Өмір сүрмек үшін нендей хал кешпекті ылғи да шешпек керек
Хосе Ортега-и-Гассет
Дүние тұрғанша тұратын ұлы құбылыс Абай: «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал», – дейді. Адастырмас ақ жұлдыз хакім Абай сөзін қасиетті қағбаға балап «Сөзіне қарап кісіні ал» қағидасымен оқыдық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын. Бұл көлемімен ғана емес, көтерген жүгімен де мақала деуге сыймайтын, өмірдің көптеген күрделі мәселелерін сөз ете отырып, оны шешудің жолдарын кемел ойлы кемеңгерлікпен байыпты баяндаған аса салиқалы, аса салмақты, өте парасатты еңбек! Ұлтты ұшпаққа ұмтылдыратын ұтымды бағдарлама бұл.
Бір өзі бір кітаптың жүгін ентікпей еркін көтерген көлемді мақаланың «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Ұлағат пен ұстаным» атты тақырыптарға бөлінуі оқуды жеңілдетуімен бірге, айтылар ойдың ажарын ашып, еңбекті абаттандыра түскен. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаладағы аса мәнді, дәмді сөздің бәрі алтыннан қымбат асыл ойларға толы мың мысалдан бір мысқал: «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз». Қорғасын құйылып алшы түсер сақадай көкірекке қона кеткен Сөз Бұл!
«Шын сөз – құдіретті сөз» депті Мұхаммед пайғамбар. Бұл сол саптағы саналы сөз.
Көптің көңілінен шыққан тағы бір керемет, керім, кермиық сөз, көркем ойды оқиық: «Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет. Келесі жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты енгізілген мораторийдің мерзімі аяқталады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізіп, халықтың игілігіне жарату – өте маңызды мәселе. Сондықтан, биыл Жер мәселесі жөніндегі комиссияны құрып, соның аясында бір байламға келген жөн. Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын. Бірақ біз соны бағалай білеміз бе?!».
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Жер, жер және жер. Өйткені жерсіз Отан жоқ, Жерсіз мемлекет болмайды» деген ұлық ойымен үндесіп жатқан ұлағатты сөз бұл!
«Адам – Жердің мүлкі» депті үндістердің көсемі Сиэтл Дювамаш АҚШ Президенті Франклин Пирске 1855 жылы жазған хатында: «Вашингтондағы үлкен кісі. Сіз біздің жерімізді сатып алу жайлы айтыпсыз. Ал, оныңыз біздің көкейімізге қонбайды. Аспан аясын, жер жылуын сату, сатып алу мүмкін бе екен?! Жердің жібек желі, өзен-көлдің ажар-реңі біздің меншікті мүлкіміз емес, оны бізден сатып алу деген не сөз? Бұл Жердің әрбір төмпешігі біздің халық үшін аса қадірлі. Орман-тоғайымыздың әрбір жапырағы, өзен-көл жағасының әрбір құм-қиыршығы, әрбір ағашымыздың бойындағы шырын сол – қызылтәнді адам атаулыға қасиетті нәр…
Адам – өмірдің өрнегін тоқушы емес, ол – сол өрнектің бір тал жібі ғана. Өрнектің сәнін бұзғаны – өмірінің сәнін бұзғаны.
Біз: Жер – адамның мүлкі емес, адам – Жердің мүлкі деп білеміз.
Біз: дүние біртұтас, бір атаның баласындай қаны бір, жаны бір деп білеміз. Жеріміздегі қызылтәнді ақырғы адам көз жұмып, аруағы аспан әлеміндегі ақша бұлтқа айналып кетсе де, халқымыздың өлмес, өшпес рухы орман-тоғайымызда, өзен-көлімізде мәңгі-бақи өмір сүреді. Себебі: бұл Жер – менің халқыма, яғни бөбегіне жүрегі елжірей еміренетін Ана!
Сен бұл Жерді түптің түбінде сатып алар болсаң, оны бізше сүйе біл. Оны бізше аялай біл.
Оны есіңнен бір сәт шығара көрме. Оны балаларыңның бесігі деп біліп, бүкіл жан-жүрегіңмен аяла, корға, сақта, құдайдың бізді сүйгеніндей мейіріммен сүй!»
Үндістер көсемінің сиямен емес, жүрек канымен, жантәнімен, ділімен жазылған хаты адамзатқа айтылған өсиет. Бұл бүгінге ғана емес, ертеңге де керек сөз!
Жер – тіріде төрің, өлгенде – көрің. Жерсіз елдің де, ердің де күні қараң. Жерсіз өмір жоқ! Мұны бір кісідей білетін Мемлекет басшысының Жер жайлы жеріне жеткізе айтқанына сүйсіндік.
«Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ұлттың ұлы мұратының бірі осы емес пе?!
Мемлекетіміздің кемел ойлы, кең тынысты кемеңгер басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ана тілі жайлы, қазақ киносы туралы сәулелі сөзін оқығанда ойға Нобель сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Нельсон Манделаның: «Егер тіл мен мәдениетің жоғалса, шекараны аша сал. Бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес…» деген ұлағатты ойы оралды.
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты аса елеулі еңбектің маңыздылығы сонша әр бөлім, әр жаңа жолдан көкейге көп ой түйесің. Түймедей түйіннің өзі түйедей жүк көтеріп тұр. Сәулелі сөздердегі құйылып түскен құйма алтындай ойларын: «Өзіңнің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі. Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Барша отандастарыма, әсіресе, жастарға айтарым: кең байтақ Қазақстанды асқақ армандарың мен батыл жоспарларыңды емін-еркін жүзеге асыра алатын, табысыңа марқайып, әрдайым тілеуіңді тілейтін қасиетті Отаның ретінде бағалаңдар! Мен жаңа Қазақстан патриотизмінің жасампаздық құдіретіне сенемін. Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс» деп түйіндепті Мемлекет басшысы сәулелі сөзін.
«Алдымен ел қамы,
Сонан кейін қалғаны», – дейді ақын Қадыр Мырза Әлі. «Алдыменен ел қамын» ойлаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты еңбегі жаңашыл жарқын ойларымен баурайтын жаңа сөз, сәулелі сөз!
Аман болайық!
Сәбит Досанов, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Айлык туралы