Тәуелсіз Қазақстанның жаңа келбеті

0
2773

Бүгінгінің биігінен қарағанда, ел болып ес жидық, іргеміз бекіді. Ояну дәуірінен өтіп, жаңғыру, жаһандану дәуіріне қадам бастық. Көзден ғайып, көңілден таса болған құндылықтарымызды қайыра еске алып, санамыз сәулелене түсті. Халық қадір тұтқан орны мен салмағы бар талай дүниелерімізді алуан қырынан таныдық, оқыдық, білдік. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіздіктің жемісті тарту-таралғысы рухани өмірімізде айтулы орын алды. Осы рухани құндылықтар әлсіреген ұлттық дәстүрімізге жаңа қуат дарытты. Ал, рухани абырой – баршамыздың басымызға қонған айрықша абырой еді.

Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізінде жүзеге асқан жобалардың қай-қайсысы да өміршеңдігімен ерекшеленеді. Айтулы жобалардың арасынан «100 жаңа есім» жобасы, әсіресе, таланты мен талабы үйлескен, қабілетті жандардың шабытына шабыт қосқандай болғаны рас.

Жоба турасындағы кенен ойын Тұңғыш Президентіміз өнегелі сөзімен былайша өрген еді: «Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. Жобаның үш басты бағыты: ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға таныту. Бұл жоба  – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан-алуан этнос өкілдерінің тарихы болып табылмақ».

Осылайша, Елбасының пәрменімен 2017 жылы басталған жобаға алғашында 2 098 үміткер қатысып, оның 102-сі жеңімпаз деп танылса,  2018 жылы 1 111 өтінімнен 29 үміткер жеңімпаз атанған болатын. Жобаның 2019 жылғы үшінші маусымында 1 673 үміткердің 32-сі жеңіс биігінен көрінген еді.

Жалпы, осы жобаға үш жылдың ішінде 4 882 үміткерден өтініш келіп, одан 163 адам өз саласы бойынша жеңімпаз болды. Бұлардың арасында физик, генетик, стоматолог, репродуктолог, онколог, нейрохирург, кітапханашы, дизайнер, программист, ақын, журналист, әнші, мүсінші, көкпаршы, семсерлесуші, фотосуретші, акробат және хореографты, т.б. маман иелерін кезіктіруге болады. Ал, өткен (2020) жылы әлемдік пандемияға байланысты жоба жұмысының байқауы өткізілмегені көпшілікке белгілі.

Үстіміздегі жылы «100 жаңа есім – 2021» жобасы қайта қолға алынып, төртінші маусымдық жұмысын бастап кетті. Қатысушылардың өтінімдерін қабылдау 22 ақпан мен 22 наурыз аралығында жүзеге асырылды. Осы уақыт аралығында Қазақстанның барлық өңірлерінен 7 номинация бойынша 2 790 өтінім келіп түсті. Бұл жеті номинацияның қатарына биыл «Экология» номинациясы қосылды. Расында экология қоғамда күйіп тұрған айтулы мәселе. Алдағы жеңімпаздар арасынан табиғат пен тірі ағзалардың хал-күйін терең талдайтын маман-экологтар шығып, жеңімпаз болып жатса, қуанар едік. Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай жоба негізі ерекше танылған жастарды насихаттауға бағытталып отыр. 25 наурызда 100janaesim.ruh.kz сайтында басталған жалпыхалықтық дауыс беру науқаны 31 наурызда аяқталады.

Біз енді оқырмандарымызға өркен өсірер тың өнерімен танылған, жалпыхалықтық дауыс беру арқылы айқындалған бұрнағы жылдардағы жоба жеңімпаздарының бірсыпырасына арнайы тоқталып, өмірдеректеріне аз-кем шолу жасап көрелік.

Құдайға шүкір, ел арасында, халық ішінде өнеге-істерімен өнеге-тұлғаға лайықты жандардың жеткілікті екендігін «100 жаңа есім» көрсетіп берді.

Ұлттық жобаның ең жас жеңімпазы – пианист Рахат-Би Әбдісағин 13 жасында студент атанып, 17-сінде ТМД парламентаралық Ассамблеясының «Мәдениет пен өнерді дамытудағы ерен еңбегі үшін» құрмет белгісімен марапатталып, 18 жасында өнертану ғылымының магистрі атанған еліміздегі ең жас композитор бүгінде 100-ден астам музыкалық шығармалардың авторы.

Ұлтымыздың абыройын асқақтатып жүрген осындай жас дарынның бірі – физик-ғалым Ернұр Рысмағамбетов. Ернұр 11-сыныпта жүргенде-ақ Кембридж университетіне оқуға шақырту алған, Калифорния технология институтын, Лондон колледж университетін бітірген, Нью-Йоркте «JP Morgan Chase» инвестициялық банкінде іс-тәжірибеден өтіп, NASA-да жұмыс істеген, ғарышқа SpaceX ұшу аппаратын жіберуге атсалысқан.

«Ғылым» саласы бойынша жеңімпаз боп танылған мобильдік бағдарламалар жасаушы Иван Крепактың да орны ерекше. Небәрі жеті жасында «КазКоммерцБанктің» жарнамалық дизайнын жасап табыс тапқан жеткіншек өзінің ғылымтану әлемін дамыта түседі. Ол 2015 жылы қашықтықта смартфон арқылы басқарылатын тұңғыш қазақстандық «bLock» құлпын, мылқау жандармен байланыс орнататын жеті тілдік «Voice-Komek» мобильдік бағдарламасын және «Qiianat Etpe» портативті антитеррористік антеннасын құрастырушы.

«Білім беру» саласы бойынша ең жас мектеп директоры Шәкәрім Сейсембай жеңімпаз атанды. Ұлттың елдігі мен ерлігіне әлдиленіп өскен ұстаз білімнің әлемдік бәсекедегі мәртебесін арттырудағы мақсатын былайша жеткізеді: «Ұстаздық қызметтегі мақсатым – мемлекетіміздің білім саласын брендке айналдырып, әлемдік бәсекедегі мәртебесін арттыру. Қазіргі таңда, өкінішке қарай, жастардың арасында ұстаз болу үрдіске айналмаған. Ал, біздің негізгі байлығымыз – жер астындағы алтын емес, халқымыздың ұшан-теңіз білімі. Сол себептен бізге мықты ұстаздар керек. Ер мұғалімдердің санын арттыру қажет. Мектеп – отбасы секілді. Жанұяда әкеден, анадан тәрбие көрген бала жаман болмайды. Сондықтан, ер-азаматтарды мектепке қызметке шақырамын. Осы бірегей жоба аясында жастарға ой салып, ұстаз мәртебесін арттырамын деген үмітім бар».

Жобаның алтын қорына енген тоғызқұмалақтан әлемнің 7 дүркін чемпионы Әсел Далиева, самбодан Азия және Еуропа чемпионы Құралай Орынбасар, 15 жастағы каратэден әлемнің 2 дүркін чемпионы Эдуарда Вельк сынды жастарымыздың бойынан Отанға, туған жерге деген ықылас пейілдерінің шексіздігін аңғарамыз.

Тоғыз жасында көру қабілетінен айырылып, мүмкіндігі шектеулі жандардың санатындағы Саида Қалықованың өнердегі жетістіктері жоба көрермендерін де, тыңдарман көпшілікті те сондай тәнті етті. Өнер иесі адам қабілетінің мүмкіндігінің шексіздігін дәлелдеді. Ол бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының солисі, бірқатар музыкалық шығармалардың авторы.

«Экосоки» деп аталатын электр қуатын үнемдейтін интеллектуалды жүйені ойлап тапқан 23 жастағы өнертапқыш Санжар Мырзағалымның: «Жалпы Қазақстанда электр қуатын дұрыс қолданатын болсақ, онда 5 млрд киловатт сағатқа жуық үнемдеуге мүмкіндік алар едік. Ал, бұл 70 млрд теңге тұтынушының қалтасында қалады деген сөз және ол экологияға да жақсы әсерін тигізеді», – деген тың ойы көпшілікті елең еткізгені рас. Ол Манчестер университетінің түлегі, Базель, Бостон қалаларындағы медицина мектептерінде тәжірибеден өткен қабілетті маман, Назарбаев Университетінің оқытушысы, биология магистрі.

Халықаралық қатерлі ісікке қарсы күрес ұйымы грантының иегері Зарина Сауытбаеваның  онкология саласындағы зерттеуін үлкен еңбек деп бағалап, Елбасы жас ғалымға арнайы Онкологиялық орталық құрылып жатқанын айтып, «келешекте сол  орталықтың басшысы болуға лайықсың», – деп шынайы лебізін білдірген еді.

Жобаның «Қоғам» бағыты бойынша ҚБТУ ақпараттық технологиялар факультетінің бакалавр және магистр дәрежесін алған, «Ferum Logic» стартапын құруға қатысып, өз қаражатына Аналар үйін салған математик Асан Жолдасов жеңімпаз деп танылды. Жас маман 19 жасында оқытудың арнайы әдістемесін жасап, «Пифагор» жеке мектебін ашқан. Уақыт өте келе бұл мектебін үлкен компания дәрежесіне жеткізді. Соңғы он жылда 10 мыңнан астам бала математикадан ерекше сауаттанып, бүгінде Қазақстанның оқушылар құрамасының тең жартысын «Пифагорда» білім алған балалар құрап отыр.

«100 жаңа есімнің» «Бизнес» бағыты бойынша Ұлыбританияның Ноттингем университетінде «Генетика облысы ғылымдарының бакалавры» мамандығын аяқтап, Республикалық микроағзалар коллекциясында, Ұлттық биотехнология орталығында және Назарбаев Университетінде үлкен тәжірибеден өткен, псориазға қарсы A-psorin дәрісін әзірлейтін «Астана Биомед Групп» ЖШС құрылтайшыларының бірі, жасаған зор еңбектері үшін әріптестерімен бірге «Ғылым көшбасшысы – 2017» атағын иемденген генетик, кәсіпкер Болат Сұлтанқұлов топ жарды. Ол және де 2014 жылы регенерациялық технологиялар саласындағы әзірлемелермен айналысатын «Жасуша терапиясы» мен теріні қалпына келтіретін сарысу жасайтын «Pomme de vie» компанияларының негізін қалаушы, онкология және рак эпигенетикасы саласында халықаралық мақалалардың бірлескен авторы.

«Шектеусіз спорт» әлеуметтік жобасының жетекшісі және осы жоба бағытында веломарафон ұйымдастырушы, «Анашым» көз көру бойынша мүгедек балалар мен жастарды қолдау қорының бас директоры Бақтияр Базарбековтің нашар көретін және зағип жандарды спортқа баулуда, дамытуда атқарып жүрген еңбектері жоғары бағаланып, жеңімпаз атанды.

«Саусақ ұшындағы әлем» үйірмесінің жетекшісі, зағип жандарға Брайль әліппесі мен компьютерлік сауаттылықты тегін үйретумен айналысатын, 2015 жылы Елордада өткен Халықаралық «Ақ таяқ» фестивалінің Брайль жүйесінде оқу мен жазудың Гран-При иегері, бүгінде Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада «Дыбыс жазу студиясы және Брайль» кітаптарын шығару бөлімінің кітапханашысы Ғалым Нұрлановтың жеңімпаздар төрінен орын алуы зор қуаныш болды.

«Ең үздік кәсіпкер» тізімінен ойып орын алған Айдос Сайлығараевтың үлкен бизнеске келуінің өзі қызық. Еңбек жолын 18 жасында даяшы болудан бастаған балғын жігіт бүгінгі нәтижелерге жетемін деген ой қаперіне де кірмегенін айтады.  Алғаш «Дастарқан» атты асханалар желісін (2009), бір жылдан соң (2010) «Cofee do» кофеханасын, келер жылы (2011) кондитерлік цех пен дүкендер желісін ашқан бозбала бүгінде «Браунис Қазақстан» ЖШС құрылтайшысы және президенті қызметін атқаруда.

Жобаның «Қоғам» бағытының кезекті жеңімпазы болып sozdik.kz-тің құрастырушысы Евгений Чуриков анықталды. Бүгінде елімізде sozdik.kz танымал аудармашы сөздік сайтына айналған, қолданушылары жетерлік. Автордың меншігінде осы сайт қана емес, ол Telegram-бот құрды және әріптестерімен бірге iOS пен Android-қа арналған мобильді қосымшалар дайындап шығарған.

Ұлттық жоба қорында балаларға арналған бағыттағы жұмыстарға ерекше назар аударылғанын байқаймыз. Әсіресе, «OYLA» ғылыми журналының негізін салушы, журналист Ердос Төлегеновтің еңбегі көптеген дауыс берушілердің есінде қалды десе де болғандай. Аталмыш басылым ғылымды насихаттап қоймастан жасөспірімдерді ғылымға қызықтырады, баулиды, ғылым жолын көрсетеді. Басылымда математика мен химия, физика мен биология пәндері жеңіл тілмен түсіндірілген. Сондай-ақ, журналдың көп бөлігі өнертапқыштық пен робототехникаға арналған.

Сеченов атындағы Мәскеу медицина академиясының түлегі, Еуропада, АҚШ-та білімін жетілдірген, «Экомед» бедеулікті емдеумен айналысатын арнайы клиниканың білікті репродуктологы Алмас Ибрагимов те жобаның жеңімпазы. Ол бес мыңнан астам баланың дүниеге келуіне ықпал етіп, еліміздің репродуктология және медициналық туризмін дамытуға үлес қосып келеді.

Серік Нұркенов – Республикамыздағы метастатикалық зақымдануларды анықтау мақсатында иондаушы сәулелердің ашық көздерін қолдана отырып диагностикалық зерттеу жүргізген алғашқы медицина физигі ретінде жобаның жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, ол «Ядролық медицина» саласы бағытында онкологиялық, кардиологиялық және неврологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау әдісін тапқан бірден-бір маман. «Болашақ» бағдарламасының түлегі өз еліне білімін осылайша танытты.

* * *

Біз мақаламызда жобаның тізіміне енген жеңімпаз жастардың кейбіріне ғана тоқталғанымызды, барлығын бір мақалаға сыйғызу мүмкін еместігін тағы да атап өткіміз келеді. Бұл жоба дүйім жұрт үшін еңбек еткен жаңа есімдерді танытты. Танытып қана қоймады, «100 жаңа есім» – өзі аттас жобалардың іске асуына даңғыл жол көрсетті. Айталық, «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы», «Қазақстан педагогтарының 100 жаңа есімі» атты республикалық байқаулардың өтуіне және «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасы аясында әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық білім саласындағы әлемнің үздік оқулықтарының мемлекеттік тілге аударылуына оң ықпал етті, ықпал ете бермек.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Міне, халқымызға ерен қабілет иелерінің есімдерін дәріптеп, олардың ерек тағдырлары мен табиғи талантының қырын ашып беруге жол сілтеген Тұңғыш Президентіміздің теңдесі жоқ сұңғылалығына таңғалмай, тамсанбай сөйлеу еш мүмкін емес-ті. Барды бар қалпында, нарды нар қалпында қарастырып, қалтқысыз бағалай білудің ең биік шыңы осындай-ақ болар! «Дүйім жұртына тар жерде таяу, тайғақ жерде тіреу бола алған» (Ә.Кекілбай) Елбасы тағдырының халқының тағдырымен қаншалықты қабысып кеткеніне тағы да куә болдық. Ал, Елбасының «100 жаңа есімі» – ертеңге басар қадамымыздың  жаңылыссыз-жаңсақсыз нық басуына жәрдем боларына кәміл сенейік, оқырман!

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ, мәдени шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here