«ҚызПУ-дың танымал ғалымдары» жобасы бастау алды

0
2732

«Qazaq» республикалық газеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бірлесуімен «ҚызПУ-дың танымал ғалымдары» танымдық жобасы бастау алды.

Мақсат – еліміздегі педагог кадрларын даярлайтын бірден-бір іргелі оқу орнының ғылыми әлеуетінің артуына және қарашаңырақ қабырғасында ұзақ жылдар бойы үздіксіз маман даярлауға елеулі үлес қосып келе жатқан білікті ғалымдар мен оқытушылардың еңбегін жан-жақты насихаттау.

Жоба авторы – Қыздар университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы, белгілі журналист Жандар Асан.

Біз бүгін физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, академик Айнагүл Ершинаның ғылымдағы жолына тоқталамыз.

«ҚызПУ-дың танымал ғалымдары»: Айнагүл Ершина

Айнагүл Ершина – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор. Ғалымның 100-ден астам ғылыми жұмысы жарық көрген. Оның ішінде 1 монография, 1 оқулық, 7 оқу құралы, 2 әдістемелік нұсқаулығы мен 4 өнертабыс патенті бар.

Ғылымдағы еңбегі

Айнагүл Ершинаның жетекшілігімен 2 ғылым кандидаты мен 20 ғылым магистрі дайындалды. Оның шәкірттері орындаған ғылыми-зерттеу жұмыстары университеттік, республикалық және халықаралық конференцияларда грамоталармен, дипломдармен марапатталды.

А. Ершина Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі жаратылыстану саласы бойынша (философия докторы PhD) диссертациялық кеңестің, Теориялық және қолданбалы механиканың Ұлттық Комитетінің, Ресей Федерациясының Жаңарып тұратын энергия көздерін пайдалану жөніндегі Комитетінің және бірнеше шетелдік ғылыми басылымдардың редакциялық алқасының мүшесі.

Ғалым соңғы 20 жылда «Альтернативті энергия көздерін пайдалану» басымдылық бағыты бойынша  ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірнеше гранттық қаржыландырылған жобаларында ғылыми жетекші, жауапты атқарушы болып қызмет істеп келеді. Профессор «Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-ның гранттық қаржыландыру конкурсы аясында келіп түскен ғылыми, ғылыми-техникалық жобаларға мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізеді. Ғалымның ұстанған ғылыми бағыты – дүниежүзілік маңызы бар климаттың жаһандық өзгерісін тудыратын парниктік әсердің деңгейін төмендететін экологиялық мәселелерімен тығыз байланысты.

А. Ершина – біртұтас орта механикасы, жылу физикасы және экология салалары бойынша танымал ғалым. Ол 2011-2012 жылдары халықаралық «Болашақ» стипендиясының аясында Мәскеудегі Ломоносов атындағы ММУ-дың жанындағы «Возобновляемые источники энергии» зертханасында ғылыми тағылымдамадан өткен.

Айнагүл Қапасқызы 1995 жылдан бері жел энергиясын электр энергиясына айналдыратын жел электр қондырғыларын зерттеумен шұғылданады. Зерттеу жұмыстарында жел турбиналарының аэродинамикалық характеристикаларын: қалақшаның айналу моментін, бұрыштық жылдамдығын, трубинаның қуатын, жел энергиясын пайдалану коэффициентін теориялық тұрғыдан анықтауда өзінің ғылыми үлесін қосты. Осылардың нәтижесінде Дарье жел агрегатының жетілдірілген жаңа, пайдалы әсер коэффициенті жоғары конструкциясының моделі ұсынылды. Зерттеу жұмыстарының нәтижелері ҚР Білім және ғылым министрлігінің ғылыми-зерттеу жұмыстарына байланысты жүргізілген ашық конкурсының қорытындысы негізінде 2001 жылы гранттық қаржыға басып шығарылған «Основы теории ветротурбины Дарье» монографиясына және докторлық диссертациясына енді.

 Өмірбаяны

Айнагүл Ершина 1950 жылғы 30 қазанда Жамбыл облысының Шу ауданында дүниеге келген. 1967 жылы Шу қаласындағы №308 орта мектепті, 1971 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Физика-математика факультетін үздік бағамен бітірген. Оқу орнын аяқтағаннан соң арнайы жолдамамен С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) Физика факультетіне екі жылдық тағылымдамаға жіберіледі. Тағылымдамадан соң аталған білім ордасында лаборант, аға лаборант, кіші ғылыми қызметкер болып еңбек етіп, 1979 жылы ҚазМУ-дың аспирантурасына қабылданады. 1987 жылдан бері Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Теориялық физика кафедрасына оқытушылыққа қабылданып, содан бері осы оқу орнында табан аудармай қызмет атқарып келеді.

Ол 1987 жылы «Жылу физикасы және молекулалық физика» мамандығы бойынша «Турбуленттік газ факелінің аэродинамикасына дыбыстың әсерін зерттеу» тақырыбында кандидаттық, 2001 жылы «Сұйықтар, газдар және плазма механикасы» мамандығы бойынша «Қазақстан экологиясы мониторингінің кейбір аэродинамикалық мәселелері» тақырыбында докторлық диссертациясын табысты қорғады. А. Ершинаға 1996 жылы доцент, 2008 жылы профессор ғылыми атақтары берілді.

Ғалым бүгінде Жалпы және теориялық физика пәндерінен, арнайы курстардан, Біртұтас орта физикасы, Механикалық қондырғылар, Ағын теориясы, Қазіргі заманғы физиканың өзекті мәселелері, Ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және жоспарлау, Жылу физикасы, Баламалы энергия көздері және т.б. пәндерден орыс және  қазақ тілдерінде студенттер мен магистранттарға дәріс оқып келеді.

Ғылыми жұмысын ұстаздық қызметпен ұштастыра білген Айнагүл Қапасқызының ұзақ жылғы ғылыми-педагогикалық еңбегі өз деңгейінде бағаланып келеді. Атап айтқанда, ол Еуропаның ғылыми-өндірістік палатасы жоғары сапалы кәсіби қызметі үшін сапа дипломы мен Еуропаның алтын медалімен,  Қазақстан Республикасында жел энергиясын пайдалану саласында жүргізген ғылыми зерттеулері үшін Ресей Федерациясының Жаңарып тұратын энергия көздерін пайдалану Комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар ғалым Қ.И. Сәтбаев атындағы сыйлықтың иегері атанып, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының «Ұлағат» күміс медалімен марапатталған. Ол «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының, «Болашақ» бағдарламасы бойынша ҚР Президенті стипендиясының иегері.

Айнагүл Ершина Ресей жаратылыстану академиясының академигі, Халықаралық Конкорд академиясының корреспондент-мүшесі. Профессор өзінің еңбек жолында жас жеткіншектерді ғылыми және педагогикалық бағытта тәрбиелеуде тынымсыз, қажырлы қайратымен салмақты үлес қосып келеді. Өмірін ғылыммен өрнектеген ғалым шәкірттері еліміздің игілігі жолында абыройлы қызмет атқаруда.

Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here