Өнер – ұлтымыздың имиджі

0
3929

Бүгінде кез келген саланың тамырына көз жүгіртсеңіз, ұлттық иммунитеттің әлсірегенін байқайсыз. Әсіресе, ән өнерінде. Өнер де ұлтымыздың имиджі. Кеңестік кезеңде барлық салалар секілді өнер де ең алдымен елдің идеологиясына қызмет етті. Ал, қазір «Тәрбие құралы, танымның баспалдағы болған қазақтың өз әндері қайда кеткен» деп ойланасың… «Әр әннің бойынан өз дауысын іздейтін әншілеріміз неге елеусіз қалды» деп, тағы да ойланасың…

Бүгінгі эстрада өнердің қайнап жатқан қазаны іспеттес. Эстраданы құбылысқа теңейміз. Орынды. Бірақ, сол эстрадамыз халыққа тән лирикадан, ұлттық бояу мен ұлттық нақыш дегеннен алыстап барады. Содан келіп, әр әншінің өз биігі, өзіндік ән айту ерекшелігі болатынын елеп-ескермейтін уақытқа тап келдік.

Қандай әуен тыңдасаң, бойыңда сондай рух қалыптасатынын, талғам да сол бағытқа бет бұратынын уақыт көрсетіп отыр. Яғни, ән өнерін «кәсіптің көзі» деп «түсінгендердің арқасында» бүгінде талғам әлдеқайда өзгерген. Тыңдарманның бұрын талғамы жоғары болатын. Бұрынғы талғам әнді ұлттық қазынамыз деп, сол қазынадан шыққан әдемі дүниелерді аялап, тыңдарманына әсерлі етіп жеткізетін.  Ал қазір ше?..

Әріден қозғасақ, аққан жұлдыздай із қалдырған өнер саңлақтарының бірі Әміре заманындағы сауық кештерінде қазақ әншілері әнді тек домбыра сүйемелімен шырқаса, бүгінде қазақ әндерін заманауи бағытта шет елдің сандаған музыкалық аспаптарымен сүйемелденіп, керек десеңіз, кез келген кештерде тек фонограммамен айту үрдіске айналды. Оны түрлі байқаулардан, әншілердің конкурстарында немесе сахналық концерттерден әндердің кәдеуілгі компьютермен сүйемелдеу жасағанынан-ақ көрермендер көріп те, тыңдап та жүр. Сүйемелдеу демекші, Қашаубаевтың ән айтуын Әуезов: «Әміре қай әнді болса да, өзінше кестелеп, қошқар мүйіз салып, үкі, маржан тағып алады» деп кестелесе, Қалибек Қуанышбаев: «Әміренің оң жақ алқымында мойнының қалтасы бар еді. Соған бар демді толтырып ап, үнемдеп шығарып, көпке дейін дем алмайтын» деп дауысының ғажаптығына таңданған. Бұдан дала әншісінің ән айту қабілеті мен дауыс сұлулығының тепе-теңдігін, әншінің әншілігіне деген қасиеттілігін танытатын пікірлердің орынды айтылғанын көреміз.

Расында да, қазақ ән айтушы кісінің дауысын өлшеген. Қалай дерсіз? Мәселен, «Біржанның дауысын қозыкөш жерден анық естисің» деген сөз жеткен. Қозыкөштен жеткен дауысты қазақ алапат, қуатты дауыс деп бағалаған. Ал, Әсетті «көмекей көк қабысын әнмен ашатын» дейді.  Яғни,  жанартаудай көмейден атылған дауысқа маңдай тамырлары шыдамайды екен, дегенді меңзеп отыр.

Одан бергідегі қазақтың ұлттық өнерінің де, эстрадасының да дыбыстық идеалы болған классикалық үлгідегі әншілеріміз Жүсіпбек, Ғарифолла, Дәнеш, Жәнібектерден неге үлгі алмасқа! Бұлар таным мен пайымды тең ұстап, асылымызды жоғалтпай ұрпаққа тапсырған біртуарларымыз ғой. Сондай-ақ, күні кеше өзіміз көзін көрген, қазақтың мақтанышына айналған Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов секілді кәсіпқой сазгерлерімізді алайықшы. Олардың әндері де, әуендері де өлмес, өшпес туындылар. Бұл тұлғаларды эстетиканың ең керемет үлгісі (эталоны), музыкалық тәрбиенің шыңы деуге болады. Шығармаларының өзі ән боп төгіліп тұр.  

Бүгінде  ше? Бүгінде ән мен әншінің «бәйгесі оза шауып кеткен». Әнші әнін (дүйім әнші жұртын қаралаудан аулақпын) көрермені мен тыңдарманына «алапат дауыс иесі»  деп, «дауысын таныту үшін» компьютермен «кестелеп, қошқар мүйіз салып, үкілеп…» (Әуезов)  барып жеткізуде. Мүмкін тәуелсіздік жылдарына дейінгі Көркемдік кеңес деген ұйым жүйелі түрде жұмысын жалғастыра бергенде, өнердегі бүгінгі олқылықтар орын алмас па еді деген ойға да барып тірелесің.  Қазір сол Көркемдік кеңестің орнын рейтинг деген басқан. Әндеріміздің де, әншілеріміздің де «құдыретін» осы рейтинг арқылы бағалаймыз. Бұлай бағамдауға қалай жеттік? Әрине, өнерді тәрбиелейтін негізгі орта – Көркемдік кеңестің жоқтығынан. Аталмыш ұйым неге керек деушілер де табылды бір кездерде. Неге керек емес? Керек! Әннің көркемдік құндылығын анықтайтын бірден-бір ұйым – Көркемдік кеңес! Керек десеңіз, Кеңестік дәуір тұсында әнге қатысы бар әрбір мекемеде Көркемдік кеңес жұмыс жасап, көрерменнің назарына ұсынылатын ән атаулы кәсіби, қырағы мамандардың таразысынан сүзгіден өткендей өтіп отырған. Олар әннің сөзіне, әніне, орындаушылық деңгейіне, қыл аяғы өңделуіне дейін жіті қараған. Және ол дәуірде ән жазушы кәсіби маманды композитор немесе әуесқой композитор деп атаған. Қазір қалай? Қазір әншінің табиғи дауысы бар ма, жоқ па немесе музыкалық сауаттылығы бар ма, жоқ па, мүлде ескерілмейді, сазгер де солай, екі нотаның басын құрай алмағандар «композитор» атанып жүр. Міне, сапасыз ән мен «дауыссыз» әншілердің неге қаптап кетуінің түп тамыры қайда жатыр?!

Одан әрмен тереңдесек, музыкалық білім беру ошақтарына барып тіреледі. Талапкерлер арасындағы іріктеудің өзі әділ өтуі қажет. Қабілетті немесе қабілеті бар талапкерлерді алған дұрыс. Әйтпесе, өнердің құтын қашырып аларымыз сөзсіз. Жалпы, өнер жоғары талғамды қажет ететін сала. Арнайы музыка мектебінен бастап оқып, консерваторияны бітіріп, соңында түкке жарамай қалса, сапасыздықтың көкесі сонда емес пе!

Демек, Көркемдік кеңес ауадай қажет. Қазақконцерт, филармония сияқты үлкен-үлкен өнер ордаларында осындай кеңестер тұрақты әрі жүйелі түрде жұмыстар атқарса, фонограммаға бейімделу азаяр еді.  Бұл кеңестің мүшелері бұқара халық тыңдайтын, көретін дүниелерді идеологиялық нормаларға сай келе ме, сапасы қандай, менталитетімізге сәйкес пе, шығаруға бола ма, болмай ма деген күрделі мәселелерді анықтап, іріктеу жасайды. Өткен ғасырдағыдай Көркемдік кеңестің мақұлдауынсыз ешбір ән эфирге жіберілмесе, қанеки!

Бірақ, «заманына қарай адамы» демекші, қазіргі таңның ойлау деңгейі басқа, кейбіреулер үшін түсінік пен талғам дегеніңіз мүлдем әдірем қалған. Түсінік пен талғамның әсері емес пе, сапасыз ән мен «дауыссыз» әншілердің «шегірткедей» қаптап, фонограмма дәуірінің «дүрілдеп» кеткені. Ең сорақылығы сол, кей әншілер концерттік кешін жарнамалағанда «жанды дауыста» деп жазып қоятынын қайтерсіз. Жалпы, фонограмма пайдасы мол, шаруасы аз жұмыс екені анық. Көпшілікті жадағай музыкамен алдаусыратудың өзі ұят нәрсе. Ұят сөзінің қадірін бір кісідей білген халық емес пе едік. 

Қазір екінің бірі қаражаты және «әу» дей алатын болса болды, барып ән жаздыра алады. Ал, студиядағы кәсіби мамандар ақшасын төлесе болды, «әу» деушіге «ән» жасап, «әнші» ете алады. Тіпті, қазір биші де, әнші де, әртіс те, аяғы бала-шағаға дейін «ән» жасап, той-думандарға шығып жүр. Бұған дәлел ғаламторды ашып көрсеңіз де жеткілікті. Жарайды, кейде, ашық алаңдарда аппаратураның күші жетпей жататын кездер болады, бұл міндетті ескерілетін нәрсе. Бірақ, бізде фонограмманы жаппай қолдану тәсілі етек алып кеткені рас қой. Мына қалыппен кете берсек, ұлттық өнерімізді, музыкамызды қалай сақтаймыз?

Бірқатар мемлекеттерде фонограммамен ән айтуға мүлде тыйым салынған. Мәселен, Ұлыбритания, Малайзия, Индонезия мемлекеттерінде әншінің деңгейін, яғни оның табиғи дауысын арнайы кеңес мүшелері бағалап, лицензия берілсе, Қытайда фонограмманы мониторинг арқылы бақылайды екен. Яғни, концерт басталардың алдында, мәдениет инспекциясы бөлімінің арнаулы қызметкерлері келіп, дыбыстық пульттің микрофон каналынан бір AUX (қосымша шығыс) алып, өздерінің дыбыстық картасына қосып, Cubase бағдарламасы арқылы микрофонның дауысын бастан-аяқ компьютерге жазып отырады. Шын-өтіріктің барлығы компьютерге түсіп, дауыстың жанды-жансыз екенін компьютер дәлелдеп береді. Демек, өзге мемлекеттермен салыстырғанда біздің елімізде фонограмма еркін қолданыста деуге болады.

Мемлекет тарапынан жас әншілерге, жас композиторларға көбірек назар аударылып, фонограмманы пайдаланудың реттілігі нақты белгіленсе деген мәселелер бірнеше жылдан бері айтылып та, жазылып та жауыр болған тақырып болатын. Өткен жылдың соңында фонограмма мәселесі Сенатта талқыланып, шешімін тапты. Яғни, фонограммамен ән айтуды реттейтін заң қабылданды.

Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қайта бекітілді.

ҚР Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қабылданған жаңа Заң жобасының аясында қандай мәселелерді реттеу қажеттігіне арнайы тоқталып, түсінідіріп өтті: «Шынында да, кейінгі кезде қазақстандық қоғамда отандық эстрадаға қатысты сұрақтар көп туындады. Бұл ретте маңызды мәселенің бірі – фонограмманы қолдану. Фонограммаға қатысты сын сөз айтатын халықтың қарасы да мол. Әлеуметтік желілерде де мұндай сынның көп екенін байқаймыз. Сондықтан бұл мәселе өзекті. Концерттік қызмет мәселесіне тоқталсам, ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде туындайтын бірқатар проблема бар. Орындаушылар тарапынан концерттер өткізу кезінде әдепсіз мінез-құлық көрсету, сахнаға ұқыпсыз шығу үрдісі болып отыр. Сондай-ақ, жоспарланған концерттік бағдарламаларды орындамау, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау, көрермендерді хабардар етпей фонограмманы пайдалануға жол берілген бірқатар факт бар. Олардың ішінде маңызды норманың бірі –  музыкалық шығармаларды орындаушылардың фонограмманы қолдануы туралы көрерменді хабардар ету. Фонограмманы пайдалану тәртібі заңға тәуелді актіде айқындалады. Барлық жарнамалық өнімде және касса жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарландыру беріледі. Бұл көрерменге фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту таңдауына мүмкіндік береді әрі билеттің құнына да әсер етеді».

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин де министрдің бұл айтқандарын толық құптай отырып, әнді жанды дауыста айту мәселесіне өзіндік пікірін қосты: «Меніңше, нағыз өнер ол – айтыс. Айтысқа фонограммамен шығып көріңізші. Онда ешқашан, ешқандай фонограмма болмайды. Сол үшін шығар, халқымыз осы айтысты жақсы көреді. «Қисық арба жол бұзады» деп халқымыз айтқандай, өнер әрқашан да таза болуы керек. Әнді жанды дауыста айтқан дұрыс. Ал, фонограмма болса, онда оны алдын ала ескерту қажет және билеттің бағасы да соған сәйкес болуы тиіс. Одан кейін халық ол концертке баратынын не бармайтынын өзі шешеді. Әрине, концерт жанды дауыста болса, әншіге халықтың бағасы да, құрметі де жоғары болады».

Бір сөзбен айтқанда, фонограмманы орнымен пайдалану туралы Заң қабылданды. Ал, заң талаптарын орындау-орындамауды әншілердің ар-ұятына қалдырғанымыз дұрыс шығар…

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ, мәдени шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here