6 жазғы Олимпиада – 64 медаль

0
1506

Коронавирус пандемиясы былтыр үлкен спортты қалай жеңгенін, биыл қандай дүбірлі додалардың жоспарланып отырғанын «Qazaq» газетінің №03 (1054) санында жаздық. Әрине, қазіргі жағдайда қай жарыстың қашан өтетінін нақты айту мүмкін емес. Өйткені, адамзат көзге көрінбейтін жауды әлі жеңген жоқ. Арпалысып-ақ келеді. Дегенмен, «жақсы сөз – жарым ырыс». Оның үстіне әлемде вакцинациялау басталды. Биылға қалдырылған Токио Олимпиадасы 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтетініне сенгіміз-ақ келеді. Бұл жазғы Олимпиада – азат ел ретінде Қазақстан қатысатын жетінші дода болмақ. Тәуелсіздіктің биылғы отыз жылдығы қарсаңында еліміздің жазғы Олимпиада ойындарындағы жетістіктеріне тоқталсақ артық болмас.

Қазақстандық спортшылар жазғы Олимпиада ойындарында 1988 жылға дейін КСРО сапында өнер көрсетті. Татарстан, Башқұртсан, Саха (Якутия), Шешенстан сияқты автономияларды айтпағанда, КСРО құрамында 15 одақтық республика болды. Яғни, үлкен спортта үлкен бәсекелестік еді. Спортшылар үшін ұлттық құрама сапына енудің өзі арманға айналған кезең. Потенциалы зор талай спортшы Олимпиада ойындарына қатысу арманын жүзеге асыра алмай өмірден өтті. Алып империя шаңырағы шайқалғаннан кейін азаттық алған 15 мемлекет өз үздіктерін еш кедергісіз аламанға қосуға мүмкіндік алды. Бұл, әрине, алдымен азаттықтың арқасында жүзеге асты.

1992 жылы Барселонада (Испания) өткен XXV жазғы Олимпиада ойындарына әлем картасында пайда болған он бес мемлекеттің жеке ел ретінде қатысуға мүмкіндігі болған жоқ. Өйткені, тәуелсіздіктің тәтті дәмін татқандарына бірнеше ай ғана болған-ды. Содан бұрынғы Одақ спортшылары Барселонада бір командаға бірігіп, Олимпиада туының астында сынға түсті. Ал, олар жазғы ойындардағы алғашқы қадамын 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында жасады (Балтық елдері ғана 1992 жылғы Олимпиадаға жеке ел ретінде қатысты).

XXVI жазғы Олимпиада алауы 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында тұтанды. Тәуелсіздік алғанына бес жылға жетер-жетпес уақыт болған Қазақстан мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт елге 96 спортшысын апарды. Атланта төрінде Қазақстанның Әнұраны үш рет шырқалып, он бір рет Туы желбіреді. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 197 елдің ішінен 24-ші орынға тұрақтады. Бразилия, Ұлыбритания, Иран сияқты мықтыларды да артқа тастады. Жетпіс жылдай бір шаңырақтың астында өмір сүрген одақтас республикалардан Ресей мен Украинаны ғана алдына салды. Сөйтіп, Қазақстанның жазғы тұңғыш Олимпиадасында Василий Жиров (бокс), Александр Парыгин (бессайыс), Юрий Мельниченко (грек-рим күресі) алтын, Болат Жұмаділов (бокс), Сергей Беляев (нысана көздеу, екі медаль), Анатолий Храпатый (ауыр атлетика) күміс, Болат Ниязымбетов (бокс), Ермахан Ибраимов (бокс), Владимир Вохмянин (нысана көздеу), Мәулен Мамыров (еркін күрес) қола медальдарды қанжығаларына байлап, есімдері елдің спорт тарихында алтын әріптермен жазылды.

XXVII жазғы Олимпиада ойындарын Аустралияның Сидней қаласы қабылдады. Жасыл құрлықтағы додада 130 қазақстандық спортшының бағы мен бабы таразыланды. Жеті сәйгүліктің бабы мен бағы қатар шапты. Олар ел қоржынына 3 алтын, 4 күміс медаль салды. Бұл көрсеткішпен азаттық алғанына тоғыз жылға аяқ басқан еліміз жалпыкомандалық есепте 199 мемлекеттің арасында 22-ші тұғырдан көрінді. Сидней Олимпиадасында Бекзат Саттарханов (бокс), Ермахан Ибраимов (бокс), Ольга Шишигина (жеңіл атлетика) сияқты топжарғандардың жұлдызы жанса, Болат Жұмаділов (бокс), Мұхтархан Ділдәбеков (бокс), Александр Винокуров (велоспорт), Ислам Байрамуков (еркін күрес) күмісті қанағат тұтты.

2004 жылғы жазғы ойындар Олимпиада отаны – Грекияда өтті. Өкінішке қарай, Афинадағы ойындар Қазақстан үшін сәтсіз аяқталды. Өйткені, төрт жылдықтың басты додасында қазақстандық спортшылар 8 медаль алғанымен, оның біреуі ғана алтын еді. Содан жалпыкомандалық есепте Қазақстан қырқыншы орында қалып қойды. Бұл Қазақстанның жазғы Олимпиада ойындарындағы ең нашар көрсеткіші саналады. Жалғыз алтынды боксшы Бақтияр Артаев алса, Геннадий Головкин (бокс), Сергей Филимонов (ауыр атлетика), Георгий Цурцумиа (күрес), Геннадий Лалиев (күрес) күміс, Дмитрий Карпов (жеңіл атлетика), Серік Елеуов (бокс), Мхитар Манукян (күрес) қола медаль иеленді.

Қазақстан өз тарихында 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасына ең көп спортшы апарды. XXIX жазғы Олимпиада ойындарында 132 спортшы ел намысын қорғады. 13 спортшы ел қоржынына 13 медаль салды. Бірақ, сегіз жылдан кейін допинг дауына байланысты Халықаралық Олимпиада комитеті  бес қазақстандық спортшының нәтижесін жойды. Содан 2016 жылы Илья Ильин (ауыр атлетика) алтын, Таймураз Тигиев (күрес), Ирина Некрасова (ауыр атлетика) күміс, Мария Грабовецкая (ауыр атлетика), Әсет Мәмбетов (күрес) қола медальдарын заңды иелеріне қайтарып берді. Ал, сол допингпен ұсталған спортшылар дауынан кейін Алла Важенина (ауыр атлетика) алтын, Нұрбақыт Теңізбаев (күрес) пен Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика) күміс медальға ие болды. Содан Қазақстан командасына ресми түрде 9 медаль (2 алтын, 3 күміс, 4 қола) тіркелді. Алтын медаль Бақыт Сәрсекбаевқа (бокс), Алла Важенинаға (ауыр атлетика), күміс медаль Асхат Житкеевке (дзюдо), Нұрбақыт Теңізбаевқа (күрес), Ольга Рыпаковаға (жеңіл атлетика), қола медаль Елена Шалыгинаға (күрес), Марид Муталимовке (күрес), Еркебұлан Шынәлиевке (бокс), Арман Шілмановқа (таеквондо) тиесілі. Еліміз жалпыкомандалық есепте 37-ші орынға сырғыды.

2012 жылғы Лондон Олимпиадасында допинг дауының иісі де жоқ еді. Илья Ильиннің атағы жер жарып тұрған кез. Олимпиада чемпионы ретінде тұманды Альбионға аттанды. Лондонда күміс, қола жүлделерді айтпағанда, төрт қазақстандық ауыр атлет Олимпиада чемпионы атанды. Дегенмен, допинг дауына байланысты Ильин де, Подобедова да, Чиншанло мен Манеза да алтын медальдарын Халықаралық Олимпиада комитетіне қайтарып берді. Содан XXX жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынындағы 10 медаль ғана саналды. Олимпиадаға 115 спортшы апарған еліміз жалпыкомандалық есепте 24-ші орынға тұрақтады. Александр Винокуров (велоспорт), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Серик Сәпиев (бокс) алтын, Әділбек Ниязымбетов (бокс) күміс, Даниял Гаджиев (күрес), Марина Вольнова (бокс), Гюзель Манюрова (күрес), Иван Дычко (бокс), Ақжүрек Таңатаров (күрес), Анна Нұрмұхамбетова (ауыр атлетика) қола медаль еншіледі.

Соңғы жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық ауыр атлеттер бір алтын, бір күміс және үш қола медальді жеңіп алды. Сәл кейінірек олардың қатарына тағы бір «қола» қосылды, ол жүлде «ізін суытпай» допинг қолданғандығы ашылып қалған румын спортшысынан біздің Денис Улановқа өтті. Айтпақшы, ол кезде әлгі екеуі бірдей ұпай жинаған, ал румын спортшысы жеке салмағы төмен болғаны үшін ғана жүлдегерлер қатарына қосылған еді. Содан ауыр атлеттердің қоржынына барлығы 6 медаль (1+1+4) түсті. Өкінішке қарай, өткен айда, 18 қаңтарда Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Рио Олимпиадасының чемпионы Ниджат Рахимов допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жарыстардан уақытша шеттетілгенін хабарлады. Ол «2016 жылы зәр талдауын алмастырды» деп айыпталып жатыр. Ал, айыпталған ауыр атлеттердің ешқайсысы ақталмағандарын ескерсек, онда Рио Олимпиадасында ауыр атлетикадан алған жалғыз алтын медальді қайтарып беретін түріміз бар.

2016 жылғы XXXI жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 18 медальмен (3 алтын, 5 күміс, 10 қола) жалпыкомандалық есепте 22-ші орыннан көрінді. Қазақстан өз тарихында ешқашан Олимпиада ойындарында 18 медаль алып көрмеген еді. Риодағы топжарғандар: Дмитрий Баландин (алтын), Ниджат Рахимов (алтын), Данияр Елеусінов (алтын), Елдос Сметов (күміс), Жазира Жаппарқұл (күміс), Василий Левит (күміс), Әділбек Ниязымбетов (күміс), Гюзель Манюрова (күміс), Отгонцэцэг Галбадрах (қола), Фархад Харки (қола), Карина Горичева (қола), Ольга Рыпакова (қола), Александр Зайчиков (қола), Эльмира Сыздықова (қола), Екатерина Ларионова (қола), Иван Дычко (қола), Дариға Шәкімова (қола).

Осы тұста Тәуелсіздік Ольга Рыпакова сияқты тұлғаны тудырғанын айтпай кетуге болмайды. Соңғы 14 жылда Қазақстан жеңіл атлетикадан әлем біріншіліктері мен Олимпиада ойындарында 11 медаль иеленіпті. Соның бәрі бір ғана Ольга Рыпакованың еншісінде. Әлемге әйгілі жеңіл атлет ұзындыққа үш қарғып секіруден Бейжің Олимпиадасында (2008) күміс, Лондон Олимпиадасында (2012) алтын, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында (2016) қола медаль иеленсе, әлем біріншіліктерінде үш рет жүлдегер (2011 жылы күміс, 2015 пен 2017 жылдары қола медаль) атанды. Ал, жабық залда өткен әлем чемпионаттарында 2010 жылы чемпион, 2012 жылы вице-чемпион болды. 2010 жылы құрлықтық кубокта және 2006, 2010, 2014, 2018 жылдары Азия ойындарында топты жарды. Сөйтіп, байрақты  бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап жүрген Ольга Рыпакова соңғы 14 жылда елге 18 медаль (10 алтын, 4 күміс, 4 қола) сыйлады. Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың қазақстандық жеңіл атлетиканың патшайымы саналуы да сондықтан.

Міне, ардақты ана (ұл мен қызы бар), аяулы жар Ольга Сергеевнаны қалай құрметтесек те, оған қандай сый-сияпат көрсетсек те жарасады. «Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетіп» жүрген алтын қыз аттан түскен жоқ, әлі бабында. Десек те, қазақстандық жеңіл атлетиканың патшайымы өткен күзде 36 жасқа толды. Бұл спорт үшін оңай жас емес. Өйткені, әлемде оның өкшесін басып келе жатқан мықты жас жеңіл атлеттер де жетерлік. Дегенмен, оның жеңіске құлшынысы, табысқа табандылығы да мықты. Қазір ол өзінің төртінші Олимпиадасына дайындалып жатыр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақстан азат ел ретінде қатысқан алты жазғы Олимпиадасында толайым табыстарға қол жеткізгені рас. Бір жылы тәуелсіздік алған бұрынғы Одақ елдерімен салыстырар болсақ, алты жазғы ойындарда Ресей 451, Украина 115, Беларусь 78, Әзербайжан 43, Грузия 32, Өзбекстан 31, Литва 23, Латвия 15, Армения 14, Эстония 11, Молдова 8, Қырғызстан 4, Тәжікстан 4 медаль иеленді. Түркіменстан бірде-бір медаль алмаған. Қырғызстаннан әлі Олимпиада чемпионы шыққан жоқ. Демек, Қазақстаннан 30 жылда 15 Олимпиада чемпионы шыққаны қуанарлық жағдай. Тарих үшін қас-қағым сәтте әлемнің үздік отыз спорт державасының қатарына қосылды. 125 кәсіби спорт клубтары құрылды. Спортшылар жетпіске жуық Олимпиада, жеті жүзге жуық әлемдік, құрлықтық, халықаралық жарыстардың медальдарын иеленді. Ал, бұл жетістіктерге мемлекеттің спортқа көңіл бөлгенінің арқасында жеткеніміз жасырын емес.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, спорт шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here