Қазақстанға қара туризмді дамытуға не кедергі?

0
877

Әлемдік экономикада туризм саласының айшықты орын алатынын бұған дейін «Qazaq» газетінде талай жазғанымызды көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Өйткені, Дүниежүзілік туризм ұйымы 2019 жылы әлемдегі туристердің саны 1,5 млрд адамға жеткенін, әлемнің 330 млн адамы осы саладан нәпақасын тапқанын жариялады. Сөйтіп, туризм саласы коронавирус пандемиясына дейін, яғни 2019 жылы 8,9 трлн доллар пайдаға кенеліп, әлемдік жалпы ішкі өнімнің 10 пайызын құраған. Әрине, әлемді әбігерге салып жатқан коронавирус пандемиясы тышқан жылы туризм саласын тығырыққа тірегені жасырын емес. Аталған сала биылғы жылы да 2019 жылдың көрсеткіштеріне жақындай алмайтыны белгілі. Дегенмен, бұл туризм саласының өмір бойы тұралап қалатынын білдірмесе керек. Түбі «көзге көрінбейтін жау» тізе бүгеді. Бұл – өтпелі кезең. Содан туризм қайтадан құлашын кеңге жаяды. Демек, таңғажайып табиғаты, тамыры тереңге тартылған тарихы, қайталанбас бай мәдениеті бар еліміз үшін енді бұл саланы дамытуда уақыт оздыруға тағы болмайды.

Припять қаласындағы Чернобыль апатынан зардап шеккен мектеп ғимараты. Апатқа дейін қалада 50 мыңдай адам тұрған, 1986 жылдан бері қала қаңырап бос қалған. 2019 жылы Чернобыль аймағына 150 мыңдай туристер келген. Апатты аймаққа бір күндік турлар 100 АҚШ долларынан басталады

 ҚАРА ТУРИЗМ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

Рас, туризмнің түрі көп. Ал, қара туризм туралы бірі білсе, бірі білмес. Әуелі туризмнің бұл түріне анықтама беріп көрейік.

Адамдардың тарихи маңызы зор және жаппай адам өлімімен, қайғылы оқиғалармен және апаттармен байланысты жерлерге баруға деген ұмтылысынан қара туризм дүниеге келсе керек.

«Қара туризм» терминінің авторы – Глазго университетінің профессоры Джон Леннон. Шотландық профессордың айтуынша, адамдардың мұндай жерлерге қызығушылық танытып жатқандарына шын мәнінде таңғалуға да болмайды. Өйткені, өлім жазасы мен кескілескен шайқастарды көретін адамдар бұрын да болған, қазір де бар. Оған Италия елінің мақтанышына айналған Колизей амфитеатры мысал бола алады.

Атақты Колизейді 8 жылда құлдар тұрғызған. Оның құрылысын 72-ші жылы Веспасиан император бастап, 80-ші жылы оның ұлы Тит аяқтаған. Ғимарат іргетасы мәрмәр кесектерден қаланған. Ішкі қабырғалардың құрылысына травертин тастары пайдаланылған. Ғимаратқа бір сәтте 50 мыңға жуық адам сыйған. Амфитеатрдың жалпы биіктігі 44 метрді құраған. Аренаның жан-жағы тормен қоршалған. «Тор неге керек» дерсіз. Ол көрермендердің қауіпсіздігі үшін қойылған екен. Сонда бұл афмитеатрда римдіктер қандай шараларды тамашалаған? Оларға адам өлімімен аяқталатын айқастар көрсетілген. Бір ғана мысал: Колизейдің ашылуына арналған жүз күндік «ойын-сауық» бағытындағы іс-шаралар аясында өткен гладиатор турнирлерінде бірнеше мың жауынгер қаза тауып, Африкадан әкелінген бес мыңдай жыртқыш аңдар аяусыз өлтірілген. Осындай көріністерді ұзақ жылдар бойы бір сәтте елу мыңдай Рим тұрғындары қол шапалақтап көріп келген. Талай жазықсыз адамның қаны төгілген Колизей қазір әлемнің жаңа жеті кереметінің қатарына жатады әрі Италия елінің мақтанышына айналған сәулет өнері саналады. Кезінде мыңдаған құлдардың маңдай терімен салынған, талай жауынгердің қаны төгілген сол көне ғимараттың қаңқасын көруге жылда әлемнің түкпір-түкпірінен 5 млн-ға жуық турист келеді. Демек, «қара туризм» терминінің қолданысқа енуіне Колизейдің де үлесі бар.

«Қара туризм» терминінің авторы жаңа заманда дәрігерлер, сарбаздар мен құтқарушылар қираған жерлерден кеткенде, олардың орнына туристер келетінін, сөйтіп көрмек түгілі естіген жанның құйқасы шымырлап, жаны түршігетін жерлер (нысандар) танымал туристік орталыққа айналатынын айтады.

Профессор Леннонның теориясы француздық фотограф Амбруаз Тезенаны «Қара туризм» деп аталған жобаны қолға алуға шабыттандырған. Фотографтың айтуынша, туристер шынымен жүздеген, мыңдаған адам қайтыс болған жерлердің фонында суретке түскенді, сол жерде болғанды, қаралы тарихымен танысқанды ұнатады. Ал, туристер ағылатын ондай нысандар әлемде аз емес.

Польшадағы «Аушвиц-Биркенау» мемлекеттік мұражайы. Мұнда Гитлердің өкімімен 1940-1945 жылдары 1,5 млн адам атылып, дарға асылған. Бүгінде осыншама туристер жылына бұл мұражайға келеді

ҚАРА ТУРИЗМНІҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР?

Қара туризмге қызығатындар әлемде миллиондап саналады. Ал, сұраныс бар жерде оның соңына түсетіндер де табылады. Содан бірқатар елдер қара туризмді қолға алды. Мысалы, 1994 жылы миллионға жуық адамның өмірін жалмаған хуту мен тутси тайпалары арасындағы үш айлық қақтығыстарға арналған Руанда елінің әр қаласындағы мемориалдық кешендерге жылына 50 мыңдай адам бас сұғып, бассүйек қаңқасымен суретке түседі.

Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан Камбоджа патшалығында да қара туризм қанатын кеңге жайған. 1963-1981 жылдары Коммунистік партияны басқарған Пол Пот өзіне қарсы шыққандарды аяусыз қырған. «Камбоджалық Сталин» 1970-ші жылдары 3 млн қарсыласын өлім жазасына кескен. Осылайша, миллиондаған адам тоталитарлық режимнің құрбаны болған. Сол жазықсыз жандардың қаны төгілген алаңдарды көруге жыл сайын 60 мыңдай адам барады.

2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының ғимараты мен Пентагонға лаңкестер ұшағы соғылып, үш мың адамның ажал құшқанын ұмыту мүмкін емес. Сол 2001 жылғы 11 қыркүйек құрбандарын еске алуға жыл сайын әлемнің әр бұрышынан екі млн-ға жуық адам жиналады. Бұл да қара туризмнің бір түріне айналды.

Байқағандарыңыздай, әлемде қара туризм қарқын алған тарихи орындар көп. Оны әр салаға бөліп те қарастыруға болады. Мәселен, түрмелер, лагерьлер, апат болған жерлер…

Түрмеден бастайық. Туристер арасында Литва астанасы Вильнюстегі Қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай үлкен сұранысқа ие. Мұражай Кеңес Одағы тұсында Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) болған ғимаратта орналасқан. Екі қабаты тарихтан сыр шертетін көрмеге арналса, жертөледе бұрын «үш әріп» өкілдері құрықтаған адамдар отырған камералар бар. Артық ақша төлеген кейбір туристер қанқұйлы баскесерлер отырған камераларда түнеп шығады.

Туристерге мұндай қызмет Латвия мен Швеция елдерінде де көрсетіледі.

Әрине, әлемде түрмесі жоқ елді таба алмайсыз. Мемлекет болған соң қылмыстар да жасалады. Бірақ, бұл туристер барлық түрмелерге ағылады дегенді білдірмейді. Өйткені, түрменің де түрмесі бар. Соның бірі – Тай еліндегі «Бангкванг» түрмесі. Бұл жоғарыда сөз болған Литва, Латвия, Швеция елдеріндегідей бұрынғы түрме емес, сегіз мыңдай аса қауіпті қылмыскерлердің басын қосқан қолданыстағы түрме. Тайланд астанасы Бангкок қаласынан 11 шақырым арыда орналасқан түрменің тарихы 1930 жылдан бастау алады. Бастапқыда 3 мың қылмыскерге арналған түрмеде қазір 8 мың адам жазасын өтеп жатыр. Бұл түрмеде 25 жылдан артық жаза алғандар, өмір бақи және өлім жазаларына кесілгендер отырады. Түрмеден қашып шыққандар жоқ. Қашпақ болғандарды бірден атып тастайды.

Адам құқықтары жөнiндегi халықаралық ұйымдардың айтуынша, қуықтай камерада 30 адамнан отырады. Әжетхана атымен жоқ, оның қызметін тар камера ішіндегі шелек атқарады. Жуынатын бөлмелер де қарастырылмаған. Төсек түрмедегі адамның түсіне ғана кіреді. Тамақ бір рет қана беріледі. Оның өзі бір тарелка күріш пен қара нан. Санитарлық талаптар сақталмағандықтан түрлі аурулардан әрі аштан жазасын өтеушілер ажалынан бұрын өледі. Ал, өлім жазасына кесілгендерді атқанша немесе дарға асқанша шынжырда ұстайды.

1989 жылы аталған түрме туралы басты рөлді Николь Кидман сомдаған аустралиялық алты сериялы «Бангкок Хилтон» драмасы көрерменге жол тартты. Бұл фильмнен кейін әлемнің ең нашар он түрмесінің бірі саналатын «Бангквангтың» аты әлемге жайылды. «Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық» дейтіндер табылды. Содан тай түрмесінде қара туризмнің тасы өрге домалады. Қауіпті түрмеге бас сұққысы келетін туристер мыңдап саналады. Арнайы турлар да қарастырылған. Артық ақша төлеп, 30-ға жуық қылмыскермен тар камерада бірге отыратын туристер де аз емес. Ал, бұл өте қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Бұл тақырыпқа төменде тоқталамыз.

Қуғын-сүргіннің «көкесі» өткен ғасырда болды. Шығыс Африкада орналасқан Руанда елінде тоқсаныншы жылдары азаматтық соғыс орын алды. 1994 жылы хуту тайпасы миллионға жуық тутси өкілдерінің көзін жойған. Қазір Руанда қалаларында осы қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық кешендер бар. Оларға жылына 50 мыңдай туристер баратынын жоғарыда жаздық. Туристердің көбі ел астанасы Кигалидегі «Hotel Des Mille Collines» қонақ үйіне тұрақтайды. Өйткені, қазір қонақ үй орналасқан ғимаратта бұрын 1 268 тутси тайпасының өкілдері тығылып, аман қалған екен.

Туристер арасында Пномпень қаласындағы (Камбоджа) 1975-1979 жылдары жазықсыз 20 мыңдай адамның өмірін қиған қазіргі «Туольсленг» мұражайы да көп сұранысқа ие.

Өткен ғасырдағы өктем саясаттың салдарынан миллиондаған адамдарды жаппай қырған жағдайларды да қара туризм өкілдері айналып өтпейді. Саяси-қуғын сүргінге ұшырағандар отырған лагерьлер де қара туризмнің табысты саласына жатады.

Instagram мен Facebook қолданушыларының парақшаларынан маңдайшасында «Arbeit macht frei» деп жазылған ғимаратта түскен суреттерін көрген боларсыз. Олар бұл суреттерге Польшада түскен. Қазіргі «Аушвиц-Биркенау» мемлекеттік мұражайы 1940-1945 жылдары өлім лагері болған. Гитлердің өкімімен мұнда 1,5 млн адам атылып, дарға асылған. Бүгінде осыншама туристер жылына осы мұражайға келеді.

Туристер арасында сұранысқа ие мұндай мұражайлар Беларусьте, Германияда және Францияда бар.

Мұхит пен теңіз түбіне батып кеткен кемелер көп. Соның ең атақтысы – «Титаник». Атлант мұхитының түбіндегі атақты кеме қалдықтарын көру үшін туристер 100 мың АҚШ долларын британдық «Blue Marble Private» туристік агенттігіне санап берулері керек.

Дәл сондай қызмет түрі Қара теңізде де бар. Әрине, бағасы «Титаникке» қарағанда әлдеқайда арзан. Қара теңіз түбінде 1942 жылы батып кеткен немістердің «Зальцбург» кемесі жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыста кеңестік әскердің шабуылынан теңіз түбіне батып кеткен кемеде екі мыңнан астам адам болған. Опат болғандардың басым бөлігі немістердің қолына түскен кеңестік тұтқындар еді. Аталған кеме қалдықтарын көру үшін жылына мыңдаған туристер Қара теңіз түбіне түседі.

Жылына екі мыңға жуық туристер Фукусимаға (Жапония) ат басын бұрады. Олар атом электр стансасындағы апаттан қаңырап бос қалған қаланы аралайды. Апаттан 15 мың жапон қаза тапты, 160 мыңдай тұрғын басқа қалаларға жан сауғалады. Дегенмен, жапон билігі әзірге қара туризмді қолдап отырған жоқ. Бірақ, туристік агенттіктердің мәліметінше, 2036 жылы «Фукусима-1» атом электр стансасына алғашқы турлар ұйымдастырылуы мүмкін.

Мұндай турлар қазір Украинада бар. Чернобль атом электр стансасындағы апаттан қаңырап бос қалған жерлерді туристер аралап жүр.

Өткен ғасырдың ортасында көлемі бойынша әлемде төртінші орын алған Арал теңізінің бүгінгі мүшкіл халін көргісі келетін туристер көп. Қара туризм бағытын мықтап қолға алған Өзбекстан билігі қазірдің өзінде туристерді көптеп тарту мақсатында турлар ұйымдастырып жатыр

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАРА ТУРИЗМГЕ АРНАЛҒАН НЫСАНДАР

Қазақстанда қара туризмге сұранып-ақ тұрған орындар бар. Соның алғашқысы – Арал теңізі. Кезінде Арал теңізі көлемі жағынан әлемде төртінші орын алды.  Теңіздің ауданы – 68 мың шаршы шақырымға, ұзындығы – 426 шақырымға, ені – 284  шақырымға жетсе, ең  терең жері – 69  метр  болды.  Жылына 40 мың тонна балық ауланды. Алайда, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап теңіз деңгейі 0,7 метрге қайтымсыз түрде төмендеді. Тұздану деңгейі – 13-25 есе артты. Соның салдарынан 1989 жылы Арал теңізі бір-бірінен оқшауланған қазақстандық Солтүстік (Кіші) Арал және өзбекстандық Оңтүстік (Үлкен) Арал болып екіге бөлінсе, 2003 жылы көрші елдегі Үлкен Аралдың өзі тағы екіге (Шығыс  Арал және Батыс Арал) бөлінді. Үлкен Аралдағы судың тұздылық деңгейі артқаны соншалық ондағы балық біткен қырылып қалды. Теңіз табаны жаңа бір шөл дала – Аралқұмға айналды. Дегенмен, «тірі адам тіршілігін жасайды» дегендей, Өзбекстан билігі қазірдің өзінде туристерді көптеп тартып жатыр. Өйткені, Ташкент инфрақұрылымды дамыту арқылы туристерді қалай тартуға болатынын біледі.

Рас, өзбектер Аралда қара туризмді дамытуда алдымызды орап кетті. Құрғап қалған теңіздің Өзбекстан бөлігінде кемелердің қаңқасы сақталыпты, өкінішке қарай, біздің елде олардың көбі темір-терсекке өткізіліп кеткенге ұқсайды. Ал, туристердің көбі сол кемелердің қасында суретке түсу үшін келетіні тағы аян. Бұл салада қазір өзбектермен бәсекелесу бізге қиын болып тұр.

Арал табанындағы «кемелер бейітіне» шетелдік туристердің қызығушылығы зор. Кезінде BBC, CNN сияқты әлемдік медиа компаниялар және әуесқой фильм түсірушілер мен фотографтардың қызығушылығын арттырған да осы кемелер еді. Өлкетанушы Серік Дүйсенбаев Аралға қызығушылық танытқан қарапайым туристерден бастап, деректі фильмдер, арт-жоба түсіруші шетелдік журналистер мен фотографтарға өңірде тур ұйымдастырумен айналысады. Туристерді күтіп алу, шығарып салу, қонақ үйге орналастыру, теңізге, балықшы ауылдарға саяхат (джип-тур) ұйымдастыруға көмектеседі. Егерде Серік Дүйсенбаев атқарып жүрген тірлік мемлекеттік деңгейде қолға алынып, туризмнің бұл түрі шетелге кеңінен насихатталса, Өлі теңіздегідей миллиондаған туристер келмесе де, апатты Аралға олардың мыңдап келетініне ешкім күмәнданбайды.

Қазақстандағы қара туризмнің екінші бағыты – «АЛЖИР». Елімізде Польшадағыдай лагерьлердің сан түрі болды. ХХ ғасырдың 30-40 жылдары ел аумағында ҚарЛАГ, СтепЛАГ, ЖезЛАГ лагерьлері ашылды. 1938 жылы НКВД-ның Ақмола арнайы бөліміне қарасты «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері» (АЛЖИР – Акмолинский лагерь жён изменников родины) пайда болды. Қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына таяу жерде орналасқан лагерьді тұтқындар бір сөзбен «АЛЖИР» деп атады.

Лагерьге сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандардың әйелдері мен туған-туыстары қамалды. «АЛЖИР»-де бір мезгілде 8 мыңға жуық әйел отырған, 600-ге жуық (нақты саны белгісіз) әйел қайтыс болған.

1953 жылы жабылған соң тұтқындар кенті Малиновка деп аталды, 2007 жылы Ақмол деген атауға ие болды. 2007 жылдың 31 мамырында Елбасының қатысуымен лагерьдің орнында «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені ашылды. Бірақ, біздің «АЛЖИР» Польшадағы «Аушвиц-Биркенау» немесе Латвиядағы «Кароста» сияқты туристер санымен мақтана алмайды. Оның басты екі себебі бар. Біріншіден, насихат жоқ. «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің барын немесе қайда орналасқанын әлем тұрмақ өзіміздің халық та біле бермейді. Екіншіден, туристердің тартымдылығын арттыратын арнайы турлар ұйымдастырылмаған.

Латыштардың «Каростасын» мысалға алайық. Лиепая қаласындағы бұрынғы «Кароста» түрмесі 1997 жылы мұражайға айналған. Мұражайға кіру құны ересектер үшін 5 еуро (2 550 теңге), балалар мен зейнеткерлер үшін 3 еуро (1 530 теңге), шоу көргіңіз келсе қосымша ересектер 6 еуро (3 050 теңге), балалар мен зейнеткерлер 4 еуро (2 040 теңге) төлейді. Туристерге барлық жағдай жасалған. Түрме туралы бірнеше тілде ақпарат та беріледі, тақырыптық кәдесыйлар да сатылады. Велосипедті жалға алып, түрменің айналасын серуендеуге де болады. 16 минуттық «Кароста» фильмі де көрсетіледі. Қылмыскердің киімдерін де киіп көресіз. Олардың асханасында түрме тағамдарынан да дәм татасыз. Мұның бәрі билет бағасына кірмейді. Қосымша төлейсіз. Камерада бір түн түнеп, өзін қылмыскер сезінгісі келген туристер қосымша 15 еуросын (7 650 теңге) санап береді. Негізі сонау 1900 жылы қаланған, 150-ден астам «қылмыскер» атылған түрмеге келушілер қатары көп. Сайты бес тілде қызмет көрсетеді.

Үшінші бағыт – «Байқоңыр» ғарыш айлағы. Әрине, ғарышты игеру Қазақ даласынан басталғаны біздер үшін зор мақтаныш. Тартымды турлар ұйымдастырылса, туристер де ағылатыны сөзсіз.

Төртінші бағыт ретінде Семей полигонын айтса да болады. 1949 жылғы 29 тамызда таңғы сағат жетіде көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайып бара жатқан отты доп кенеттен Жер денесіне қадалып, оны шарпып өтіп, аспанға көтерілген. Қолдан жасалған жел әп-сәтте жан жаққа таралды. Таяу жерлердегі сирек ауылдарда тұратын адамдар дір ете түскен жер мен жарты аспанды алып кеткен от-жалынға таңырқап, үйлерінен қарап тұрған. Жалғыз түп шөп қалмаған, жан-тәсілім алдында жанталасқан тышқандардың, қарсақтардың, кесірткелердің өлексесі табылған. Бұл КСРО-да тұңғыш атом бомбасының жарылуы еді.

Сынақ аймағында 1949-1989 жылдары 470-тей қуаты әр түрлі ядролық жарылыстар жасалды. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды. Яғни, қазақ пен оның даласы көрген қасіретті қара туризм аясында әлем назарына қайта салсақ еш әбестік болмас.

Отто Уормбир – КХДР түрмесінен туған еліне тірі өлік болып оралған америкалық студент. Өкінішке қарай, саяхатты жаны сүйген 22 жастағы жігіттің алаңсыз өмірін Ким Чен Ын режимі ойран етті

ҚАРА ТУРИЗМ: ҚАУІП ПЕН ҚАТЕР

Баскесерлер отырған Тай еліндегі «Бангкванг» түрмесі туристер үшін қауіпсіз деп ешкім нық сеніммен айта алмайды. Сондай-ақ, туристер үшін қауіпті елдердің көшін Солтүстік Корея (КХДР) бастап тұр. Көп елдер туристерге Пхеньянға баруға кеңес бермейді. Оған себеп те жоқ емес.

Отто Уормбир – КХДР түрмесінен туған еліне тірі өлік болып оралған америкалық студент. Өкінішке қарай, саяхатты жаны сүйген 22 жастағы жігіттің алаңсыз өмірін Ким Чен Ын режимі ойран етті.

Алғашқы оқу жылын аяқтаған студент өзінің кезекті саяхатына 2015 жылы аттанады. Бағыт – Солтүстік Корея. Вашингтон мен Пхеньян арасында дипломатиялық байланыс орнатылмағандықтан, Ақ үй КХДР территориясындағы азаматтарына қолдау көрсете алмайды. Сол себептен Вашингтон өз тарапынан халықты мұндай елдерден аулақ болуға ескертеді. Бірақ, қараңғы туризмді жаны сүйетін жалынды жігіт социалистік елге туристік топ құрамында аттанады.

АҚШ азаматы Солтүстік Корея астанасына жеткен соң, туристерге арналған 47 қабатты қонақ үйге орналасады. Оттоға бәрінен қызығы – әр жерде ілінген үгіт плакаттары болды. Онда Солтүстік Корея зымыранының Ақ үйге шабуылы бейнеленген. «Отто қонақ үйдегі осындай плакаттардың бірін ұрлады» деген айыппен қамауға алынып, 15 жылға бас бостандығынан айырылып, қатаң түрдегі мәжбүрлі еңбекке жегілу жазасына ұшырайды. Уақытында саяси келісімнің болмауынан әрекетке көше алмаған АҚШ үкіметі Солтүстік Кореямен Швеция арқылы ғана байланыс жасай алды. Солтүстік Корея әскері тұтқынды бір жыл бойы жасырын ұстаған. 2017 жылы сол кездегі президент Дональд Трамптың араласуымен Отто бостандыққа шығып, еліне оралады. Солтүстік Кореяға турист ретінде өз аяғымен кеткен Отто Уормбирдің араға 1,5 жыл салып елге оралғандағы күйі Шыңғыс Айтматов шығармасындағы мәңгүртті еске түсіретін. Журналистер «былайынша дені сау адамға ұқсайды, бірақ ақыл-естен айырылған және көзі ашық болғанымен ештеңені көрмейді» деп жазды. Оттоға еш нәрсе көмектесе алмады. Отанына оралғанына 4 күн өткен соң жас жігіт қайтыс болды.

Әр елдің салты басқа. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтыны тағы бар. Өзге елге сапарға шықпас бұрын сол елдің салтынан, мәдениетінен және заңынан хабардар болған жөн. Әйтпесе, турист болып барып, тағдыры тәлкекке түскен Оттолар жетеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Өкінішке қарай, өткен ғасыр қазақтың басына небір нәубет әкелді. «Адам қазақ даласынан бірінші ғарышқа ұшты» деп мақтанғанымызбен, оның экологияға келтірген кері әсерін жоққа шығара алмаймыз. Саяси тұтқындар мен оның туыстары қамалған лагерьдің сан түрі болды. Талай қазақтың болашағына балта шапқан Семей полигоны тағы бар. Әрине, қазақтың қаралы күндерінен қара туризм арқылы табыс табу мораль тұрғысынан дұрыс болмас. Дегенмен, қыруар қаржы табудан бұрын туризмнің бұл түрі арқылы «мың өліп, мың тірілген» қазақтың өткенін барша әлемге паш етудің бір жолы осы болып тұр.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, бас редактор

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here