Тұңғыш Премьер-министр саясаттан кәсіпкерлікке қалай келді?

0
3414

Ел егемендік алып, Тәуелсіздік Туы көгімізде желбірегелі биыл отыз жыл. Азаттығымыз азаматтың жасы – орда бұзар отызға толды. Егемендік бізге оңайлықпен келмегені анық. Бұл туралы Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында «Біз Тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді» деуінен артық айтудың қажеті де жоқ. Егемен еліміз біртуар азаматтардың сарабдал саясатымен, көреген басшылығымен елдіктің жарқын үлгісін көрсетіп, дамудың даңғыл жолында жасап келеді. Бүгінгі мақаламыз Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Премьер-министрі Сергей Терещенко туралы болмақ.

ТАРИХТЫ ТҰЛҒАЛАР ЖАСАЙДЫ

Биыл көктемде 70 жасқа толған Сергей Терещенко – ел Тәуелсіздігін алған тұста ең алғаш премьер-министр болып қызмет еткен тұлға. Ел іргесі бекіп, бұғанасы қатпай тұрған кезеңде халықтың ертеңін, болашағын дұрыс жоспарлап, оң қадамдар жасау қажет болғаны айқын. Сол кездерде Елбасының сенімді серігіне айналған тұлға туралы бүгінде бірі білсе, бірі білмес.

«Премьер-министр» сөзінің ресми анықтамасына сүйенсек, «бірінші басқарушы» деген мағына береді. Яғни, ресми түрде Мемлекет басшысы тағайындаған жоғары лауазымды тұлға. Ондай лауазым иесі Үкімет жұмысына, министрлерге түгел жауапты. Тіпті, құзыреттілігі жөнінен Президенттен кейінгі орында тұратын Премьер-министр өз атынан қаулы мен өкім шығаруға да қауқарлы. Қай кезде болмасын елдің ішкі-сыртқы саясатын түгел реттеп отыруға жауапты тұлғаның қызметіне артылар жүк те ауыр. Ел іргесі енді ғана қаланып жатқан тұста Премьер-министрге жүктелген жауапкершіліктің жеңіл болмағаны анық.

Бұл кезеңді Сергей Терещенконың өзі БАҚ өкілдеріне берген бір сұхбатында: «1991 жылдың 14 қазанынан бастап 1994 жылдың 11 қазанына дейін Премьер-министр болдым. Нарықтық реформалар Кеңес Одағының кезінде-ақ басталып кеткен еді. Біз Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі маңызды реформаларды өз күшімізбен жүргізе бастадық. Егемен елдің ең алдымен жеке заң жобасы болуы өте маңызды. Сол себептен кезек күттірмейтін күн тәртібіндегі мәселенің бірі ретінде әуелі заңнамалық база жасалды. Экономиканың бағытын бұру қажеттігі туындағанда біз капиталистік қоғам құруды таңдадық. Ол өте жауапты және маңызды кезеңдер болды», – деп еске алады.

Терещенконың тарихтағы айтулы кезеңдерде атқарған қызметін әркім әрқалай бағалайды. «Біткен іске сыншы көп» деген, міндетті түрде сын айтушылардың табылғаны да жасырын емес. Десек те, ол шақтар Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең қиын кезеңдер болғанын еске салсақ, сындарлы сәтте құлшына қызмет қылу нағыз азаматтың ісі екеніне дау жоқ.

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ПЕН ТҰҢҒЫШ ПРЕМЬЕРДІҢ ТАНЫСТЫҒЫ

Сергей Терещенко ел бұғанасын бекітуде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сенімді серіктесі болған. Қос тұлғаның танысуы, алғаш кездесуі де естен кетпес естеліктерге толы. Бұл туралы Сергей Александрович: «Мен Елбасын комсомол кезінен білемін. Ол кезде біз мектеп оқушысы едік. Нұрсұлтан Әбішұлын сондай мақтан тұтатынбыз. Себебі, сол кездерде-ақ Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ерлік ісімен елге танылып, «Комсомол Даңқы» орденімен марапатталған еді. Ал, біздің жеке танысуымыз 1983 жылы орын алды. Ол бір ұмытылмас тарихи сәт болды. Сол уақытта Нұрсұлтан Әбішұлы Ленгер сайлау округінен КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болатын, ал мен Ленгер аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жүрген кезім. Бірде Кеншілер сарайында жиналыс болатын болды. Сол жиынға Нұрсұлтан Назарбаевты алып бару маған жүктелген еді. Ол шақ әлі есімде. Алғашқы кездесулерде-ақ мен оның жігерлілігіне, мықтылығына таң қалатын едім», – деп тебіренеді.

Егемендіктің алғашқы жылдары басқарушы үкіметке де, қарапайым халыққа да оңай болмағаны анық. Осындай қиын сәтте Үкімет басында болған Сергей Терещенко сол кездегі қызметінің қызық әрі қиын болғанын айтады. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Одақ құрамындағы елдер Тәуелсіздік Декларациясын жариялап, өз отауларын құрды. Яғни, біздің мемлекетіміз үшін де барлығын жаңадан бастауға тура келген. Әнұран, Елтаңба, Туымызды қабылдау, ел шекарасын сызып, оны бекіту, заңнамалық базаны қалыптастыру… Міне, мұның бәрі сол сәтте Үкімет басында халықтың қамы үшін күн күлмей, түн көз ілмей қызмет қылған тұлғалардың ерен еңбегі. Ақша мен азық-түлік тапшылығы кезінде халыққа түзу түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, елді дүрліктірмей, сабырға шақыра отырып жұмыс жүргізу және соның нәтижесі бүгінгі жаңарған мемлекетті құру – нағыз ерлік. Бұл жұмыссыздық пен азық-түлік тапшылығына шыдас беріп, ертеңгі күннен үміт күткен, ұрпағының жарқын болашағына үлкен сеніммен қараған халықтың да батылдығы.

Енді ғана егемендік алған бұрынғы КСРО құрамындағы елдердегі жағдай бір-біріне ұқсас болды. Бәрінде бір инфляция, бәріне ортақ жоқшылық. Бірақ, елдің азаттыққа деген құлшынысы зор еді. Осындай Ел мен Елбасының бірлікті тірлігінен еліміз бүгінгі кезеңге жетіп отыр. «Тарихты тұлғалар жасайды» деген бар. Ендеше тарихты да, оны құрған тұлғаларды да ұмыту – өткенге қиянат, келешектің тамырына балта шабу болар еді.

ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ ЖЕҢІЛ ЕМЕС

Терещенконың Премьер-министрлік қызметі үш жылға созылған. Десек те, бұл кезеңдердің Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, яғни ел тарихындағы елең-алаң шақ болғанын әсте естен шығаруға болмайды.

1994 жылы Терещенко қызметтен кетті. Премьер-министр жұмысын тоқтатса, бүкіл Үкімет мүшелері құзыреттілігін тоқтатады деген сөз. Бұл кезең туралы кейіпкеріміз «Литер» газетінің тілшісіне берген сұхбатында былай дейді: «Мұндай өтпелі кезеңде кез келген үкімет ұзақ өмір сүре алмас еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қабылданған шешімдер мен шаралардың барлығы халық арасында қолдауға ие бола қойған жоқ. Кез келген нәрсеге дайын болу керек еді. Әрине, оңай емес. Сондықтан Үкіметті ауыстыру, Елбасына жаңа бағыттағы жаңаша команда құру қажет шығар деген шешімге келдік. Бұл астарына сыр бүккен саяси шешім емес, саналы түрде қабылданған іс болды. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы маған Үкімет құрамында қалуды немесе Ұлыбританиядағы елшілік қызметтерін ұсынған еді. Елбасының маңызды ұсынысын қабылдамауыма, біріншіден, тіл білмеуім, екіншіден, кәсіпкерлікке кету туралы ой себеп болды».

Сергей Александрович тоқсаныншы жылдардың аяқ тұсына қарай үлкен саясатқа қайта оралды. Бұл жағдай «Отан» партиясымен байланысты еді. Ол 1998-1999 жылдары «Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі қоғамдық штаб» қоғамдық ұйымының төрағасы, 1999 жылдан «Отан» саяси партиясының мүшесі, 1999-2002 жылдары «Отан» саяси партиясы Төрағасының міндетін атқарушы, 2002-2006 жылдары Қазақстан халықтары Ассамблеясы Төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Сондай-ақ, 2004 жылдан Қазақстандағы славян, орыс және казактар қауымдастығының төрағасы болса, 2008 жылдан «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Абырой» қоғамдық кеңес беру кеңесінің төрағасы қызметтеріне тағайындалған. Осы уақыт ішінде Сергей Терещенко өзін кәсіпкер ретінде жаңа қырынан танытып үлгерген еді. Бірақ, саясаттан да қалыс қалмаған.

Кәсіпкерлік саланы қол еткен Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Премьер-министрі араға аз уақыт салып мемлекет ісіне қайта араласқанына өкінбейді. Бұл кезеңдерді «саясаткер ретіндегі өмірімнің тағы бір жарқын парағы» деп бағалайды. Елбасының өзі Терещенконы Германиядағы іс-сапарда жүрген жерінен шақырып алып, маңызды істі тапсырғанына қарағанда Сергей мырза осал саясаткер болмағаны анық.

Сергей Терещенконың саясат жүгін қайта арқалауы 1999 жылғы президенттік сайлауда сайлауалды науқанның жаңа форматын енгізу кезінде басталған. Тұңғыш Премьер-министр бұл кезде Елбасының арнайы штабын жасақтап, оны басқару қызметімен айналысқан. Арада көп уақыт өтпей қоғамдық штабтың аймақтардағы филиалдары пайда болып, ол орталықтарды беделді адамдар басқаруы штаб көлемінің күн санап кеңеюіне септігін тигізген.

Негізінен сайлау аяқталған соң штаб жұмысын тоқтатуы қажет. Бірақ, сол сәттің өзінде күшті құрылымға айналып үлгерген қоғамдық ұйымның жұмысын тоқтату қасықтап жинаған жұмыстың нәтижесін шелектеп шашқанмен тең еді. Ойласа келе штаб мүшелері ұсыныс тастап, штабты партияға айналдырған. Бұл ұсынысты Елбасы да қолдап, жаңадан құрылған партияға «Отан» деген атау қойып, айдар таққан. Бүгінде қуатты саяси құрылымға айналған «Nur Otan» партиясының құрылғанына 22 жыл толды.

ҮЗДІК ЕЛУ КӘСІПКЕРДІҢ ҚАТАРЫНА ЕНГЕН ТҰҢҒЫШ ПРЕМЬЕР

2011 жылы ел экономикасы мен әлеуметтік-гуманитарлық саласын дамытудағы аса үздік жетістігі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған Сергей Терещенко бұл күнде кәсіпкерлік саласына бірыңғай бет бұрған. Кәсіпкерліктің ауыл шаруашылығын дамыту жағын басты нысана еткен Терещенко Қазақстанның ұлан-ғайыр жері толық игерілсе, байлыққа белшеден батуға болатынын айтады.

Қазір «Бал-ара» Қазақстан ұлттық омарташылар одағының президенті қазақстандық «Forbes» тізімі бойынша Қазақстандағы 50 кәсіпкердің қатарында тұр. 2020 жылы 40-орыннан көрінген тұңғыш Премьер-министр 70 жасында үздік елуліктің 41-орнына табан тіреген.

Үлкен саясаттан қол үзген жылдардан бастап кәсіпкерлікке бет бұрған Сергей Александрович өзінің сүйікті ісімен айналыса бастаған. Бағыт – ауыл шаруашылығы саласы. Оның ішінде күркетауық етін өндіру, бал, алма, жаңғақ өндіру сияқты салаларды дамытқан.

Сергей Терещенко бірыңғай кәсіпке бет бұрғанымен, ел экономикасы мен ішкі-сыртқы нарық жағдайын естен шығармайды. «Біздің мемлекетте әлеуеті зор мүмкіндік бар. Өнімдерді шетелге экспорттау керек. Қазақстандық өнім шетелдік сөрелерде тұруы тиіс» деген пікірде ол.

Бүгінде Халықаралық «Интеграция» қорының басқару кеңесінің төрағасы, «Ордабасы құс» ЖШС мен «Александровский сад» ЖШС-де, SDT Group, Sun-Bee Altai бал өнімін шығару кәсіпорнында, «VITA Жетісу» мал азығына арналған дәнді-дақыл өсіру кәсіпорнында, «Европолис Инвест» құрылыс компаниясында, Trans Caspian Resource логистика компаниясында, «Мадлен» кондитерлік компаниясында үлесі бар кәсіпкер «Алтын жұлдыз», «Отан» ордендерімен марапатталған, Алматы мен Түркістан облыстарының Құрметті азаматы атақтарына ие.

«Қазақ елінің ең үлкен байлығы – елдегі ауызбіршілік пен бейбітшілік. Елімізде түрлі этнос өкілдері бір үйдің баласындай тату тірлік құрып жатыр. Дәл осы тұс – біздің ұтқан жеріміз деуге негіз бар. Ұлтаралық қақтығыстардан зардап шегіп отырған қаншама халықты мысалға келтіруге болады. Елдегі осындай ынтымақ пен мызғымас бірлікті қалыптастырған Тұңғыш Президентіміздің дана шешімдері еді. 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бүгінгі таңда Ассамблея өзара бірлікті нығайта түсетін шаралар аясында елдегі түрлі этнос өкілдерін біріктіріп қана қоймай, еліміздің саяси өмірінде маңызды рөл атқаруда», – дейді Сергей Терещенко.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Терещенко Сергей Александрович – Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Премьер-министрі. Үкіметті 1991-1994 жылдары басқарды. 1951 жылы 30 наурызда қазіргі Ресей Федерациясының Приморск өлкесіне қарасты Лесозаводск қаласында дүниеге келген. Украин  ұлтының  өкілі.  Қазақ  ауыл  шаруашылығы  институтының,  Алматы  жоғары  партия  мектебінің  түлегі.  Тәуелсіз  Қазақстанның  Премьер-министрі  қызметіне  кіріскенге  дейін әр жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары,  Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары, Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Премьер-министрі қызметтерін атқарған.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here