«Жүз жыл жырлаған жүрек»

0
4622

«Шешен кісі сөз бастар,

Адал кісі – ел бастар».

Жамбыл Жабаев

 

Қазақ халқының адуынды ақыны Жамбыл Жабаевтың есімі бүкіл әлемге әйгілі. Оның патриоттық рухқа толы жырлары көптеген шетел тілдеріне аударылып, қалың көпшіліктің сұранысына ие. Биыл жыр дүлділінің туғанына 175 жыл. Осы мерейлі күнтізбе аясында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы адуынды ақын, жырау, жыршы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай  «Жасымнан атым аян Жамбыл едім» атты әдеби жыр кешін ұйымдастырды. Жыр кешінде ақын өлеңдері оқылып, әдеби мұралары талданды.

20 жастан бастап, Жамбыл ел арасында нағыз ақын ретінде танылады. Ақындық өнер сайысында Жамбылдың алғаш үлкен табыстарға жетуі де осы кез. Жүрегіне өлең ұялаған дарынды жас он төрт – он бес жасынан бастап біржолата ақындық жолына түседі. Оның дарынына Сүйінбай ақын бағасын беріп, «Сенің ақындық дарының бар екен, дауысың да жақсы, ұнайсың, жігітім», – дейді. Бір күні Жамбыл түс көреді. Түсінде ақсақалды қария келіп: «Өлең аласың ба, көген аласың ба?», – деген. Мен: «Өлең!», – деппін. Оянып кетсем, түсім екен. Осылайша, Жамбылдың ақындық таланты ашылып, ортасына таныла бастайды. Жамбыл 14 жасынан бастап өлең жазып, 15 жасында Сүйінбай ақыннан бата алған. 1890-1876 жылдары Бөлтірік ақынмен, Шыбыл шалмен, Майкөт ақынмен айтысады. Атақты әнші-ақын Әсет сияқты серілермен, Сәтбай, Қайрақбай, Қожамберді секілді шешендермен кездеседі.

Домбыра тыңдауға әуес болған  Жамбыл 12 жасында ағасынан домбыраға үйренді. «Домбыра қолыма тигенде», – дейді Жамбыл «барлық тентектікті ұмытып, бүкіл жан жүйем елжірегендей болатын еді», – деп өзі атқандай, оның өлеңге, ақындыққа құмарту сезімі уақыт өткен сайын күшейе түседі. Жамбыл ақын «Стамбул күйі», «Қырғыз Мұратәлінің күйі», «Көрұғлы», «Өзбек күйлері» орындап, ел арасына насихаттаған. Өзі де, «Ыңғайтөк», «Сұрмерген», «Басшылбай-Күйшілбай», «Ұран», «Ой, дүние-ай» күйлерін шығарған.

Іс-шараға адуынды ақын Жамбыл Жабаевтың немересі, Ж.Жабаев әдеби-мемориалды музейінің директоры, ҚР мәдениет саласының үздігі Жамбылова Салтанат Тезекбайқызы, Ж.Жабаев әдеби-мемориалды музейінің  экскурсовод маманы Қылышбаева Ұлан Жармұхаметқызы, Тезекбай Қарлығаш Бейбітханқызы белсене атсалысып, музейдегі ақын өмірінен сыр шертетін жәдігерліктермен онлайн форматта арнайы дайындалған бейнематериал арқылы таныстырды.

Сонымен қатар, қазақ халқының адуынды ақыны Жамбыл Жабаевтың әдеби мұрасы туралы А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Хадиша Таналиева Салықққызы баяндап берсе, облыстық кітапхана қызметкері Нұрлыгүл Бердіғалиева Орынқызы ақынның «Сұраншы батыр», «Өтеген батыр» дастандарын талдап, мазмұнына шолу жасады. Сондай-ақ, іс-шара барысында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті Арайлым Қуанышқызы «Алғыс», «Жақын адамдарым» әндерін, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің студенті Бақыт Арыстанғалиева Жамбыл ақынның сөзіне жазылған «Жаз» әнін шырқаса, «Мен қазақпын» мега жобасының қатысушысы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Әзірбаев Шабай «Көрұғлы» күйін орындады.

Әдеби жыр кешінде А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің студенттері Ерасыл Таумекен, Шынарбек Береке,  Мейрамгүл Серікқалиева, Ғани Қайроллаев, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенті Әсем Қайрошова, №13 орта мектебінің оқушысы Мариям Утегенова ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды.    

Ж.Жабаевтың мұхиттай поэзиясына өзінің жүрекжарды өлеңдерін         «Шын хакім-сөзің асыл, баға жетпес» атты республикалық әдеби онлайн байқауының I орын жүлдегері, Ақтөбе көпсалалы АГУ Тарлан колледжінің студенті Анар Утегенова, №40 орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айболат Көшкінбай  арнаса, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті Маржан Әлмұқан Б.Бұлқышевтың «Жамбылға» арнауын нақышына келтіре оқыды. Әдеби жыр кешінің нәтижесінде ақын өлеңдері насихатталып, өскелең ұрпақққа берері мол тағылымды ой өрбітілді. Сондай-ақ, Ақтөбе гуманитарлық колледжі «Кітапхана ісі» мамандығының студенттері Әсем Қайрошова, Арайлым Жұмахметова оқырмандар назарына ұсынылған кітап көрмесін таныстырып, бейне-слайд әзірледі.

«ХХ ғасырдың Гомері» атан­ған ұлы бабамыздың киесі – «Қызыл жолбарысы», ақын­ның әулиелігі туралы халық арасында сақталған аңыз-әңгімелер бар. Жамбыл бабаның әулиелі­гі, көріпкелдігі туралы халық аузында көп аңыздар сақталған. Ұрпақтарына аманаттап: «Мені үйімнің ауласына жерлеңдер, басыма көп адам зиярат жасап келеді. Ортақ қорымға жерле­сең­дер, бабаларымның қабірі тапта­лып қалады», – деп бола­шақты айқын болжаған. Расын­да, қазір музейдің іргесінде ұлы ақынның көзі тірісінде егілген ағаштар, сол қалың баудың түк­піріне таман алма мен ал­мұрт бағының арасында 1946 жылы салынған кесене орна­лас­қан. Қай­талап айтамын, Құран ба­ғыш­­тап, зиярат қылып келу­ші­лердің санында шек жоқ.

Жамбыл жырлары болашаққа мұра, ұрпаққа аманат! Ендеше, жүз жасаған Жамбыл ақынның өлеңдерімен рухани сусындаңыздар! Ғибраты мол жыр саңлағының жырлары халқымен бірге мәңгі жасай берері хақ!

Ақмарал МҰҚАШЕВА,

 С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының  қызметкері

Жырларыңа жасырдың ба бейнеңді,
Беймәлімдеу көңілім бір күйге енді.
Жыр көгінде қыран құссың мәңгілік,
Өлең шипа ұмыттырар күйбеңді.

Жасырдың ба жырларыңа асылды,
Тербеткендей  баяу үнің ғасырды.
Шамшырақсың шексіз нұрлы сәулесі,
Нар тұлғаңа ұқсатамын жасынды.

Жанға серік тыныш түннің самалы,
Ұмыт қылар көңілдегі наланы.
Қандай тылсым жетелейтін жыраққа,
Жырдың тұнық сырға толы жанары.

Теңіз  едің толқындаған тулаған,
Тұлғаң биік бөлек әлем бір ғалам.
Жамбыл ақын жыр алыбы мәңгілік,
Ғасыр үнін ғұмырымен жырлаған.

Утегенова Анар

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here