Спорт нысандарын күтіп-ұстауға қанша қаржы кетеді?

0
616

Азия құрлығында Олимпиада ойындарын қабылдаған елдер көп те емес, саусақпен санарлық қана. Айталық, Жапония (жазғы, қысқы), Оңтүстік Корея (жазғы, қысқы), Қытай (жазғы) сияқты азиялық елдер ғана төрт жылдықтың басты спорт додасын қабылдады. Ал, Қазақстан өз жерінде Олимпиада өткізбесе де, ойындарды өткізуге үміткер болғанын ұмыта қойған жоқпыз. Соңғы рет еліміз 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізуге Швеция, Норвегия, Қытай сияқты мықтылармен таласты. Дегенмен, бар болғаны 4 ұпаймен Алматы Бейжіңге (Қытай) жол берді.

Жалпы, Олимпиада астанасы атану оңай емес. Ол үшін алдымен құрлықтық және студенттік ойындарды өткізіп, тәжірибе жинау керек. Бір қуаныштысы, еліміз осы екеуін де сәтті өткізді. Қазақстанның ең үлкен қаласы (астанамен бірге) 2011 жылы ақ Азиаданы, 2017 жылы қысқы Универсиаданы қабылдады. Осы дүбірлі додаларға байланысты Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Алматы облысында заманауи спорт нысандары бой көтерді. Ойындардан мұраға қалған бұл нысандар халық игілігіне пайдаланылып келеді. Дегенмен, оларды күтіп-ұстау жергілікті бюджеттерге қымбатқа түседі. Қазір бұл спорттық нысандар мемлекеттің меншігінде, 2019 жылға дейін мемлекеттік құрылымдар басқаратын жеке компанияларға қарады. Бүгінде мемлекет оларды сату құқығынсыз жеке кәсіпкерлердің қолына беруді жоспарлап отыр.

2009 жылы «Астана Арена» стадионы пайдалануға берілді. Құрылысына 182 млн доллар жұмсалған стадионда 2011 жылғы қысқы Азиаданың ашылу салтанаты өтті. МемТізілімнің дерегінше, бұл нысан Нұр-Сұлтан қаласының Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасының балансында. Оны 2019 жылдың қарашасынан 2020 жылдың тамызына дейін басқарма «дочкасы» (дочерлік мекеме) «Astana Venue Management» ЖШС басқарды. 2020 жылдың күзінен бері 30 мың орындық стадионды 15 жылға жекенің иелігіндегі «MTEX management» компаниясы алды. Келісімшарт бойынша, аталған компания нысанды спорттық, мәдени шаралар өткізуге ғана қолданады, мемлекетке нысанды бір жыл ішінде 30 күнге тегін береді, көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларға спортпен тегін шұғылдануға жағдай жасайды, мемлекеттік спорт мектептеріне жеңілдікпен жалға беруге міндеттеледі. Ал, компания нысанды жалға беру арқылы пайда табады. Дегенмен, нысанды күтіп-ұстауға астана бюджетінен 2019 жылы 908 млн теңге, 2020 жылы 639 млн теңге бөлінген. Бұл ресми мәліметті Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы таратты.

Азиада мен Универсиадаға «Астана Аренадан» басқа «Алау» мұз сарайы (Нұр-Сұлтан),  «Сарыарқа» велотрегі (Нұр-Сұлтан), «Almaty Arena» мұз сарайы (Алматы), «Halyk Arena» спорт сарайы (Алматы), «Сұңқар» трамплин кешені (Алматы), «Алатау» шаңғы және биатлон кешені (Алматы облысы) сияқты соңғы үлгідегі заманауи спорт нысандары салынған еді. Универсиаданың өткеніне төрт жыл болды. Осы жылдарда оларды күтіп-ұстауға мемлекеттен қыруар қаржы бөлінді. Үлкен нысандардың өзін-өзі ақтамайтыны о бастан белгілі еді. Жоғарыда жазғанымыздай, мемлекет бұл нысандарды жекенің қолдарына беруге дайын. Бірақ, салық төлеушілердің есебінен салынған нысандарды талан-таражға салуға жол берілмейді. Келісімшартта бұл міндеттер айқын жазылады. Демек, жауапкершілік жоғары. Ал, жауапкершілікті мойындарына алуға отандық кәсіпкерлер асығар емес.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, спорт шолушысы

 Редакциядан: Материалда «Курсив» газетінің деректері қолданылды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here