оған қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Тойымсыз басшылар ақша жеудің түрлі тәсілін меңгеріп алған көрінеді. Мысалы, демеушілер сыйға тартқан қымбат велосипедтерді заңсыз келісім-шарт жасау арқылы «сатып алып» отырған. Соның бір мысалы 2018 жылы орын алған. Жылда демеушілер әлемдік стандарттарға сай келетін 200-ден астам бренд велосипедтер тарту жасайды. Бірақ, жаңа велосипедтерге қажеттілік болмаса да, 2018 жылы бір компаниямен келісім-шарт жасасқан басшылық құны 219 мың еуроға бағаланған алты велосипедке тапсырыс береді.

Велокоманданы «Самұрық-Қазынаның» қаржыландыратыны жасырын емес. Ал, «Самұрық-Қазынаға» қаржы қайдан бөлінетінін біз жазбай-ақ біліп отырсыздар. «Атақты «Астанаға» бөлінген ақша желге ұшты ма?» деп біздің сауал тастап отырғанымыз сондықтан.

Ештен кеш жақсы. Биылдан бастап канадалық «Premier Tech» компаниясы «Astana Pro Team» кәсіби велосипед клубының жаңа бірлескен иесі атанады. Осыған байланысты «Astana Pro Team» өз атауын «Astana-Premier Tech» деп өзгертеді. Осылайша, велокоманданың бас серіктесі «Самұрық-Қазына» қаржыландыруды 50%-ға қысқартады. Велокомандаға өзін-өзі қаржыландыруға шығу, UCI әлемдік турының жарыстарында өз өнерін жалғастыру міндеті қойылады.

Айта кетейік, 2020 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде кәсіби спорт клубтарын мемлекет есебінен ұстаудың орынсыз екенін атап өткен болатын.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here