«Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен» әйелдер

0
3025

Wikipedia мәліметіне сенсек, өткен және осы ғасырда әлем бойынша 57 әйел ел басқарыпты. Бұл тізімге үкімет басқарған әйелдер кірмейді. Сол 57 әйелдің 10-ы әлі «тақтан түскен» жоқ. Олар: 71 жастағы Сахле-Ворк Зевде (Эфиопия), 69 жастағы Саломе Зурабишвили (Грузия), 67 жастағы Халима Якоб (Сингапур), 65 жастағы Цай Инвэнь (Тайвань), 62 жастағы Пола-Мэй Уикс (Тринидад және Тобаго), 60 жастағы Бидхья Деви Бхандари (Непал), 54 жастағы Желька Цвиянович (Сербия), 51 жастағы Керсти Кальюлайд (Эстония), 49 жастағы Майя Санду (Молдова), 48 жастағы Зузана Чапутова (Словакия).  Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті «бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен» әйел-президенттердің өмірбаянына қысқаша тоқталады.

Жоғарыдағы тізімнен көріп отырғандарыңыздай, қазіргі әйел президенттердің арасында жасы ең үлкені – Сахле-Ворк Зевде. Эфиопияның 6-шы президенті 21 ақпанда 71 жасқа толды. 116 млн халқы бар африкалық алып елдің тізгінін қолына 2018 жылдың 25 қазанында ұстады. Ана тілінен басқа француз, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Екі баланың анасы.

Ел тізгінін қолына ұстаған қазіргі әйел президенттер арасында ең жасы – Зузана Чапутова. Словакия президенті 48 жаста. 2019 жылдың 15 маусымында 5,5 млн халқы бар еуропалық елдің басшысы қызметіне кірісті. Президент сайлауының екінші турында қарсыласын сайлаушылардың 58,4% дауысымен жеңді. Ажырасқан. Екі қызы бар.

Саломе Зурабишвили 2018 жылғы Грузия президенті сайлауының екінші турында сайлаушылардың 59,5% дауысын алып, елдің бесінші басшысы атанды. Бір қызығы, Грузия президенті Франция астанасы Парижде дүниеге келген. Президенттің ата-әжесі, әке-шешесі Грузияда кеңес билігі орнаған 1921 жылы Францияға қоныс аударған. Өйткені, Саломе Зурабишвилидің атасы саясаткер болған. Большевиктер жеңіске жеткенге дейін 1918-1921 жылдары өмір сүрген Грузия Демократиялық Республикасының үкіметінде қызмет атқарған. Яғни, «қызыл империяның» қаһарынан қауіптеніп, Францияға жан сауғалаған. Болашақ президент Париж политехникалық институты мен Нью-Йорктегі Колумбия университетінің түлегі. Еңбек жолын Францияның сыртқы істер министрлігінде бастаған. Әр жылдары Францияның Италиядағы, АҚШ-тағы, Чадтағы елшіліктерінде қызмет атқарған. Францияның НАТО-дағы, Еуропалық Одақтағы ресми өкілі де болған. 2004 жылы тарихи Отанына оралып, Грузияның сыртқы істер министрлігін басқарды. Ресейдің әскери базасын Грузия жерінен шығару туралы шешімінен кейін оның грузиндер арасындағы беделі арта түсті. Екі рет тұрмысқа шыққан. Ұлы дипломат, қызы журналист.

Төрт жыл Сингапур парламентін басқарған Халима Якоб 2017 жылғы президент сайлауына ешбір кандидат ресми тіркелмегендіктен автоматты түрде елдің басшысы атанды. Бұл сайлауға бастапқыда төрт кандидат тіркелген еді. Дегенмен, төртеуі де «кандидаттың мемлекеттік қызметте кемінде 7 жыл еңбек өтілі болуы тиісті немесе кандидат капиталы 370 млн АҚШ долларынан кем болмайтын компанияны басқаруы керек» деген талаптарға сай келмеді. Қазіргі президенттің ұлты – малай. Мұсылман. Отбасылы. Бес перзенттің анасы. Ал, жергілікті халықтың 76,8%-ын қытайлар, малайлар тек 13,9%-ды ғана құрайтынын ескерсек, хиджап киген мұсылман әйелдің 5,8 млн халқы бар елдің тізгінін қолына ұстауы мақтанарлық жағдай.

Оңтүстік-шығыс Азияда Тайвань атымен әлемге танымал Қытай Республикасы бар. БҰҰ-ның 15 мемлекеті оның тәуелсіздігін мойындағанымен, 1971 жылдан бері заң жүзінде Қытай Халық Республикасының ажырамас бөлшегі саналады. Бірақ, елдегі 24 млн халықтың күні Бейжіңге қарап тұрған жоқ. Іс жүзінде барлық жағынан тәуелсіз ел ретінде күн көріп жатыр. Халқының 98%-ы этникалық қытайлар болса да, өзінің валютасы бар. Өз туымен жеке мемлекет ретінде Олимпиада ойындарына да қатысады. Міне, осы елді бес жылдан бері Цай Инвэнь басқарып келеді. Лондонда жоғары білім алған. 2012 жылғы президент сайлауында 45,6% дауыс алып, қарсыласына жол берген.  2016 жылғы сайлауда жеңіске жетіп, Қытай Республикасындағы тұңғыш әйел президент атанды. Былтыр қайта сайланды. Президент ханым тұрмысқа шықпаған, перзент те сүймеген.

Кариб теңізіндегі аралда Тринидад және Тобаго Республикасы орналасқан. Шағын мемлекет. 1962 жылы азаттығын Ұлыбританиядан алған. Халық саны – 1,2 млн адам. Халқының 37,6%-ын индотринидадтар (Үндістаннан әкелінген құлдардың ұрпақтары), 36,3%-ын афротринидадтар (Африкадан әкелінген құлдардың ұрпақтары), қалғанын испандармен шатысқан метистер құрайды. Ұлттық құрамы алуан түрлі бұл елдің тізгінін қолына 2018 жылы 19 наурызда Пола-Мэй Уикс ұстады. Мамандығы – заңгер. Тринидад және Тобаго президенті де Тайвань әріптесі сияқты тұрмысқа шықпаған.

Тұрмысқа шықпаған, перзент сүймеген тағы бір президент – Майя Санду. Молдованың су жаңа президенті 24 мамырда 49 жасқа толады. Ел басшысы қызметіне кіріскеніне екі айдан енді асты. Бес тілде еркін сөйлейді. АҚШ-та магистратураны бітірген. Дүниежүзілік банкте қызмет атқарған. Молдованың білім министрлігін де басқарған. Алты айға жетер-жетпес уақыт Молдованың премьер-министрі болған. 2016 жылғы президент сайлауының екінші турында сайлаушылардың 47,89% дауысын алған саясаткер қарсыласы Игорь Додонға жол берді. Бірақ, қарсыласына кеткен есесін 2020 жылғы сайлауда қайтарды.

Бидхья Деви Бхандари – Непалдың екінші президенті. Бірақ, бұдан Үндістан мен Қытайдың ортасында орналасқан мемлекетті әлемдегі жас тәуелсіз елдің бірі деп ойлап қалмаңыз. 1768 жылы негізі қаланып, 1923 жылы Ұлыбританиядан азаттығын алған елдегі бар билік 2007 жылға дейін патшаның қолында болды. Дегенмен, осыдан 14 жыл бұрын Конституцияға өзгеріс енгізіліп, билікті басқару қызметі премьер-министрдің қолына өтті. Яғни, патша елді билеу мәртебесінен айырылды. Содан 2007 жылы 30 млн халқы бар елде президент қызметі пайда болды. Ал, қазіргі президенттің саяси жолына назар аударсақ, оның тісқаққан саясаткер екеніне көз жеткізесіз. Басқа атқарған қызметтерін айтпағанда, 2009-2011 жылдары Непал Федеративтік Демократиялық Республикасының қорғаныс министрі болғанын айтсақ та жетіп жатыр. Өз елінде «темір ханым» атанған Бидхья Деви Бхандари 1993 жылы жесір қалды. Күйеуі Мадан Бхандари елге белгілі саясаткер болған. 1978 жылы Непал Коммунистік партиясын құрған. 28 жыл бұрын жұмбақ жағдайда жол апатынан қаза тапқан. Артында әйелі мен екі қызы қалды.

2018 жылы 9 қарашада Желька Цвиянович Сербия президенті қызметіне кірісті. Елдің 9-шы президенті үлкен саясат сахнасына шықпай тұрып ағылшын тілінің мұғалімі болды. 2010 жылы Экономикалық байланыс және аймақтық даму министрі қызметіне тағайындалды. 2013-2018 жылдары Сербия үкіметін басқарды. Күйеуі екеуі екі перзентті тәрбиелеп отыр.

Балтық елдерінде президент әйел таңсық емес. Өйткені, бұған дейін Латвия мен Литва елдерінде де әйел президенттер болған. Бұл дәстүрді бүгінде Эстония жалғап келеді. 2016 жылы 16 қазанда Керсти Кальюлайд «таққа отырды». Алты тілді еркін меңгерген. Екі рет тұрмысқа шыққан. Төрт перзенттің анасы. Яғни, еуропалық өлшеммен алғанда көпбалалы ана саналады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы гендерлік теңдіктің 2020 жылғы тізімін жариялады. Әдеттегідей еуропалық елдер көш бастап тұр. Швейцария, Дания, Швеция, Нидерланды, Бельгия, Норвегия, Финляндия, Исландия мен Словения алғашқы ондықты түйіндейді. Қазақстан бұл тізімде 44-ші орынға жайғасқан. Посткеңестік кеңістік елдері бойынша біздің алдымызға Эстония (21), Беларусь (32), Литва (34) мен Латвия (42) ғана шыққан. Расында, қазақстандық әйелдердің құқықтары көрші елдерге қарағанда әлдеқайда жақсы қорғалған. Билікте де, бизнесте де әйелдер көп. Мәселен, әйелдер арасында ең жоғары қызмет Гүлшара Әбдіхалықоваға бұйырған. Кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Премьер-министрдің орынбасары, Мемлекеттік хатшы болған 56 жастағы Гүлшара Наушақызы қазір Қызылорда облысының әкімі. Ол – Қазақстанда облыс басқарған тұңғыш әйел. Сонымен қатар, онға жуық вице-министрлерді есепке алмағанда, екі министрлікті әйелдер басқарып отыр. Олар – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here