Білім және ғылым: Он оң өзгеріс

0
1162

Білім мен ғылым – мемлекеттің мәртебесін биіктетіп, әлеуметтің әлеуетін арттыратын басты салалардың бірі һәм бірегейі. Білімі мен ғылымы ілгерілеген жұрттың айбыны асқақ, беделі биік. Жаңалығы желмен жарысқан бүгінгі күнде. Адамзаттың ақылманына айналған Абай «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» десе, Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлы «Үш жүзге біздің қазақ бөлінеді, осылай шежіреден көрінеді. Саны көп, сапасы жоқ, һәммадан бос, ғылымға мойын ұсынбай ерінеді…» деп ұлтының енжарлығы мен керітартпалығына кейістік білдіреді. Одан бері ғасырдан астам уақыт өтті. Адам да, қоғам да өзгерді. Құндылықтар жаңарды. Буын алмасты. Бүгінгі жұрттың сапалы білім алуға, іргелі ғылымды дамытуға деген талпынысы қандай? Бұл тарапта қандай істер еңсерілді? Келешекте нендей жұмыстар қолға алынбақ? Сараптап көрейік.

ЖОЛДАУ ЖОЛ КӨРСЕТТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңін жариялап, білім беру сапасын жақсарту бағытында қолға алынатын іс-шараларды атап өтті. Президент Жолдауы білім беру саласындағы қордаланып қалған бірқатар түйіткілді мәселелердің бетін ашқаны жасырын емес. Олардың қатарында қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтап кетуі, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалуы, жыл сайын 20 мыңнан астам мектеп түлегінің кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмауы сынды жайттар бар. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жоғары білімнің сапасына жеке тоқталып, бұл орайдағы кезек күттірмейтін яки тез арада қолға алынуы тиіс жұмыстардың бір парасын айтты. Соның ішінде өз түлектерін жұмыспен қамту көрсеткіші 60 пайыздық деңгейді көрсетіп отырған және білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттердің қызметін тоқтату да бар. Сапасыз жоғары оқу орындарының санын қысқарту қажеттігі де алға тартылды.

Ең бастысы – алдағы төрт жылдың ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттырылатындығы мәлім болды.

Расымен де, білім саласындағы басты мәселенің бірі де бірегейі педагогтардың жалақысының мардымсыздығы біршама уақыттан бері айтылып келді. Жолдау жүктеген міндеттердің орындалуы көп күттірмеді. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға көтерілді. Бұл мақсатта мемлекеттік қазына қоржынынан алдағы үш жылда 1 триллионнан астам теңге бөлінбек.

Осы орайда бұның барлығы да «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануымен тікелей байланысты екендігін атап өткен ләзім. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұғалімнің беделі мен орнын айқындай арнайы заң қабылдау қажеттігі туралы айтқан болатын. Түрлі талқылаулар мен сүзгілерден өтіп барып қабылданған заң – қазақстандық ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға бағытталған зор қадам болғандығы жасырын емес.

21 баптан тұратын жаңа Заң жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына қатысты. Онда төрт бағыт қамтылған. Біріншіден, педагогтердің құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстардан босату, олардың жүктемесін азайту. Екіншіден, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту. Үшіншіден, материалдық емес ынталандыру тетіктері және төртіншіден, материалды ынталандыру қадамдары. Сондай-ақ, бұл заң ұстаздардың беделін арттырумен қатар, педагог кадрларын даярлайтын оқу орындарының да маңызын айқындайды.

Өз кезегінде білім саласының қызметкерлері жұртшылықтың талқылауынан өтіп, педагог қауымының ұсыныстары негізінде мұқият даярланған заң мұғалім мәртебесінің қоғамдағы беделін шынайы көтереді деген сенімде. Олардың пікірінше, ұстаздың беделді – қоғамның беделі, мемлекет болашағының жарқын болуының нақты кепілі.

ЕҢБЕКАҚЫ МЕН ШӘКІРТАҚЫ АРТАДЫ

«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, ең басты маман ол – ұстаз. Өйткені, ұстаз барлық маманды тәрбиелейді, бәріне білім береді. Бүгінде мемлекетімізде ұстаздардың мәртебесін көтеру, оларға тиісті жағдай жасау үшін үлкен іс-шаралар басталып, жүзеге асырылуда», – деген ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов басқаратын ведомство ұлы кәсіп иелерінің абыройын арттыру орайында бірқатар ауқымды істерді қолға алды. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы басынан дау-дамай арылмай келе жатқан министрлік бүгінде нақты әрі жүйелі жұмыстарымен көзіқарақты көпшіліктің көңіл үдесінен шыққан сыңайлы. Бұлай деп тәпсірлеуімізге негіз де жоқ емес. 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап педагогика мамандықтарында оқитын студенттердің стипендиясы 26 мың теңгеден 42 мың теңгеге артты. Бұл – педагогика мамандықтарының беделі мен тартымдылығын арттыруға бағытталған басты қадамдардың бірі деп түсіндірілді. Алдағы уақытта мұғалім болғысы келетін талапкерлерге қойылатын талаптар да артпақ.

Жалпы биылғы оқу жылында студенттердің стипендиясы 25 пайызға, докторанттардың шәкіртақысы 83 пайызға өскен. Ал, 2025 жылға дейін студенттердің шәкіртақысы тағы екі еселенбек. Магистранттар мен докторанттарға 1 жарым есе көбейту көзделген. Мәселен, былтыр педагогикалық емес мамандықтарда оқитын бакалаврларға арналған шәкіртақы айына 26 мың теңге болса, 2025 жылы ол 52 372 теңгеге дейін ұлғаймақ. Ал, магистранттар үшін стипендия 66 913 теңгеден 117 098-ге дейін, докторанттар үшін 150-ден 262 мың теңгеге дейін артады.

Мектеп мұғалімдерімен қатар, жоғары оқу орындары оқытушыларының да еңбекақысы өспек. Осы орайда атап жөн, 2019 жылы Білім және ғылым министрлігіне тікелей бағынышты жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы 20 пайызға, былтыр тағы 20 пайызға ұлғайтылған болатын.

«САПАСЫЗ УНИВЕРСИТЕТТЕРДІ ЖАБУ ЖАЛҒАСАДЫ»

 Педагогтардың еңбекақысы мен білім алушылардың шәкіртақысын арттырумен саладағы мәселелер түбегейлі шешіле қоюы екіталай. Сапалы білім беретін жоғары оқу орындарының саны көп болса. Министрлік бүгінде жоғары оқу орындарына ерекше талап қойып отыр. Мәселен, университеттерде сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелсе, кадр дайындау лицензиясынан біржола айырылмақ. Бір бұл ғана емес. Жоғары білімнің сапасын арттыру үшін педагогтарды, дәрігерлерді, заңгерлер мен сәулетшілерді даярлайтын университеттерге ерекше білік талабы енгізілмек. Бұл – аталған жоғары оқу орындарына ерекше маңыз беріледі деген сөз. Осы орайда министр Аймағамбетовтің сөзін келтіре кетсек: «академиялық адалдықты бұзғаны және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін лицензиядан айыруға дейін жауапкершілік нормативтік құқықтарға бекітуді дайындадық. Сапасыз жоғары оқу орындарын жабу жұмысын ары қарай жалғастырамыз».

Қазіргі күнде аталған талаптар үдесінен шыға алмаған, сапалы білім алуға жағдай жасай алмаған жоғары оқу орындары жабылып жатыр. Олардың арасында мамандарды дайындауға рұқсат беретін әр бағыт бойынша лицензиялары мен Бас лиценциясынан айырылған оқу орындары бар. Жекелеген бағыттар бойынша лицензиядан тек жекеменшік емес, сондай-ақ мемлекеттік жоғары оқу орындары да айырылып жатыр. Мысалы, 2020 жылы алғаш рет республикалық комиссияның шешімімен 36 жоғары оқу орнына мемлекеттік гранттарды орналастыру бойынша конкурсқа қатысуға рұқсат берілмеді.

«Білім сапасын қамтамасыз ете алмаса да, дипломдарды оңды-солды беріп жатқан жоғары оқу орындарының жабылуы – елдің және Қазақстанда өмір сүретін әрбір азаматтың қауіпсіздігіне тікелей байланысты жұмыс. Жоғары білім беру сапасын арттыру қажет. Бұл ретте біз екі бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Оның біріншісі – нарықтық механизмдер, академиялық еркіндік», – дейді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.

ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ УАҚЫТ ТАЛАБЫНА САЙ МА?

Вице-министр Мирас Дәуленовтің пайымдауынша, заңнамаға енгізілген толықтырулар мен өзгертулер бүгінде отандық жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын дербес әзірлеуге, білім мазмұнын құрып, академиялық мәселелер бойынша басқа да шешімдер қабылдауға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, биылдан бастап жоғары оқу орындары мемлекеттік емес, өзіндік үлгідегі диплом береді. Бұл шара өз кезегінде оқу орындары арасындағы бәсекелестікті арттырып, жұмыс берушілердің түлектерді таңдау еркіндігін тудырады.

Өзіндік үлгідегі дипломда ҚР Білім және ғылым министрлігінің мөрі болмайды. Сәйкесінше, жұмыс беруші тарап кейбір білім ордасының дипломын мойындамауға құқығы бар. Яғни, білім беру жүйесі нашар, сапасы көңіл көншітпейтін университеттің түлегін ешкім жұмысқа алмайды.  Сондықтан талапкер оқу орнын таңдағанда диплом үшін емес, оның мойындалуын және кейін жұмысқа орналасу жолдарын ескеретін болады. Осылайша, техникалық базасы және оқытушылар құрамы әлсіз университетке деген сұраныс өздігінен төмендемек.

Сонымен қатар, жоғары білім беру жүйесінде биылдан бастап «Аймақ тірегі» жобасы іске асырылу басталады. Жоба аясында бірнеше нақты критерийлер бойынша 15 өңірлік жоғары оқу орны іріктелініп алынбақ. Осы университеттерді дамыту үшін нысаналы қаржы бөліп, жаңа лабораториялар мен білім бағдарламалары ашылатын болады. Бұл бастама өз кезегінде аймақтық ЖОО-лардың білім сапасын арттыруға септігін тигізбек.

Талантты жастардың елден кетуін азайту мақсатында шетел университеттерінің филиалдарын ашу жоспарлануда. Алдағы уақытта Назарбаев Университеттің тәжірибесі бойынша Инновациялар мен жаңа технологияларды дамытумен айналысатын екі озық университет құрылатын болады. Жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру үшін 2025 жылға дейінгі гранттар саны 50 пайызға дейін артпақ.

Жаңашылдықтар орта арнаулы яки колледждерді де айналып өткен жоқ. Алдағы уақытта аталған білім беру мекемелеріне академиялық дербестік беріледі. Бұл шара білім беру бағдарламаларының мазмұнын өзгертуге, білім сапасын арттыруға және оқу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Сол арқылы колледж түлектері тезірек «екі қолға бір күрек тауып», жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, колледждерде 9-сынып негізінде оқу толығымен тегін болады. Колледждерді бизнеске сенімді басқаруға беру тәжірибесі жалғаспақ. Болашақта елімізде 800 жаңа мектеп салынып, 5 мың ауыл мектебі жаңғыртылатын болады.

ҒЫЛЫМ ДАМЫМАЙ – МЕМЛЕКЕТ ӨРКЕНДЕМЕЙДІ

Жаңалығы желмен жарысқан бүгінгідей заманда ғылым саласына мемлекет тарапынан зор көңіл бөлініп, елеулі қолдау көрсетіліп келе жатыр. Қазақстанның бұл тараптағы мақсаты – ғылымның дамуына жаңа қарқын беру, оның дамуы үшін дұрыс бағыттарды қабылдау және отандық бизнестің ғылыммен тығыз байланыста болуына ықпал ету. Хош. Жыл сайын қазынадан қомақты қаржы бөлініп келе жатқан ғылымның қоғам игілігі үшін нендей маңызды міндеттерді жүзеге асырып жатыр? Отандық ғылым жүйесі қаншалықты сапалы әрі тиімді? Бұл сұрақтарға жауап Мемлекет басшысының Жолдауында айқын әрі жан-жақты жауап берілген сыңайлы.

Президент ғылым саласын дамытуда тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керектігін, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге арқа сүйеу қажеттігін алға тартты. Мемлекет басшысының тапсырмасына бұл тарапта бірқатар игілікті істер қолға алынды. Атап айтқанда, жыл сайын қазақстандық 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді және «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлінеді. Бұл – мемлекет пен қоғамның игілігіне қызмет ететін саладағы жұмыстың бір парасы ғана.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Кемеңгер Ахмет Байтұрсынұлының: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақшы», – деген ұлағатты сөзі бар. Расында да, білім мен ғылымға қояр талап артқан кезде жаңа қоғам һәм бүгінгі заман мұғаліміне жүктелер жүк те еселене түсуде. Педагогтар мен ғалымдардың алдында білім беру ғана емес, сонымен қатар, өркениет көшіне жол бастайтын әрі ұлттық рухта тәрбиеленген білімді де білікті азамат тәрбиелеп шығару міндеті тұр. Бұл тұрғыда аталған мамандық иелеріне артылар – жүк, қойылар – талап жоғары болатыны бесенеден белгілі. Бүгінде еліміздің білім және ғылым салаларындағы жаңалықтар мен жаңашылдықтардың да басты мақсаты осы болса керек.

Жандар АСАН, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here