Алмас Әмзеев: «Адал полицейдің қызметтік баспалдақпен өсуіне жағдай жасалады»

0
2930

«Мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қандай жұмыстар атқарса, мен де жеке құрамдағы қызметкерлерге «киіміңді жөнде, біліміңді көтер, кітап оқы» деп ескертіп отырамын», – дейді бүгінгі кейіпкеріміз. Қызметкерлері оның қасынан өткенде аяғының ұшымен жүреді. Себебі, ол тәртіптік кеңестің төрағасы. Бүкіл тәртіптік іс-шара оның төрағалығымен өтеді. Біз Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полковник Алмас Балтабайұлы Әмзеев туралы айтып отырмыз.

«МЕН ТЕРГЕУ САЛАСЫН ТАҢДАДЫМ»

Әлқисса. Алмас Балтабайұлы – Түркістан облысына қарасты Келес ауданының Ораз ата ауылының тумасы. 1995 жылы мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы Ішкі істер министрлігінің Жоғарғы милиция мектебіне оқуға түседі. Ол «полиция қызметкері болам» деп  әсте ойламаған. Әмзе әулетінен шыққан жалғыз құқық қорғау саласының қызметкері 11-сыныпты аяқтаған тоқсаныншы жылдардың ортасы еліміз үшін ауыр кезең еді. Тәуелсіздік алған елең-алаң шақта мектепті бітірген соң «кім қайда барады?» деген сауал туындағанда, Жоғарғы милиция мектебі бар екенін, онда 4 жыл казармада тұрып оқуға болатынын білген жас жігіт әуелгіде жоғары білімнің жеңілдіктері көбірек қызықтырғанын жасырмайды. «Оқуға түскеннен кейін 2 жылдан соң қабілетіне қарап тыңдаушыларды әр түрлі бағытқа бөлді. Мен тергеу саласын таңдадым. Тергеушінің жұмысы қатты ұнады. Сөйтіп, мамандығыма деген құштарлығым арта түсті. Жеке құрамға келген соң да мамандығымды жақсы көріп кеттім», –дейді полковник.

1999 жылы құқықтану мамандығы бойынша оқуын аяқтаған соң Ішкі істер департаментіне орналасады. 1999-2003 жылдары Еңбекші аудандық Полиция басқармасында тергеуші лауазымына тағайындалып, онда 4 жылдай еңбек етті. 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің кадр басқармасына жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлімнің инспекторы болып қызмет ауыстырады. Қазіргі таңда Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшысының орынбасары.

Кейіпкеріміздің құқық қорғау саласында табан аудармай қызметте келе жатқанын 1995 жылдан бастап есептесек, бақандай 26 жыл екен. Кадр саясаты, Арнайы даярлық басқармасындағы қызметкерлердің кәсіби және арнайы даярлығы, ішкі және сыртқы коммуникация, БАҚ-пен жұмыс, ардагерлер кеңесімен байланыс, жеке құрамды тәрбиелеу, идеологиялық бағытта әр түрлі іс-шаралар ұйымдастыру сияқты көптеген жұмыстар полковник Әмзеевтің еншісіне жатады. Бұл департаментте ардагерлердің ақыл-кеңесінсіз, тәжірибесінсіз бірде-бір іс-шара іске аспайды. Департамент жанынан құрылған Ардагерлер кеңесіне жетекшілік ете отырып, төрағасымен тығыз байланыста  көптеген басқосулардың басы-қасында жүр. Полковник Алмас Балтабайұлымен ашық әңгімеміз де сол тергеу саласындағы және жеке құрамда атқарып жатқан жұмыстары туралы өрбіді.

«ҚЫЛМЫСКЕР ТЕРГЕУШІНІҢ ТАҚҚАН АЙЫБЫМЕН СОТТАЛСА, ОЛ ТЕРГЕУШІНІҢ БІЛІКТІЛІГІН КӨРСЕТЕДІ»

– Алмас Балтабайұлы, еңбек жолыңызды тергеуші болып бастағаныңызды білдік. Қазір жеке құрамның басшылық қызметіндесіз. Қайсысы жаныңызға жақын?

– Жаныма тергеушілік жұмыс жақын. Себебі, алуан түрлі адамдармен істес боласың. Мәселен, қылмыскер де – адам. Ол да пендешілікпен жазасынан жалтарғысы не жеңілдеткісі келеді. Қылмыстық істі жүргізу барысында қадағалаушы орган ретінде прокуратура мен сот та тергеу әрекеттеріңе бақылау жасап отырады. Одан соң сот айыптау қорытындысына қарай баға береді. Оның барлығы да – кәсіби заңгерлер. Солардың барлығының сүзгісінен өтіп, қылмыскер тергеушінің таққан, дәрежелеген бабы бойынша сотталатын болса, онда ол тергеушінің біліктілігін көрсетеді.

– Сіздің кері қайтып келген қылмыстық істеріңіз болды ма?

– Тергеу саласында істеген төрт жыл ішінде ешқандай қылмыстық ісім қайта тергеліп немесе таққан айыбым қайта дәрежеленбепті. Барлығы бастапқыда мен таққан айыппен сотталған. Тергеушінің таққан айыбы кейде ауыр, кейде жеңіл боп жатады. «Дұрыс дәлелденбеді» дейді. Дәлелдемелер жеткілікті болса да, жазаны жеңілдетіп жіберетін кездер кездеседі. Бір айда 3-4 қылмыстық іс жүргізіп, сотқа жолдайтынбыз. Айтайын дегенім, «ең мықтысы болдым» дей алмаймын, дұрыс тергеушілердің қатарында болдық.

– Бір қылмыстық істі жүргізіп, айып тағу үшін де қаншама заңды, кодекс пен ережелерді ақтаруға тура келеді. Соның бәрін қалай жаттап аласыздар?

– Біздің мамандыққа жаттап алу қабілетінің қажеті шамалы. Біріншіден, бәрін бірдей жаттау мүмкін емес. Заңгерлерді жоғары оқу орнында «Әрбір заңды талқылап, заң нормаларын дұрыс түсініп, талқылай білу керек» деп оқытады. Мысалы, жәй адам «Ұрлық деген не?» десең, «Біреудің затын тартып, жұлып алу» деп айтуы мүмкін. Заң тілінде «ұрлық» деген бөтеннің мүлкін жасырын түрде, ешкімге көрсетпей заңсыз иемдену. «Ұрлық» пен «тонаудың» айырмашылығына келсек,  затыңды ашық түрде қолыңнан тартып алса, ол тонау болып саналады. «Қарақшылықтың» «тонаудан» айырмашылығы, денсаулығыңа қауіп төндіретін күш пен қару қолдана отырып, денеңе жарақат салып, затыңды иемденіп кету «қарақшылық» болып есептеледі. Бізді оқытқан кезде әрқайсысының аражігін ажыратып үйретті. «Бұзақылық» деген қылмыстың орысшасы – «хулиганство». Қоғамдық орында себепсізден-себепсіз қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу. Көшеде екі адам төбелесіп қалса, ол да бұзақылыққа жатады. Қылмыстың бәрі қасақана не абайсызда болады ғой. Бұл қылмыстардың бәрі қасақана жасалады. Мұның бәрін жаттап алудың қажеті жоқ. Алдыңда кодекстер жату керек. Заң күнделікті өзгеріп жатыр. Полиция қызметкері сол өзгерістердің егжей-тегжейін біліп, өзін ұдайы ізденіспен дамытып отыруы тиіс.  

«ҚОҒАМ ҚАНДАЙ БОЛСА, ПОЛИЦИЯ ДА СОНДАЙ»

– Алмас Балтабайұлы, сөзіңіз аузыңызда, соңғы жылдары халықтың полицияға деген сеніміне селкеу түсіп, имиджіне нұқсан келгені айтылып жүр…

– Иә, жалпы «Полиция қылмыскермен күреседі, бұзақыны қамайды, жол ережесін бұзса, сонымен айналысады» деген таптаурын түсінік бар ғой. Мемлекеттік қызметтің ішінде құқық қорғау саласында сан жағынан ең көбі –ішкі істер қызметкерлері. Оның барлығы аспаннан, айдан не басқа планетадан келмеген. Олар да осы қоғамның ішінен шыққан адамдар. Мен үнемі бізге қарсы айыптауларға қарсы «Қоғам қандай болса, полиция да сондай»  деген жауап айтамын. Бізді осы қоғамның ішінен таңдап алады. Кейде таңдау дұрыс жүрмеуі мүмкін. Кейде әр түрлі жағдайлармен бұрмалануы да мүмкін.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаевтың жүргізіп жатқан саясатына орай біз өзімізді өзіміз «тазалап» жатырмыз. Бес саусақ бірдей емес. Сол сияқты әр түрлі қызметкерлер бар. Несін жасырамыз, арасында көзқарасы, ниеті басқа оңбағандар да кездеседі. Ондайларды қатарымыздан босатып, аластату әрекеттері жүргізіліп жатыр. Бізде өз қауіпсіздігімізді қамтамасыз ететін Қауіпсіздік басқармасы жұмыс істейді. Шалыс басқан қызметкерлерді әшкерелеп, ұстап жатырмыз. Ол заң тұрғысында қылмыс жасаған болса, пара сұрап, әр түрлі заң бұзушылыққа барса және онысы дәлелденсе, оны тәртіптік комиссияда қарап, «Ішкі істер органдарына кір келтірді» деген арнайы бап бойынша жұмыстан шығарамыз. Сосын ол мемлекеттік қызметке жұмысқа тұра алмайды. Әрекеті үшін сотталады.

– Яғни, Сіздер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке жеткізбей өз араларыңызда ортаға салады екенсіздер. Жыл басынан бері қанша қызметкерді жұмыстан босаттыңыздар?

– Министр полиция қызметкерлеріне бірнеше талап қойды. «Өзімізден шыққан жауды өзіміз әшкерелейік» деген болатын. Яғни, бұл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет істері жөніндегі агенттік анықтағаннан гөрі өзіміз анықтап, тазарайық деген мақсат қой. Жыл басынан бері екі қызметкер әшкереленіп, екеуіне қатысты қылмыстық іс жүргізілуде. Соған жол берген басшылардың да жұмысын қараймыз. «Сен неге өз қызметкеріңмен тиісті деңгейде түсіндіру жұмысын жүргізбедің, егер жүргізсең, тиісті әрекетке неге барды?» деп сұрақтың астына аламыз. Кей жағдайда бастығымен бірге орнынан босатып жатырмыз. Бұл жағынан министрліктің де, біздің департамент бастығының да талабы қатаң. Одан бөлек, түсіндіру жұмыстарын жүргізудің арқасында соңғы екі жылда көптеген заңбұзушылықтар азайып келеді. Заң бойынша пара беруші де, алушы да жазаға тартылуы тиіс. Пара алуға, беруге итермелейтін ортадағы «делдалдар» болады. Заңда олардың бәріне жауапкершілік көзделген.

Департамент бастығы Ералы Мұсаәліұлы: «Пара алудың да, берудің де түпкі мақсаты заңсыз жолмен, пара арқылы материалдық қажеттілігін өтеу. Сананы тұрмыс билейтіні жасырын емес. Тұрмыстық жағдай түбінде бізді уайымдатады. Жұмыстарыңды заңды жолмен істеңдер. Пара ұсынған азаматтар туралы өздеріңнің тарапыңнан тиісті басқармаға хабарлама беріңдер. Егер сол хабарламаң бойынша қылмысы әшкереленіп, заң бойынша рәсімделіп, пара берушіні жазаға тартатын жағдай болса, онда заңды түрде парадан бас тартқан сомадан кем емес сыйақы береміз», – деді. Яғни, бірінші басшымыздан бастап сыбайлас жемқорлыққа төзімсіздікпен қарайды. Парадан бас тартып, оны тиісті агенттікке хабарлап, батыл қадамға барған қызметкердің қызметтік мінездемесіне «осынша көлемде пара алудан бас тартқан» деп жазылады. Қызметтік баспалдақпен өсуіне жағдай жасалады. Жоғары лауазымға ұсынылу кезінде соның бәрі ескеріледі. Қаржылай да марапатталады.

Осы орайда 2019 жылы – 9, 2020 жылы – 8 парадан бас тарту фактісі орын алды. Біз миллион тұрғыны бар мегаполиспіз. Күн сайын әр алуан қылмыстар орын алып жатыр. Сіздер тек даулы мәселелерді ғана естисіздер. Соның бірі болмаса екіншісі таныстарына шығады, не жылы жауып қойғысы келіп, пара ұсынады. Ол да пенде ғой. Өмір бойы бетке салық болмасын деп барынша тырысады. Не біздің қызметкер психологиялық тұрғыдан көніп қойып, пара алып құдай ұрады. Кейбір жағдайда екеуі ымыраласып, ешкімге білдіртпей мәселені шешіп тастауы мүмкін. Тілім жазықты, оны бір Құдай біледі енді. Басшылардың тікелей қадағалауының арқасында тексеруші органдардан білінбесе, кей жағдайда ым-жымы білінбей кетіп жатады.

«ӨЗІНІҢ ЖҰМЫСЫН ДҰРЫС АТҚАРУ ҮШІН ПОЛИЦЕЙДІҢ САНАСЫ ТАЗА БОЛУЫ ҚАЖЕТ»

– Шымкенттің Полиция департаментіне Ералы Жұмаханбетов басшы боп келгелі бұл салада ілгерілеу бар екенін атап өту керек. Қала көшелерінің қиылысында, мектептердің алдында қызметтік формасын киіп, тік тұрған полиция қызметкерлері көп…

– Түркістан мен Шымкент енші бөліскен кезде, біздің департаментке Ералы Мұсаәліұлы келгелі қала ішінде қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыру оңтайлы болып, одан соң департамент басшысының қатаң талабының арқасында «басты міндет – халыққа қызмет ету, қала тұрғындарының қауіпсіздігі, Шымкентті ең қауіпсіз қалаға айналдыруды» жұмысымызға темірқазық етіп келеміз. Яғни, көшеде жүрген қайсыбір тұрғын қауіпсіздігіне еш алаңдамай, қаннен қаперсіз жүруі керек.

Біздің бала кезімізде «Дядя Степа» деген фильм болған. Сергей Михалков өлеңінің прототипін басты кейіпкер етіп алған. Оның бойы да, ойы да ұзын. Адам емес, періште дерсіз. Мәселен, құстың ұясынан түсіп қалған балапанын қайта ұясына салып қояды, бағдаршам сөніп қалса, оны жандырады. Кептеліс болса, оны да реттейді. Қылмыс не қарақшылық орын алса, оқиға орнына дереу жетіп барады. Бір сөзбен айтқанда, бәріне үлгеретін милиционер. Соның прототипіндегі милицияны көрген кеңес заманының адамдарында «моя милиция – меня бережет!» деген сенім болған. Біздің елімізде де азаматтарымыздың полицияға сенімі сондай болса деп тілейсің. Бұл тұрғыда Департамент бастығының тікелей қадағалауымен көптеген ілкімді істер атқарылуда. Көше қиылыстарында, мектептердің алдында қызметкеріміз кезекшілікте тұр. Соған байланысты қаладағы көптеген көшелердің жөндеу жұмыстарына қарамастан, шамалы болса да, кептелісті болдырмауға үлкен үлес қосып жатырмыз.

Полиция өзінің жұмысын дұрыс атқару үшін алдымен оның санасы таза болуы қажет. Өзінің басты міндетін жіті ұғынуы тиіс. Біз өз қызметкерлерімізге ұдайы міндетін ұғындырып отырамыз. Қарабайырлап айтсақ, «тоқпақтап» отырамыз. Тоқпаққа көнгені қалады, көнбегені жұмыстан кетеді. «Жеке құрамның 95 пайыздан астамы халыққа қызмет ету басты міндеті екенін білетін, антына барынша адал» деп жүз пайыз сеніммен айта аламын.

– Алмас Балтабайұлы, сол қызметкерлер кәсіпке адал боп, мүлтіксіз қызмет ету үшін арнайы іс-шаралар ұйымдастырып отыратын шығарсыздар…

– Республика бойынша Алматы, Қарағанды және Қостанай қаласында үш академия бар. Ақтөбеде институт, Шымкентте Б.Момышұлы атындағы оқу орталығы бар. Осылардың барлығында қайта даярлау, біліктілікті арттыру, семинарлар, әр саланың мамандарымен дөңгелек үстел, ардагерлермен кездесу сияқты іс-шаралар өткізіліп тұрады. Министр бекіткен тәртіпке сәйкес, аптасына екі рет дене шынықтыру даярлығы, бір рет кәсіби даярлығы бойынша жұмыстар жүргізіледі. Заңдарға енгізілген соңғы өзгерістер, күнделікті жұмыс барысында әр заңның қалай қолданылуы жөнінде әр маусымға тақырып бекітіп, сабақ өтеміз. Бұл «қызметкерлер бір орында тоқырап қалмасын» деген қажеттіліктен туындаған. Басшы құрамның тарапынан күнделікті жиналыстарда идеологиялық бағыттағы жұмыстарға есеп беріп отырамын. Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» сияқты мақаласының мақсаты мен мәнін жеке құрамға жеткізіп отырамыз. Полиция – мемлекеттік қызметтің ерекше түрінің бірі. Полицияның имиджін жоғарылату, халықпен кері байланысты күшейту, тыңдаушы мемлекет болу. Биліктің бір өкілі ретінде біздің алға қойған басты мақсатымыз осы.

– Алға қойған жоспарларыңыз қандай? Карантиндік шектеулер көп іс-шаралардың өтуіне кедергі келтіріп жатыр ма?

– Идеология саласында атқарылар жұмыстар көп. Биыл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Біз осы датаны кеңірек атап өтпекпіз. Осы орайда Бас санитарлық дәрігердің шектеулері кішкене қолбайлау боп отыр. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен байланыстырып, жеке құрамның арасында бірқатар шара өткізбек ойымыз бар. Спорттық, мәдени, көркемөнерпаздар, ән айту сайысы,  «Парасатты полицей» республикалық сайысы, «Қыз сыны», полиция қызметкерлері балаларының арасында сурет салу сияқты жарыстар ұйымдастырамыз. Ардагерлер арасында да өткізілетін сайыстар бар. Пандемияға байланысты көптеген іс-шаралар тоқтап қалды ғой. Биыл шектеулер алынса, соның барлығын жүзеге асырсақ деп отырмыз.

– Алмас Балтабайұлы, ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Әңгімелескен: Мөлдір Мамырбайқызы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here