Нағима СЕЙДАЛИЕВА: «Алдымызда заманға сай жаңғыру міндеті тұр»

0
2326

ХХІ ғасырдағы адамзаттың басты, негізгі құндылықтары  білімнен бастау алуында. Жастары­мызды осы бағытта тәрбиелеп, әлемдік білім ошақтарынан тереңде­тілген білім алып, халқымыздың игілігіне жұмыс істеуге баулуымыз керек. Мемлекет басшысының үндеуіндегі «Білімнің салтанат құруы» бөлімінде осыны меңзеп, халықты жаппай білім алуға шақырады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақала­сындағы ұлттық сананы жаңаша қалыптас­тыру, өзге елдердің тәжірибесін, же­тіс­тіктерін бойға сіңіріп, пайдамызға асыру туралы айтқанын зиялы қауым қуана құптады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясында алға қойған міндеттерін сапалы түрде орындайтынына сенімім мол. Сонымен қатар 30 жылдық егемендігіміздегі елдің ерен еңбегі Қазақстанның 30 дамыған елдің қатарына қосылуына септігін тигізері анық. Тәуелсіздік алғалы небір асулар мен белестерден өтіп, жаңа биіктерді бағындыруға жұмыла күш салып келеміз. Бүгінгі жетістік те тәуелсіз жылдары жүріп өткен даңғыл жолымыз арқылы жүзеге асуда. Сол үшін де егемендік қашанда қымбат әрі баға жетпес игі нығмет.       

Мақалада біздің ұлттық кодымыздағы прагматизмнің бар екеніне дәлме-дәл негіздеме беріледі. Ұлы даладағы қатаң табиғи жағдайлар мен шөлейтті жерлердегі тіршілікпен байланысқан көшпенділік дәстүрі ата-бабаларымыздың бойына табиғатпен үндескен өмір салтын, яғни прагматизмді қалыптастырды. Өткен ғасырлардағы қоғамдық-саяси ойдың дамуына талдау жасай отырып, Елбасы радикалдық идеологияның заманы мүлдем келмеске кеткенін тұжырымдайды. Сол себепті біздің болашаққа жасалатын ұранымыз реализм және прагматизм болмақ.

Сондықтан Президент мақаласының мағынасы мен қағида­ларының қоғамның барлық топтарына жеткендігі маңызды. Талқылау бүкіл азаматтық қоғамның деңгейінде белсенді жүргізілуге тиіс. Бұл бағытта Қазақстан халқы ассамблеясы азаматтық қоғамдағы қозғаушы күш және Елбасының идеялары мен жасампаз саясатын тиімді жаюшы ретінде өте маңызды рөл атқарады. Жастардың борышы – Президенттің бағдарламалық мақаласында Елбасы қойған міндеттерді түсіну және зерделеу. Мемлекетіміздің әлемнің ең дамыған елдерінің отыздығына табыс­ты кіруі үшін әрбір жас адам негізгі оқиғалардан, жаңа ағым­дардан және технологиялық үрдістерден хабардар болып отыруы қажет. Елбасымыз айтқандай, мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан заманға сай жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр.

Қазақ ұлттық университетіне бет алған адамның көзіне ең алдымен Алатаудың ақ қарлы шыңдары және оның аясында ойға шомып тұрған

әл-Фараби бабамыздың бейнесі шалынады. Мен үшін олардың бірі – табиғаттың, бірі – парасаттың символы іспетті. Ал табиғат пен парасат біздің ұғымымызда баянды да сәулелі, мәңгілік ұғымда… Осынау символдардың ғажап үйлесімі тек қана Қазақ университетіне, тек менің туған университетіме тән үйлесім екенін ойлағанда мақтаныш пен алғыс, жауапкершілік сезімдеpі жүрегімді тебірентеді. Осы сезіммен пендешілік тірлікті артқа ысырып тастап, рухани ордама қарай зор махаббатпен ұмтыламын…

Қарашаңырақ қаншама жасты білім нәрімен сусындатып, болашағына бағдар бере білді. Өзім Биофизика, биомедицина және нейроғылымдар кафедрасында жұмыс істегеніме төрт жыл болды. Еңбек жолымды кафедра маманынан бастап, қазіргі таңда оқытушы қызметін атқарып келемін. Ғылым жолында жарық көрген мақалаларым республикалық, халықаралық жоғары рейтингке ие болып, жарыққа шыққан. Халықаралық деңгейдегі конференцияларда мәлімдемелер жасадым.

Университет қалашығы – өз ішінде студенттерге барлық мүмкіндікті қамтамасыз ететін арнайы кешен. Білімпаз жастың жан аралын кітаппен сусындатар кітапхана, талантты да талапты, өнерлі де өр жастардың басын біріктіретін Студенттер сарайы, спорттың сан салаларын дамытқан Спорт кешені, жастардың етене араласуына себепкер болатын жанға жайлы тылсым әлем – жатақхана, өзіндік сәнімен көз тартатын ректорат ғимараты мен оқу корпустары ҚазҰУ-дың бүгінгі күнге дейінгі  жетістіктері екеніне еш шүбәміз жоқ.

Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын ғылыми зерттеулердің ең көбі ҚазҰУ қабырғасында іске асады. ҚазҰУ ғалымдарының зерттемелері өндіpіске енгізілуде, ал ғылыми жұмыстар Scopus және Thomson Reuters мәліметтер базасына енетін жоғары рейтингті басылымдарда үнемі жарияланып келеді. Мұның өзі үлкен бір жетістік. ҚазҰУ Халықаралық Thomson Reuters aгeнттігінің «Ғылым саласындағы айтулы жетістіктері үшін» арнайы дипломымен марапатталған. ҚазҰУ-да Нewlett-Packard, Cisco, Intel, Кonicа minolta, Microsoft сынды атақты әлемдік компаниялардың оқу-ғылыми орталықтары мен зертханалар ашуы – университеттің ғылыми-технологиялық мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде мойындаудың дәлелі. ҚазҰУ-дың студенттер үшін берер тағы бір мүмкіндігі деп – әлемнің жетекші университеттерімен бірге қосдипломдық білім беру бағдapламасын атап айтқан жөн. Сонымен бірге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталық Азия ЖОО-ларынан жалғыз болып QS World University Rankings халықаралық рейтингісінде ең үздік университеттер арасында 165-орынға ие болды.

Биология және биотехнология факультеті – 1934 жылы ҚазМУ ашылғаннан бастап құрылған алғашқы факультеттердің бірі. Қазір жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулерде және мамандарды даярлау барысында қолданылатын заманауи оқу бағдарламаларына сәйкес, биология және биотехнология факультеті деп аталады. Бүгінде бұл факультет ірі оқу-ғылыми орталығына айналған. Оның екі ҒЗИ-ында студенттер мен оқытушылар биология және биотехнология мәселелері, экология мәселелері, сонымен қатар заманауи биология, экология, биотехнология, биомедицина, спорт бағыты бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізеді. Факультет құрамында төрт кафедра бар: Биоалуантүрлілік және биоресурстар, Биотехнология, молекулалық биология және генетика, Биофизика, биомедицина және нейроғылымдар, сондай-ақ Биоклиника және агробиостанция. Факультеттің ерекше бөлімі – Биология музейінде бірегей зерттеу объектісіне жататын массалық, эндемик, сирек түрлердің 5000-нан астам нұсқадан тұратын қоры бар. Қазіргі уақытта биология және биотехнология факультетінде 1300-ден астам студент, магистрант және PhD докторант білім алады. «Биолог», «биотехнолог», «эколог», «балық өсіруші» және «спортшы» мамандарын даярлауға жоғары маманданған оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер ұжымы қатысады. Олар: 30 ғылым докторы, 80 ғылым кандидаты, 10 PhD докторы. Магистранттар мен PhD докторанттар әлемдік жетекші университеттер мен ғылыми орталықтарда тәжірибе жинақтайды. 

Жұмыс берушілер мен ҚР Ұлттық ғылым академиясы институттарының ірі ғалымдары мен жетекші мамандары студенттердің білім алуына өз үлестерін қосуда. Факультет 1934 жылдан бері 13 мың маманды әртүрлі биологиялық ғылым саласы бойынша дайындады. Олар ғылыми-зерттеу орталықтарында, өндірісте, республикамыздың орта және жоғары оқу орындарында, алыс және жақын шетелдік білім беру мекемелері – АҚШ, Франция, Канада, Ұлыбритания, Германия, Ресей университеттерінде қызмет атқарады. Факультет түлектері арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері, сонымен қатар кәсіпкерлер де бар. Олар қазіргі оқу бітірушілерге жұмыс беруші бола тұрып, сонымен қатар олардың оқу жоспарларын құруға, студенттердің үздіксіз тәжірибеден өтуін қамтамасыз етуге белсенді атсалысады.

    Факультет оқытушылары өздерінің белсенді халықаралық байланыстары нәтижесінде студенттер мен оқытушылардың академиялық мобильділігі үшін әлемдік алдыңғы қатарлы ғылым орталықтары мен университеттерінде студенттерге 1-2 семестр оқуға мүмкіндіктер жасайды, ал ол оқу нәтижесі екі дипломдық бағдарлама бойынша, яғни студенттерге ҚазҰУ және шетел университеттерінің дипломын алып шығуға үлкен мүмкіндік береді. Факультеттің оқытушылары мен студенттері әрдайым шет тілі бойынша білімдерін жақсартуда. Факультетте мамандық бойынша ағылшын тілінде оқытатын топтар құрылды. Жыл сайын факультетте 30-дан астам шетелдік университеттің ғалымдары биология және биотехнологияның заманауи бағыттары бойынша дәрістер оқиды және шеберлік сыныптарын жүргізеді.

Біздің барлық студенттеріміз ғылыми жұмыспен айналысады және студенттер осы жұмыстары үшін төлемақы алады. Студенттерге ғылыми мәлімдемелерімен шетелде ғылыми конференцияларға, халықаралық олимпиадаларға барып қатысуға жағдай жасалған.

Бүгінде биология және биотехнология факультетінің студенттері өте белсенді. Шығармашылық жағынан, волонтерлік, қайырымдылық қорларын ұйымдастыру шаралары есебінен белсенді қызметтер атқарып, жастар арасында үлгі болып келеді. Бұл факультетіміз үшін де, оқу орнымыз үшін де көңіл қуантарлық жағдаяттар. Бүгінгі буын – ертеңгі алғы шеп. Сондықтан оларға қолдау көрсету, үлгі болу ұстаз ретіндегі біздің азаматтық борышымыз.

Ұстаздар – шәкірт бойындағы білім іргетасын қалаушы рухани құрылысшылар. Осындай аяулы қызмет иелерінің бірі – ҚазҰУ профессоры, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісінің иегері Нұртай Торманұлы. Бүгінгі таңда Биофизика және биомедицина кафедрасының оқытушылар құрамында қызмет атқарады. 40-тан астам кітап пен монографиялардың авторы, 75-ке жуық тезистер мен баяндамалары жарық көрген. Бірқатар газеттер мен басылымдарда мақалалары басылып, ұстаздық қызметтің биік белесін еңсеріп, еңбек сіңірген тұлғалардың бірі.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тәуелсіз еліміздің жоғары оқу орындарының арасында шоқтығы биік, қашанда дара тұратын білім ордасы. Әрине, бұл асқақ мәртебе аталған оқу орнының бір күнгі жемісі емес, құрылған күннен бүгінгі уақытқа дейінгі қалыптасу мен дамудың, бірнеше буын өкілдерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі. Қазіргі кезеңде бұл жоғары оқу орны дамудың жаңа сатысына аяқ басқандай. Себебі еліміздің тәуелсіздік мұратын баянды ету жаңа стратегиялық мақсаттарды алға тартуда. Сондықтан да ғаламдану үдерісінен қалмай, дамыған елдердің жоғары оқу орындарымен иық тірестіру үшін ғылым мен білімнің жаңа технологияларын оқу үдеpіcіне алғашқылардың бірі ретінде енгізіп, қомақты нәтижеге қол жеткізуде.

Біздің университет алдыңғы қатарлы ғылым мен білімнің аса іpі орталығы. Оқу орны білім алушы тұлғаның жан-жақты дамуына, өзін-өзі кемелдендіруіне қажетті жағдай жасау үшін бар күш-жігерін салып, студенттің өзін-өзі басқаруға, көшбасшылық қасиеттерге тәрбиелеуге мол мүмкіндіктер тудыруда.

Отыз жыл ішіндегі ең бірінші және ең негізгі жетістігіміз, ол – тәуелсіздік. Қазіргі таңдағы Қазақстан мен 30 жыл бұрынғы Қазақстанның айырмашылығы ауыз толтырып айтарлықтай. Елімізді дүниежүзінің тануы, біздің халықаралық деңгейде жарыстар ұйымдастыруымыз үлкен мәртебеміз деп білемін. Бүгінгі таңда тәуелсіздік алғалы бері өткен 30 жыл ішінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемдік деңгейде танылып, бірқатар мемлекеттермен академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша байланыс жасау үстінде.

ҚазҰУ-да оқып жүрген студенттердің  жан-жүрегі де, мінезі де ҚазҰУ табиғатындай көркем болып, ақыл-парасаты Алатаудай биіктеп, әл-Фарабидің: «Ғылыммен айналысамын деген адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері зор, тілек-мақсаты ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт. Жай ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет онда болмасқа керек», – деген сөздерін жадынан шығармаса әрі әрбір студенттің бойынан осы қасиеттер көрініс тапса екен деген үлкен тілегім мен ниетім бар.

Ғылым мен білімнің қайнар көзі, жастардың тұлғалық дамуының ордасы, асқақтық пен ұлылық белгісі, мемлекетімізде кадрларды даярлаудағы негізгі көшбасшы, талай қайраткерді тәрбиелеп шығарған Қазақстандағы ғылым ұстаханасына 87 жыл толып отыр. Ал осы жылдар бойы қанша бала қыранды бауырына басып, дана қыран қылып ұшырған білім ордамыздағы түлектердің де алар орны ерекше.

Нағима СЕЙДАЛИЕВА,

Биофизика, биомедицина және нейроғылымдар кафедрасының оқытушысы

Дайындаған Нұрбек Нұржанұлы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here