Антирекорд: 30 жылда 33 премьер-министр ауысты

0
4731

Үш рет мемлекеттік төңкеріс жасаған Алатаудың арғы жағындағы айыр қалпақты ағайындар қанша тырысса да, күні бүгінге дейін Қырғыз Республикасын дамудың даңғыл жолына түсіре алмағандары рас. Демократияға деген бұл ұмтылыстары елдегі тұрақсыздықтың орын алуына, онсыз да әлсіз экономиканың құлдырауына алып келді.

2019 жылы оңтүстіктегі көрші елде тағы бір дау басталды. Экс-президент (қазір ол бұл мәртебеден де айырылды, – ред.) Алмазбек Атамбаев пен оның орнын басқан сол кездегі президент Сооронбай Жээнбековтің арасындағы саяси текетірестің соңы былтыр алғашқысының 11 жылға сотталуымен аяқталды. Осылайша кезінде өзі қуғынға ұшыратқан экс-президенттер Ақаев пен Бакиевтің кебін Атамбаевтың да өзі киді. Өйткені, «өгізге туған күннің бұзауға да туатыны» ақиқат. Сөйтіп, Алмазбек Атамбаев Қырғыз Республикасында істі болған үшінші президент атанды.

Өкінішке қарай, төңкеріс жасауды әдетке айналдырған қырғыздар президенттер мен премьерлерді де жиі ауыстырады. Былтыр бір күнде кезекті төңкеріс жасады, кезекті президент ауыстырды. Келген, кеткен қырғыз президенттері туралы бұған дейін «Qazaq» газетінде жазған болатынбыз (Қараңыз: «Қырғыздар төңкеріс жасауды неге әдетке айналдырды?», №42, 20.10.2020, «Абақты мен «Ала-Арча» арасы», №03, 19.01.2021). Сондықтан бұл тақырыпқа қайта тоқталмай-ақ қояйық.

Премьерлер де президенттермен жарысып жиі темір торға тоғытылады. Айталық, 2020 жылы 15 маусымда Қырғыз Республикасының премьер-министрі Мухаммедкали Абылгазиев жемқорлық дауынан кейін отставкаға кетті. Абылгазиевтің алдындағы премьер Сапар Исаков шілде айында жемқорлық айыбымен 18 жылға сотталды. Күні кеше Абылгазиев те абақтыдан бір-ақ шықты.

Абылгазиевтен кейін Кубатбек Боронов премьер-министр қызметіне тағайындалды. Дегенмен, оның да саяси мансабы ұзаққа созылған жоқ. 2020 жылы 5 қазан күні Бішкекте кезекті жаппай тәртіпсіздіктер орын алып, шерушілер үшінші рет Ақ үйдің тас-талқанын шығарғаннан кейін ол да отставкаға кетті, анығы оны кетірді. Сөйтіп, Кубатбек Айылчиевич Үкіметті төрт ай ғана басқарды.

Үкімет басына Бороновтан кейін Новиков келді. 33 жастағы Артем Эдуардович 2021 жылғы 3 ақпанға дейін үш ай премьер-министрдің міндетін атқарды.

2021 жылғы 10 қаңтардағы президент сайлауынан кейін Қырғыз Республикасының Үкіметінде кезекті ауыс-түйістер болды. Жогорку Кенеш өткен аптада, 3 ақпан күнгі отырыста премьер-министр лауазымына 41 жастағы Улукбек Мариповтың кандидатурасын мақұлдады. Ал, президент Садыр Жапаров Үкімет басшысы лауазымына оны тағайындау туралы құжатқа қол қойды. Сөйтіп, Қырғыз Республикасының тарихындағы 33-ші Үкімет жасақталды.

Иә, Қырғыз Республикасы тәуелсіздігін жариялаған 30 жылға жетер-жетпес уақытта 33 премьер-министрді ауыстырыпты. Және соңғы 15 жылда көрші елдің 21 Үкіметі отставкаға кеткен. Бұл да өзінше антирекорд! Өйткені, салыстырмалы түрде айтар болсақ, Қырғыз Республикасымен бір жылы тәуелсіздігін жариялаған Грузияда – 26, Украинада – 25, Молдовада – 21, Ресейде – 17, Арменияда – 16, Әзербайжанда – 13, Беларусьте – 10, Тәжікстанда – 8, Өзбекстанда – 5, біздің Қазақстанда – 11 (Мәсімов екі рет болды) Үкімет басшысы ауысқан.

Үкімет басшыларына қатысты кезекті антирекордтарды айтар болсақ, ең қысқа уақыт Үкіметті басқарғандар тағы да қырғыздардан шығады. Айталық, Қырғыз Республикасының Үкіметін Алманбет Матубраимов 1 күн (13-14.12.1993), Борис Силаев 2 күн (23-25.12.1998), былтыр жазда отставкаға кеткен Мухаммедкали Абылгазиев 3 күн (22-25.08.2017) басқарыпты.

«Жығылған күреске тоймас» дегендей, кезінде (1998) 2 күн премьер-министрдің міндетін атқарған Борис Силаевтің маңдайына екінші рет Үкіметті 8 күн (04-12.04.1999) басқару жазылыпты. Ал, 1 айдан 6 ай аралығында Үкіметті басқарғандардың санында шек жоқ.

Қырғыз Үкіметі премьер-министр тұрақтамайтын тұрақсыз мекенге айналғандықтан Апас Жумагуловтың бұл қызметте 4 жыл 3 ай (14.12.1993-14.03.1998) отыруы тарихи рекорд саналады. Бұл рекордты жаңартуға жақындаған Үкімет басшылары жоқтың қасы. Өйткені, Апас Жумагуловтан кейін Үкіметті ең ұзақ басқарған Николай Танаев болды. Ресейде дүниеге келген Николай Тимофеевич Қырғыз Республикасының Үкіметін 2 жыл 10 ай (22.05.2002-25.03.2005) басқарды.

Насирдин Исанов – тәуелсіз Қырғыз Республикасының тұңғыш премьер-министрі. Үкіметті 311 күн (21.01-29.11.1991) басқарды. 1991 жылы 29 қарашада жұмбақ жағдайда көлік апатынан қаза тапты.

Қырғыз Республикасының үкіметін Борис Силаев (жоғарыда айттық), Курманбек Бакиев (21.12.2000-22.05.2002, 25.03.2005-15.08.2005), Алмазбек Атамбаев (29.03.2007-28.11.2007, 17.12.-01.12.2011), Мухаммедкали Абылгазиев (22.08.2017-25.08.2017, 20.04.2018-15.06.2020) екі рет басқару мүмкіндігіне ие болды.

Премьер-министр қызметін атқарған Курманбек Бакиев, Роза Отынбаева, Алмазбек Атамбаев, Сооронбай Жээнбеков кейіннен Мемлекет басшысы болып сайланды. Алғашқысы 2010 жылдан бері Беларусьте қуғында жүрсе, үшіншісі былтыр 11 жылға сотталды, соңғысының тағдыры әлі белгісіз.

Бір өкініштісі, президенттердің де, премьерлердің де лауазымнан кейінгі тағдырлары бір-біріне ұқсайды. Бастапқыда айып тағылады, содан кейін түрмеге тоғытылады.

Қырғыз Республикасының Үкіметін 8 ай ғана басқарған 44 жастағы Сапар Исаковты өткен жылы Бішкек қаласының Первомайский аудандық соты «Бішкектегі Тарих музейін жөндеу және Шолпан-Атадағы ипподром құрылысы кезінде ақша жымқыруға қатысы бар» деген айыппен 18 жылға соттап, оған 247 млн 650 мың сом (шамамен 3,3 млн доллар) айыппұл салды. Оның алдында, 2019 жылы желтоқсанда Сапар Исаков Бішкектегі жылу электр орталығының жөндеу ісінде жемқорлық айыбымен 15 жылға сотталған еді. Экс-премьердің дүние-мүлкі тәркіленіп, дипломынан, екінші дәрежелі «Манас» орденінен айырылды.

30-шы премьер Мухаммедкали Абылгазиев те отставкаға өз еркімен кеткен жоқ. Анығы кетуге мәжбүр болды. Бұған дейін елде «Билайн» сауда маркасына тиесілі «Скай Мобайл» компаниясына радиотолқын сату ісі бойынша тергеу басталған еді. Бұл істе экс-премьердің де есімі аталды. Кейін Абылгазиев еңбек демалысына кетерде «бұл жайт толық жұмыс істеуге кедергі келтіретінін» айтқан. Мәлімдемесінде радиотолқынды сату ісіне қатысы жоғын, өзіне тағылған айып орынсыз екенін айтты. Сөйтіп, 27 мамырда «тергеуге қысым жасамас үшін және тергеудің әділ өтуі үшін» қысқа уақытқа демалысқа кеткен. Бұл қысқа демалысы отставкамен жалғасты. Экс-премьер күні кеше темір торға тоғытылды. Қанша жылды арқалайтыны әзірге белгісіз.

Әлбетте, 30 жылда 33 премьер-министрдің ауысқаны жақсылықтың нышаны емес. Өйткені, «Қойшы көп болса, қой арам өледі» дегендей, көрші елдің Мемлекет басшылары мен халық қалаулылары соңғы жылдары Үкіметтің алаңсыз өнімді еңбек етуіне мұрша бермей келеді.

Иә, бұл қырғызша демократия болса керек!..

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here