Сонда Президент айтпаса жайылымдық жер мәселесі шешімін таппай ма?

0
2755

Туған жердің әр түйір топырағы да ыстық. Өйткені, мемлекеттің шығуын меншікке телиміз. Сол меншікке жеріңіз болса ғана ие екенсіз. Онсыз, Әлихан Бөкейхан айтқандай, «…жетім халықсыз». Неге десеңіз, әлемде ұлтарақтай жерге қолы жетпей, жетімнің күйін кешіп жүрген ұлттар бар. Соның бірі – күрдтер. Әлемдегі күрдтердің саны 40 млн-ға жетсе де, өзінің жеке мемлекеті жоқ. Басым бөлігі Түркия (18 млн), Иран (8 млн), Ирак (6,5 млн) пен Сирия (2,2 млн) елдерінде шашырап жүр. Сондықтан «жер десе дірілдемей болмайды» (Ә. Бөкейхан). Бұл тақырыпты Қасым-Жомарт Тоқаев та көптен бері көтеріп жүр.

25 ақпанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы шетелдіктерге Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді сатып немесе жалға алуға тыйым салынатынын тағы айтты.

«Жер мәселесі әрқашан біздің халқымыз үшін өте маңызды болды. Бұл – біздің мемлекеттігіміздің берік іргетасы және қасиетті рәмізі. Мен Қазақстанның жерін шетелдіктерге сату мүмкін еместігін бірнеше рет айттым. Бұл мәселе туралы қауесетті тоқтату керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Рас, «жер тағдыры – ел тағдыры» – сан рет айтылған ақиқат. Өйткені, қазақ «ұшса құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын» байтақ жерін көздің қарашығындай сақтауға міндетті. Ал, бабамыздың бабасынан қалған аманатты кейінгі ұрпаққа жеткізу парыз бен қарыздың ең биігі. Осы жауапкершілікті сезінген Мемлекет басшысы 12 наурызда «Бүгін мен өзімнің Президент ретінде заң шығаруға бастамашылық ету құқығымды пайдаланып, жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліске жолдадым. Парламент оны белгіленген регламентке сәйкес қарастырып, тиісті шешім қабылдайды» деп хабарлады. Президенттің бұл шешіміне қуанбасқа болмайды. «Сөзден іске көшу» деген осы!

Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы 25 наурызда өтті. Комиссия мүшелерінің алғашқы отырысқа тыңғылықты дайындалып келгендері де сөйлеген сөздерінен байқалды. Бұл отырыста жерге қатысты маңызды мәселелер көтерілді. Жақсы бастаманың нәтижелі аяқталатынына, жыр болған тақырыптың үлкен нүктесі қойылатынына халық сенім артып отыр. Енді сенімнің ақталғаны керек. Бастамасы жаман емес.

Иә, жер қатынастары саласында әлі де көптеген өткір мәселелер бар. Олар үлкен мәселеге айналмай тұрып шешілуі керек еді. Өйткені, ауыл шаруашылық жерлерін түрлі жолдармен иеленіп алған латифундистер аз емес. Гектарлаған аумақты өздері игермей, басқа адамдарға ақшаға жалға беріп отырғандар да көп.

Елімізде тиімді пайдаланылмаған ауыл шаруашылық жерлерін мемлекет меншігіне қайтарып алу заңда қарастырылған. Яғни, жер игерілмесе, өңделмесе, тыйым салынған химикаттармен құнарсыздандырылса, ол жер телімдері кері қайтарылып алынады. Бұл шаралардың барлығы жердің жеке меншікте немесе жалға берілуіне қарамастан қабылданып отыр. 

Түркістан облысына қарасты Мақтаарал аудандық Жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Атақұлов осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтып берді. Айта кету керек, 2020 жылы мамандар жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, Түркістан облысы әкімдігінің Алғыс хатына ие болыпты. 

«Ауылдағы жер ресурстарын тиімді пайдалану – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Алайда, біздің қызметкерлер жер телімдерін немесе ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға алу құқығын алған азаматтар оларды өңдемей, олар не үшін арналғанына қарамастан игерілмеген болып қалу фактілерін тіркейді», – дейді Нұржан Жақсылықұлы.

Жер қатынастары бөлімі басшысының айтуынша, өткен жылы 21 азаматтың жалпы ауданы 69,66 гектар болатын жер телімін мақсатына сай пайдаланбағаны анықталған. Тексеру кезінде 2 гектар жер иесіз деп танылған. Азаматтарға кәсіпкерлікпен айналысу үшін бөлінген жер учаскелерін тексеру кезінде 10 азаматтың салық төлемегені анықталып, оларға салық салынған. Бұл фактілер Түркістан облыстық Жер инспекциясы мен Мемлекеттік кірістер комитетіне хабарланған.

Жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген 6,37 гектар жердің 1,24 гектарына ғана 42 ауыл тұрғыны үй салған. Ауданы бір гектарлық жер телімдері бойынша бұрынғы шешімдердің күші жойылған. Тағы 4,13 га жердің иелеріне ескерту жасалған.

Мырзакент кентінің бас жоспарына сәйкес, елдімекеннің аумағын кеңейту үшін Еңбекші және Жаңажол ауылдық округіне тиесілі жалпы аумағы 141 гектар жер телімі Мырзакенттің иелігіне берілді. 71 гектарға жуық меншікке ие болған 15 адам телімдерді өз еркімен қайтарып берді. Сот шешімімен 9 адам 70 гектар жерінен айырылды.

Нұржан Атақұловтың мәліметінше, ауданда жалпы ауданы 4 454 гектардан асатын 14 101 үй жанындағы жер телімі бар. Қажет болса дәл осы жер телімдері ауыл тұрғындарының игілігіне беріледі. Жер қатынастары бөлімімен осы аумақтарды тиімді пайдалану бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Бұл бір аудандағы толайым тірлік. Мақтаарал ауданының құзырлы орындары бұл мәселеде қол қусырып отырмағандары қуантады.

Дегенмен, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ағымдағы жылдың қараша айына дейін Жер кодексіне түзетулер енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырғаннан кейін басқа өңірлерде де сең қозғалғандай болды. Президенттің: «Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда, оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 млн гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке бас прокуратурамен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын», – дегені сол-ақ еді қазір жергілікті әкімдіктегілер бос жатқан жерлерді түгендей бастады.

Индира БІРЖАНСАЛ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here