Отанға сүйіспеншілік өзіңнен басталады

0
779

Тәуелсіз Қазақстанның биылғы жылғы әлеуметтік-саяси, мәдени-рухани өміріндегі үлкен мән-мағынасы бар айтулы мерекесі – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Иә, отыз жыл дегеніміз осы жылдар аясындағы бел-белестерді, жеткен жетістіктерімізбен, қия басып жіберген кемшіліктерімізді қорытындылау үшін артқа бір қарап қоюмен бірге алдағы атқарылатын ауқымды шараларды белгілеп қоятын да уақыт.

Мемлекет басшысы өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты еңбегінің «Бағдар мен белес» бөлімінде тәуелсіз мемлекетіміздің 30 жылдық тарихын «шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп», мемлекетіміздің қалыптасуы мен өсіп-өркендеуі жолында атқарылған ауқымды шараларға тоқтала отырып, төртінші онжылдықтың еншісіндегі алдымызда тұрған көкейтесті мәселелерді ашып көрсетеді.

Мемлекет басшысы өз мақаласының «Таным мен тағылым» атты бөлімінде бір-бірімен біте қайнасып жатқан қасиетті ұлттық сана мен ұлттық рух ұғымдарын тарихымыз арқылы жаңғыртуға бағытталған іс-шараларды атқаруға тапсырма берді. Біздің қазіргі таңда тарих ғылымын одан әрі жетілдіру, тарихи оқиғаларды зерделеу, байыпты баға беру, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуде қалайша пайдаланып, ұғындырып жүргеніміз, бұл да бір үлкен мәселесінің бір шеті болып табылады.

Өзіміз жүріп өткен, 30 жылдық тарихымызға шолу жасап қарайтын болсақ, тәуелсіздік жылдары   Отанымыздың тарихы жаңа көзқараспен, ұлттық мүддемізге сай жазылып, едәуір жетістіктерге қол жеткізілді. Бүгінгі Қазақстан тарихы пәні қазақстандық патриотизм мен интеллектуалдық ұлт қалыптастыру алғышарттарына айналғанымен қоса, орта мектеп пен жоғары білім жүйесінде жас ұрпақты отаншылдыққа, патриоттыққа тәрбиелеуші басты пәндер қатарында тұр.

Ұлттық сана, ұлттық рух, ұлттық тарих туралы сөз еткенде, мәселенің тағы бір екінші қырын ұмытпауға тиіспіз. Тарих ол – халықтың жады. Мемлекетіміздің тәуелсіздік алғанына отыз жыл толса да, біз әлі рухани отарсыздану ісін аяқтағанымыз жоқ. Рухани азат, тәуелсіз елдің нағыз отаншылдарын тәрбиелемей, тәуелсіздігіміз баянды болады деп айту қиын. Бұл жолдағы біздің ақылшымыз да, жол көрсетуші көмекшіміз де – отанымыздың тарихы. Кезінде отарлаушылардың халқымыздың тілі мен тарихын барынша өшіруге кіріскенін қалай ұмытамыз!

Қазіргі аласапыран уақытқа сай Мемлекет басшысы өз еңбегінде: «Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс» деп орынды атап өткендей, қазақстандық тарих ғылымына сапалы секіріс жасау, халқымыздың ұлттық тарихын зерттеудің көкжиегін кеңейту, ұлттық тарихи санасын жаңғырту, ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру жұмыстарын іске асыруды бізден талап етіп отыр. Өйткені, біз алға қадам басқан сайын әлемдік геосаясат өзгеруде, сонымен бірге тарихи оқиғаларға өздерінше жаңаша баға беру, бұрмалау, өз пайдасына қарай бұра тартып пайдалану әрекеттері өршіп барады. «Мылтықсыз майдан» жүріп жатқан осындай алмағайып кезеңде халқымыздың тарихын сыртқы және ішкі күштер тарапынан бұрмалау істеріне барынша тойтарыс беріп, жан-жақты түсіндіру, зерттеу жұмыстары пәрменді түрде атқарылуы тиіс!

Тарихи тақырыптарға арналып, сәтті түсірілген фильмдердің жас ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны ерекше екендігіне мән берген Мемлекет басшысы отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыспен тарихи фильмдерді түсіруге басымдық беруге тапсырма берді. Бұны халықтың тарихи санасын жаңғыртуға арналған үлкен қадам деп айтуымызға болады. Өйткені, тарихи фильмдердің берер әсері мен тәрбиелік мәні зор. Кезінде қытайлар түсірген 29 сериялы «Шыңғыс хан», түріктердің «Ер Тұғырыл» фильмдерінің халқымыздың санасына едәуір әсер еткенінің куәсі болғанбыз. Осы фильмдерді көрген көрермендеріміз көпке дейін тамсанып, таңданып әңгіме етіп жүрген еді ғой.

Халқымыздың тарихындағы «ақтаңдақтарды» одан әрі зерделеу мәселесін көтерген Мемлекет басшысы Алаш қайраткерлерінің тағылымдық істерін одан әрі дәріптеу, мұраларын игеру жұмыстарының жалғасын табуы тиіс екенін атап көрсетумен бірге, елімізде орын алған 1921-1922 жылдардағы аштық қасіретіне байланысты: «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді», – деген болатын.

Мемлекет басшысы өте орынды атап көрсетіп отырғандай, XX ғасырдың бас кезеңіне дейін Ресей империясының құрамындағы бүкіл Азия халықтарының ішінде сандық көрсеткіш бойынша көш басында Қазақ халқы тұрды. Орталық Азия халықтарының сандық құрамын зерттеген статист-ғалым Н.В.Турчанинов былай деп жазған болатын: «Наиболее видный, обособленной и самой многочисленной количественно группой среди инородцев тюрко-татар является киргизы, которые распространены на широком пространстве от реки Урала вплоть до западной границы Енисейской губернии и от Сибирской железнодорожной магистрали на юге до границы России с Китаем и Персией. Всего киргиз к 1911 году насчитывалось с выше 4,6 миллионов душь обьего пола (4 692 000 чел)» (Турчанинов Н.В. Население Азиатской России. Азиатская Россия. С.Петербург. 1914. т.1. с. 71). Ресей империясы жүргізген халық санақтары бүкіл халқымызды түгел қамтыды деп айтуға әсте де болмас. Ресей империясының алғашқы халық санақтарына көптеген аймақтардағы тұрғындар кірмей қалды. Егерде ресми мәлімет бойынша 1911 жылдары қазақ халқының саны 4 миллион 692 мың адам деп есепке алсақ, онда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Әлхамдуилла аз емеспіз, алты миллион Алаш бармыз» деген сөзі біршама шындыққа жақын келеді.

Қазақ халқының басына төнген демографиялық нәубет кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында орын алды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі арадағы оншақты жылдың ішінде халқымыз зұлмат аштықты басынан үш рет өткізді. Алғашқысы үш жылға созылған азамат соғысы жылдары болды. Халқымыздың даңқты перзенті Мұстафа Шоқай «Кеңестер билеген Түркістан» деген еңбегінде 1918-1919 жылдары Түркістан өлкесінің халқы аштықтан 1 миллион 114 мың адамнан айрылды деген мәлімет келтіреді. Қазақ халқының зұлмат аштыққа ұшырауының екінші кезеңі 1921-1922 жылдарға сәйкес келеді. 1921-1922 жылғы қарсыз әрі ұзаққа созылған қыстан кейін қуаңшыл жаз келді. Бұл қуаңшылықпен қоса ашаршылықтың негізгі себептерінің бірі азамат соғысы жылдарында кеңес өкіметі жүзеге асырған «соғыс коммунизм» саясатының ауыл шаруашылығына аса ауыр соққы болып тигенін және ашаршылықтың кең өркендеуіне себепші болғанын айтуымыз керек. 1920 жылы Қазақстан шаруаларынан 44 млн пұт астық, 5 млн пұт ет, 333 мың пұт май және басқа да көптеген ауыл шаруашылық өнімдері жиналып, Ресейдің орталық аудандарына жіберілген (Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы, 2006. 14 б.). Міне, осындай жағдайлардан кейін 1921 жылдың жүзіне қарай Қазақ АКСР-іне қарайтын жеті губернияның бесеуіне Орынбор, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Бөкей губернияларының тұрғындары аштыққа ұшырады. Әсіресе, жас балалардың жағдайы өте ауыр болды. 1921 жылы бүкіл Қазақ АКСР бойынша 128 мың бала ата-анасынан айрылып, балалар үйіне орналастырылса, олардың саны 1922 жылдың наурызына дейін 480 мыңға жеткен. Емханалар мен балалар қабылдайтын орындарындағы балалардың көп болуына байланысты оларды басқа республикаларға, шет мемлекеттерге жіберген. Мәселен, Ресей Федерациясының әртүрлі губернияларына 18 496 бала жіберілсе, Түркістан АКСР-не, Польшаға, Литваға 1921 жылдың бірінші қаңтарына дейін 51 352 бала жіберілген (Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты. Қор-139, т.1., іс-336 п.19). 1921-1922 жылдардағы аштық кезеңіндегі осы балалардың кейінгі тағдыры және аштыққа ұшырап қайтыс болған халықтың саны арнайы тыңғылықты зерттеуді қажет етеді.

Мемлекет басшысы мақаласында тәуелсіздік жолындағы қадамымыздың қарлығашы болған Желтоқсан көтерілісінің маңызына да тоқталып, 35 жылдығын атап өткелі отырған осы көтеріліске: «Азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деумен алдағы уақытта бұл көтерілістің жастарымызды патриоттық рухта тәрбиелеу ісіндегі айрықша зор мәнге ие болатынына тоқталып өтті. Сонымен қатар, Желтоқсан көтерілісі де терең зерттеуді қажет ететіндігін айта кетейік. Біз әлі күнге дейін көтеріліс кезінде қанша қазақ жастарының қайтыс болғаны белгісіз болып келеді. Осы көтерілістің 35 жылдығына орай арнайы комиссия құрылып, тыңғылықты зерттеу жүргізілсе дейміз. Тарихшы маман ретінде және көтеріліске қатысқан мыңдаған қазақ жастарының бірі ретінде комиссия жұмысына қолымыздан келгенше көмегімізді жасар едік.

Тәуелсіз Қазақстанның шынайы, толыққанды, ұлттық мүддемізге сай көп томдық тарихының осы уақытқа дейін жазылмағандығына назарымызды аударған Мемлекет басшысы бұл істің стратегиялық маңызын атап көрсетіп: «Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек», – деді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін тарихшы мамандарға үлкен міндет жіктеліп отыр. Қасиетті тарихымыздың тамыры көне Сақ, Ғұндардан бастау алатынын қадап айтқан Мемлекет басшысы бүгінгі тәуелсіз еліміздің мемлекеттік шекарасының халықаралық нормаларға сай шегенделіп танылғанын, аумақтық тұтастығымызға күмән келтірушілерге батыл тойтарыс беру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Жалпы, Мемлекет басшысы атап көрсетіп отырғандай, тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде солтүстік көршіміздегі «мысықтілеулестер» әлеуметтік желілер, радио, теледидар арқылы «Қазақстанның солтүстігіндегі бес облыс – орыс жері», «Орал өңірі казак-орыстың жері», «1920 жылы Қазақ автономиясы құрылған кезде «жасанды» түрде Қазақстанға қосып жіберілген, Ресейге қайтарылуы керек» деген сияқты жалған арандатуларымен екі елдің арасындағы саяси жағдайды ушықтыруға тырысуын қоймай келеді. Бұл арандатушылық кейінгі кезде тіпті өршіп кетті. Міне, сондықтан да: «Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болумыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді» деген Мемлекет басшысының сөзімен қанаттанған еліміздің әрбір азаматы қандай формада болсын сырттан және іштен төнген қауіп-қатерлерге дайын болуы қажет деп есептейміз. Ата-бабамыз «Жау жоқ деме, жар астында» деп жайдан-жай айтпаса керек. Бұл жерде біз жоқ жерден жау іздеп отырғанымыз жоқ. Қауіп еткеннен айтып отырмыз. Әсіресе, бұл саладағы негізгі жұмыс ұлттық қорғаныс күші армияға, ұлттық қауіпсіздік комитетіне және еліміздің басқа да күштік құрылымдарына айрықша міндет жүктеледі.

Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды алаңдатып отырған жер мәселесін де шет қалдырмады. Келесі жылы жерді сатуды тоқтата тұруға байланысты мораторидің аяқталатыны белгілі. «Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды» деген Мемлекет басшысы алдағы уақытта жерді халық игілігіне тиімді пайдалану жөнінде жер комиссиясын құрып, осы комиссия жұмысының аясында бір шешімге келуді ұсынды. «Жер шетелдіктерге сатылмайды» деген Мемлекет басшысының ойын бүкіл халық қолдап отыр. Жер шетелдіктерге сатылмауы және жалға да берілмеуі тиіс. Қазіргі уақытта бос жатқан жерлерді шетелдіктерге жалға беріп пайдалану идеясын тықпалап жүргендер жетерлік. Заңды қанша қатайтсаң да, шетелдіктердің жалға алған жерлерімізді мемлекетке қайтарғанын көрген емеспіз. Неше түрлі құйтырқылықтар арқылы ол жерлерге «мығым» орнығып алған. Сондықтан басы ашық мәселе «Жер шетелдіктерге сатылмайды және жалға да берілмейді» деген өзгермес қағиданы жер кодексіне енгізу керек.

Халық саны, шекара маңындағы халық санының азаюы, оңтүстіктен солтүстік және шығыс аймақтарға қоныс аударуды іске асыру, кейінгі кезде азайтып кеткен отандастарымызды өз отанына қайтару мәселелерінің стратегиялық маңызы бар екеніне Мемлекет басшысы ерекше тоқталып өтті. Қазақстан халқының демографиялық саласын стратегиялық мәселе ретінде қарастырып, дереу арада кешенді іс-шараларды жүзеге асыратын кез келді. Қазақстан Республикасының демографиялық саясаты жөнінде арнайы заң қабылданса орынды болар еді. Қазақстан халқының демографиялық өсімін арттыру саласында халықтың ішкі өсіміне иек артып жата беру алтын уақытты өткізумен бірдей. Демографиялық мәселеде біздің негізгі сүйенішіміз – шет мемлекеттердегі бес миллионға жуық қандасымыз болып отыр. Соңғы отыз жыл мерзім ішінде шет мемлекеттерден бар болғаны бір миллионға жуық қандасымыз келген екен. Отыз жылда бір милилонға жуық қандасымыз келген болса, осындай қарқынмен қалған бес миллион қандасымызды әкелуге қанша жыл керек екенін есептей беріңіз.

Тәуелсіздік, ұлттық мүдде, ұлттық тарих туралы сөз еткенде бұның барлығының негізгі темір қазығы тілге барып тірелеміз. Республикамызда 1989 жылы және 1997 жылы тіл туралы екі заң қабылданған екен. Бұл заңдарда «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп айқын жазылған. Отыз жылдың аясында республикамызда тұрып жатқан барлық халықтардың мемлекеттік тілді және өз тілдерін оқып-үйренуіне барлық барлық жағдай жасалды. Жеткілікті уақыт берілді. Мемлекеттік тілді оқып үйренуге арналған әдістемелік құралдар шығарылды. Қазақстандық патриотизмнің негізі қазақ тілін оқып-үйренуде жатыр деп ұрандатып та көрдік. Бірақ, мемлекеттік тілдің өз деңгейінде мемлекеттік тіл рөлін атқарып отырмағаны ешкімге жасырын емес. Ендігі мәселе, қашанға дейін мемлекеттік тілді білуге үндеу тастап, парыз деумен жүреміз. 30 жыл болды емес пе осылай деп келе жатқанымызға деген сұрақты көлденеңнен қоятын уақыт болды. Осы уақытқа дейін қолданыста (тіл жөніндегі бұрынғы және кейінгі) келе жатқан шалағай заңдарымыздың өзі мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге тұсау болып келе жатқанын ашық мойындауға тиіспіз! Ең өкініштісі, тәуелсіз еліміздің отыз жылдық тарихында өз тілін білмейтін, білгісі де келмейтін мәңгүрт жастардың өсіп шыққандығына не деуге және кімді кінәләуға болады? Тіліміздің мәселесінде біздің алдымызда екі жол тұр. Біріншісі, мемлекеттік тілдің өркендеуін қамтамасыз ету үшін оның мемлекеттік статусына басымдық беріп, оның қоғамдағы рөлі айқын айқандалып, республиканың барша халқы білуге тиісті міндетті тілге айналуы. Екінші жолы, осы қазіргі таңдағы өлместің күйін кешкен, өгіз аяңға көну, мойынсыну. Бірақ, бұл жолдың барар бағыты, жетер жері қараңғы тұңғиық секілді көрінбейді. Осы орайда Мемлекет басшысының өз мақаласындағы: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады» деген бастамасы мемлекеттік тіл жөніндегі мемлекеттік саясатта тың шешімдер мен қадамдар жүргізуге серпін беріп отыр. Қазақстанның барлық азаматтарын топтастырудың, қазақстандық патриотизмнің негізгі факторы болып табылатын мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қабылдайтын уақыт келді. Бұл жаңа заңды дайын деп айтсақ та болады. 2011 жылы қараша айында республикалық «Жас Алаш» газетінде бір топ тіл жанашырлары даярлаған Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік тіл туралы» заңының жобасы жарияланған болатын (Қараңыз: Жас Алаш. 2011. 8 қараша, №89). Мемлекеттік тілдің статусы ап-айқын жазылған осы заңды басшылыққа алып, оның шынайы дәрежесін көтеретін, қолданыс аясын кеңейтетін, Қазақстанның әрбір азаматын мемлекеттік тілді білуге міндеттейтін уақыт болғанын баса айтамыз!

Мемлекет басшысы еліміздің болашағы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық мәні бар бірнеше ауқымды істерді атқару мәселесін алдымызға қойды. Одан туындайтын басты қағидаға «Дендеп енген сыбайлас жемқорлықтан қалай арыламыз? Рулық деңгейден ұлттық деңгейге қалай көтерілеміз? Халқымыздың сана-сезімін қалай көтеруге болады? Нағыз отаншыл ел азаматтарын қалай тәрбиелеп, қалай қалыптастырамыз?» деген секілді қадау-қадау міндеттерді жатқызуымызға болады.

Қоғамымызда күшейіп бара жатқан тағы бір келеңсіз құбылыстардың бірі – тек қана өзінің жайын күйттеп, өзі үшін ғана жұмыс жасайтын «бейсауыт» адамдар шоғырының қалыптасуы. Бұндай адамдардың қоғам үшін қандай қауіпті екенін мына бір мысалдан көруімізге болады.

1917 жылы Англияның Иракқа басып кірген әскерінің қолбасшысы Стэнли Муд қойын жайып жүрген бақташыға кездесіп, аудармашысы арқылы бақташыға өзінің иттерінің бірін өлтірсе, оған бір фунт беретінін айтады. Бақташының иттері иесіне адал, қойды бағуға көмектесіп жүрген және қасқырлардан қорғайтын, төнген қауіпті сездіретін сенімді серіктері екен. Бірақ, генерал ұсынып отырған ақшаға бағып жүрген отарының жартысын сатып алуға мүмкіндігі бар еді. Бақташы өзінің бір қойын сойып, генералдың аяғының астына тастап, мәселені шешкісі келді. Генерал одан бас тартып, иттерінің біреуін өлтіруді бұйырады. Бақташы ұзақ ойланып жатпастан солай істеді. Иттің терісін сыпырсаң, тағы бір фунт беремін деп уәде етті генерал. Бақташы қолына ақшаны алып, генерал айтқандай істеді. Мұнан соң, генерал Муд бақташы иттің етін бөлшектеп тастаса, тағы бір фунт беруге уәде етті. Бақташы иттің етін бөлшектеп тастағаннан кейін генерал ақшаны беріп, бұрылып кетіп бара жатқанда бақташы: «Егерде тағы бір фунт беретін болсаң, мен иттің етін жеуге дайынмын», – дейді. Бұған мысқылдап күлген генерал былай дейді: «Мен жай ғана сенің табиғи болмысыңды білейін деп едім. Мен сенің өзіңнің тілегіңнің құлы екеніңді түсіндім. Сен бар болғаны үш фунт үшін өзіңнің жақын досыңды өлтірдің, оның терісін сыпырып, бөлшектеп тастадың және төртінші фунт үшін оны жеуге де дайынсың. Сен туралы менің бар білгім келгені осы еді». Осыдан кейін генерал өзінің жауынгерлеріне бұрылып былай депті: «Қазіргі уақытта мынадай адамдар көп болған бұл елде сендер ешнәрсені уайымдамасаңдар болады». (Оқиға философия докторы Али Вердидің «Ирак тарихының әлеуметтік кезеңдері» атты еңбегінде баяндалған).

Бұл оқиға қоғамдағы осындай адамдардың өздерінің жеке мүддесі, тілегіне жетуі жолында ештеңеден тайынбай, кез келген дұшпанға қызмет етіп, өз елін ыдыратып, біреудің отарына айналдыруға дайын екендіктерін көрсетеді және бізді осындай қарақан бастың, тойынған қарынның қамын ғана ойлайтын көрсоқырлардан сақ болуға үйретеді.

Өз мемлекетінің болашағы алдындағы терең жауапкершілікті сезінген ұрпақтың ғана болашақтан зор үміт күтуге қақысы бар!

Досалы Салқынбек, ҚазҰАЗУ-нің профессоры, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here