Жомарт ЗҰЛПЫХАР: «Идея айтып келетін жастар жоқтың қасы»

0
28794

Жастар саясаты – еліміздегі ауқымды әрі идеологиялық тұрғыдан маңызы жоғары салалардың бірі. Өңірлерде бұл саланың тізгінін мықтап ұстап отырған жас та болса бас болып жүрген азаматтар жетерлік. «Елім» деген сондай жастың біріЖамбыл облысы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхармен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

«КЕЗ КЕЛГЕН АТА-АНА ӨЗ БАЛАСЫНА ЖАМАН ЖОЛДЫ КӨРСЕТПЕЙДІ»

Жомарт Дүйсенұлы, әңгімемізді Өзіңіздің өскен ортаңыз, Сізді өсірген ортадан бастасақ. Қандай отбасында дүниеге келдіңіз? Бала кезіңіз қайда өтті?

– 1990 жылы  Жамбыл облысына қарасты қазіргі Т.Рысқұлов ауданының Луговой кентінде қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем мектеп қабырғасында он жылға жуық ұстаздық еткен, кейіннен директор болған. Анам темір жолда инженер-технолог, бағдарламалаушы болып қызмет етті. Бес ағайындымыз, мен үйдің кенжесімін. Анам мені әпкеме серік болатын «қыз бала болса» деп армандаған екен, бірақ Құдайдың қалауымен дүниеге ұл келген. Балдырған балалық шағым сол ауылда өтті. Әке-шешеміз таңертең малды жайғап, сиырын сауып жұмысқа кетсе, ағам мен әпкем сабақтан ауысып келіп жататын. Таңның атысынан түннің батысына дейін далада асық ойнап, доп қуалап, қыстың күні мұз үстінде шанамен шаңғы теуіп, анамыздың көмбеш нанын жұлып жеп, ауылдың топырағына аунап өскен баламын. Бірінші сыныпты сол Луговой кентінде оқыдым. Алайда көп ұзамай әкемнің қызметі ауысып, орталыққа, Құлан ауылына көштік. Аудан орталығында орналасқан №1 мектеп-лицейде 11 сыныпқа дейін білім алдым. Сол уақыт аралығында ата-анамның атына кір келтіретін оғаш әрекет жасамауға тырысатынмын. Әкем мұғалім болғаннан кейін ба, біздің тәрбиемізге көп мән берді және сол тұрғыдан қатал болды. Әрдайым ақылын айтып, тура жолды нұсқап, жақсы әдетке бейімдеп отыратын. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп бекер айтпаса керек. Әкеміздің үйреткен жолымен қазір қара жұмыстың кез келгенінің ебін тауып кете береміз. Сол кезде қорадан құрал-сайманды алып келуге мені қайта-қайта жұмсай беретін. Сонда кішкентайымнан еңбекке бейімделсін деген екен. Жұмсаған кезде, таппай келмеуге болмайды, олай болмаған жағдайда сөз естіп қалуың әбден мүмкін. Ал, анамыз болса «әкең келе жатыр», «әкеңнен сұран», «әкеңді тамаққа шақыр», «әкең төрге отырсын» деген сөздерді жиі айтатын. Сол арқылы әкенің мәртебесін биіктетіп, асқар тау әкенің орнын солай қабылдауға үйреткен екен. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, әке-шешемнің берген тәрбиесі өмірімнің көп бөлігінде өзінің оң септігін тиігізді десем артық айтпаған болар едім. Сондай тәрбиені бала-шағамызға біз қазір беріп жүрміз ба деп кейде ойда қаламын. Қазіргі таңда баланың проблемасын мектептегі мұғалімге, айналасындағы ортасына және тағы басқа факторларға байланыстырып жатады. Дегенмен, ата-ананың беретін тәрбие мектебі мықты болса, оны ештеңе де бұза алмайды. Жалпы мектеп қабырғасында сабақты жақсы оқыдым. Мектеп олимпиадаларына қатысып, аудандық жайдарман ойындарында өнер көрсететінмін, ауданның үздік жайдарманшысы да атанғанмын. Жомарт мектепішілік байқаулар мен концерттік шаралардың төрінен табылатын. Ән айтып, өлең шығарып, шығарма жазудан және мәнерлеп оқудан жарыстарға да қатысып тұратынмын. Өнер мен шығармашылық мен үшін егіз ұғым болды. 2007 жылы мектепті үздік бітіріп, ҰБТ-дан 111 балл жинадым. Осылайша, Қазақ гуманитарлық заң университетіне грантқа түстім. Бастапқыда өнер, журналистика саласын таңдағым келіп, Т.Жүргенов университетіне түсуге дайындалып жүрдім. Қазақ тілі мен әдебиеті, география сынды пәндерге өте жақын едім. Әкем мінезіме, болмысыма қарап, заң мамандығына түсуге жол нұсқады. Содан құқықтану мамандығына дайындала бастадым. Алматы, Астана қалаларындағы бірнеше жоғары оқу орнына тапсырып, Қазақ гуманитарлық заң университетіне оқуға қабылданыппын. Онда жақсы білім алдық. Бүгінгі күні аталған университет еліміздегі ең үздік заң мамандарын дайындап шығарады. Бүгінде үлкен компаниялар мен мемлекеттік қызметте билік тізгінін ұстап отырған бірқатар азаматтар сол оқу орнында білім алған. Қазір университет атауы Мақсұт Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті болып өзгерді.

Сіз соңғы сәтте әкеңіздің кеңесі бойынша шешімді өзгерттіңіз, кейін бұл таңдауға өкінген сәт болды ма?

– Өкініш болмады, себебі әкемнің айтқанын тыңдап өстім және ол кісінің маған дұрыс бағыт-бағдар беретінін білемін. Кез келген ата-ана өз баласына жаман жолды көрсетпейді. Қайта әкемнің тілін алып, сөзін тыңдағаныма қазір қуанамын. Себебі, әкемнің жол сілтеуімен сабақты жақсы оқып, қызыл дипломға тәмамдап шықтым. Он бес грант иегерінің арасынан үш-ақ студент қызыл диплом алдық. Содан кейін заң мамандығына қызығушылығым артып, ары қарай магистратурада білім алғым келді. Заң жүйесін оқыту бойынша жоғары GPA баллмен магистратураны да аяқтадым. Ал өнер мен шығармашылық мен үшін хобби секілді болып қалды. Арасында өлең, ән жазып тұрамын. Арасында байқауларға қатысқан кездерім де болды. Мысалы, «Қазақстан дауысы», «Х фактор» деген секілді жобаларда төбе көрсеттім.

Әкеңіздің Сізге айтқан қандай өсиеті мен қағидалары есіңізде?

– Абай Құнанбайұлының:
«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап», – деген өлең жолдары мен үшін ұран болды. Мен оқуда жүргенде де, мемлекеттік қызметке тұрған кезімде де әкем осы сөзді әрдайым айтып отыратын. «Балам, айналаңдағы адамдардың бәрі жақсы болып көрінеді. Бұл заманың түлкі болса, тазы боп шалатын уақыт» деп айтып отыратын. Сондықтан мен көп адамдарға сене бермеймін, тек өзіме және өзімнің біліміме ғана сенемін. Жұмысыма жауапкершілікпен қарауға тырысамын.

«ҚЫЗДАРЫМА БАРЫНША МЕЙІРІМДІ БОЛУҒА ТЫРЫСАМЫН»

Сіздің өлең жазатыңыздан хабардармыз. Қалай болғанда да шығармашыл адамдар еркін келеді. Сіз өзіңізді қазіргі мемлекеттік қызметте бір қалыпқа қалай сидырасыз?

– Еңбек жолым 2011 жылы басталды. Жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа орналастым. Ол кезде ешкім қолыңдағы қызыл дипломға қарап, жұмысқа шақырмайды. Сол кезден-ақ өмірдің қиындықтарын сезіне бастадым. Қолыма дипломымды алғаннан кейін мемлекеттік қызметке де тапсырып көрдім, кішігірім жекеменшік компанияларға да бардым. Сұхбаттан да өттім. Бірақ, ешқайсы қарапайым заңгер ретінде жұмысқа алмады. Сонымен жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз болып тіркеліп, жастар тәжірибесі арқылы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «заң департаментіне» жұмысқа қабылдандым. Сол жерде мемлекеттік қызметтің мектебін көріп, баспалдағынан өттім. Солай мемлекеттік жұмыстағы ұжымға, қызметке сіңісіп кеттім. Ал, қазір жастар үшін мемлекеттік қолдау тетіктері жыл санап артып келеді. Мысалы, қазір тек «жастар тәжірибесімен» ғана емес, «алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен жұмысқа орналасып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен үйлі, қызметті бола алады. Сонымен қатар, биылдан бастап  оқу орнын  жоғары GPA баллмен бітіріп келсе, қалалық және аудандық жерде мемлекеттік қызметке конкурссыз да орналаса алады. Мұның барлығы жастар үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар деуге болады. 2013 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша заң ғылымдарының магистрі атанып, өзім оқыған университетке оқытушы ретінде келуге ұсыныс алдым. Онда аудитория алдында сөйлеуді, жастармен жұмыс жүргізуді үйрендім. Заңгер не оқытушылық қызмет шығармашылықпен айналысуға еш кедергі келтірген емес. Заң мамандықтарында оқитын студенттерімнің арасында талантты жастардың барын байқайтынмын. Бірақ, олар оқудан  тыс шығармашылыққа уақыт бөлмейтін. Осылайша қылмыстық іс жүргізу, криминалистика және сот сараптамасы кафедрасы жанынан шығармашылық клуб құрып, заң мамандығындағы өнерлі студенттердің басын қосып, ақысыз негізде жастардың шығармашылығын шыңдау бағытында шаралар ұйымдастырып отыратынмын. Біз оқыған кезде ондай мүмкіндіктер болған жоқ. Осылайша студенттердің қызығушылықтарын оятқым келді, әрі оларды шығармашылыққа баулудың жолы осы болды.

Өзіңіз айтқандай, шығармашыл адамға бір қалыптың ішіне сыйып жүру оңайға түспейді. Десе де, заң мен құқықтық тәртіптің айналасына шығармашылық көзқарасқа да орын табылады. Адам жан-жақты болу қажет. Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметтегі бюрократиялық құбылыстардың бар екенін және оны жою бағытында жұмыстар жүргізуді жыл сайын айтып келеді. Аталған бюрократияны қолдан жасап алатын шенеуніктер бар. Қазір жұмысты заман ағымы мен қоғамның сұранысына қарай бейімдеу қажет. Ол қатып қалған мемлекеттік қызметкер ұғымы түсінігінен арылып, жұмысқа шығармашылық көзқараспен қарауды және мәселенің мән-жайына тереңінен үңілуді қажет етеді.

– Мамандығыңызға байланысты қасаң қағидалармен бетпе-бет келген тұстарыңыз болды ма? Өз мамандығыңыздың ерекшеліктерін қалай түсіндірер едіңіз?

– Қазір заман ағымына қарай басқа мамандықтарға сұраныстар артып жатыр. Біздің кезімізде елдің қызығушылығын оятатын мамандықтар осы заң және экономика саласында еді. Қазір заңгердің саны көп болғанмен, сапасы жоқ болуы мүмкін. Бұл білім ортасына, оқытушылар құрамына, білімді бойына сіңіретін оқушының өзіне де тікелей байланысты. Егер студент білім іздеп, оқытушыдан соны талап етіп, деңгейін асырып тұрса, оқытушы да лайықты білім беруге тырысады. Өзім сабақ беріп жүрген кезде, студенттерім менен екі-үш жасқа ғана кіші болатын. Білім жағынан мен олардан бірнеше есе артық білуім керек болды. Ізденіп, кітапхана аралап, мұғалімнен де көп білгісі келіп жүретін жастар бар. Ал, мұғалімге олардан артық біліп, кез келген сұраққа дөп жауап беру міндетті. Мен соған дайындалатынмын. Оқытушы дәрісіне үлкен дайындықпен келу керек. Білім алушы ақылы бөлімде болса сол оқудың ақшасын, ал мемлекеттік грантта оқитын студент сол грантты ақтап шығуы керек. Біз жұмысқа орналасудан бұрын негізгі іргетас университет қабырғасында қаланады.

Жалпы мамандығым өзіме ұнайды. «Құқықтану» – ол тәртіп пен тәрбие ғана емес, өзіңнің және өзгенің құқығын қорғауға үйрететін ғылым. Және сол арқылы мен ізденуге және тиісті жағдайға қатысты қажетті заңның нормасын іздеп табуға бейімделдім. Бүгінгі күні сол алған білімім арқылы мен осы күнге жетіп отырмын деуге болады.

Шығармашылық пен өз қызметіңізді қалай алып жүресіз? Бізде қоғамда жазылмаған қағидалар көп қой. Мысалы, ақын болсаң тағдырдан таяқ жеуің керек деген сияқты. Ал Сіз керісінше қоғамға пайдалы қызметтесіз. Осы тұрғыда не айтар едіңіз.

– Шабыт – ол тосыннан келетін тылсым дүние. Мен жазатын өлеңдердің, шамамен, 80 пайызы лирикаға толы, махаббат тақырыптарында. Қалған бөлігі ата-ана, туған жер, әдеп, тәрбие тақырыптарын қамтиды. Оқу кезінде кейде ұйқым қанбайтын шақтар көп болды. Бір ой туса, керемет дүние шығуы үшін бар уақытымды арнайтын едім. Кейде таңды таңға жалғайтын кездер болады, әйтеуір өлең қағазға түспейінше жаным тынышталмайтын. Үйленген соң жаның тыныш, өлеңде бұрынғыдай қарқын жоқ, сәл бәсеңсіген. Ал қазір барлық зейін жұмыста болғандықтан ба, ондай өлеңдер жарыққа шыға бермейді. Бұрын бір жылда 10-ға жуық өлең шығаратын болсам, қазір олардың саны 1-2 өлеңге дейін азайған. Өйткені, қазір бар ойымды жұмысқа бөлемін.

Шығармашылық қабілеттер жұмыста өз нәтижесін береді. Себебі, қазіргі жұмысым жастармен тікелей жұмыс жүргізуге бағытталған. Кейде шығармашылық тұрғыда шешімдер қабылдауға тура келеді. Бір жағынан мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі ретінде жастардың шығармашылығын шыңдау және дамытуда өз тәжірибемнен алып жататын тұстары да бар. Осындай сәтте шығармашылық пен қызметті ұштастыруыма тура келеді. Мемлекеттік қызмет – ел игілігі үшін жасалуы қажет. Ол үшін бойда бар қабілетті салуға тырысамын және содан қоғамға пайдасы тиіп жатса, мен үшін сол жетістік болмақ.

– Құпия болмаса, қанша баланың әкесісіз? Отбасыда қандай әкесіз?

– Екі қызым бар. Қыз балаларға нәзіктік керек. Әкенің мейірімін, жылы сөзін, құшағын қалайды. Сондықтан оларға еш ұрыса алмайсың, олар өте тәтті, ерке. Қазір оларға қалай қарасаң, болашақта әкесіне ұқсас азаматты іздейді. Дөрекі болып, жаман тәрбие берсең, қыздарыңа қарым-қатынасың дұрыс емес болса, осылай қалыптасып қалады. Сондықтан қыздарыма барынша мейірімді болуға тырысамын.

«БИЫЛ ДА «ӘУЛИЕАТА ЖАСТАРЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ ЖАЛҒАСАДЫ»

– Жастар саясаты саласына басшылыққа келгеніңізге екі жылдай уақыт болыпты. Алғашқы уақыт пен қазіргі кезеңге қарап Өзіңізге қалай есеп бересіз? Жасап жатқан жұмысыңызға қаншалықты көңіліңіз толады?

– Осы уақытқа дейін әр лауазымда кемінде 2-3 жылдай жұмыс жасаған екенмін. Және сол орында тұрақтамай, ары қарай дамуға тырысамын. Білімімді еселеп отырғым келеді. Осы күнге дейін тұлғалық даму және кәсіби біліктілікті шыңдау бағытында 30-ға жуық оқу курстарына барған шығармын. Заң тақырыбы, ой-өріс, сөйлеу мәнері, мемлекеттік сатып алу – барлығына баруға, үлгеруге тырысатынмын.  «Көп ақпарат білген адам әлемді билейді» дейді ғой. Мол ақпаратты игерген адам ештеңеден құр қалмайды деп ойлаймын. Бір орында, қызметте қалып қоюдан қорқамын. Жасаған жұмысымда жақсы жетістіктер мен жаңашылдықтар алып келіп, одан кейін ары қарай жақсы лауазымдарға ұмтыламын. Басқарма басшылығына келгеніме 1,5 жыл болды. Десе де, қазіргі таңда жастардың ең өзекті мәселесі – жұмыссыздық. Қала берді, тұрмыстық мәселелер бар. Қоғамда проблемалар күн өткен сайын артып жатыр. Буллинг, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық та белең алып кетті.

Жастар саясаты басқармасының тоғыз бағыты бар. Сонымен қатар, қоғамда болып жатқан барлық әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып жатырмыз. 2022 жылы «Әулиеата жастары» бағдарламасы іске асырылды. Республикалық деңгейде «Алматы жастары» деген бағдарламадан кейін екінші болып іске қосылды. Сол бағдарламаны жазған кезде бөлім басшысы болатынмын. Заңгерлік білімім барынша көмектесті. Мұндай бағдарламаларды жазып шығу, оның талап-шарттарын ұйымдастыру қажырлы жұмысты талап етеді. Адамдарға сырттай сын айту оңай. Бірақ, сол кездері ондаған есікті қағып, кеңес алып, заңсыздықтарды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері секілді мәселелердің бәрін жою үшін ереже-талаптар жасауға тырыстық. Осы бағдарламаның іріктеу кезеңі басталғанда басқарма басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалдым. Сол жылы 500 миллион теңгеге 41 жас баспаналы болды. Алғашқы жылға бұл нәтиже жаман емес деп ойлаймын. Себебі, 41 отбасының баспана мәселесі шешілді. Арасында көп балалы, жаңадан үйленгендер де бар. Міне, сол азаматтардың тұрғын үй мәселесі шешілді.

– Бұл бағдарлама 2022 жылы басталса, алғашқы үй 2023 жылы берілді ме?

– Жоқ, екі жыл қатарынан берілді. 2022 жылдың соңында бағдарламаны құраған ереженің мерзімі бітті. Өйткені, белгіленген уақыты тек бір жылға дейін ғана еді. Содан кейін «неге бұл бағдарламаны үш жылға жасамасқа?» деген ой келді. Стратегиялық тұрғыдан жыл сайын қаражатын өсіру, талаптарын жеңілдету керек. Өйткені, бірінші жылы бағдарлама пилоттық болды, қиындықтарын көрдік, солай тәжірибе жинадық. Соған сәйкес кей тұстарын жеңілдеттік. Осылайша ережені тағы алдағы үш жылдыққа арнайы жасап шықтық. Үш жылға дейін бағдарлама жабылып қалмасын, өңір жастарының сұранысына сәйкес баспаналы болуына мүмкіндік беру мақсат болды. 2023 жылы жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңге қаржы бөлініп, Отбасы банкімен де келіссөздер жүргіздік. Олар да 1 млрд. теңге қаржы бөлді. Жалпы 2 млрд. теңге сомаға 144 жас баспаналы болып, қоныс тойын тойлады.

2024 жылы бағдарлама жалғасады. Ереже-талаптарды жеңілдететін тұстарды тағы да қарастырдық. Бұл жұмыстар облыстық цифрлық технологиялар басқармасының www.e-jambyl.kz платформасы арқылы іске асырылады. Онда интеграцияларды жеңілдетіп, азаматтың жеке куәлігін, неке куәлігін және балаларының туу туралы куәлігін ЭСҚ-мен алу жолын жасатудамыз. Келіссөздер жасап, ұсынысты беріп қойдық. Осылайша, өткен жылы бюджеттік өтінімде «Жергілікті бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлуді сұраймын» деп ұсыныс бердім. Осы тұста Отбасы банкінің көзқарасы өзгерді. Олар 2023 жылдың мамыр айында жаңа регламент бекіткен екен. Онда жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттың 20 пайызын ғана бөлу қарастырылған. Демек, бізге әкімдіктен 1 млрд. теңге бөлінсе, олардан тек 200 млн теңге ғана бөлінеді. Біздің бюджеттік комиссия мұны қолдамады. Әкімдік тарапынан «банкпен бірге іске асыратын имидждік жобаны неге екі тарап бірлесіп жасамасқа?» деген ұсыныс болды. Желтоқсан айында «Отбасы Банкінің» бас кеңсесіне хат жазып, осы жақтағы филиал директорымен бірнеше рет келіссөздер жүргіздім. Биылғы жылдың алғашқы бюджетті нақтылауына екі апта ғана уақыт қалғанда «Егер жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінетін болса, біздің тараптан 1 млрд. теңге бөлінеді» деген жауап алдық. Барлық құжаттарды жинақтап, өткізіп, соңғы хатты қостық. Сөйтіп бюджеттік комиссияға кіріп, 1 млрд. теңге бөлуіне қол жеткіздік. Мәселе осылай шешімін тауып, биыл да бағдарлама жалғасатын болды. Биыл бағдарламаның шарттарына бірқатар өзгерістер енуі ықтимал.

Құжат қабылдауды қай уақытқа жоспарлап отырсыздар?

– Оны нақты айта алмаймын. Себебі, бюджет нақтыланғанша наурыз айының ортасы болады. Одан кейін құжаттамалардың рәсімдемесімен айналысу бір-екі айды алады. Ұсыныстар берген сайтты реттеу қажет. Маусым айына қарай барлығы аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Бағдарламаға құжат тапсыру жылдағыдай шілде-тамыз айында басталады. Қазір қоғамда дін мәселесі өзекті екенін білесіз. Әсіресе жастар арасында діни сауаттылық жетіспей жатады. Осы тұста былтыр дін істері басқармасы тарапынан өңірде теолог мамандардың кадр жетіспеушілігі мен тұрақсыздығы барын ескеріп, теолог мамандардың бағдарламаға қатысып баспана алу мүмкіндігін енгіздік. Баспана алғаны сол жерде біраз уақыт тұрақтап, жұмыс жасап, еңбегін сіңіреді деген ойдамыз. Кез келген мемлекеттік мейлі өңірлік бағдарламаның осындай қоғамдық қажеттіліктің орнын толтыратын саяси астары болуы тиіс деп ойлаймын.

Істейтін жұмыс жетерлік, 1,5 жылда алға қойылған мақсат пен міндеттерге толығымен жеттік деп айта алмаймын.

«БІЗ ӨЗ ТАРАПЫМЫЗДАН ЖҮЗ ТАРМАҚТАН ТҰРАТЫН ӨҢІРЛІК ЖОСПАРДЫ БЕКІТТІК»

– Жамбыл облысында тапшы мамандықтар қандай?

– Медицина, білім және өндіріс саласында мамандар тапшы. Өндіріс саласындағы мамандықтар сұранысын шешу мақсатында биыл М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ-де Ресейлік университеттің филиалын ашып жатыр. Ал, білім және медицина саласы бойынша тапшы мамандықтарға жергілікті бюджеттен жыл сайын арнайы гранттар бөлінуде. Сол грантта оқып бітірген студенттер бүгін болмаса да ертеңгі күні өңірдің кадр тапшылығының орнын толтырады деп ойлаймын.

Жұмыссыз және уақытша бос жүрген жастармен қандай жұмыстар атқарылуда?

Былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан 38 мың жастың тізімі берілді. Олардың әлеуметтік мәртебесі анықталмаған, кім екені белгісіз. Бұл мәселені реттейтін «Отбасының цифрлық картасы» деген жүйеге қолжетімділік тек мансап орталықтарында ғана бар. Біз осы жұмысты жауапкершілікпен алдық. Бұл жұмыс тек мемлекеттік қызметкерлерге ғана жүктеледі. Біз аудандық ішкі саясат бөлімдерінде жұмыс істейтін қызметкерлерге осы шаруаны тапсырдық. Бірақ, бұл жұмысты жастар ресурстық орталықтарының мамандары үйлестіреді. Үйлеріне барады, қайда жұмыс істеп жатқандарын анықтайды. Ол тізімде қажетті ЖСН-нен бастап барлық ақпарат бар. Мәліметтерді жаңартып, 38 мың жастың 20 мыңы жыл соңына дейін 18 бағыт бойынша әлеуметтік мәртебелері өзектендіріліп, бірқатары жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Қалған жастардың барлығы жұмыссыз емес, олардың 4 мыңы декреттік демалыстағылар, 3 мыңға жуығы нақты жұмыссыздар. Қалғаны басқа өңірде жұмыс істеп жатқандар мен көшіп кеткендер, тағысын тағы.

Одан бөлек мансап орталықтарымен бірлесіп жұмыспен қамтудың белсенді шараларына бөлінген қаржының шеңберінде әр ауданның келісімімен жастар тәжірибесі бойынша қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік нысандарға, кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға бағытталған жұмыстардың индикаторын бекіттік. Нәтижесінде 28 мың жасты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарттық. Олардың арасында біздің жастар көп шоғырланған орындарда, базарларда ұйымдастырылған кеңес беру алаңдарымыз, 120-ға жуық өткізген жәрмеңкелеріміздің әсері зор. Осы индикаторға кіретін ауыл жастарын қолдау мақсатында басталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2022 жылы 2,5 пайызбен несие алған жастардың саны 12 болған. Мұндай жобаларды жастар білмейтін болып шықты. Жыл соңына дейін 1000 жасты қамту бойынша жоспар бекіттім. Ауыл-ауылды аралап, ақпараттандыру жұмыстарын күшейттік. Былтыр 1151 жас осы бағдарлама аясында несие алып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр.

– Жұмыссыздық мәселесінің өзекті екені рас. Ал қоғамда белең алған лудомания, суицид сынды мәселелер бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Лудомания мәселесімен күресу үшін Үкімет тарапынан нақты шаралар қабылдануы тиіс деп ойлаймын. Себебі, букмекерлік кеңселердің жарнамасы ашық жүріп жатыр. Оны көрген адам жеңіл ақша табу үшін міндетті түрде ойынға ақша тігуге кіріседі. Спортқа қызығамыз ба, әлде спортқа ақша тігуге қызығамыз ба? Бір-біріне қарама-қайшы саясат жүріп жатқандай. Мен ешкімнің бизнесіне қол сұққым келмейді, десе де мұның артында тұрған ірі адамдар бар. Бұл мәселеге мемлекет тарапынан тосқауыл болмаса, біздің тарапымыздан жасалған жұмыстардан айтарлықтай нәтиже болады деп ойламаймын. Біз былтыр алаулаған-жалаулаған шаралардан бас тарттық. Былтыр сәуір айында 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатын жүргізудің тұжырымдамасы жарық көрген болатын. Осы құжаттың астында өңірлерге нақты жұмыстар тапсырылды. Біз өз тарапымыздан 100 тармақтан тұратын өңірлік жоспарды бекіттік. Және облыстық прокуратурамен бірлесіп 2023 жылдың күзінде жұмыссыздық, қылмыс, зорлық-зомбылық, суицид сынды мәселелерді алдын-алуға арналған 55 тармақтан тұратын кешенді жоспарды бекіттік. Одан бөлек былтыр сәуірде өзекті деген мәселелердің индикаторын белгіледік. Әр ресурстық орталыққа тапсырма бердік. Олардың қатарында сыбайлас-жемқорлықпен күрес, лудомания, суицид, нашақорлықпен күрес, қаржылық сауаттылық сынды мәселелер бар.

– Жалпы басқарма жұмысының нәтижесін немен өлшейсіздер? Мәселен, құқық бұзушылық, нашақорлық, суицид, жұмыссыздық сияқты жағдайлардың алдын-алу бойынша жиын өткіздіңіздер делік. Ондай шаралардың нәтижелілігіне сұрақ көп.

– Әрине, нақты жұмыс жасап нәтижеге жетпей біз алдағы уақытқа жоспар құра алмаймыз. Қылмыс, нашақорлық деңгейі бойынша полиция департаментімен бірлескен жұмыстар жүргізіледі. Есепте тұрған жастар бар. Сол көрсеткішті былтырғы жылғы жағдаймен салыстырамыз. Бұрын біз көрсеткіштерді тек тоқсанмен есептейтінбіз. Биыл облыс әкімінің берген тапсырмасына сәйкес әр айдың есебін жүргіземіз де, өткен жылғы сол аймен нақты салыстырамыз. Қазіргі таңда көрсеткіштердің төмендегенін аңғару қиын емес. Полиция департаментінде және пробация қызметінде есепте тұрған жастарды тізім бойынша қоғамға бейімдеу, қоғамдық шараларға тарту бағытында жекелеген шаралар ұйымдастыруды қолға алғанбыз. Өкінішке қарай, суицид бойынша мәселе реттелмей тұр. Бұл жерде білім мекемелерінің және психолог мамандардың жұмысы маңызды. Жастарды өмірге бейімдеп, оларды батып кеткен тұңғиығынан шығарып алуға жастар ресурстық орталығындағы психологтардың әлеуеті жете бермейді. Суицид – жалпыға ортақ мәселе. Жас болса онымен тек жастар басқармасы айналысуы тиіс деген ұғым жоқ. Біз мәселенің бар екеніне назар аудартамыз. Әр саланың өзінің қосар үлесі бар. Мұндай жағдайға душар болған жандармен психиатрлар жұмыс істегені абзал. Біз мұндай өткір мәселенің бар екенін жасырмаймыз, үнемі айтып отырамыз. Мұнымен уәкілетті органдармен бірлесе отырып жұмыс істеуіміз керек. Мысалы, деструктивті діни ағымға кіріп кететін жастарға тоқталсақ. Олардың дені 35-ке дейінгі жастар. Осы себепті жастар ресурстық орталықтарында теолог мамандардың штаттық бірліктері ашылған. Бұл жастар арасында діни сауаттылықты арттыруға бағытталған болатын. Аталған жұмыстар өз септігін тигізіп жатыр. Ал расында өзге ағымдарға адасып кіріп кеткен жастармен дін басқармасы тікелей жұмыс жүргізеді. Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі бойынша 2023 жылы 21 мың жасты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартамыз деп жоспарладық, жыл қорытындысымен 28 мың адам жұмыспен қамтылды. Соның ішінде, «Отбасының цифрлық картасы» жүйесіндегі 20 мың адамның жұмысқа тартылғаны тағы бар. Жаман нәтиже емес деп ойлаймын. Сонымен қатар, статистика департаментінің тоқсан сайын жүргізетін есебі бар. Бұл бойынша жастардың жұмыссыздық деңгейінің төмендегені байқалады. Мысалы, 2023 жылдың 1-ші тоқсанында жастар арасындағы жұмыссыздық үлесі 5,1 % (12 923 жас) құраса, 4-ші тоқсан қорытындысымен 3,1%-ды (7 804 жасты) құрап отыр. Сол сияқты уақытша бос жүрген (NEET) жастар саны жыл басында 8,6 %-ды (28 258 жасты) құраса, 4-ші тоқсанда 6,0 %-ды (19 798 жасты) құрап отыр.

«ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ 85 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ «85 ИГІ ІС» АКЦИЯСЫН БАСТАДЫҚ»

– Жастар басқармасы жұмыс істейтін бағыттың бірі – волонтерлік. Осы бойынша қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?

– Бұл бағыт бойынша жұмыстар нақты жолға қойылған. Барлық ресурстық орталықтарымызда волонтерлік қозғалыстар жұмыс істейді. Мұнымен қоса кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде 36 волонтерлік топтар бар. «Жас ұлан», «Ақ сұңқар», «Қазақстан студенттер альянсы», «Жібек жолы жастары» сынды 13 ұйым белсенді жұмыс атқаруда. Республикада арнайы волонтерлік желі іске қосылған. Волонтерлік қозғалыстар жұмыстарын осы желінің нұсқамасымен 11 бағыт бойынша жүргізеді. Ресурстық орталықтар осы 11 бағыт негізінде жұмыс жоспарын қамтиды. Биыл Жамбыл облысының 85 жылдғына орай «85 игі іс» акциясын бастадық. Жақында Қан орталығында 100-ден аса жастың қатысуымен қан өткізу акциясы өтті. Сол секілді қайырымдылық бағытындағы қарттар үйінде, балалар үйінде мерекелік шаралар өткіземіз. Тұрмысы төмен осал топтағы жандарға көмек көрсетеміз. Қария кісілердің үйлеріне барып тазалық жұмыстарын жасаймыз. Оларды ынталандыру мақсатында «Жылдың үздік волонтері» сынды байқаулар өткіземіз. Былтыр республикалық волонтерлердің фронт-кеңсесінен мамандар келіп бұл жұмыстың қыр-сырын үйретіп кеткен болатын. Былтыр білім басқармасының теңгеріміндегі ғимараттың 1-ші қабатында волонтерлер фронт-офисін ашқан болатынбыз.  Қолымыздан келгенше ішін өзіміз ақысыз негізде жабдықтадық. Волонтерлер сонда жиі бас қосып отырады. Барлық қоғамдық шараларға қатысуға волонтерлар көбірек ықпал етеді. Қайырымдылық жобаларға, экологиялық акцияларға шақырады.

Басқармаға басшылыққа келгеніңізге 1,5 жыл болды. Желілерде айтылатын сындарды қалай қабылдайсыз?

– Сынды ешқандай қиындықсыз қабылдаймын. Қоғам тарапынан сын болуы керек деп есептеймін. Сын болмаса қозғалыс та болмайды. Бірақ, сынның бәрі шын деп түсіну дұрыс емес. Ол әркімнің субъективті ойы. Сондықтан оның әрқайсы үшін қатты шаршай бермеймін. Әрине, әрбір жазбаның жұмысыңа кедергі келтіретіні түсінікті. Бір рет жауап қайтаруға мәжбүр боласың. Үнсіз қалсаң қайта айналып сол мәселені қаужай береді. Жауап алмайынша тыныштық таппайды. Басшылыққа келген 1,5 жылда әлеуметтік желідегі сындарға қалдырмай жауап беруге тырысып келемін.

Жалпы басшы ретінде қол астыңызға жұмысқа келетін мамандарға қандай талап қоясыз? Жалпы тұлға болып қалыптасуға ұмтылған жастардың бойында қандай қасиет болуы тиіс?

– Өкінішке қарай, қазір көп жастың бойында жауапкершілік қасиеті жойылып бара жатыр. Біздің жас күніміздегі тәрбие басқаша болған шығар. Қазіргі жастарда орта дұрыс қалыптаспайтын шығар. Бұл жағдайды тек басшы болғанда ғана емес, өңірге келіп жұмысқа кіріскелі байқап келе жатырмын. Қарапайым ғана мысал, жұмысқа қабылдау үшін сұхбаттасуға бір уақытты белгілеп шақырасың. Ол уақытқа келмейді. Берілген тапсырма уақытылы орындалмайды. Немқұрайлы қарайды. Тағы бір қасиет – ұқыптылық. Мына заманда ұқыпты болмасаң кез келген сәтте күйе жаға салатындар табылады. Өз ұқыпсыздығыңнан қайнаған қара қазанға түсіп кететін сәттер де болады. Сосын жастардың көбі ақшаға қатты құмар. «Оңай олжаға кенелсем, бірден көп ақша тапсам» дейтін жастар көп. Өзіммен салыстыратын болсам, Астана қаласында жастар тәжірибесімен жұмыс істегенімде айлығым бар-жоғы 12 мың теңге болатын. Ол кездің өзінде бұл соншалықты көп ақша емес еді. Бірақ, қанағат қарын тойдыратын. Астананың ызғырық желі мен қытымыр аязында тон кимей жүре алмайсың. Сол тонды 45 мың теңгеге алуға ақшам жетпей, әпкем көмектескен еді. Алайда сонда ақшаға қызықпаған екенмін. Тек тәжірибе жинауды ойладым. Сол жерде барынша үйренуге, білуге, көбірек көзге түсуге тырысатынмын. Қатардағы орындаушы болсам да жауапкершілікті қатты сезінетінмін. Ең алдымен Құдайдың алдында жауаптымын. Одан кейін менің жұмысты жауапкершілікпен жасай алмағанымның кесірінен белгілі бір адамдар зардап шегетін болса жаным қатты қиналушы еді. Бұл сенің орындаушылық қасиетіңнің жоқтығынан. Мәселен, мына үлкен басқарма сағат секілді. Мұнда бір тетік дұрыс жұмыс істемесе, бүкіл операция істен шығады. Басқарма басшысы ретінде мен тапсырма берген қызметкер жұмысына тиянақты болса жұмыстың сапасы бұзылмайды. Қазір идея алып келетін жастар жоқтың қасы. Қоғамда тілімен көп іс тындыратындар көп. Бірақ, нақты іс тындыратындар аз. Өкінішке қарай, осы 1,5 жылда бірде бір жас тұшымды идея айтып келмеді.  Жастар саясатына қатардағы жұмысшылар емес, әрдайым идея айтып жүретін, ісіне ұқыпты, жұмысын сүйетін мамандар қажет. Біз былтыр санақ жүргізіп, зерделеу жасадық. Басқармаға қарасты жастар ресурстық орталықтарында жалпы саны 431 маман жұмыс істейді. Оның 330-ға жуығы жастармен тікелей жұмыс жүргізеді. Соның 221-і бір жылдың ішінде басқа жұмысқа ауысып кеткен. Бұл үлкен мәселе. Көбі мұғалім болып кетеді. Себебі, бұл салада жалақы жоғары. Былтыр аудандағы мамандардың айлығын көтеруге әрекет жасап, мақсатымызға жеттік. Өкінішке қарай, облыстық жастар ресурстық орталығының мамандарына мұндай мүмкіндік жасай алмадық. Себебі, аудандағы орталықтар жалақыны аудандық бюджеттің есебінен көтереді. Біз облыс әкімінің қабылдауында болғанда бұл мәселеге өңір басшысының назарын бұрдық. Кейіннен қызметтік хат жаздым. Мәселе шешімін тапқан жоқ. Жақында есеп бергенде бұл жағдайды нақты талдау арқылы көрсеттім. Аудандағы мамандар 150 мың теңге алады. Облыстық орталық мамандары 95 мың теңге жалақы алады. Олардың да әлеуметтік мәселелері бар. Бала-шағасы, пәтерақы, несие, тағысын-тағы. Облыс әкімі қолдауға уәде берді. Қазір қаулысы әзірленуде. Қаулыға қол қойылғанда, жалақы мәселесі жолға қойылады деп үміттенеміз.

Ашық сұхбатыңызға көп рақмет!

Әңгімелескен
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here