Коронавирус үлкен спортты қалай жеңді?

0
2450

Былтырғы 2020 жыл дүбірлі додаларға толы еді. Спорт жанкүйерлері әдеттегідей футболдан Еуропа чемпионатының шешуші кезеңдерін және Олимпиада ойындарын асыға күтті. Ондаған спорт түрінен құрлықтық, әлем чемпионаттары тағы бар. Мысалы, былтыр ақпанда Антхольцте (Италия) биатлоннан, наурызда Сеулде (Оңтүстік Корея) шорт-тректен, Монреальда (Канада) мәнерлеп сырғанаудан, Пусанда (Оңтүстік Корея) үстел теннисінен, сәуірде Иркутскте (Ресей) әйелдер арасында допты хоккейден, Галифакс, Труро қалаларында (Канада) ерлер арасында шайбалы хоккейден, мамырда Цюрих, Лозанна қалаларында (Швейцария) әйелдер арасында шайбалы хоккейден, қыркүйекте Вильнюс, Каунас, Клайпеда қалаларында (Литва) футзалдан, қарашада Дубайда (БАӘ) каратеден әлем чемпионаттары өтуі тиіс болған.

2020 жылғы 16-25 сәуір күндері Нұр-Сұлтан қаласында Азияның кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін мықты ауыр атлеттері бас қосатын болған-ды. Ақпанда Алматы қаласында фристайлдан әлем кубогы жоспарланды. Дегенмен, «адамның айтқаны болмайды, Алланың дегені болады». Көзге көрінбейтін жау үлкен спортты да жеңді. Бір жылдық жоспардың быт-шытын шығарды. Содан былтырғы құрлықтық, әлемдік додалардың барлығы да өз жанкүйерлерімен қимай қоштасты.

Жанкүйерлер асыға күткен Еуро-2020 мен Токио Олимпиадасы ғана 2021 жылға қалдырылды. Сөйтіп, Олимпиада өз тарихында тұңғыш рет тақ жылы өтетін болды.

Әрине, қара аспанды төндіре берудің де реті жоқ. Өйткені, спорт тарихында түрлі себептерге байланысты уақытылы өтпей қалған шаралардың қатары көп. Соның ең бастыларына былтыр ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті арнайы тоқталғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Мәселен, жаңа заманның алтыншы жазғы Олимпиадасы 1916 жылы Герман империясының астанасы Берлинде өтетін болған-ды. Жазғы Олимпиаданы қабылдайтан Герман империясының тағы бір қаласы Штутгарт та 1916 жылы тұңғыш рет қысқы Олимпиада ойындарының алауын жағатын еді. Өкінішке қарай, Бірінші дүниежүзілік соғыс жазғы да, қысқы да Олимпиада ойындарының жоспарына өзгеріс енгізді. Тіпті, 1914-1918 жылдар аралығындағы соғыстың салдарынан спортшылар мен жанкүйерлер алты жылдай үлкен спорттан қол үзді.

Коронавирусқа байланысты былтырғы Токио Олимпиадасы биылға қалдырылғанын жоғарыда жаздық. Бір қызығы, осымен үшінші рет Жапонияда белгіленген уақытта Олимпиада ойындары өтпейтін болды. Дегенмен, күн шығыс елінің астанасы 2021 жылы жазғы Олимпиада алауын жағатын болса, алғашқы екі жағдайда төрт жылда бір келетін дүбірлі додалардан мүлдем айырылып қалды. Оған жапондардың еш кінәсі жоқ. Ойламаған жерден ХОК 1940 жылғы жазғы және қысқы Олимпиада ойындарын Жапония астанасына берді. Сөйтіп, тұңғыш рет Олимпиада ойындары Азия құрлығына ауысты. Дегенмен, Азия халқының бұл қуанышы ұзаққа созылмады. 1937 жылы басталған Қытай мен Жапония арасындағы соғысқа байланысты ХОК екі Олимпиаданың астанасын Еуропаға қайта ауыстырды. Жазғы Олимпиаданы Хельсинкиге (Финляндия), ақ Олимпиаданы Гармиш-Партенкирхенге (Германия) берді. Бұл Олимпиадалардың да жолы болмады. Кәрі құрлықта тұтанған Екінші дүниежүзілік соғыс қос Олимпиада алауын жанбай жатып сөндірді. 

ХОК 1939 жылы XIII жазғы Олимпиада ойындарының астанасын таңдады. Сөйтіп, 1944 жылғы Олимпиада Рим (Италия), Детройт (АҚШ), Лозанна (Швейцария), Афина (Грекия), Будапешт (Венгрия), Хельсинки (Финляндия), Монреаль (Канада) сияқты мықты қарсыластарын артқа тастаған Лондонда өтетін болды. Өкінішке қарай, Екінші дүниежүзілік соғыс елу жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген жазғы Олимпиаданы өткізуге мұрша бермеді. Алты жылға созылған соғыстан кейінгі жазғы Олимпиада 1948 жылы Ұлыбритания астанасы Лондонда, қысқы Олимпиада сол жылы Швейцарияның курорттық қаласы Санкт-Морицте өтті.

Футболдан әлем чемпионаттары да уақытылы өтпей қалған кездер болған. Мысалы, футболдан төртінші әлем чемпионаты 1942 жылдың жазына белгіленген еді. Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) аталған доданы қабылдайтын елді таңдап та үлгермеді. Германия мен Бразилия әлем чемпионатын қабылдауға өзара таласты. Кейін Үшінші рейхтің футболды өткізуге емес, әлемді билеуге таласқаны белгілі болды. Олар Екінші дүниежүзілік соғысты бастады. Сөйтіп, жоғарыда сөз болған Олимпиада ойындары да, футбол да соғыстың құрбанына айналды. Дегенмен, өздері бастаған соғыста немістер ойсырай жеңілді. FIFA Германия футбол одағын өз құрамынан шығарып тастады. Содан Пеленің отаны Бразилия 1950 жылғы біріншілікті қабылдады.

Футболға қатысты екінші жағдай 1986 жылы тіркелді. Сол жылғы біріншілікті Колумбия өткізуі тиіс болған. Әйтсе де, 1982 жылы Испанияда аяқталған біріншіліктен кейін-ақ Латын Америкасындағы елдің «көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағаны» белгілі болды. Оған бұрынғыдай соғыстар себеп болмады. Ірі доданы ұйымдастыруға Колумбия қаржы таппады. Содан Колумбияға көмекке құрлық бойынша «бауыры» Мексика келді. Өйткені, бұл елде 1970 жылғы әлем чемпионатынан мұраға қалған стадиондар бар еді. Өкінішке қарай, 1985 жылғы елдегі 8 балдық жер сілкінісі чемпионаттың басты стадионы саналған «Ацтекені» жермен-жексен етті. Намысқа тырысқан Мексика билігі бір жылға жетер-жетпес уақытта басты аренаны қалпына келтіріп үлгерді.

Бәрін айт та, бірін айт, коронавирустың жырын айт. Сонымен, 2020 жыл спорттағы сәтсіздіктермен тарих қойнауына енді. Ал, 2021 жылы үлкен спортты не күтіп тұр? Бірден айтайық, қазіргі жағдайда сенімді айту мүмкін емес. Өйткені, адамзат көзге көрінбейтін жауды әлі жеңген жоқ. Арпалысып келеді. Дегенмен, «жақсы сөз – жарым ырыс». Былтыр өтпеген футболдан Еуропа чемпионаты алдағы 11 маусым мен 11 шілдеге, ал Токио Олимпиадасы 23 шілде мен 8 тамызға жоспарланып отыр.

Биыл жоспар бойынша 9-21 ақпанда Поклюкада (Словения) биатлоннан, 25 ақпан мен 7 наурыз аралығында Оберстдорфта (Германия) шаңғы спортынан, 22-28 наурызда Стокгольмде (Швеция) мәнерлеп сырғанаудан, 21 мамыр мен 6 маусым аралығында Минскте (Беларусь) хоккейден, 2-19 желтоқсанда Испанияда әйелдер арасында гандболдан әлем чемпионаттары өтеді. Алайда, коронавирус пандемиясы бұл жарыстардың кестесіне де өзгеріс енгізуі мүмкін.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, спорт шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here