Биыл Қазақстан халқы 19 миллионға жетеді!

0
548
Қазақстандағы 18 миллионыншы тұрғын 2017 жылы 11 мамырда Талдықорған қаласында дүниеге келген. Ол – Мүслима Саматқызы, дефектолог Диана Омарханова мен оқытушы Самат Бестібаев отбасындағы екінші нәресте. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов сол жылы үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.

Осыдан жүз жыл бұрын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Әлхамдулла, 6 миллион қазақпыз!» деп жаһанға жар салғаны белгілі. Бір ғасыр бұрын бұл тәуір көрсеткіш еді. Өкінішке қарай, өткен ғасырда әлем елдерінде демографиялық дүмпу орын алып жатқанда, қызыл империяның қанды саясаты қазақты қынадай қырды. Қазақтың саны екі есе қысқарды. Әйтпесе, бүгінде санымыз өзбектерден (қазір олар 35 млн) кем болмас еді-ау!

«Мың өліп, мың тірілген» елдегі қазақтың саны 1989 жылы 6,5 млн-ды құраса, бүгінде 13 млн-ға жеттік. Бұған сырттағы 5 млн-ға жуық қазақты қосыңыз! Шүкір! Енді аз жылда Ахаңша «Әлхамдулла, 20 миллион қазақпыз!» деп мақтанатын күнге жетейік!

Ұлттық статистика бюросының соңғы мәліметінше, Қазақстан халқы былтыр 1,32%-ға немесе 245 мың адамға өскен. Содан 2021 жылғы 1 қаңтарда Қазақстан халқының саны 18 млн 877 мың адамға жетті.

Былтыр әдеттегідей астана өсімі қарқынды жүрді – бір жылда халық саны 4,25%-ға, яғни 48,3 мың адамға артты. Қазір Нұр-Сұлтанда 1 млн 184 мың халық тұрады. Екінші орында Шымкент қаласы 3,47%-бен (1 млн 074 мың), үштікті Алматы 3,14% (1 млн 977 мың) көрсеткішпен түйіндеген. Демек, бір жылда халқы 60 мыңға артқан Алматы жазға қарай екі миллиондық межені бағындырады.

Батыс өңірлері де халық санының өсу қарқыны бойынша жоғары нәтижесін сақтап тұр. Былтыр ел халқы Маңғыстау облысында 2,97%-ға, Атырау облысында 1,83%-ға, Ақтөбе облысында 1,36%-ға, Батыс Қазақстан облысында 0,66%-ға өсті. Алайда, өзге алты облыста халық саны кеміген. Мысалы, халық саны Солтүстік Қазақстанда – 0,93%-ға, Қостанайда – 0,46%-ға, Шығыс Қазақстанда – 0,43%-ға, Ақмолада – 0,17%-ға, Павлодарда – 0,15%-ға, Қарағандыда – 0,08%-ға азайған. Мұнда тек Солтүстік Қазақстан облысының халқы табиғи түрде кемігенін айту керек. Өкінішке қарай, бұл жаңа туған адамның санынан қайтыс болғандар есебі асып түскенін білдіреді.

Сонымен қатар, әлемдік пандемия себебінен Қазақстаннан кететіндердің көші-қон ағыны айтарлықтай азайған. 2019 жылы 33 мың адам елден кетсе, былтыр олардың саны 17,7 мың адамды құрады.

Қазақстандағы қала халқының үлесі – 59,1%-ды, ауыл халқының үлесі – 40,9%-ды көрсеткен. Бұдан қала жұртының 1,93%-ға (2019 жылы – 1,83%), ауыл тұрғындарының 0,45%-ға (2019 жылы – 0,53%) артқанын аңғаруға болады.

Айта кетейік, жылдағы қарқын сақталатын болса, жыл соңында Қазақстан халқы 19 млн-дық межені бағындырады. Бұл қуаныштың біз үшін маңызы зор. Өйткені, жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орын алатын Қазақстан халық саны бойынша 64-ші орында тұр. Біздегі әр шаршы шақырымға 6,7 адамнан келетінін «Qazaq» газетінің өткен №06 (1057) санында жаздық. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл көрсеткіш Монакода – 18 679 адамнан, Сингапурда – 7 389 адамнан, Оңтүстік Кореяда – 494 адамнан, көршілеріміз Қытайда – 139 адамнан, Өзбекстанда – 76 адамнан, Қырғызстанда – 32 адамнан, Түркіменстанда – 10,5 адамнан, Ресейде – 8,5 адамнан келеді.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here