Нұрғали Аршабеков: Жоғары білім сапасын арттыру – басты міндет

0
2611

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры міндетін атқарушы Нұрғали Аршабеков жоғары білім беру саласында сапаны арттыру мәселелеріне арналған басқосуға орай пікір білдірді.

Жуырда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен ведомство өкілдері және отандық жоғары оқу орындары басшыларының қатысуымен жиын өтті.

Онлайн режімде ұйымдастырылған алқалы басқосуда қазақстандық жоғары оқу орындарында білім беру сапасын уақыт ағымына, заман сұранысына сай дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Біз өмір сүріп отырған кезең енжарлықты көтермейді. Жаңа мыңжылдықта бәсекеге бейім, білімді де білікті кадрлардың бәсі басым болатынын уақыттың өзі айқындап отыр. Бұл тұрғыда сауатты мамандар мектебін қалыптастыруда жоғары оқу орындарына жүктелер жүк, артылар міндет ауқымды.

Жиын барысында сөз алған спикерлер осы мәселелер турасында, білім берудегі жаһандық заманауи трендтер мен тетіктер жайында егжей-тегжейлі баяндады.

Кездесу аясында «Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету туралы мәселелер мен қабылданып жатқан шаралар», «Жоғары оқу орындарындағы дайындық сапасы» тақырыптарында баяндамалар жасалып, нақты міндеттер басты назарға алынды.

Өзара диалогқа негізделген жиынды министр Асхат Қанатұлы қорытындылап, мемлекеттік немесе жекеменшік жоғары оқу орындарына қарамастан, маман даярлауда сапаға басты назар аударылатынын атап өтті. Сонымен қатар ведомство басшысы Ұлттық рейтингтер мен білім беру бағдарламаларының рейтингтерінде ЖОО-лардың позицияларын нығайту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға ерекше маңыз беру қажеттігін айтты.

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында елдегі бәсекеге қабілетті адами капиталды дамыту үшін маңызды мүмкіндіктер қарастырылған.

Мақсат – барлық белгіленген бағыттар мен міндеттерді тиімді, дұрыс және сауатты жүзеге асыру. Бұл орайда отандық жоғары оқу орындары жетекші рөл атқаратыны бесенеден белгілі.

Нұрғали Аршабеков,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры міндетін атқарушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here